"Адам Жерде құрметке лайықты өмір сүрсе, өлімнен соң періштеге айналады." Э. Св...
РУХАНИ АНАМ
Менің екі анам бар. Бірі туған анам. Екіншісі рухани анам – Мағира апай. Туған анам мені шыр етіп дүниеге әкеліп, мектептен түлеп ұшқанға дейін қасымда болып, аялап өсірді. Алматыға жоғары оқу орнына шығарып салып, үйде тілеуімді тіледі.
Рухани анамды мектеп қабырғасынан білемін. Сексенінші жылдардың басында Республикалық «Лениншіл жас» газетінен жазған мақалаларын сүйсініп оқитынмын. Ол заманда әкеміз «Правда», «Комсомольская правда», «Сельская жизнь» деген толып жатқан орыс тіліндегі газеттермен қоса ана тілімізде шығатын мерзімді басылымдарға жазылып, оқитын.
Соның ішінде менің сүйікті газеттерім «Лениншіл жас» пен «Қазақстан пионері» газеті. «Қазақстан пионері» газетінде тырнақалды дүниелерім жарық көріп жүрді. Жазған дүнием шықты ма екен деген үмітпен газетті асыға күтетінмін. «Лениншіл жаста» етектей-етектей мақала жазған Мағира апайымның қаламының ұшқырлығына тәнті болып,сол кісіні бір көруді арманым болатын.
Бағым жанып ҚазМУ-ге түсіп кеттім. Апайға барып жолығайын десем, батылым жетпеді. Барғанда не деймін?!
Бірде Совет журналистикасының теориясы мен практикасы (ТПСЖ) сабағында профессор Тауман Амандосов ағамыз «Осы қыздар журфакке неменеге түседі. Журфак қыздардың қолы емес. Ертең отбасылы болған соң үйде омалып отырып қаласыңдар. Одан да филфакка түспейсіңдер ме?», -деп дүрсе қоя берді. Сондай сәттері кеудемде «Қыздардың қолынан журналист болу келетінін дәлелдеймін» деген намыс пайда болды.
Ойыма Мағира апай оралған. Бұл кезде Мағира апай «Қазақстан әйелдері» журналының Бас редакторының орынбасары болып жұмыс істейтін. Дипломдық жұмысыма Қожахметова Мағира апайдың журналистік қызметін арқау етіп, сол арқылы қазақ қыздарының қолынан журналист болу келетінін дәлелдегім келді. Ұсынысымды жетекшім Серікқали Байменшин құптады. Сонымен Мағира апайдың шығармашылығымен жіті танысу үшін Пушкин атындағы орталық кітапханаға барып, әр жылдары мерзімдік басылымдарда жарық көрген дүниелерімен таныстым. Өнер, мораль тақырыбына жазған мақалаларын оқығанда көркем дүние оқып отырғандай күй кешетінмін.
Тәуекелге бел буып, Мағира апайды іздеп «Қазақстан әйелдері» журналының редакциясына келдім. «Диплом тақырыбына сіздің шығармашылығыңызды арқау ететін болдым» деп мән-жайды айттым. Апай «Қосымша тағы деректер керек болар, мынау менің күнделігім, ішінде кейбір деректерді қажетіңе жарата ғой, сосын қайтарып бересің» деп қалың блокнотты қолыма ұстатты.
«Мағира Қожахметованың журналистік қызметі» атты диломымды абыроймен қорғадым. Комиссияның төрағасы, жазушы-публицист Камал Смайылов «Мағира Қожахметованың журналистік шеберлігін ашып, пайдалы мағлұматтар беріпсің. Осы апаңдай абыройлы журналист бол!» деп бестік баға қойғанда, қуанып кеттім. Апайға «Сіз туралы дипломды беске қорғадым» деп сүйінші сұрауға асықтым.
1990 жылы оқуымды тәмамдағанда, апай «Алматыда қал, мен сені үйіме пропискаға тұрғызайын» деді. Отбасылық жағдаймен әрі Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің арнайы шақырту қағазымен елге қайтатынымды айттым. «Талабың таудай, елге барып, еңсең түсіп қалмаса жарар еді» деп қимастық танытты.
«Орталық Қазақстан» газетінде апайдың журналистік жолын үлгі тұтып, санама құйып алған мен газет жұмысына білек сыбана кірістім.
