Тас-Иық. Қоғамның өзін жындандыратын жазушы

ӘДЕБИЕТ
3961

Белгілі әдебиеттанушы, жазушы, суретші, ақын Әділхан Шегеев пен таланты жас жазушы, Қытайдағы қазақ әдебиетінде талғамы бөлек шығармаларымен аты шулы болып, "Тас-Иық" деген қалам атпен танымал болған Сұлтан Шалабайұлының сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Мархаббат!

- Тас-Иық бауыр! қош келдің!

- Әділхан аға! қош көрдік.

- Тас-Иық бауыр! Өзің қандай тақырыптағы шығармаларды жазуды жақсы көресің?

- Мен өліктердің үйін жағалап мүрделерді суреттейтін жаңаша бағыттағы романдарды жазуды жақсы көремін.

- Қазірге дейін қандай шығармалар жаздың?

- Мен «Тас-Иықтың құпия романдары» мен «Тас-Иықтың құпия жырлары»- атты екі үлкен триллогия жаздым. Бұдан тыс, «Бостар, бостар...» деп аталатын романым мен «Қырттар, қырттар...» атты роман жаздым. Аты аталмаған тағы басқа құпия романдарым көп. Мен үшін роман жазу - қағаз бетіне жолбарысты ұйықтату. Ал, оқырманым үшін менің романымды оқу - қағаз бетінде ұйықтаған жолбарысты ояту.

- Керемет, бәрі де ғажайып, теңдессіз романдар. Сол «Тас-Иықтың құпия жырлары»- атты кітабіңізден бір өлең тыңдасақ?

- Жарайды аға. Сен сізге «Құмырсқалар мүжіген қол сүйектерімнің жазған құпя жыры» атты өлеңімді оқып берейін.

Іңір

"Тас-Иқ қайтыс болды" деп тарады хабар...

Қазылды қабір,

Қабіпге тасталды топырақтар...

Тас-Иықтың бас сүйегін мүжір

Қабір ішінде қорқаулар ұйықтап жатыр,

Қабір ішіндегі қара түн неткен ұзақ...

Мүрденің иісінен қорқаулар оянды-дүр,

Қабір ішіне қорқаулардың көзінен,

Болымсыз жарық түсіп тұр,

Тас-Иықтың мүрдесін жей бастады қорқаулар,

Қол сүйектерін мүжіп құмырсқалар жұр.

Табан сүйегі табалдырықта жатыр,

Арқа сүйегі табыттың астында жатыр,

Қабырға сүйегі қорқаулардың алдында жатыр,

Шашылған сүйектерінің үстінде,

Шошайып семіз, семіз қорқаулар отыр.

Табыттың үстінде кесе жасап, шарап ішіп отыр,

Нәңкір мен Мүңкір Тас-Иықтың бас сүйегінен,

«Үйі жоқ қайыршы ұрпақ,

Бөлме жасап алыңдар Тас-Иықтың қабірінен...

Төсегі жоқ жезөкше ұрпақ,

Төсек жасап алыңдар Тас-Иықтың табытынан...» - Деп мүжілген қол сүйегім өлең жазып отыр.

- Өлеңің маған ұнады. Жазушы ғана емес, бірегей ақын да екенсің ғой.

- Өлең жазу біздің ұлттық дәстүріміз ғой.

- Қазақта қалайша ақын көп? Мұнша көп жазғыштарды қалай сұрыптау керек? Қазақ неге ғылым-технологияға үйір емес?

- Бұл үлкен тақырып, ащы шындықты айтатын адам да, дәуір де келді. Бір ауыз сөзбен жауап беру керек болса, менің айтарым: жан-дүниеміздегі қауқарсыздық дерті бізді ғылымнан алшақтатып отыр. Осы жан дүние қауқарсыздығы бірнеше түрлі болады. Олар сана қауқарсыздығы, рухтың ойсыздануы. Ой - сананың дамуына әсер ететін үйренудің жетерсіздігі, ата- баба әруағына сиынудың артуы, жасанды заманда жасанды өмір сүретін жасанды сананың жалған сәулетті сарайға айналуы, қасіреті көп, құлтемірлер(роботтар) басқарған қоғамның ақыретсіз кейіпкеріне айналудың көбейе түсуі, опасыз ойлардың артында қиялға асылып өлетін ақылдың көбеюі... Мұның барлығы бізді ғылымнан қашуға жол тауып беріп отыр. Егер біздің жастар ғылым жолынан басқа өмір сүрудің жолы жоқ екенін білсе, онда олар ғылымның кенін инемен құдық қазғандай қазар еді. «Бәрінен де қой жайып құйрық жеген озар» деген қойшы шалдың бір ауыз сөзіне алданып, айдалада қой бағып, тұтас ұлт болып ғылымнан адаспас еді. Ал, қаладағы ақылсыз жастарымыз ән-күй мен дыр-дуға уақытын да, бойын да, ойын да алдырып, өмірін көлеңкеде қалдырып, болашағын өлтіріп ата- бабамыздан мұра болып қалған мақал- мәтелге мақтанып, дайын тамаққа қарын тойғызып өмір сүруді ұлттық дәстүрге айналдырып ғылымнан құралақан қалған халықпыз. Деседе, қазақ халқы тілге бай халық. Тіл туралы кәрі әдебиешілерге айтарым аз. Олардың ішінде мықты әдебиетшілер болды. Бірақ, соншама тілі шебер ұлыттың жастарында роман жазатын жазушы неге жоқ? Неге өлең жазатын ақын көп. Меніңше, жершарына мұнша көп қазақи ақынның керегі жоқ. Өз алдында стилі жоқ, өз алдына жазатын тақырыбы жоқ, көктем келсе көктемді, күз келсе күзді суреттейтін бір топ басында қалпағы, аяғында етігі жоқ жалаңбас, жалақаяқ ақындарды жек көремін. "Бізде неге ақын көп?" деген сұраққа келсек, жастарда технология жоқ. Тапқырлық жаратуға дәрмені жетпейді. Сондықтан, ақындар қатындар сияқты үйінде отырып, қағаз бетінде құр сөзден қуырдақ қура береді. Ақындардың тағдыры қатындардың тағдырына ұқсайды. Бұл жерде барлық ақындарды бір шыбықпен айдауға болмайды. Өйткені, әдебиетте мәңгілік аты қалатын санаулы мықты ақындар бар. Мен олардың кімдер екенін білемін. Бірақ, мына әлемде кемпірге айналу алдындағы ақырғы мезгіл үстіндегі тұрған ақындар көп. Оларға ақыл айтуға болмайды. Өйткені, әйел қашан ақыл тыңдаушы еді?! Саны бар, сапасы жоқ соншама көп ақын ұлыттық әдебиетіміздің құнын ертеде құртып болған. Олар бір топ ой дүниесі кәртейген оқырмандарды тәрбиелеп, жаңа заман әдебиетіне үдірейе қарауда. Жаңа заман әдебиетін қабылдаудан қорқады. Неге қорқады? Надандықтары әшкерленіп қалудан қорқады. Бұрынғы қазақи жазған романдарынан ұялады. Сосын, жастардың жаңа стиліне қара тұяғынан хал кеткенше қарсы тұрады. Өйткені, олар менің жазған «Тас-Иықтың құпия сөздігі» атты сөздігіме ұқсайтын жастардың қолдана бастаған жаңа заман сөздігін түсінбейді. Жаңа заман жас әдебиетішлер осылай азап шегуде. Соның бірі - мен. Жас әдебиетшілердің жанында тұрып осыған көз жасымды төгемін. Өйткені,, жас әдебиетшілердің ойын өлтірп, ауызын тарихи романдар тігіп тастаған. Жас әдебиетшілерді түсінетін оқырмандар қайда? Құрсақта ма... Әлде, келер ғасырдама? Мүмкін, құрсақта шығар. Әлде, келер ғасырда шығар, бір күні туылар деп сенемін. Үмітім үзілмейді.

- Сенше, әдебиет деген не? Әдебиет белгілі бір ұлтқа қаншалықты қажет?

- Әділхан аға, мен үшін әдебиет өсекшілдігі де, жезөкшелігі де бар әйелден аумайды. Тіпті, оқыған оқырманға берер ойы жоқ том-том ойсыз романдар мен бет саны көп, айтар ақылы аз кітаптарді шашы ұзын, ақылы қысқа әйелдерге ұқсатамын. Оның үстіне, әр ұлттың әйелі әр түрлі болатыны сияқты, әр ұлттың әдебиеті де әр түрлі болады. Еркектер әлеміне әйелдің ауадай қажет болғаны сияқты, адамзат әлеміне әдебиет те осындай қажет. Әдебиетсіз ұлт та, әдебиетші де болмайды. Егер бір ұлтта әдебиет пен әдебиетші болмаса, сол ұлттың тарихы тарих бетіне түспейді, тас бетіне қашалмайды, қағаз бетіне жазылмайды, тарихы жоғалады. Тарихы жоғалған ұлт - ұлт ретінде саналмайды. Тарихын жоғалтқан ұлт - ұлт деп мойындалмайды.

- Қазіргі ұшқан құстай дамыған интернет дәуірінде қандай әдеби шығармалар қажет деп ойлайсың?

- Бүгінгі дамыған интернет дәуіріне қысқа да нұсқа шығармалар қажет.

- Әдебиет сахнасындағы жасанды жас жазушылардың жасанды жан дүниесіндегі жалған рухани жеңімпаздыққа мұрагер болу идеясы қайдан келген?

- Жалған рухани жеңімпаздық идеяға мұрагер болу жасанды ортадағы мәртебелі әлемдік әдеби әулеттерден, әдебиеті өлген атаққұмар қоғамнан, Алдар көсеге ұқсайтын алдамышы әртісі көп әлемнен келген. Тіпті, жасанды әдебиеттегі жасанды кейіпкерлердің бойына да осы сіңіп кеткен. Жалған рухани жеңімпаздық ой әдебиеттің де, әдебиетшінің де, жалпы адамзаттың да ең үлкен жауы. Бұл идея - бүкіл тіршіліктің түп тамырын кеміріп жатқан үлкен әлемдік мәселе.

- Тас-Иық бауыр, біздің жазушылар Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына табынғандары соншалық. Әуелі, өздерінің Әуезовтарынан биік қоятыны неліктен? Қажеті барма?

- Әділхан аға, бұл сұрақ барлық қазақты ойландыратын сұрақ. Оқырмандар ұлы жазушыларды өзінің үйінен сәл биік ойымен өлшеуді қашан қояр екен? Өйткені, М. Әуезов деген кім? М. Әуезов деген қазақ әдебиетінің атасы емеспе?! Біздің ұлтта ұлы адамдарды етектен тартатын жай адамдар көп. Жер бетінде етектен тартуда біздің ұлтқа жетер ұлт жоқ. Өйткені, бұл бүкіл әлемге бұған дейінгі қазақ әдебиеті жалғыз Шыңғыс Айтматов жасаған әдебиетке астар бола алмайды деп жар салу ғой. Бұған менің айтарым Айтматовты әлемдік әдебиетіші қылған қазақ әдебиетшілері. Ал, қазақ әдебиетшілерін әдебиетші қылған Әуезов емеспе?! Себебі, «Абай жолын» жазып қазақ ұлтын бүкіл әлемге танытқан да осы Әуезов еді. Тіпті, Абайдың өзін әлемге танытқан да осы Әуезов. Әуезов қазақ әдеби әлемінің аспанындағы жалғыз айы. Онымен салыстыратын өзіміздің ұлттық әлемімізде екінші бір ай жоқ. Ал, Шыңғыс Айтматов адамызаттың жердегі ең биік шыңы дейік. Бірақ, аспандағы ай мен жердегі тауды салыстыруға болмас. Аспанда айдан да биік сансыз жұлдыз бар. Қалайда, мына әлемде Әуезовтан биік Толстой сияқты теңдессіз жұлдыздар көп. Ал, Айтматовты Әуезовпен салыстырғаннан көрі Мұхтар Шахановпен салыстырған орынды. Мұхтар Шаханов қазақтың ең биік рухани шыңы. Қайсысы биік деп тау мен тауды, шың мен шыңды, жұлдыз бен жұлдызды салыстыру керек.

- Ұлттың еңсесін көтеретін өте керемет жауап. Жуық жылдардан бері нобель әдебиет сыйлығын алған ұлы жазушылардың шығармалары қазіргі қазақ жазушыларына әсер көрсете алды ма? Көрсетсе қай жағынан көрсетті? Қазақ жазушылары қандай романдар жазуда?

