Рауан Қабдолда. Рух әні

ӘДЕБИЕТ
4167

РУХ ӘНІ
(1994 жылғы 28 қыркүйекте тәжік-ауған шекарасында содырлармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан сержант Раджан Батырхановтың рухына арналады)

Шатқал. Күз.
Жатып алды дымқыл тұман.
Памир тұр айрылған нұр-құтынан.
Кешқұрым. Тәжік қызы қара киген
Келеді жүрегінен сырғытып ән.

Бұл әні тәжік қыздың ерлік жайлы,
Ерлік пе?!
Ана үшін бұл ән –қайғы.
Рухтың иісі аңқиды суық тастан.
Әй, бала! Әнді тыңда,
Біл мән-жайды...

I

Қашанда «соғыс» сөзі қорқынышты,
Ол барда жоғалады бар тыныштық.
Дәл солай өткен ғасыр аяғында,
Тәжікте соғыс өрті тұрған өршіп.

Шын болған зұлымдықтың нақ суретін,
Көрсетер тарих бүркеп жақсы бетін.
Расында билік үшін арпалыстың,
Бейқам ел тартқан еді тақсіретін.

Адасқан атасын да танымады,
Алмады сөзге тоқтай мағыналы.
Бөрідей бейбіт елді дүрліктірді,
Қара аспан жауыздықтан аңырады.

Бастады ел білмеген бәлекетті,
Сұмдықты тарих – құзға Ар әкетті.
Ұл өсті «қара» жүрек нала-кекті,
Қыз қалды қышлақта қарабетті.

Мыңжылдық замананың бағы кетті,
Үзілер шарананың шағы жетті.
Ұйыған бірлік емес ауылдарда,
Зарлы ана, қарты қалды лағынетті.

II

Қазақ та Түркі деген қазықты елден,
Артық та, кем де емес тәжіктерден.
Тағдырын әлімсақтан аялаған,
Тәңірі маңдайына жазып берген.

Ешкімге бұл жалғанда жала жаппас,
Адалдың жүрегіне қара жақпас.
Көршінің шаңырағын өрт шалғанда,
Сірәда қол қусырып қарап жатпас.

Өшірмек соғыс отын кәміл оймен,
ТМД басшылары көңіл бөлген.
Бауырлас елге сарбаз жөнелтілді,
Борышын атқарсын деп абыроймен.

Жарлыққа қол қойылды елбасының,
Көмекке аттандырды бар асылын.
Оралды талай жастар Ер атанып,
Алайда жүрегінде жарасы мың.

Шалғайда оңай емес қызметтері,
Ажалдың иісі сіңген күз-көктемі.
Өмірлік сабақ алды жас өрендер,
Әлемнің үйрете алмас жүз мектебі.

III

Памирде мың тоғыз жүз тоқсан төртте,
Пянжіден жалын ақты қыркүйекте.
Шекара. Тәжік-ауған. Ымырт жауып,
Содырлар өтпек болды қарсы бетке.

Хаким – «хан» кедергіге қарамады,
Кедергі жоқ!
Бұл жер оның қарамағы.
Ол, ол ма?! Шекарашы сарбаздарды,
Мазақтап, басқа теуіп, табалады.

Сотқардың шектен шықты паң қылығы,
Бұрыннан белгілі ғой сан бүлігі.
Бұл жолы намыс жанды, әуеде ойнап
«Аттан!» деген жан айқай жаңғырығы.

Рухы бар ерлер қарап тұра алмады,
Ұмтылды жауға қарсы, ұрандады.
Жиырма бес қазақ сарбаз атой салып,
Аруағын оятты Тұрандағы.

Лейтенант Селюк еді әділ кескен,
«Тоқтатамыз!» деп шешті кідірместен.
«Жетеді басынғаны шекараны!»,
Сарбаздар қаруланған жүгірді өшпен.

Застава қышлақта орын тепкен,
Командир ойға салды орынды еппен.
Зауалы бейбіт елге тиіп кетер,
Ашуға бой алдырса жалын-кекпен.

Амалсыз жолды ашты қылмыскерге,
Тұрса да кеудесінде намыс кернеп.
Висхарв шатқалында қуып жетті,
Содырлар күтіп алды «Шабыс! Кел!» деп.

Адасқан санасында кезерген өш,
Моджахед бәтуаға көнер емес.
«Өліспей беріспейміз!» – жауап осы,
... Көкейде бейбіт күннен сөнер елес.

Оқ жауды, шатқал іші астаң-кестең,
Бұл шайқас мәңгілікке шықпайды естен.
Жан алып, жан берісті содырлармен
Сарбаздар от-жалынды жастай кешкен.

Ешқашан аямас жау айқастағы,
Сарбаздар өмір үшін шайқасқан-ды.
Арасынан сержант Батырқанов,
Суырылып алға шықты тайқаспады.

Көрсетіп Рух ұшқынын жатқа күшті,
Ер Раджан Отан үшін отқа түсті.
Өр Алтайдың мінезді қайсар ұлы,
Құтқарып жолдастарын оққа ұшты.

Ел қорғау – нағыз ердің серті дескен,
Ұрыста қаймықпады кескілескен.
Өзі батыр атанды бала Раджан,
Жасынан батырларға елтіп өскен.

Жауыздық сұр шатқалға мұң тасытты,
Аяу жоқ, қатыгездік шыңға шықты.
Рақымсыз сол бір кешкі қан-қырғынды,
Көрмеуге бату үшін Күн де асықты.

Өлең авторы Рауан ҚабдолдаIV

Күз еді. Жердің бетін қурай жапқан,
Пяндж асау арғымақтай тулай атқан.
Мүлгіген меңіреу Тас сезбеген-ді,
Шатқалда адам қанын судай аққан.

Сезбеді Тас, көңілсіз жыр ескенін,
Білмеді заң мен қылмыс тірескенін.
Көрмеді ол екі жүз моджахедке,
Жиырма бес сарбаз қарсы күрескенін.

Ананың жүрегі тек сезген бәрін,
Білді де үнсіз жылап төзген-дағы.
Көрді ана жырақтағы сәбиінің,
Аласұрып шатқалды кезген жанын.

Мейірімнің Аруанасы боздасын да,
Боздасын, шерді аздап қозғасын да.
«Болмасын енді соғыс» деп тіледі,
Жалт етті Рух ананың көз жасында.

...Шатқал. Күз.
Жатып алды дымқыл тұман.
Памир тұр айрылған нұр-құтынан.
Кешқұрым. Тәжік қызы қара киген
Келеді жүрегінен сырғытып ән.

Қабдолда Рауан Құрманғазыұлы

ШҚО, Ұржар ауданы, Мақаншы ауылында 1988 жылы туған.

ҚР ҰҚК ұйымдастырған Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған ақындар мүшайрасының жеңімпазы, Қазақстан тәуелсіздігің 30 жылдығына орай суретшілер мен ақындар арасында ұйымдастырылған "Тәуелсіздік: сөз бен сурет"  байқауының жүлдегері.

Ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі. ҰҚК Шекара қызметінің офицері, майор.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...