Тоқсаныншы жылдардың басында газетте ер адамдар көп болатын. Кабинеттерді ашып қарасам, самайлары бурыл тарта бастаған қаламгер ағалар «Мына шынашақтай қыздың қолынан не келер» дегендей сынай қарайтын. Бағыма қарай алғашқы редакторым Нұрмахан Оразбеков бастаған ұжым мені бауырына тартты. Сол жерде табандап 26 жыл журналистік қызмет атқардым. Осы газет тарихында ең ұзақ жұмыс істеген журналист әйелдің бірімін деп мақтанышпен айта аламын. Табанды болудың, қиындыққа мойымаудың сырын Мағира апайдың жазған дүниелері арқылы бойыма сіңірдім. Апай сияқты қазақ журналистикасында қазақ қыздарының мықты журналист бола алатынын дәлелдегім келді.
Өмірдің шым-шытырық жолдарында жүріп, апайдан қол үзіп қалдым. Ғаламтордың көмегімен бір-бірімізді қайта тауып алдық. Мені жатырқамады, бұрынғыдан да жақынырақ бауырына тартты.
Өмірдің тәттісі мен тұщысы қатар жүреді. Кейбір кездері үлкендердің аялы алақанына, жылы сөзіне зәру боласың. Сондай тар жолда Мағира апам кездесті.
«Мұңсыздарға мұң айтсаң, мынауың не деп сұрайды. Мұңдыларға мұң айтсаң, сенімен бірге жылайды» дегендей, сырласатын сенімді адам таппай апайыммен мұңымды бөлістім. Маған айтқан әрбір кеңесі күш берді.
Бір сөзінде: «Мәриям Хакімжанова апам айтатын: Алла қиындықты көтере алатын адамға береді екен деп.Мықты бол!», деп жабырқап кеткен жаныма жігер беріп еді.
Елу жылдық мерейтойыма өзі редакторлық ететін «Балбұлақ» журналының бір номерін тұтас менің отбасыма арнады. Балаларға арнап жазған өлеңдерімді, кішкентай немерелерімнің салған суреттерін тіпті ата-анам, құдағиымның да суретін салып , тамаша тосынсый жасады.
Жазда «ЭКСПО» көрмесінде бірге аралап, жан дүнием бір байып қалып еді. Сол жолы мен апайдың балажандығына ерекше тәнті болдым. Қолыма ұстап жетектеп жүрген немерем Нұрсараға «Бала ғой, шаршап қалған жоқ па? Қайта тынымды екен, жылап мазамызды алған жоқ» деп кішкентайға қайта-қайта алаңдаумен болды. Балаларды жақсы көргенде қандай, күні бүгінге дейін «Балбұлақ» журналын шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балғындардың бұлақ көзін ашып келе жатыр. Қаншама дарынды балаларға қанат бітірді. Жанын күтіп үйде жатпады, жанкештілігімен, еңбекқорлығының арқасында жоқтан бар құрап, балаларға рухани азық беріп келеді. Жалғыз өзі шығаратын «Дертке дауа» газеті де адамдардың тағдырына алаңдаудан, соларға бір шапағаты тисе деген ізгі ниеттен туған.
Мағира апай газет-журнал шығарып жүрсе де, шығармашылықпен айналысуға уақыт табады. Мәншүк туралы жазған пьесасы Жазушылар одағы ұйымдастырған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бәйгеде үшінші орын алды. Мәншүкті ұзақ жыл зерттеген. Анасымен сырлас болған. Енді осы тарихи-танымдық шығарма театрда қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Кітаптар да жазылуда. Бірақ кітабымды шығарып бер деп ешкімнің алдына барған емес. Жазушы: «Қазір ақын-жазушылар еңбегі еленбей тұр ғой. Жазған дүниеңнің құны жоқ, қаламақы төленбейді.Төрт-бес драма да жаздым. Жазған пьесаны жарыққа шығаруы үшін өзіңнің жүгіргенің ыңғайсыз», - дейді. Міне, бұрынғының таза, адал адамдары.
Мағира апай екі жыл қатарынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде Мемлекеттік тапсырыс бойынша басылатын кітаптардың байқауына қомақты кітабын ұсынды. Бірақ сараптамадан өткен кітаптардың қатарында болмай шықты. Қазақ өнерінің, тарихының, мәдениетінің, ғылымы мен білімінің інжу-маржандарын арқау еткен тағылымы мол құнды туындының қазылар алқасының назарына ілікпей қалуы бізді де ойландырады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім - ай!» дегеннің кері болып жүрмесе жарар еді. Кешегі жақсылар мен жайсаңдардың көзін көрген, қаламына өрген қарымды қаламгердің дер кезінде қадірін біліп, шығармашылығын дәріптеп жіберсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Өйткені, апайдың өзі қалам ұстап жүрген таланты толқынды бағалай біледі. Республикамыздың түкпір-түкпірінде қолына қалам ұстаған қыздардың жазғанын қадағалап, жақсы жетістігі болса қуанып отырғанына куә болып жүрмін.
Өткен жылдың желтоқсан айында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбай екеуміздің шығармашылық кешіміз өтті. Кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.
Кейбір таныстарым Астананың ішінде тұрып кешке келуге қолы тимей жатқанда сонау Алматыда тұратын Мағира апай кештің құрметті қонағы болды. Кісілігі мол, бойы кең апамыз қос қызды сахна төрінен көргенге қуанып, сүйсініп отырғаны жүзінен байқалып тұрды.
Кешті жүргізуші Кенжеғали ағамыз апайды сахна төріне құрметпен шақырып, сөз берді. Сонда белгілі жазушы, республикалық «Балбұлақ» журналының Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова:
- Жастар сіздер көбіне әншілерді, тележүргізушілерді, коментаторларды білесіздер. Бірақ сіздер Айгүл мен Жұлдыз сияқты ақын – жазушы қыздарды біле жүргендеріңіз дұрыс. Сондықтан сіздердің алдарыңызға шыққан қыздар біздің қазақ руханиатына енген қыздар.
Жұлдыз КазМУ – ді бітірген соң менің шығармашылығым туралы диплом жазып, оны үздік қорғаған. Жұлдыз өз талантын бағаламаған адамның бірі. Бойындағы импровозиторлық қасиеті, ақындығы, журналистігі, ғалымдығы бола тұра соны бағаламаған осыншама қарапайымдылығына қайран қаламын. Өзінің бала-шағасының мұң-мұқтажымен жүріп, енді ғана елдің алдына шығып жүр. Бұл да бір ерлік деп ойлаймын. Шынында да ең алдымен бала-шағасын өсіру керек. Оның портретін жазып шығардым. Шалғайда болсам да талантыңды тұншықтырма деп хабарласып тұрамын, - деп жылы лебізін білдіріп, Айгүл екеуміздің абыройымызды асқақтатты.
«Балбұлақ» журналымның оқырманы» деп немеремнің білегіне күміс білезігін тағып, ақ батасын берді.
Мен жылылықты, жанашырлықты, жан шуағын апайдан таптым. Журналистік, жазушылық өмірінде көпті көрген қайраткер қаламгерден мол рухани азық алдым.
Қазақ журналистикасында қазақ қаламгер қыздардың көшін бастап келе жатқан кешегі жақсылардың жұғыны, қаламы қарымды Мағира апайға:
Апатайым, сезімталсыз, тереңсіз,
Қазынаны халқымызға бересіз.
Сұлу Көкше киесі бар кеудеде,
Оқжетпестей биік болып келесіз!
«Балбұлақпен» бала көңілін аулаған,
«Дертке дауа» газетімен баураған.
«Қазақстан әйелінде» қызмет қып,
Жүректерін оқырманның жаулаған.
«Денсаулықтың» көшін алға сүйреген,
«Ақ желкенмен» бала жанын сүй деген.
Газеттерде журналист боп, жалындап,
Отқа түсіп, әсте апам күймеген!
«Күннің алтын сынығындай» апасыз,
«Жылы шырай» танытып Сіз жатасыз.
«Адам – құпия» кітаптарын оқысаң,
Тұңғиық бір терең ойға батасыз!
«Жақсы адам» жападан жалғыз қалмаған,
Апайымның қанаты әсте талмаған.
Мағира апай, аман есен жүріңіз,
Көп жұлдыздан Шолпансыз біз таңдаған!
Жұлдыз ТОЙБЕК
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері