Ұлықбек Есдәулет:1988 жылы жас қаламгерледің ынтасымен осы қуғын-сүргін және ашаршылық апаты жайлы Ж...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым. Қарашаңырақ
Армысың Алмания
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы қызметінде жүргенде орын алған тағы бір оқиға ойыма оралып отыр.
Жақында ғана тәуелсіздік алған мемлекетіміз әлі халықаралық аренаға шыға қойған жоқ. Біреу білсе, біреу білмейді. Қазақ халқын шетелге таныту үшін әлі көп жұмыстар жасау қажеттігі туындады. Соны армандап жетілген біздер жатпай-тұрмай еліміздің көк байрағын асқақтату, абыройын биіктету үшін аянбай еңбек етеміз. Өстіп жүргенде Германияға іссапарлық жолым түсті.
Бұл 1995 жылдың күзі болатын. Әуелгі жоспар бойынша Германиямен терезесі тең ел ретінде келіссөз жүргізіп қайту үшін сол елдің арнаулы органының басшысы Конрад Порцнер мырзамен кездесіп, екі ел арасындағы саяси қырғиқабақ алакөзденуді, салқындықты жою мәселесі тұрған.
Алманияға, Мюнхен қаласына ұшып жеттім. Германияның арнаулы органы осы Мюнхен қаласының жанында еді.
Содан Германияға барғандағы ұмытпайтын мәселе – бұрын Одақ уақытысында Қазақстанда 1 миллионға тарта немістер тұрған болатын. Кейін көбі аққан селдей Тәуелсіздік алғанда төңкеріле көшіп кетті.
Кеңес үкіметі кезіндегі коммунистік жүйе тәртібінің қатаңдығы сол – өзді-өз отырып өз халқына сенбейтін. Сондай заман болатын. Жаппай халық үздіксіз тексерісте, қатаң бақылауда болды. Турист ретінде шетелге барсаң да – тексеріс, елде де – тексеріс. Жағдайды біліп отыруы үшін жансыздар көп болатын. Олардың білім алуы шарт емес, оның үстіне білімділер аз болды. Кейбіреулер екі-ақ класс бітіретін.
Көздеген мақсаттары – көршісі не қам-қарекет қылып жатыр, не айтты, нендей тірлік қылды, кім келді, кім-кіммен сөйлесті, осындай мағұлматты НКВД-ға кейін МВД-ға беріп отыратын. Міне осы әдетке үйренген адамдар Германияға көшіп барған соң сол жердің арнаулы органдарына барып: «Мен Кеңестің, оның ішінде Қазақстанның барлаушысы болып қызмет еттім, жасырын атым – осындай», – деп өзінше сырын ашқан сыңай танытқан екен. Оны естіген кей журналистер одан сайын лепіртіп Қазақстан әдейі сөйтіп бізге жіберіп жатқан көрінеді деп өршіте түсіпті. Сондықтан бұл мәселені асқындырмай шешіп алуды ойлап Германияның арнаулы органдарымен кездесуге бел байладым.
Мюньхенде бізді қарсы алып, орналастырды. Ертеңіне бізді ресми қарсы алу салтанаты сағат 10.00-де болуы керек еді.
Сөйтсек бастығы келе алмайтын болыпты.
Сол елдің барлау орталығының орынбасары қарсы алып, бастығы жайында уәж айтты.
– Конрад Порцнер мырзаның сізбен кездесетін уақыты жоқ. Бундестагте ол кісіні тыңдайтын көрінеді. Себебі – бір-екі адам ядролық қарумен ұсталыпты. Сол жөнінде жиылыс болады. Елімізде мұндай оқиға бұрын болған емес. Сондықтан ол кісі келе алмайды. Қолы тимейді, Сізбен сөйлесуге ол кісінің бірінші орынбасары дайын, - деп әлгі сабазың қасқайып тұр.
