Неге адамдар түніменен ұйықтамайды?Ойлайды,Ойлар оны улайды...Мүмкін, түнде түс көреді,Өзге жерді ме...
Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриямның ұмытылмас қайғылы оқиғасы
Жазушы Сәбит Мұқанов кішкентайынан жетім қалып, туысқан ағасының үйінде өскен. Жоқшылықты жастайынан көрген. Бірақ сонда да оқу-білімге деген құштарлығы ерекше еді. Қанша таршылық көрсе де бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласына, кейін Мәскеуге оқу іздеп кетті. Ленинградтың Әдебиет институтында оқып жүріп, қаражаттың тапшылығынан 1929 жылы оқуын тастауға тура келеді.
Қызылжар қаласына келіп, "Бостандық туы" газетінде жұмыс істейді. Бұл қалаға енді бой үйренісе бастаған кезінде оқу іздеп қайта кетеді. Бұл жолы Мәскеудің Әдебиет институтына оқуға түседі. "Сәбиттің 60 сом стипедиясы тақұл-тұқыл, тамағымызға әрең жететін" деп еске алады ардақты жазушының жұбайы Мәриям Қожахметқызы.
Аяулы жарының "Менің Сәбитім" атты естелігінде жазып қалдырған мына бір картина кез келген жанды еріксіз елжіретер деген ойдамыз:
"Сол жылдарды еске алсам, ұмыта алмайтын, ұмытылмайтын бір оқиға үнемі көз алдыма келеді. Екінші ұлымыз Мараттан соң дүниеге бір қыз келді. Атын Жанна деп қойдық. Бір жастан екі ай асқан шағында, қыстың көзі қырауда елде қалған туыстарымды іздеп, баламен ауылға бардым. Сол жолы балаға қатты суық тиіп, ауырып қайтты. Әкесі қызын өте жақсы көретін еді. Бала күйіп-жанып қызулаған кезде Сәбит қолынан түсірген жоқ. Дәрігерлер асқынып кеткен, еш көмек ете алмаймыз деді.
Ақыры сол бала Сәбиттің иығында жүріп үзілді. Сізге өтірік, маған шын, сол сәбиді зиратқа апару үшін арба жалдауға 40 сом ақша таба алмадық. Әрі-бері жүгірдік, ешкімнен көмек болмады. Жерлес студенттердің өздерінде ақша жоқ, ала ғой дейтін ағайын-туыс жоқ. Ойласа келе, баланы көрпеге орап, Сәбит екеуіміз трамвайға отырдық. Бір-екі мұсылман жерлес студенттер бар еді, солар да ілесті. Трамвай татар зиратына таянған кезде түсіп қалдық. Кәдімгі тірі балаша көрпеге ораған қалпы көтеріп, зиратқа жаяу жеттік…
Қазір айтып отырғанымда ертегі сияқты сезілер, ал шынында сол жолы қатты күйзелдік. Сәбит екеуіміз қатты жыладық. Әйтеуір, алдағы күнге деген сенім бар, көкіректе тек арман. Қандай ауыр кезең болса да, мақсат – Сәбиттің оқуы. Оқуын бітіріп алса, алдымыз қызыл-жасыл дүние секілді еді. Расында да солай болды. Сәбиттің атағы күннен-күнге өрлей берді. Елуінші жылдарға шейін қоңыртөбел тірлік, одан былай не ішемін, не киемін дегеніміз жоқ. Сексеннен астым, міне. Өмірге өкпем жоқ".
Айта кетейік, Сәбит Мұқанов пен Мәриям Қожахметқызы 1926 жылы некелесіп, 47 жыл отау құрған.