- Аға, бұл өте орынды сұрақ. Деседе, қазір қазақ әдебиеті деген әдебиет әлемде барма? Бар болса ол қайда? Кім жазды? Әлем халықының назарында қазақ әдебиеті деген әдебиет жоқ. Бұған кәрі әдебиетшілер кіналі. Олар ежелден мандытып, әлем оқырманын таңдай қақтыратын ештеңе жазбаған. Тек өз руының тарихын жаза берген. Ондай тар шеңбердегі тарих кімге керек? Тарихшы жазушы емес. Жазушы мен тарихшыны шатастырмауымыз керек. Кәрі әдебиетшілердің көкірегінің көзі көрмей қалған, құлағы саңырау, ойы өлген. Олар түгел кәртейді. Жүйесі жұқарып жан дүниесі тозған тулаққа ұқсайды. Тіпті, жастардың ішінде жан дүниесі ерте кәртейіп тірі өлікге айналған ақындар көп. Жап-жас тұрып тоқсандағы шалдың өлеңін жазатын тірі өліктерден үмітім үзіліп ұлып-ұлып мен де өлермін. Бұлай кете берсе ұлттық әдебиетіміз де өлер. Жан дүниесі меңіреу жас жазушылардан не күтуге болады? Қазіргі қазақ жазушыларында шетел шығармаларының қауызын алып, дәнін тауып жейтін де, нілін сорып, нәрін қабылдайтын да қабілет жоқ. Оларға шетел әдебиеті тұрмақ, өз әдебиеті әсер етпейді. Өз ұлтын әсерлендірген әдебиет әлемді де әсерлендіре алады. Меніңше, сын көтере алмайтын арық, көтерем авторлар мен жағымсыз иісі мүңкіген жемтікге ұқсайтын романдар және қоқсық үйіндісіне ұқсайтын кітаптарға сын айту нағыз ақымақтық. Ал, сіздің "нобель әдебиет сыйлығын алған ұлы жазушылардың шығармалары қазақ жазушыларына әсер көрсете алды ма?" деген сұрағыңызға жауап беретін заман қазақтың ұлы жазушыларымен бірге өткен ғасырда қайтыс болған. Немесе, ол сәтті заман келер ғасырда дүниеге келер. Нобель әдебиет сыйлығын алған ұлы жазушылар мен нобель әдебиет сыйлығын алмаған ұлы жазушылардың ұлы шығармаларынан санасы тар қапасқа қамалған қазіргі қазақ жазушылары үлгі алып әлемдік деңгейде роман жазуға шамасы жетпей отыр. Қазіргі қазақ әдебиетінде тек автордың өз үйінде, өз ортасында, өз қоғамында ғана өмір сүріп өлетін романдары ғана жазылуда.

Сұхбатта Алексей Ивановтың картиналары ұсынылды

-Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын көп санды қазақ оқырмандары түсінікісз деп оқымайды. Әуелі өзін жазушы санайтын саналы авторлардың өзі түсіне алмағанын айтады. Тас-Иық бауыр, бұған не дейсің?

- Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын түсіну жай адамдардың қолынан келмейді. Ол өте күрделі ұлттық роман. Жер бетіндегі ит өмірді толық түсінбейтін қазақ жазушылары «Жүз жылдық жалғыздық» романын тіпті де түсінбейді. «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы «өмір» - әлемдік өмір және ұлттық өмір болып екі түрлі мағынада жазылған. Автор романында әлемдік өмірдің ұлттық өмірдің омырауын еміп ержететіндігін астарлы түрде суреттейді. Сол арқылы бас кейіпкердің үйін ұлттық күрестің үйі іспетті ойға қалдырады. Сол үйдегі бас кейіпкерді оятып, оның жалғыздығы арқылы ұлтын оятатады. Оянған ұлтын отан үшін күрестіреді. Романдағы «Жүз күндік азаматтық соғыс» арқылы адамдарды азаматтық бостандығы үшін алыстырады. Оларға алаңсыз өмір сүруді аңсатады. Романдағы осы қарапайым қағиданы түсінбейтіндерді әдебиетші деуге болмайды, олардың ұлы әдебиетке оқырман болу салауаттары да жоқ, өздерін-өздері рухани жалған жеңімпаздықтың кейіпкеріне айналдырып өздерін ұлы жазушы санайтын ондай жазушылардың әдебиеттен аулақ жүргені жөн.

- Сен бір мақалаңда «ақымақ едім, ақылым кіре бастады. Енді өзімді түзетуге кірісе бастадым» дейді Толстой. "Бірақ, Толстой да өзін- өзі түзете алған жоқ. Егер, Толстой өзін- өзі түзете алған болса, үйінен қашып далада өлмес еді" депсің. Мұны қалай айыттың?

- Бұл сөзі ұлы адамдардың адамзатқа өзі айтқан ақылына өзі қайшылық істегені үшін айттым. Егер Толстой тірі болып, менің бетқалқа тағып, перде артында отырып жазған «Тас-Иықтың құпия романдары» атты атышулы романымды оқыған болса, "ол өз үйінен өзі қашып далада өлгеннің орнына, дүние құмар әйелін үйінен қуып жіберіп, о дүниеге ештеңе әкете алмайтындығын сездіріп, әйелі Софияны сол өзі өлген далада өлтіретін еді" деген ойымды да жасырғым келмеді, мен Толстой сияқты өз өліміне себепкер болған немесе өзін- өзі өлтірген ұлы жазушылардың ұлы өмірін, ұлы сөздерін көп зерттедім. Толстой сияқты өз өлімне өздері себепкер болған, өзін- өзі өлтірген ұлы жазушыладың мүрделерінде бір өкінш бар болса, ол «Тас-Иықтың құпия романдары» атты романымды оқи алмауы шығар, бәлкім?!

- Сен Толстойдан кейін Кафка мен Г.Г.Маркесті көп айтасың, неліктен? Кафка өлерінде «менің жазған осы шатпақтарымның соңынан қаншалаған адамзат қаңғырар екен...»- деген. Бұған қалай қарайсың?

- Әділхан аға, бұл өте ауыр, әрі өте үлкен сұрақ. Толстой туралы том-том романға жүк болатын сөздер айтуға болады. Ал, Кафканы айтар болсақ, Кафканы дүниеге атышулы «Жүз жылдық жалғыздық» романының авторы Г.Г.Маркестің өзі ұстаз тұтқан ұлы тұлға. Ұстазы Кафка тұрмақ, шәкірті Маркестің өзі осы жалғыз романы арқылы әлем оқырманын адастыруда. Кафканың өзі айтып отырған шатпақтарының өзі теңдессіз дүниелер екенін, оны түсіну үшін адамзаттың өзі ғасырларды аттап қаңғыратындығын аңғарған алып жазушы артына осындай сөзді қалдырған. Осындай әлемді ойландыратын, адамзат үшін қалам тербейтін алып әдебиетшілер қандастарымның арасынан да шығуын армандаймын.

- Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы мен сенің «Бостар, бостар...» романыңды салстырғанда қандай айырмашылық табуға болады?

- Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы мен менің «Бостар, бостар...» романым мүлдем ұқсамайды. Екеуі екі басқа әлемді суреттейді. Өйткені, менің романымда бүкіл тіршілік атаулы кейіпкер ретінде суреттеледі. Онда, адамзат, шайтан, құрт- құмырсқа, қарға-құзғынға дейін кейіпкеріме айналады. Ал «Жүз жылдық жалғыздық» романында бір құрлықтағы адамзаттың азаматтық соғыс тұсындағы арпалысы жазылып, бүкіл құрлықты құртқарумен қатар құрлықтағы адамзатты құтқару жолындағы әңгімелер өте шешен тілмен шебер суреттеледі. Ал, менің романымда тіршілік иесінің астарлы өмірі ғажайып тілмен теңдесіз суреттеледі. Оның үстіне, менің романымдағы «бостар» деген сөзбен Маркестің романындағы «бостандық» деген сөз екеуі екі басқа мағынада. Екеуі екі басқа сөз, салстыру қажетсіз.

- Тас-Иық бауыр, Қытайдағы интернет әлемінде көптеген әдеби топтарды неге жиі шулатып жүресің? Ондағы әдебиетшілерді жақтырмайсың ба? Әлде, ондай әдеби ортаны жек көресің бе?

- Әділхан аға, интернет әлеміндегі әдеби топтар деген ол бір иісі қолқаңды қабатын жағымсыз әлем ғой. Көптеген әдеби топтардан рухы таусылған ұждансыз әңгімелер мен ер-әйел арасындағы төсек қатынасына қатсыты ұятсыз қысыр кеңестерді айтып отырған адамдарды көремін. Олар түгел дерлік менің романымдағы кейіпкерлерім "бостардан" аумайды. Тіпті, кейбіреулерін романымдағы өліктердің үйінде "бостардың" мүрдесін тыр-жалаңаш шешіндіріп сүйегін жуатын нәпсі құмар кейіпкерлеріме ұқсатамын. Сондықтан, осындай әдеби ортадағы әдебиетшілерді жақытрмаймын. Осындай өсекшісі көп, бос сөздері тіпті де көп "бостардың" үйіне ұқсайтын әдеби ортаны өлердей жек көремін.

- Дүниежүзілік әдебиет ағымдарынан қайсыларын жетік білесің? Олардың саған ұнаған қандай жазылу ерекшеліктерді бар?

- Сайқал әдебиетте сайқал ағым көп. Сайқал әдебиетті бір сайқал сайға теңесек, сол сайқал әдебиет ағымдары менің туған жерімдегі Сайқан дейтін сайқал сайдың сайқал иірімдеріне ұқсайды. Сол Сайқан дейтін сайқал сайдың сайқал иірімдері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сол Сайқан дейтін сайқал сайдың әр бір сайқал иірімдерінің өзіне тән дара ерекшелігі бар. Бейне, сол сайқал әдебиеттің сайқал изімдерінен аумайды. Сол сайқан дейтін сайқал сайға барып көргендер ғана сайқал әдебиеттің сайқал түске бөленген ағымдарын түсінеді. Қалай айтқанда да, әдебиеттің өзі ирегі көп бір сай.

- Өзің әлем әдебиетінде қайсы ұлы жазушылады жақсы көресің? Олардың қайсы шығармаларын оқуды дәріптейсің?

- Мен жезөкшелер үйін жағалап роман жазатын жазушыларды жақсы көремін. Олардың бірнеше қысқа әңгімелерін ғана оқығам. Бірақ, мен ежелден өзгелердің романын оқуды онша ұнатпаймын. Олардың мен толыққанды оқыған немесе үйімде сақталған бірде-бір кітабі жоқ. Тек олардың романы туралы жазылған мақалаларын көп оқимын. Сол арқылы романда не жазылғанын түсінемін. Ал, қандай романдарды оқуды дәріптеуге келсек, жазушылықпен шұғылданбайтын оқырмандарға өз ұлттының әдебиетін көп оқуды айтар едім. Себебі, шетел әдебиетін оқып, өз ұлтының жазушыларын ұмытып, оларды көзге ілмейтін оқырмандар көп. Сөз сатқыны, ой сатқыны, әдебиет сатқыны солардан шығады. Ал, әдебиетпен айналысатын жазушыларға өзгенің әдебиетін өліп- өшіп оқымауды айтар едім. Өзгенің омырауын еміп ержеткен жазушы сол омыраудың иесіне ойы да, жазатын романы да ұқсап кетеді.

- Өзің қандай жазушы болғың келеді?

- Мына әлемде қоғамы жындандырған жазушы көп. Алайда, мен қоғамның өзін жындандыратын жазушы болғым келеді.

- Сен қазірдіі өзінде «Құйрығым» атты төрт сөзден тұратын романыңмен-ақ бірталай адамды ашуландырып, жындандырып болдың ғой.

- Ол 10 жылдың алдында жас жазушылардың арасында қысқа роман жазу жарсында жазған романым.

- Сен жаңа "үйімде бірде-бір кітап жоқ" дедің. Бірақ, көптеген оқырман сені тірі кітапқа ұқсатады. Сыры неде?

- Бәлкім, менің ешкімге ұқсамайтын табиғи таланытым үшін болса керек. Өйткені, мен өзіме тән аумақта өзім жазған философияға толы теңдессіз қысқа-қысқа құпия романдарымды жариялап тұрамын.

- Кімдердің әдебиеттен кетіп оқырман болуын, кімдердің әдебиетте жүріп жазушы болуын, кімдердің әдебиетке келіп сынышы, аудармашы болуын қалайсың?

- Кәрі жазушылардың әдебиеттен кетіп бір бөлімінің оқырман, бір бөлімінің сынышы болуын, жастардың оқырмандыққа қош айтып, бір бөлімінің аудармашы, бір бөлімінің жазушы болуын армандаймын. Ал, әдебиеттен кететіндер көп шығар, алайда, әдебиет менен кетсінші.

- Ең соңғы бір сұрағым, жазушыны не нәрсеге ұқсатасың?

- Жазушыны жер бетінің жезтырнағына ұқсатамын.

- Неге?

- Себебі, жазушы- бүкіл тіршіліктің, бүкіл адамзаттың, бүкіл қоғамның, тіпті, бүкіл әлемнің бет-пердесін тырнайды.

- Бір ауыз сөзі бір романға татыйтын Тас-Иық бауырым, сұхбаттасқаныңа рахмет!

- Ойы биік, ғасыр тұлғалы сұрақтар қойған Әділхан аға өзіңізге де рахмет!

Сұхбаттасқан: Әділхан Шегеев 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...