(«Қараңғы түнде тау қалғып»)Қараңғы түнде тау қалғып,Ұйқыға кетер балбырап.Даланы жым-жы...
Қуаныш Жазай. Қалқаның кигені аппақ көйлек еді...
10963
ҚҰЙЫН Шумақталды қылды тұзақ – Көтерілді бір құйын. Түсіне алмай жүрдім ұзақ, Табиғаттың бұл биін. Мазалаймын қос әпкемді, – Ол не? – деймін, – неден бұл?.. ...Ағам ойыншық жасап берді, Зырылдауық деген бір. Зырылдауық, зырыл қағып, Шыр айналды құйындай. Қарай бердім күлім қағып, Екі езуім жиылмай. Жер әлемнің «жынын қақтық», Мен және сол періште. Алма-кезек зырылдаттық, Аспан – сыртта, мен – іште. Зырлайсың-ау, жанды жеген, Ой, өмір-ай бес күнгі. Зырылдауық қалды менен, Бой түзедім, ес кірді. Жылап-күлем ешкім жоқта, Сәби шақты ойлап бір. Аспанға әлі ес кірмепті, ә? Зырылдауық ойнап жүр... ЖЕРШІЛ Бақай атам сезіммен бір керемет, Туған жерін сүйеді мүлде бөлек. Айнымайтын бір түрлі әдеті бар, Айналса да жер шарын шыр көбелек. Ұшқын атып жүзінен от шырайлы, Одан өзге «құбыла» жоқ сыңайлы, Қайбір үйге қонбасын, ұйықтар сәтте, – Нарынқолың қай жақта? – деп сұрайды. Бұл сұрақты сен қалай ұғынасың, Жауап таппай еріксіз бұғынасың. Көз іле алмай, Әр тұсқа басын түзеп, Кетеді іздеп өзінің «құбыласын». Қиналмайды, әйтсе де, қарт ұста көп, Таңғаламын кеудесі компас па деп. – Ә, осында екен ғой... – деп тыншиды, Нарынқолға қараған дәл тұсқа кеп. Болғанына төзе алмай «астаналық», Жатады атам сақалын жасқа малып. Ой-хой, сосын басады қорылына, Туған жерін басына жастап алып... * * * ...Түн. Есік қағылды. Есік қағылды. – Кім? Шынашақтай бала едім. Ес білемін. Атам сол түн құбылтып қошқыл өңін. «Келді...» деді есіктен көзін алмай, «Келсе, қане? Мен неге естімедім?» Есікті ашпақ боламын. – Тоқта, ботам... Қолымды ұзақ аялап отты алақан. Келмеуімді өтінді ыммен ғана, Құбылаға бет бұрып жатқан атам. Мендей қырсық болар ма бала атаулы, Бірге атырдық ұйқысыз ала таңды. Көз ілуге қорқамын, Қалғып кетсем, Біреу ұрлап кетердей жан атамды. Содан кейін мен оны «күзетпедім»... Содан кейін мен оны «күзетпедім»... – Атаң өлді! – дегенді білем, және Білем алғаш жүрегім тыз еткенін. Еріксізден мөп-мөлдір тамды да ақық, Қала бердім көзімді жаудыратып. ...Біреу түнде ұрланып келіп менің Есігімді қағып жүр соңғы уақыт. ...Түн. Есік қағылды. Есік қағылды. – Кім? Картина Томас Ален * * * Мынау есік ашылмасын. Мынау есік ашылса: Аңдысқан «жау» алқымдап алып ұрар. ...Қамықпа... Астымдағы алтын тақ, Айналады табытқа; Басымдағы алтын тәж, Иығымнан домалап... Мен орнатқан Қағанат жер жастанар. Обал-ақ. Өз әлемімнің Қағаны болсам да, Қажыған түмен-түмен қолым мен қойма толы қазынам құтқара алмайды өлімнен. Қапияда от құшып, Тәнімді жер жасырса, Жаным кетер көкке ұшып, Мынау есік ашылса. Мынау есік ашылмасын. ЖҰЛДЫЗҒА СЫР Мен жаралғанда, менімен бірге жаралған, Жұлдыз! Жалықты ма екен үздіге саған қараудан Бір қыз? Жалғыздан-жалғыз өзіңе қарап мұңданып Қырда, Көріне ме екен, көз салшы жерде бір жарық Тұр ма? Бәрінен айқын, бәрінен жарық, көрдің бе? Ол – сол! Мұңайса мұңай, теңселе қалса, сен бірге Теңсел. Көкірегін оның сағыныш толы ән керген, Тыңдап, Кірпікте жасы ілулі болса, сәулеңмен Құрғат! Сұраса мені жер бетіндегі ең жарық Нүкте, Ол дағы сені сағынды деп айт. Жол бағып Күт де! Тек үміт үзбей, қарасын көзін талдырып Күнде. Барады деп айт, болады деп айт мәңгілік Бірге! Ал, оған дейін кірпігін сүртіп жас тамған, Жұбат. Ол үміт үзсе, кеткейсің ағып аспаннан, Бірақ... Қазір емес. * * * Алтыншаш! Әй, Алтыншаш! Сен ертең ерте оян, Себебі ертең, Сарыла көптен күткен келеді еркем. Еркеммен кездесуге өзің де кел, Кие кел көйлегіңді және көркем. Еркеммен қауышуым бұл бір бақыт, Алайық сол бақытқа бір-бір батып. Кедергі келтірмейді, алаңдама, Таға кел шашпауыңды сыңғырлатып. Оралып мұңайтпасын өткен шағың, Күл ертең, жадырай күл жеткенше әлің. Бір-ақ күн, тек бір-ақ күн бізбенен бол, Үзіліп қалмайды одан бетмоншағың. Бар бізде таусылмас сыр, Сарқылмас мұң, Аптыққан екі жүрек мауқын бассын, Жатуға асықпа сен ертең мүлде, Батуға асықпа сен, Алтыншаш – Күн! Жарай ма? * * * Есен бол, Қимас қалқа, енді есен бол, Не шара бір болуға бермесең қол. Арасын екі ауылдың жалғап тұрған, Кесілді біз екеуміз кездесер жол. – Дедім де кете бардым... Оңы – солға, Айналып өмірімнің бағы – сорға. Қалқаның кигені аппақ көйлек еді, Ажары одан да аппақ еді сонда... Аяқтан шала берді көлденең жол, Мендейді бұрын соңды көрмеген бе ол? «Кетпе!» деп ұйысады қара шалғын, «Тоқта!» деп итереді кеудеден жел. Қайырылмай кете бардым... табысарға Не айла қалды мендей тоғышарға? Қалқаның кигені аппақ көйлек еді, Жүрегі одан да аппақ еді сонда... Мәдениет порталы