Сұраған Рахметұлының оқырмандар көп іздейтін өлеңдері

ӘДЕБИЕТ
4393
Сұраған Рахметұлы зауалСұраған Рахметұлы***

Көзімнің алды көгілдір оттар
Жалқын ән...
Еріні кезерген кең іңір.
Етегі көлбең, көл-көсір мейірім,
бал тұман?!
Желкесі жібек, жеңі нұр.
Қара түн мүлгіп жаяды шашын
Мұң – ару
Өліара өңді шың, құздар
Мың ғасыр бұрын жазу боп
сөнген сыңарың...
Кірпікте шықтар, жұлдыздар...

Кеңістік алдың, өрмекші торы
ай ізі.
Аяулы шөптер, тай жалы?..
Жиекте жібек жиденің қызғылт
қайызы;
Ай ізі сансыз найзалы.

Жып-жылы шығыс, көгілжім
ұлпа жабағы,
Үркермен жусап Иек қыр
Жаудырап тұрған аршаның
бір тал сабағын,
Қобыздың үні сүйеп тұр.

***

Бұлттар қалқиды биікте көлеңкесі
ауыр
Көкек еңіреп оянды ана талдағы
Сәуір кісінеп бір сәт,
Алақандағы.
Тұмса бұталар жанары балапандады,
сағымдар жұп-жұмсақ көрпесін жабады,
иісі нәр дала демінің.
Бидай сабанында жаны,
сорады таулардың сала желінін.
Қаздар қаңқылын лақтырды төбеден
Тамшыға байлап.
Өлең боп өреді сосын, өлеңмен
Қаңсыған аймақ.
Аппақ пырақтар бусанып, жусайды табаны
балқып.
Айдың арайын төгеді шаршы маңайға
Тізбегі құстың – түздегі ұлар-шу,
іздегі жаршы.
Жапырақ жаныңды жалына тартады
біздегі әр шың.
Сағыныш самайдан баяу сипайды
Кезең жақтағы.
Ақ үйлер. Салт аттар кермеде
Көк ала желегін көкке жаяды
Тезек жаққан үй.
Күй сыңсып пернеде.
Белегір, тоңғақты қозы, ырысты үйлесім,
Өлең ырғақты
Көк жиегінде әжем түймесі,
сере құндақты.

Шегініс абсурды

Қиял жаныңа естелік қалтырды
Жүрегім жұлым
Аунаған толқындай санам да сан қырлы...
Білемін, Зіл. Үн...
Жаңбырлы.
Ашық терезе. Жауынның иісі.
Бір түрлі ән демі жоғалған.
Ескі белгілеу,
жыртылған.
Ескі сағыныш , іркінді. Паршамын.
Кей сөзім әлемнен алыс, бей сезім аяп 
аршаны
Мың ғасыр бұрынғы жазылған хаттай
Шаршадым.
Уақыт сыңар қанаттай. Маңдай да қатпар.
Жыртық кеспірде жыртың күлкінің үзігі,
Таңдайда дәт бар. 
Зағип бөкендей жалғыз жол, бұдырсыз,
сызығым
Жұлдызын теремін жұлдызды жылқылар 
ізінің?
Өткен шақ өзіне сіңіріп алады,
өкпектің ызыңын.
Кей сезім өзімнен алыс піседі...
Түседі ми үстеп.
Раушан гүлінен азырақ үзіп ап
иіскеп... Талшығым.
Кешегі ізімнен, кешегі мүйісте.
Өзім тығылып, өз табаныма. Өзім
жаншылып...
Жолдармен адасам мүлде созылған 
сұлық.
Қиял жанымда естелік жылайды,
Жұмыртқасы ұлып.
Күнім өртеніп батады ымыртқа сіңіп
Тозған суреттей;
Әуенім – қателік, қаперім – қасырет
тұман.
Түн ауып барады, құлақта желік,
Тас леп. Дүрмектей.
Тамшы жұлдыздар әлдилеп жылауық
даланы...
Бәрі де күман!
Бәрі де Лаң!

Соқыр тауықтар маңым, шашылған тары
торыған мысық.
Құнарсыз қыртыста құлаған сары қар –
құсық.
Есік көзінде жер ошақ. Төрт көзді...
төрінде ұшық.
Қиял жалауы желбірейді алыста. Бағыштап. 
Мәлім... Күш... Ақпар...
Құрттаған сөйлемдер, қалың кітаптар...
Жалын.
Жаныңды ұсақтар. Залым құшақтар!
Өлі жанарлар, қайраулы азулар, байлаулы 
жазулар.
Жетім нысаптар.
Өрді, өрді ұмытып, сырғимыз, ылғи біз
тегін ылдимен.
Шегініс секілді жылдамдық
ілбиді Ең...

МАТИСС ҰШҚЫНЫ

Құстар сағым алыстады,
алыста
Балапаннан бала үнім бүрледі.
Күліп тұрып жылайтұғын қуаныштай,
Балағымнан құпия жел үрледі.

Жылау, күлу керек емес, 
қазіргі ем:
Матисс жолы – басын иген бөрте егін
Ақ күшіктің көмейінде жаз үрген,
Жағалау мен жалдың үсті өртеңің.

Құстар қашты күзден аттап 
қыр асты,
Қанатында құрастырған бояулар.
Ғаламда жоқ реңдер мен
құба ұшқын,
От үстінде жылап тынған 
ояу қар.

Сансыз жұлдыз шөп ұшына 
жайғасқан,
Тірі шырақ шоқ ішінде сөндірген.
Күн шетінен көсіп алып
айлы аспан,
Түз бетіне төге салған өндірден.

                                                         2010.11.05

ТҰМАННЫҢ МҮЙІСІНДЕГІ ӘН

Көңіме арбалам қырдағы
өңімді сағынам.
Саулаған бұлдырық ұшады
Тырнаның ізіне шырмалып.
Әлсіз ғасырлар былдырлап
тіл қатқан
Жерошақ табынан, кәрілер ізінен.
Құздардан жұққандай тәкаппар жүзінен
Жолдардай мың қатпар
Ішіне сақтаулы ғұмырлық сипаты
Тірлігі баяғы, көңілі құндақты.
Жаныңды ұйытатын
Ғажайып жұмбақтар.
Мәңгілік асқақ тұр
Шағындау шағылдар.
Бергісі Эверест, арғысы – Жер жүзі;
Айналған меңге өшкін лағылдар
Теңдессіз құбылыстар.
Кері қызыл жанартау – жарақат,
Аялы қарақат,
Баяғы құмырсқа...
Көзімнің жасында мөрдей ой,
Белгім де.
Торғайлар ойбайлап қасымда
«Қош – аман келдің?»- деп.
Бусанған далада
Ашқарақ қисын бей,
Жусанның жиегі.
Сауыры терліктің иісіндей,
Саумалды – Күнгейім киелі.
Түсіме жүруші ед жиі еніп.
Тұрмыз біз тұманның мүйісінде
Жартасқа маңдаймен сүйеніп.

                                             2010.10.22

 ҚАРАӨТКЕЛ, ҒАРЫШ, ӨЛШЕМ

Жадау ай жамаулы ыдыстай, кейде ашу боранды.
Тордағы қамаулы құстай жан-айқай үзік.
Беу! Күллі тораңғы.
Бұлт көкжиегінде булығып өлердей, арай тамызық.
Жай тағылымдардың бәрі күрделі, жанды тарайтар ызың.
Өңір өртеніп жанады алаулы мыстай,
Жапырақ табыты мұздақ бетінде шашылып қалған.
Көксерке қадаулы қылыштай
Мәңгілік басы ұлықталған.
Мың жыл бұрынғы жазулы қыштай.
Етегін қағып сұлба жол тұрады басы құт қардан.
Жақын сылдырлар, алыс сарындар сондай мұң ізді.
Таулардан тамады үнсіз мейірім байғұз-сыбызғы.
Тілсіз өлеңге мінсіз бей үнін қарыздар... (Ғарышта кім бар?)
Діңіңде сауалды ең жақын сыбдыр, таныс сарындар...
Иә, құдай-ау! Қара түн салбырап төнеді, мүрдесі барады қалқып.
Самалдың сақалы көл бетін үрлеп, үйрекпен сызады баяу.
Біздің үй. Ен жайлау. Дара мұнартып...
Көңілде кірбің сынады, жаяу.
Өмілдіріктен асқан өзеннің өркешін зерлі үзеңгі қауып,
Қараөткел қол бұлғап ағады... Ұзады... Аяу...
Боз жал толқынның көкжал күшімен түзелдік, ауып.
Заман таяқ жеп өтеді осылай өткелден, түзем жылауық.
Сан мың күліктің ізінде ән-мұң ұялап,
Балапан шиқылы;
Жағалау өзімен мазасыз, шағала - өзімен күйкілі.
Көне дыбыстай тілдесіп, үндесіп
Көң менен көк аспан;
Көгеннің басында түнейді көбік бұлт ұйқылы.

Зауал

Сарарқаның жүрегіне
Операция жасатқандарға,
Салқын қымызбен қоса сасыған ет асатқандарға
Талайдың басын әңкі-тәңкі еткен
Сұм-сұмдықтарымен
Тағдыр таразысына тасадан ауыр
Тас атқандарға - Зауал.
Қалқаманды атып, ақ Баяндарды
Зорлағандарға
Оспанды ұстарда оспадарларды
Қолдағандарға
Қу тамағына отанын сатқан
Оңбағандарға -
Қуғынға түскен Зуха қажыны
Қорлағандарға - Зауал.
Ақиқаттың алдын ораған қарақшыларға,
Атаукере үшін анасын сатқан
Арапшыларға.
«Қасқа бас болса сарапсыз өткіз
дана солар»-деп,
Кезектегі ұлдың кекілін санаған
Сарапшыларға - Зауал.
Қуыс кеудесіне қулықтың түрін
Жинағандарға,
Бірге туса да кең дүниеге
Сыймағандарға.
Жабыны жаратып, пырақты
тоқтай қинағандарға.
Өктем үн қатып төменгілерге
өзінен зорды сыйлағандарға - Зауал.
Жұдырық жұмсап,
жұлығын жалатып жығылғандарға,
Жұқа жүйке мен жұлында
қайнаған зығырдандарға.
Құран намазды «наша» деп
найза суырғандарға
«Құдай берді» деп құлынының етін
қуырғандарға - Зауал.
Пәле-қаламен қоңсы қонатындарға
Нағыз жалаға жолшы
Болатындарға.
Құндыз жағасын құрандай баптап,
Жұлдызнамаға қол шығаратындарға - Зауал.
Тас көмір артып табаны тесік қара нарларға,
Алпыс неше жыл ақшаға байлап сабанғандарға.
Өтеміс ұлы айтқандай:
«...Өз басына өзі жау болып...»
Өз тілін сормай басқаның
Аузын жалағандарға - Зауал.

Зымияндар зынданының тілсіз,
Тірі құлыптарының
Зымыран жалғанның ділсіз
Ұлықтарының.
Шашбауын көтеріп, астауын жалаған,
Тұнықтан шығып, лайға сіңген
Кіріптар ұлымын...
Сол үшін маған да - Зауал.
author

Сұраған Рахметұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...