ЗОБАЛАҢ ТУРАЛЫ СУЫРТПАҚ ОЙЛАР

ӘДЕБИЕТ
1792

Ұлықбек Есдәулет:

1988 жылы жас қаламгерледің ынтасымен осы қуғын-сүргін және ашаршылық апаты жайлы Жазушылар одағында жиын өткізген едік. Бұл жиынға сол  кездегі ЖО басшылары қарсы болып, менің іліп қойған жарнамамды жыртып тастап, мәжіліс залына ешкімді кіргізбген-ді. Сондай әбігер кезінде шетелден Олжас Сүлейменов келе қалып, бізге ара түсті. Басшылықтың «Бұлар екінші желтоқсан ашайын деп жатыр» деген сөзіне «Егер залға кіргізбесеңдер, екінші желтоқсан көшеде болады, кірсін, айтсын ойындағыларын!» деп жол ашып берген еді. Сол жиыннан соң Орталық партия комитетінің сектор меңгерушісі, ғалым Сейіт Қасқабасов ағамыз шын ризашылығын білдіріп: «Біз Ақтау Қаулысын қалай талқылауды білмей жүргенде мынау жиналыстарың өте жақсы түрткі болды!» деп маған рақметін айтты. Содан сең бұзылып, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз, өзге де тарихшы ғалымдардың еңбектері арқасында Ақтау Қаулысы дүниеге келді. 

Жалпы 20-30 жылдардағы аштық  біздің әдебиетімізге ертеден арқау болған. Солардың алғашқылары Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» деген поэмасы еді. Осы шығармасы Орталық комитеттің қаулысына ілігіп, ақын ағамыз қатты соққы алып, ақындық жолдан табаны тайғандай ауыр күйге ұшырап, сағы сынған. Сондай-ақ Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» деген романы да Орталық комитет басшысының баяндамасына ілігіп, жазушыға, жалпы Жазушылар одағына қатты сын айтылды. Дейтұрғанмен уақыт өте бұл шығарма оқырман көңілінен шығып, өз орнын тапты деп есептеймін. 

Алаш арыстарының бейнесі романдарға, эпопеяларға арқау болып таралып кетті деп айта алмаймын. Бір азамат Алаш арыстары туралы төрт томдық кітап жазған көрінеді. Ол шығарманы жазушылар арасында талқыға салып танысуымыз керек. «Абай жолы», «Қан мен Тер» секілді тарихи романдарға тең келетін дүние осы күнге дейін келген жоқ. Бірақ келеді деп ойлаймын. Тарихтың ақтаңдақтары жойылып жатыр, архивтің қатпар-қатпар жұмбақтары қазылып жатыр. Біз өз тарихымызды өзіміз зерттеу үстіндеміз.  

Смағұл Елубай:

Мен. «31мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп аталуының өзінде бір шикілік бар деп есептеймін. Себебі бастапқы атауда Ашаршылық деген сөз болды. Кейін 1995 жылы советтік идеология жетекшілері сол Ашаршылық деген сөзден үркіп, оны мүлдем алып тастады. Бұл нахақтан көз жұмған төрт млн. қазақтың әруағына жасалған қиянат деп бағалаймын. Осы жағдай қайта қаралуға тиісті. Бұл апаттың атауы ашаршылықтан қырылған халықтың «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп аталуы керек. Неге аза тұту күні дейтін болсақ, Иерусалимге барсаңыз, әйгілі «Жоқтау қабырғасы» бар. Біз бір жыл ішіндегі бір күнімізді көздің жасын шығаруға қыймай отырсақ, олар сол қабырғаға сүйеніп күнде жылайды. Олардың жылауға хақы бар. Соғыс жылдары алты млн халқынынан айырылып, өздері тоз-тоз болып, тілден адасып кеткен азапты халық қой. Бұлардың ісін Ұлы халыққа тән дәстүр деп  қабылдағанымыз жөн. Ал біз сондай дәстүрді ұстанбауымыз: өткенімізге құрмет жасай алмамағанымыз. Қырылған халқымызды жоқтай алмағанымыз! Сондықтан ұлы халық атануға қауқарымыздың жетпегені деп санаймын.  

