Құдайға құл екенін күнде айғақтап,Көрмеген тірі жанды бір ғайбаттап.Оңаша ойға батып отырды қарт,Жан...
«ҚҰЛАГЕР» әдеби байқауы жарияланды
Бүгін, 19 қаңтар күні Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында өтетін республикалық «ҚҰЛАГЕР» әдеби байқауы жарияланды.
Бұл жайында белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов әлеуметтік желі арқылы хабарлады.
Әдеби жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов ашып, Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық спорт қауымдастығының бірлескен жобасына сәттілік тілеп, сөз сөйледі.
Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары мен ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.
Өз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ерлері, жазушы-драматург Дулат Исабеков пен Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов айтулы жобаға сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Марфуға Айтқожина, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, белгілі жазушы Молдахмет Қаназ өтетін жобаның маңызына тоқталып, ізгі тілектерін білдірді.
Байқаудың негізгі мақсаты - ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру.
Конкурстық шығармалар Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына ресми түрде кіретін «Теңге Ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік», «Садақ ату», «Асық ату», «Жорық» спорт түрлерін басты тақырып етуі керек.
Байқауда болатын номинациялар:
1. Үздік поэзия
2. Үздік проза
3. Балаларға арналған үздік шығарма
4. Үздік комикс
5. Үздік драма
6. Үздік деректі проза
7. Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма.
Әр номинация бойынша «үздік» деп танылған туындының авторы жеңімпаз атанып, оған «Құлагер» байқауының авторлық мүсіншесі және Ұлттық спорт қауымдастығынан 2 000 000 (екі миллион) теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі.
Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталып, тамыз айында марапатталады.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағында бұдан басқа да бірнеше ірі әдеби жобалар іске асатын болады. Казір тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Бұл өткен жылғы уақытпен есептеспей, демалыс күндері – сенбі мен жексенбіге қарамастан тынымсыз жүргізілген жұмыстар нәтижесі деп түсінуге болады.
Алла бізді қолдасын, ақын-жазушыларға іске сәт дегіміз келеді.
Мәдениет порталы