- Мен де Қазақстан секілді үлкен елдің барлау орталығының бастығымын. Конрад Порцнер мырзамен ғана келіссөз жүргіземін. Осындай келісім болған. Уақытым өлшеулі. Қазақта басқа түскеннен қашпайсың деген тауып айтылған сөз бар. Осыны жеткізіңіз бастығыңызға. Оның жағдайы менің де басымдағы жағдай, бізді де Парламентке шақырады. Бізден де есеп сұрайды. Бұрындары есеп алу жоқ болушы еді. Қазір – демократия. Егер ол кісі келмейтін болса – онда билетімізді жөндеп беріңіз, осы түнде біз елге ұшамыз. Басқа адамдармен келісімге келіп, сөйлесуден бас тартамын. Мені кешірерсіз, әрине, Кеңес заманынан бері солдат болған адаммын. Мен дипломат емеспін. Тура айтамын. Сондықтан егер ашық айтып жатсам ренжімеңіз – уақыт бөлмесе мен өкше ізіммен кері қайтамын, – деп кесіп айттым.
Сосын ол кетіп қалды.
Жарты сағат өтер-өтпестен тағы бір орынбасары келіп:
- Мен сізден кешірім сұрауға келіп едім. Бағанағы әріптесім дұрыс түсінбей қалыпты. Бастықтың уақыты өте аз, соған өкініп жатыр. Екі сағат қана уақыты бар, екі сағатқа сізбен жолықпақшы, – деді.
- Жарайды, келісемін, – дедім.
Айтқандай ертеңіне сағат онда кездесу басталды.
Мюньхен түбіндегі Пулах деген қалашыққа орын тепкен барлау орталығының сарайына белгіленген уақытта келіп жеттім.
Келіссөз екі сағатқа емес, кешке дейін созылды.
Келген шешім: екі органның ортасына біздер өзара телефон байланысын орнаттық. Керек уақытында – ол телефон соғады, керек уақытында–біз қоңырау шаламыз. Әлгідей арандатушылық, түсінбеушілік болып жатқан жағдайда – көшіп барып жатқан кісінің айтқан өтірік-шынын телефон арқылы шешіп отыруға бел байластық өзара. Осы шаруаның бетін қайтарып алғанымыз жақсы болды.
Кешкілік мақтаулы мейрамханаға шақырып, қонақасы мәзірін жасады. Қадірлі мейман болдық. Барлық кикілжің мәселелердің басын ашып, бір шешімге келдік десе де болады.
Ең ғанибеті: өршіп дамып келе жатқан екі ел арасындағы салқын қабақ, жел сөз, өсек-аяң басылып, бір-бірімізді терең түсіністікке бастаған салиқалы саясатқа жол ашылды.
Барлық мәселені шештік, кездесу табысты аяқталды. Қазір артыма бұрылып қарасам, игі істердің баршасы Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып жатыр. Алысқа көз жіберер, көреген болжамы бізді әлі де алға жетелейді.
Азалы кітап
Құрметті оқырман қауым, осы жерде өткенге сәл шегініс жасағым келіп отыр. РеспубликаҰлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып отырған кезімде біршама ғалымдармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар(репрессия) ақиқатының астарын ашу үшін біршама еңбектенген едік. Соның бір қатарын ғана назарларыңызға ұсынып көрейін. Ащы ақиқаттың дәмін татып көріңіздер.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алдымыздағы мақсат - Кеңестер Одағы кезіндегі, 1929-1930, 1935-1936, 1937, 1938, одан кейінгі жылдарға ұласқан сталиндік зұлматтың қанды қылышына ұшырап, оққа байланып опат болып кеткен аяулы азаматтарымызды архив деректерінен іздеп табу болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан олардың іс-қағаздарын көтеру, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған кісілердің атын қайтадан жарыққа шығарып ақтап алу науқаны басталды.
Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елімізде жалаға ұшыраған азаматтарды ақтап алатын «Әділет» қоғамы құрылды. Әділет қоғамының жетекшісі Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев болды.
Облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасында қызметте жүрген уақытта 1980 жылдардың аяғында По реабилитации жертв Сталинской репрессии деген комиссия құрылған болатын, соның төрағасы болдым.
