Қостанайлық қаламгер Абылай Мауданов неміс жазушысы Рудольф Эрих Распенің балаларға арналған "М...
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ. Азаматтың азаматтық сарыны
Өнерде хаһилықтың болуы бір ғанибет. Көркемдік әлемінде көрініс беретін көркемдікті шымыр шыңдаудың шартты талабы тұр. Өнершінің мұраты сонда. Ертедегі «Илиада», «Тәңірлік комедиясы» түгелдей көркемдік хаһилықты ғана тәңір тұтқан ұлы дүниелер. Көркемөнер өмірдің нақты шындығын өң, реңімен көрсетуді мақсат тұтады, сонымен де құнды.
Мысалы, поэзиядағы керемет назым, формула, рәміздік қисын, қиялдардың түп негізі сол бір хаһилықта жатыр. Тау мен ұлы даланың теңдессіз бедерін суреттеу үшін тек қана жалаң талантты болып туудың өзі жеткіліксіз секілді. Сан түрлі бояу, ескі сүрлеудің жаңа түрін тіптен әрлеп, мәндеп беру үшін зау зерде мен барынша қанағатты қосар білім қажет пе деп пайымдаймыз. Кей кезде ол үшін өнер мен өмірдің төл заңдылығын жоққа шығаратын әсіре абстракционистерлерге іштей қынжыласың да!
Бірақ, амалсыз осы замандық бағыттарға бағынуға мәжбүр болатын кездерің де аз емес. Соңғы уақыттарда Ли Бай (Li Bo)-дың өлеңдерін қайталап оқып жүргем... Ғұмырлық ұлы шайыр аталып кеткен Таң дәуірінің суреткері тек тылсым табиғатпен тілдесетін «өзгеше тілі бар» бей ғұлама-ды. Тау-таспен сырласудың теңдессіз өлшем пішімін осыдан көруге болар еді?! Тылсыммен тілдесу күші біздің ақындарда да бар ма еді!?
Алайда, суреті мен үні екіұдай сезілетін өлеңдер қажытар еді. Мұндай дүниелер қазақ руханиятында болған құбылыс па еді? Иляс Жансүгірұлының «Жетісу суреттеріне» үңілеміз. Оралхан Бөкейдің «Мұз тауы» т.с.с керемет туындыларға қарасақ, қазақтың қара өлеңінен бастау алатын жыр-дастандарында даланың сыры, жылқының дүбірі ерекше көп! Жуырда Азамат Тасқараұлының өлеңдеріне ұшырастым.
...Алтай таудың ұшары,
Қобыз күйім құсалы.
Жусан түбін босатып,
Бозаң торғай ұшады...
Мінеки, бұл – нағыз ескінің жаңа озаны! Алтай – (Home neanderthalensis) көне нәсілінің көз жасынан тамған ұшқындай ақық өрімдер осылай басталады. Алтай тауларынан құлай аққан Бұқтырманың өткелсіз ағысынын сезілетін дыбыстар шумағы.
«...Алтай таудың бөктері,
Кімдер келіп кетпеді...» - көк пен жерді жалғап тұрған ұшардың басындағы бозғылт өң осылай жыр болып желбірейді. Хаһилық. Алтай нәсілінің бүгінгі үні... Азаматтың өзі айтқандай:
«...Далдалап кемер тауларды,
Даладай көңілі иен моладай қарайып,
Аруана көзінен ақса тек қан ағып,
Көрсоқыр тобырға таланып,
шындық келеді...».
Иә, адам, пенденің пайымы мен санасы хаһында қаншама айтылған ғибрат, оқылған дәрістер бар. Әркімнің жолы әрқилы... Біреу жүрген ой сұлбада - біреу болмайды. Азамат Алтайдың бір биігінен. Сол биіктің ұшарынан төгілген ұлар-шудың ұшқыны. Алтай тауы турасында қаншама суреттер сызылды, өрілді. Алтай - жер ғарышы.
Жапонияда әйгілі Фудзи шыңы бар. Осы шыңды жүз құбылтып жауһарлаған суретші Кокусидің жұмыстары таңдай қақтырар-ды. Сан бояулы сол таудың бастапқы түсі сол төл күйінде көрініп тұрады. Азаматттың Алтайы да солай, азаматтық лирика, ежелгі дүниянің сарыны үндес. Сондай кіді.
«... Сол қолыма Ай қонады, Сана-шам.
Көкірегімнің түп иісін танытып,
Сөз бүрлейді көзіне оның қарасам...»
Азамат ақынның өз үні, өз қарасы, таңдауы бар екен. Сол қуантады. Аргентинаның Хорхе Лиус Борхесі (Jorge Luis Borges) көп жыр жазған лирик. Оның «Мың сала жол-бақшада» атты ақ өлең секілді әңгімесі бар. Жол, бағыттар туралы айтылады. Ұзақ хаостық ағын. Баяғы Жиренше шешеннің «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын. Бір жол бар жақын, жақында болса алыс...» деген пәлсафалық дүниесімен бір негізде жазылған ұқсастық. Мысал... Сол секілді Азамат Тасқараұлы өз жолын жөн таңдаған, және оны ешкімнен сұрамады. Алтайда туған қыран ақ үрпек түлегінің самғауы – жеріне тартар. Оның кейбір өлеңдеріндегі рокерлік түсімдері «өмір сүрмеуі» де бейхаһи.
Азамат атаққұмар емес, атқұмар. Алтайдың алабажақ бір қырында құйматұяқ Кертанау атпен желіп жүреді үнемі.
«...Тау кезгенге шалқыс та тартыс та мың,
Кертанаудың тізгінін тарта ұстадым.
Ұясына батты, әне, қызарып күн,
Көрігіне түскендей қарт ұстаның...».
Бұл жас ақынның «керауыз» тума таушылдығын көрсетеді. Тауда жүрген жан баласы өзіндік сүрлеуін таңдайды деп мүжіліп отырғанымыз да осы. Себебі, тау бедері сан қилы жымнан тұрады. Әдебиеттегі сорап та соған ұқсас. Шынында, тың әдебиеттегі шың Алтай тақырыбында қалам тербеуі - Оралхан Бөкейден кейін сәл тыныс алған ба деп ойлаймыз. Поэзияға дәстүрлі сіңісе бастаған табиғат реңдері, тау бояулары өлеңнің өрісін кеңейте түсерін кейбір ақындардың өзі жете түсіне алмай жүруі мүмкін.
Көне әдебиеттегі ғажайып сарындарды жаңашылдар өз кезегінде жаңғыртатыны аян. Абай өмір сүрген дәуір мен Кеңестік соцреализм ұшқыны шашыраған кезеңнің айырмасында туды да қазақ дүниесіне ұлы Абайдың рухани құндылығы келді. Қоғамның ішкі тынысы бұғып, тылсым туындыларды түгел ашуға қауқары жетпеген қаншама даналар қара жердің қиянында қалды? Бірақ, Абай мен Шәкәрімнің әлемінен бүгінгі қазақ руханияты сусындады, нәр алды. Мағжан поэзиясы мен Сұлтанмахмұт, Қасым Аманжоловтардың ішкі танымын қайта-қайта аударып қарау арқылы қазақ поэзия әлемі толық сілкіне алды. Бірақ, дала жылқысы көбінде «идеологиялық бесатардың» қарауылында ғана «сілкінді». Ал, сілкініс соңы - жаңғырудың басы болуы ғажап емес-ті.
Азамат Тасқараұлының Айы мен Күні бөлекше бір ілкі дауыспен өлең болады-ау деп үміттеніп қаламыз. Оның Ай мен Күні айқайлап туады! Сөздің ғұмыры – өлең секілді. Алтай таулары алқанында ешбір кедергісіз өскен лала гүлдеріндей үлбір, күнге тырмыса өскен өсім - өлеңдер.
«Кірпігімді ауырлатып күз – ойым,
Күз – ойымды ақ параққа тізейін,
Сәлем жолдап жұлдыз ақсын сен жаққа,
Кеудешемнің бір түймесін үзейін...».
Азамат осындай ақық шумақтармен-ақ ұлы сезім-дүниенің ұшқынындай түзіле түседі. Сөз қауызының ішінде шумақ-шумақ мән майданы түрендетіп жатады. Өте сезімтал...
«... Мұз көк атым шапты ме екен тым үдей,
Қалай жүрмін сүт сүдінім ірімей?!.
Сені ойласам тыныштығым жылан боп,
Сол жыланды жұтамын мен тірідей...» - дейді.
Сөз бен мәннің майданы осылайша бөлек-бөлек түйдек өмір сүреді. Әуен, ғарыш, ай мен күннің «үні», тіпті оқыс айтылған ойлар арасында адасып қаласың. «Бурыл талға тамшылаған қаздың үнін» естіген сәтің де, құлағыңа әдемі әуен әкеледі. Азамат Тасқараұлы барынша кінәшіл ақын. Өлеңдерінде таң перделі «реніш» бар. Оқасы жоқ! Бірнеше жылдан кейін қазақ поэзиясы әлем тілдеріне қарай көптеп тәржімалана бастайды. Хақ. Біршама тоқыраулар да әлі де кездеседі. Оқасы жоқ! Бұл да Хақ. Сөзді жұлмалау, мылжалауды «аударма» деп адасатын сәттерге де кездесерміз. Жапппай орыстанудың қасіретін әлі де тартамыз.
Өлең, әсіресе, Азамат Тасқараұлы секілді ақындардың тау бедерлі жырларын аудару үшін де көптеген сау әрекеттер де жасалар. Батысқа сіңу үшін Алтайдың самалымен баруды қалар едім. Сөзді – мазмұн мәні және бояу әрінен тәржімалайтын тұста - Қазақ поэзиясының әлемдік нарықта тоқтаусыз өтетінін сеземіз. Соған шақ келетін ақындарды бүгіннен бастап есепке алу керек. Азаматтың (Тасқараұлының) азаматтық лирикалары ішкі түрлі бояуымен, тылсым әуенімен, зау шырқауымен «Мен Қазақпын!» деп ерек еңселі көрінеді. Сыртынан қарасаң да өлең өрімі бесенеден белгілі. Таудың үні, даланың түгел түр-түсі, күліктің желісі, түземдіктердің болмыс, кейпін басқа өркениетке жеткізу үшін Тасқаралардың тастай ақық өлеңдері керек-ақ.
«... Біз жақта әуір, өкпек, ызғырық бар,
Жел сөзге және емеспіз біз кіріптар,
Сай құлдап «Дүние-ай»-ға салған сайын,
Жөңкиді аласұрып күзгі бұлттар...».
Бұл Азамат Тасқараұлының қалам ұшынан ұшып бара жатқан жыл құсы секілді шумақтар. Еуразияның маусымы қазақ ауанынан мүлдемге бөлек. Сондықтан кіл қазақ ақындарының өз-өз қаңқылдары бар. Оларды қалыпқа салуға болмайды. Олар көктен жерге қарай будақ-будақ тұманды дауысын лақтырып, биік ұшады. Кеңістік, уақытқа сіңісіп кететін жырлар болса, оны екшей алатын оқырман болса жетеді.
Сұраған Рахметұлы
30.06.2018 жыл