Он сегізінші ғасырдың тоқсан жетінші жылғы санақта Тәжік 300 мың,  Қырғыз 300 мың, Түркмен 300 мың, Өзбек 700 мың, Сарт 700 мың, Қазақ 4 млн.84 мың болған деген дерек бар. Сондай-ақ бір орыс ғалымының кітабында 1911 жылы қазақтың саны сегіз млн. болғаны туралы жазылған. Ол кітап қазір қолымызда. Ал 1920 жылғы санақта қайта сол төрт млн. түсіп қалдық. 1921 жылғы Алаш партиясы жиынында жап-жас Мұхтар Әуезов азамат соғысы мен сол жылдардағы ашаршылық салдарынан 1 млн.700 мың қазақ қырылды деп жария етті. Соның 700 мыңы жас сәбилер, балалар. Ал отыз екінің ашаршылығын біздің тарихшылар ары санап, бері санап, 2 млн. 300 мың адам құрбан болды деп шешті. Сонымен қызылдардың қолдан ұйымдастырған ашаршылығының кесірінен төрт млн. қазақ қырылды. Бір млн. қазақ шетке ауып кетті. Сонымен қатар 1939 жылғы санақта 1 млн. 900 мың қазақ қалды деген деректі көргенімін. Соның артынан статистиканың құлағынан тарту арқылы 2 млн. 300 мың қазақ қалыпты деп қайта түзетілген-ді.

Бұл апаттың психологиялық, демографиялық және саяси салдары үлкен бір жеке әңгімеге өзек болатын тақырып. Халқымыздың жартысынан айырылып қалғандықтан Хрущев билігі кезінде саны аз ел ретінде жеріміздің солтүстігін ресейге, оңтүстігін өзбекке беріп, бөліп алмақшы да болды. Бұл қазақ деген батыр халыққа саналы түрде жасалған қиянат еді. Олардың басты мақсаты: мына Ұлы даланы өздері иемдену болатын. Сталинді жамандаймын деп сол Хрущев биік мінберден былай деген: «Мен Сталинге айттым. Қазақтар қырылып жатыр деп. Ал Сталин болса. «Так и надо желтой заразе!» деді». Кеңес өкіметінің саясаты қазақ жерін бөлшектеу болды. Л.Брежнев басшылыққа келгенде Д. Қонаевпен достық қатынасы арқасында жер бөлшектенбей қалды.

Қазіргі кезде ұлықтану мәселесі қалай десек, мүлдем көңіл көншітерлік емес. Президентке жолыққанымызда ашаршылық құрбандарына мемориалды кешен орнату мәселесін көрдік. Себебі ана жер, мына жерде қалқиған бір-бір ескерткіш ғана бар. Ескерткіш дегеніміз жалғыз адамға да қоя салатын дүние ғой. Ал халқымыздың жарытысы қырылған апатты олай ұлықтаудың еш жөні жоқ. Сонымен бұның реті кейінірек келер, әзірше Астанадағы музейдің бір қабаты ақтаңдақтарға арналады. Сол жерден орын беріледі деді. Кейінгі бір жылдары бара қалсам, жетім бұрышта бес-алты сурет қана ілініп тұр екен. Төрт млн. деген сөз жоқ. Бұл біздің халқымыздың ұлттық қасіретіне деген көзқарасын білдіреді. Жүрек мұздатар немқұрайлылық емей немене!  

Билік басындағылардың осы туралы ойлауға мұршалары жоқ. Оларға жалықпай айтып, есіне түсіріп отыру керек. 

Әдебиет пен кино саласында ашаршылық туралы насихаттау баршылық. Соңғы кезде бір кино түсірілімі басталып, нақ ашаршылық көріністеріне келгенде ақша түгесіліп қалып, жарымжан фильм шықты. 

Қорыта келгенде айтарым біз әлі күнге дейін жалтақтаудан арылар емеспіз. Осыдан біраз жыл бұрын «Ашаршылыққа жөнді баға берілмей келеді» деген конференция өткіздік. Салық Зиманов бастаған мықты-мықты тарихшыларымыз бас қосты. Менің бір таң қалатыным сол конференция материалы өзіміздің «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланбады. Көлеңкемізден қорқуды қашан қояр екенбіз?

author

Смағұл Елубай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...