Ондағы алдыма қойған мақсатым – жоғарыда айтып өткендей 1937, 1950 жылдары жазаланған азаматтардың құжаттарын зерттеп, бас-аяғын жинақтап, ақтап шығу еді. Сол іске тездетіп кірісуді көздеген едік.
Екінші жағынан: олар қай жерде атылды соны білу керек болды.
Халқымыздың бұрынғы ел басқарған, бетке ұстар азаматтары – жазықсыз мың-мыңдап атылып кеткен. Міне солар қай жерге жерленді, қандай себеппен ауыр жазаға кесілді, яғни, не үшін жапа шекті. Осындай толып жатқан түрлі сұрақтарға жауап іздей бастадық.
Архивте бұл сұрақтарға толық жауап беретін құжаттар табылған жоқ. Жойып жіберген сыңайлы. Кім атты, қай жерде атылды, қай жерге жерленді деген сұрақтар жауапсыз қалатын түрі бар.
Мұндай құжаттар болмағаннан кейін мен бірнеше топ құрдым.
Бір топ 1936, 1937, 1938 жылдары кадрларда, басқа да маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеуі керек. Қызмет орны арқылы анықтау тапсырмасы берілді ол топқа.
Содан кейін мынаны естідім... солай екен... болған екен... деген қауесеттен тұратын мағұлматты тексеретін тағы бір топ құрдым. Газет, журнал бетіне шыққан ақпаратты егжей-тегжейлі зерттейтін тағы бір топ құрдым. Тікелей архив материалдарын тексеретін өз алдына жеке бір топ болды. Осындай жұмыс күні-түні жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз мәселенің беті ашыла бастады.
Біздің небір марқасқа азаматтарымыз осындай азапты жылдардың құрбандары болып кетті емес пе... Мәселен, Сәкен Сейфуллин ісі Мәскеуде болды.
Мәскеуге хатты жазудай-ақ жаздық. Бірақ бізге құжаттардың түрін көрсетпеді. Іздестіріп жүріп сол кезде азаматтарды атқан адамның ізіне түстік. Деректер бойынша мекен-жайын анықтап, тауып өзімен кездестік. Жай ғана білімі жоқ, кезінде НКВД-да жұмыс істеген адам екен. Бірақ, кезінде кімді атып жатқанын білмеген көрінеді. Дзержинский мен Виноградов көшесінің бойында подвал болған. Еліміздің талай боздақтарын сол жерде, әр күні түнде атып отырған.
- Оқиға түнде болушы еді. Таң алдында арбаға салып, қаланың сыртына апарамыз да жыраларға тастаймыз. Ол уақытта туыстарым ауылда, алыс жақта тұратын, - дейді әлгі.
Сосын мен шыдамай оны сұрақтың астына ала бастадым:
- Сенің туыстарың біле ме осындай тірліктер істеп күнелткеніңді? – дедім.
- Жоқ, олар білмейді. Қазір өз алдыма әулетім бар адаммын. Балаларым, немерелерім бар, – дейді.
Адам өлтірдім-ау, талай боздақты жер жастандырдым-ау деген қобалжу, қымсыну еш байқалмайды.
- Сол күндерден ұмытылмастай есіңде қалған не бар? – деп сұрадым.
Сөйтсем әлгі адам атқыш жауыз:
- Бір күні таң алдында әлгіндей жұмысымды бітіріп, болған соң үйге барайын деп подвалдан шығып келе жатсам, далада қар жауып тұр екен. Артыма бұрылып қарасам – аяқ киімімді, басқа да киімімді ауыстырмаппын. Аяғым қып-қызыл қан. Бүкіл жүрген ізім қанжоса болып сайрап жатыр. Дер кезінде көріп әбүйір болды, әйтпесе не боларын бір құдай білсін... Дереу айналып барып киімімді түгел жалма-жан ауыстырдым. Артыма қарағаным оңды болды. Болмағанда үйдегілер сезіп қалатын еді, – деп ыржиып күліп, өз ақылына өзі тоғайып қоқиланып қояды.
Баскесердің айтқан әңгімелерінен есімде тағы бір қалғаны:
- Жұмыс істеп біткен соң бізге жарты стакан спирт, сосиска беруші еді, сосисканың дәмі қандай, шіркін. Әлі күнге дейін таңдайымда, - деп тамсана жұтынды. - Ол кезде сосиска кез келгеннің дастарқанынан табыла бермейтін. Оған қол жеткізу бір ғанибет еді. Ал менде сол сосиска болды. Тіпті таза спирт ішіп жүруші едім, – деп жас балаша мақтанышпен еске алады өткенін.
Бұл кездесу өте ауыр тиді. Өз құлағымызбен естіген ауыр көріністі көзімізбен көргендей әсер алдық. Неге десеңіз, сол жауыздықты қолымен істеген қанішермен дидарласып, өз аузынан бар ақиқатты естідік.
Төраға болып жүргенімде академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев, Жовтисті, тағы басқа «Мемориал» қоғамының мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне Мемлекет Басшысының рұқсатымен кіргіздім. Олар он күндей сол архивте жұмыс істеді. Біраз деректер жиған сияқты. Көп ұзамай құжаттар ізімен жақсы бір кітап шығарды. Қайтыс болған адамдардың тізімін жазды. Сол кітаптың алғысөзіне Манаш Қабашұлы менің атыма алғысын айтыпты.
«Азалы кітап» деп аталатын ұлы жинақтың бірінші томы 1996 жылы жарық көрді. Кітаптың барлық шығынын «Әділет» қоғамы көтерді. Кітапқа үлкен алғысөз жазған академик Манаш Қозыбаевтың шындықты айтқан сөзінің ішінде өзіме қаратып: «РеспубликаҰлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы Төрағасы Сәт Тоқпақбаев мырзаға қалың жұртшылық атынан, «Әділет» қоғамының атынан зор алғыс айтамыз! Ол кісінің қоғамға көрсеткен жәрдемі, аты өшіп бара жатқан азаматтарымыздың есімін қайта тірілту ісінде – жанашырлық қолқабысы ұшан-теңіз болды», - деп жазғанын оқысам әлі күнге тебіреніп кетемін. Бойымды өкініш пен қуаныш аралас бір сезім билейді.
Менен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келген басшы менің аты-жөнімді кітаптан сызып тастағысы келіп біраз әуреленіпті. Әйтсе де әділет бар емес пе. Манаш Қозыбаев ағамыз: «Бұрынғы төраға Сәт Бесімбайұлының еңбегі ұшан-теңіз, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 60 жыл бойына жабулы келген мұрағатына кіргізіп, қыруар құпия құжаттарды көрсетіп, танысып шығуымызға жол ашты, мүмкіндік берді», - деп қасарысып отырып алыпты. Соның арқасында әлгі азалы кітапқа редакциялық ұжымның атынан шағын ғана алғыс жазылыпты.
Тағдырым – темірқазығым
Қытай халқында өтпелі кезеңде өмір сүрмеу керек деген мәтел бар екен. Ал, адам өмірін таңдап ала ала ма?! Өз басым осындай кезеңде еңбек еттім. Маңдайыма бұйырғаны осы болды.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында мені тағдыр Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездестірді. Бұл кездесу менің бүкіл өміріме ықпал жасады, тағдырыма бетбұрыс берді. Үлкен кісінің алды кең деген рас екен. Қажыр-қайратымды, іскерлігімді дер кезінде туған халқыма жұмсауыма мүмкіндік туғызды. Егер мұның бәрі керісінше болып, Қазақстан Президентімен бетпе-бет ұшырасып, тілдеспеген жағдайда, түсініспеген кезде – менің алдағы өмірім мүлде басқаша арнада өтері кәміл еді.
Елбасы сенімінің арқасында ел социалистік жүйеден басқа жүйеге ауысар кезде – қауіпсіздік органдарын реформалап, оларды қайта құруға қатысып, басшылық қызметте болдым...
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен менің алғаш кездесуім – ол кісінің Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы міндетіне кіріскен кезінен басталады.
Сол кездегі орталыққа жалтақтап үйренген – Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Николай Анатольевич Вдовиннің бұйрығы бойынша – сол кездегі кеңестік жүйедегі ішкі-сыртқы жағдайды шұғыл біліп, шапшаң түрде Бірінші Хатшыға баяндау міндеті өзіме тапсырылды. Әрі жауапты, әрі күрделі шаруа. Іштей қатты толқуда жүрмін.
Президенттің алдына барып рапорт бересіз деген бұйрықты естіп, қатты қысылайын. Әскери адам болған соң үлкен кісінің кабинетіне қалай кіріп, қалай сәлем беруді, баяндама жасауды ал кеп жаттайын. Мерзімі келгенде – кең бөлменің емен есігін ашып жіберіп, қазықша қақайған күйі, әскери адамның қалпын сақтап сірескен қалыппен:
– Здравия желаю! Бұйрығыңызбен келіп тұрмын!.. – деп төгілдіре жөнелдім.
Президент жанарын кең ашып, өзіме бұрылып қарады.
– Ассалаумағалейкум! Сәке қалайсың?.. Кел, жайласып отыр, – деп сабырға шақырғандай қалыппен ұзын үстелдің шетіндегі қарсыдағы орындықты көрсетті. Нұсқаған жеріне келіп отырдым.
Президент сол баяғы сабырлы қалпы, сөзімді ықыласпен тыңдады.
Әр кезде басын изеп қояды. Бірте-бірте сірескен қалпымнан жазылып, арқабасым кеңейіп, көкейдегі көп ойды Елбасының алдына жайып салдым.
Қанағаттанған секілді. Әңгіме аяқтала бергенде орнынан көтеріліп, қолын ұсынды:
– Бүкпесіз рапортыңа рахмет! Көп жәйітті жасырмай баяндадың! – деп ризалық пейіл танытып, шығарып салды.
Мен кете бардым...
Сол жүздесуден көп өтпей Болат Абдрахманович Баекенов Қазақстандағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) Төрағасы болып тағайындалды. Ал мені Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасының бастығы етіп бекітті. Осындай елеулі жағдайлар болып жатты. Қай лауазымға болсын Президент маған сенім артып тағайындаған соң, мен сол үдеден шығуды өзіме мақсат етіп қойдым.
Біздің Президентіміз өз басының бақыты мен елінің бақытын түйістіре білген жан.
Дүниедегі ең баянды бақыт осы десек қателеспейміз!
Тірі жанның бәрі бақытқа ұмтылады. Ал мемлекеттің бақытқа ұмтылғанын көргеніңіз бар ма?
Өзін-өзі сыйлаған ел өзгені де сыйлай біледі. Президентіміз өзімізді сыйлай отырып, өзгені де сыйлаудың үлгісін жасады. Халқын бақытқа жеткізу кілті осы болар, сірә!
Адам үлкендікке жету үшін ең әуелі үлкен істер тындырады.
Тәуелсіздік алып, өз қолы өз аузына жетіп, егеменді ел болған Қазақстан... Семей ядролық полигонының жабылуы... Ата заң – конституциямыздың қабылдануы... мыңдаған жылдар әрі тарт – бері тарт болып жанжалмен өткен жер дауы біржолата шешіліп – шығыстағы Қытай мен батыстағы Ресей империясымен шектесетін шекараға сызық сызылды, ел ордасының Алматыдан Сарыарқа кіндігіне көшуі... Астана қаласының салынуы... әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дүркіреп өтіп жатқан съездері.... Қазақстан республикасының ЕҚЫҰ-ның тұрақты кеңесіне төрағалық етуі... тағы басқа еңселі істер бір кісінің өмір жасына жетіп артылады.
Бұл тізбек осыдан елу, алпыс жыл өткен соң да тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен байланыстырып жазылатыны анық. Тарихқа айналған әлгіндей жоталы белестерді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімінсіз елестету мүмкін болмас!
Бір басының бақытын елінің бақытымен байланыстырған деуіміздің мәнісі осы.
Осының арқасында бүгін дамыған елдермен иығымыз теңесіп, терезелес болдық. Шығарымпаздық білімге арқа сүйедік. Ғылым, білімнің жеткен жетістігін игере отырып, оны ілгерілетіп әкетер, келешекке қажетті ой, идея ұсынарлық брендтік білім ғана сіз бен бізді алға сүйрейтініне көз жеткіздік.
Мұның бәрі сағат сайын, күн сайын бақылаудың, үйретудің нәтижесі еді. Адам бір орында тоқырап қалмауы үшін – ылғи жетіліп тұруы қажет. Жетілу үшін – терең білім болғаны жөн. Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Үкімет мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлер елді білікті жолмен басқару ісін, тәжірибесін ең әуелі Президенттен үйрендік. Сол кісіге қарап бойымызды, ойымызды түзеуге талпындық.
Президенттің Әкімшілігі мен Үкімет жасақталғаннан кейін Елбасы өзі әрқайсымызбен қызмет бабында тәрбие жұмысын жүргізіп жүрді. Мәселен, Тәуелсіз Қазақстанның қызметкерлері басқа да алпауыт елдердегі әріптестерінен еш жері кем еместігін айтып, сондықтан сыртқы пішіндеріне де, шаш түзеуіне де, көйлектерінің жағалары әппақ, таза, аяқ киімдері жалтырап тұруына да сонымен қатар білімдерін күн сайын жетілдіріп отыруына да қатты көңіл бөлетін.
Президенттің қатаң қадағалауымен Ұлы Далада баяғыдан бері келе жатқан шекара дауы шешіліп, шығыстағы Қытай, батыстағы Ресей империясымен шарттасып, ұланғайыр шекараға ала баған орнатылды. Отанымызға миллиардтаған инвестиция тартылды. Ата Заң қабылданып, азаматтық құқық қорғалатын либералды, демократиялық қоғамға бетбұрыс жасалды. Қос палаталы парламенттік институт іске қосылды. Жоғарыдан төменге билігін жүргізетін Президенттік институт нәтижелі қызметін қалыптастырды.
Осының бәрі айтуға оңай, әйтсе-дағы әрбірі ұланасыр төңкеріспен келетін, жұрт болып тауға шыққандай асқаралы асулар еді. Асу биігіне бұл күндері Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көтерілді. Өзі де биіктеді, халқын қоса биіктетті.
Бұл күндері алыс-жақын мемлекеттер, мұхиттың арғы жағы, бергі жағы Назарбаев десе – Қазақстанды, Қазақстан десе – Назарбаевты елестетеді.
Президенттің ешқандай шаршауды білмейтін еңбекқорлығы, алмас қылыштай алғырлығы. АҚШ-қа алғаш сапарында жарқ-жұрқ етіп жанып жүрді. Нұрсұлтан Әбішұлы қынаптан суырылған қылыштай еді, сөзі мірдің оғындай дөп шығып жатты. Нендей сауал қойса-дағы іркілмей жауап беріп жатты, қаймықпады... тосылмады... айылын жимады.
Бірде Үлкен залда қабылдау болды. Тақап келсем – АҚШ-тың сол кездегі Вице-Президенті Альберт Гор екеуі жұрттан бөлініп сөйлесіп тұр екен. Нұрсұлтан Әбішұлы мені көріп қабағын жылытты. Қасыма жақында... именбе... дегенді жанарымен айтты. Әскери адамның қалпын сақтап тақап келдім. Президент өзімді нұсқады.
-Бұл кісі – менің Қауіпсіздік министрім! – деді қоңыр үнмен.
-О, олай болса бұл мырза біз туралы бәрін біледі-дағы!
Мен:
- Вице-президент мырза, біздер АҚШ-қа қарсы ешқандай барлау жүргізбейміз!
- Солай ма?
- Шындық солай, Вице-президент мырза!
Нұрсұлтан Әбішұлы іштей мақұлдап, кездесу өтетін кең залдың төріне қадам басты.
Залдың төрі самаладай жарық. Құжат бойынша әрбір қадам... әрбір сөз... тіпті қол алысу... сәлемдесу... танысудың өзі тап-тұйнақтай хатқа түскен. Өз бетіңше бұрылып кете алмайсың. Жоғарғы мәртебелі келіссөз жүргізудің өз ережесі, өз тәртібі бар. Бұл тәртіпке Президентіміз әлдеқашан үйреніп, бәрін оқып-тоқып алғандай, сыр бермей, еркін әрі барынша батыл мінезбен, іс- қимылдың үстінде жүрді. Қарап тұрсаң – көз тояды, көңіл шаттанады.
Өз басым таңғаламын.
Бір ескерте кететін жағдай: оларды түнгі сағат 12 болса – біздің елде күндіз. Оның үстіне бір тәуілік самолетпен ұштық, іс тындырмақ түгілі жәй жүрген адам шаршап әрең жүретіндей. Осы ұшқыштарға аспанда қанша сағат ұшуға рұқсат екен? Оларға денсаулығына байланысты уақыт шектеуі қойылады деп естігем. Ал, біздің Нұрсұлтан Әбішұлы күн сайын ұшақпен әлемді шарлап жүреді. Денсаулығына зияны болмас па екен деп қоямын жаным ашып.
АҚШ-тың зиялы қауымымен кездесу үшін Үлкен залға келдік. Зал ығай мен сығай сыпайыларға, журналистерге, кәсіпкерлерге лықа толы. АҚШ қауымы жер шетіндегі Ұлы Далада жер бетіне табиғат құдіретімен жанартауша дүмпіп шыға келген жас мемлекетке қызығушылық танытқаны сонша – ұйқыны да, күлкіні де ұмытқан секілді. Қазақстан секілді алып мемлекеттің басшысын бір көріп қалуға шаруасын тастап ұмтылғандай сезілді. Төрдің қақ ортасында, биіктеу жерде жанары шоқша маздап Президентіміз отыр. Оң мен солында тілмаштар, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, өзге де лауазымды кісілер.
Сайысқа түскен сәйгүліктей тыпыршып отыр. Қарап тұрып, өз көзіме өзім сенбей таңқалып тұрмын. Күні бойғы баспассөз конференциясы, АҚШ-тың президентімен екі сағатқа жуық отырып келіссөз жүргізу, сенаторлармен кездесу, университетте студенттермен кездесу, өзге де күтіп тұрған шаруалардан басқа біреу болса –шаршап, демалуға кетер еді. Ал біздің Президентіміз көз шырымын алуды мүлде ұмытқан, демалыс... ұйқы... күлкі... сейіл... серуенді естен шығарған. Қиынға салса қайрала түсетін баяғы Исфаһан қылышы секілді, дүбірді сезсе қайыра бойын жинап алып, жер тарпып шыға келетін бәйге атына ұқсайды.
Осыдан кейін де АҚШ-тың 200-дей кәсіпкерлерімен кездесуде оларды жақсы әңгімемен күлдіріп, елдің жағдайымен таныстырып шықты. Қазақстанда оларды жақсы пайдалы бизнес күтіп тұрғанына сендіріп екі сағаттан артық кездесуден ешбір шаршағанын білдірмей шықты. Жолай маған:
-Іскер кісілермен кездескен жақсы. Қазақстанның экономикасының жағдайымен таныстырасың, оларға не керек екенін көзбе-көз отырып білесің, проблема болса сөйлесе отырып тез шешесің. Әрі оларға әр кездесуде тың және күлдіргі әңгіме айтып тұздықтап отыру керек,- деп күлді.
Не деген қажыр-қайраты мол адам деп әлсін-әлсін жағамды ұстап, тақалғаным әлі есімде.
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев