Ұлықбек Есдәулет. «Нағыз жазушы – адамзаттың ары»

ӘДЕБИЕТ
3141

Қазiргi қазақ әдебиетi - ұлы тұлғалары мен үлгiлi мектептерi бар, талай асулардан асып, биiктердi бағындырған, тарихы терең iргелi әдебиет. «Тарихы терең» деген пікірге шәк келтірудің жөні жоқ.

Адамзаттан шыққан жер бетіндегі ең алғашқы ақын – ежелгі Ұра қаласында өмір сүрген, шумердің аккад патшасының қызы, 30 жыр-шығармасы қыш кітаптарда сақталған Энхедуана (есімі «Ай сәулелі пір-ана» деген мағына береді, б.д.д. 2285-2250) ақын әйел болса, одан бастау алатын ұлы мәртебелі Әлем әдебиетінің 4300 жылдық ұлы тарихына ұлы Қазақ әдебиеті де өз қазынасымен еніп, лайықты үлесін қосып отыр. Біздің де негізіміз осал емес, Құдайға шүкір, түп-тамырымыз түркі халқының ең бірінші ақыны, бәдізші-жазушысы Иоллығ Тегін Білгеұлынан басталатын тарихы мың жарым жылдық әдебиетіміз бар. Ол шамамен 716 жылы қашауды қалам етіп, алақанын тас-талқан қылып, «Тоныкөк», «Күлтегін» дастандарын тасқа қашап жазып шыққан. Сонымен әдебиетіміздің шежіресін жасайын: 8-ғасырда Иоллық Тегін, 9-ғасырда Фараби мен Қорқыт ата, 10-ғасырда Қашқари, 11-ғасырда Баласағұни, 12-ғасырда Иассауи, 13-ғасырда Дешті Қыпшақ ақыны Құл Ғали, 14-ғасырда Алтынорда ақындары Сараи мен Құтып және Қисам Кәтип, т.б., 15-ғасырда Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиізден басталып, 16-ғасырда Доспамбет, Ақтамберді, 17-ғасырда Жиембет пен Марғасқа, ақындар ғасыры атанған 18-ғасырда Бұхар мен Үмбетей, Тәтіқара жыраулар, т.б., 19-ғасырдың бірінші жартысында Махамбет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Ақан сері, Біржандай ақындар мен сал-серілер, 19-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген данышпан Абай бастаған ақындардың шығармалары қазақтың әдеби тарихының үзілмес алтын арқауы дер едім.

20-ғасыр басында сол ұлылардың жолын жалғастырушылар – «Алыптар тобы» атанған рухани көшбасшыларымыз, Алаш арыстары Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Мағжан, Ілияс, Аймауытов, Майлин, Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтердің өлмес туындылары дүниеге келді.

Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқы үшін ең нәубетті, зобалаң, зұлмат, зілзала ғасыр болды: 16 жылғы ақ патшаға қарсы көтеріліс, оларды зеңбірекпен, пулеметпен басып-жаншуға шыққан жазалаушы отрядтар төңкеріс болып, патшасы тақтан құлап қалғаннан кейін де тоқтамай, әдетінше ауыл-ауылдарды қоршап, қазақтарды жаппай қырып-жоюын жыл бойы жалғастыра бергені мәлім. Оған ілесе басталған Азамат соғысы кезіндегі ақ қырғын мен қызыл қырғын, зорлықпен мал-жанды тәркілеу, қолдан жасалған қоянсирақ жұттан кейінгі аласапыран аштық пен қанды қасап – репрессия, оған жалғаса жеткен дүниежүзілік соғыс, одан қалса қырық жыл бойы үздіксіз ядролық бомбамен жаныштаған жарылыстар ұлтымызды тұқымымен құртуға бағытталған аса ауыр қылмыстар болды.

Осыншалық қырғын мен қысым, зұлымдық пен жауыздық, қастандық пен қаскүнемдік, зәбір мен зомбылық, қиянат пен қияпатты көрген ұлтта мықты әдебиет болуы мүмкін бе еді?!.

Мүмкін екен! Бірақ жеті атаға дейін қыз алыспай - қанын таза сақтап, әдет-ғұрпын, салт-сана, дәстүрін жоғалтпай, өр рухы мен жанын таза сақтап қалған қазақ халқы өзінің мәдениеті мен әдебиетін өршелене дамытты.

20- ғасырды академик сыншы Рымғали Нұрғалиев «Қазақ әдебиетiнiң Алтын ғасыры» деп бекер атамаса керек.

Ендеше, 19-ғасырды данышпан Абайды бергені үшін ғана «Гауһар ғасыр» деп атауға болар еді. Өйткені, Абай болмаса одан бергі «Алтын ғасыр» қайдан болсын!
85 жыл - тарих үшін азғантай уақыт болғанмен, сол жылдар бойы бері көз майын тауысып, саусағы майысып қалам тартқан күллі жанкешті жазушылардың еңбектерін саралап, баға беріп шығу үшін баяндамашыға сегіз сағат та жетпес еді.

Сондықтан Сіз бен біздің уақытты үнемдеп, Жазушылар одағының тарихындағы ең басты кезеңдерге ғана тоқталып, мейлінше қысқарта сөйлегім келіп тұр.

Сонымен, Қазақстан Жазушылар одағының тарихы туралы не айтуға болады?

Қазақстанда большевиктік диктатура толық орнағаннан кейін, еркін ойлы, ұлт мүддесін көздеген газет-журналдар шетінен жабылған соң, 1920 жылы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы өзінің үзеңгілес әріптестеріне «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, не газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой» деп үндеу тастаған.

1923 жылы ақын Мағжан Жұмабаевты Түркістан Рсепубликасының басшылары Мәскеуге В.Брюсовтың Жоғарғы Әдебиет мектебіне оқуға жібереді. Ол сондағы әдеби ортамен таныса келе, 1924 жылы Мәскеуде «Алқа» атты қоғамдық әдеби-мәдени шығармашылық ұйым құрмақшы болып, 16 дана қолжазба бағдарламасын таратады. Мағжанның бастамасын Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Садуақасов, С.Қожанов, С.Дөнентаев, Е.Омаров, т.б. қолдап, ақыл-кеңестерін беріп, бас-көз болады. Бағдарламада: «Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол бар. Қазақ әдебиетін мынау мың жолдың торабына алып келіп, аңыртып тұрған – тұрмыс» деген сөздер жазылған. Одан әрі «Түрлі нәрсені суреттейтін әдебиет негізгі бағытқа қайшы болмасын. Негізгі бағытымыз төңкеріс арқылы ортақшылдық»,- деп келіп, «Қазақ ақыны мен пролетариат ақынының арасында бірталай айырма бар. Ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүруі керек» деп жазған. С.Садуақасов бұл бағдарламаны «Еңбекші қазақ» газетіне жарияламақ болды. Бірақ НКВД тіркетуге тиым салып, оның ұйымдастушыларын кейіннен шетінен қуғынға ұшыратқан. Олардың бәрі де жазықсыз жазалауға тап болып, қамалып, атылып кетті. Дегенмен, ұлт мүддесін көздеген «Алқаның» бағытының көрегендігін әдебиет тарихы дәлелдеді.

Дәл сол тұста Қазақстанда 1925 ж. 18-маусымда РКП(б) ОК-ның «Көркем әдебиет саласындағы партияның саясаты» атты қаулысы шығады да, артынша Қазақ өлкелік партия комитеті 12-шілдедегі өз шешімімен Қазақ пролетар жазушылары ассоциациясын құрып, оны басқаруға Сәкен Сейфуллинді тағайындайды. Бұл заңды құрылған алғашқы жазушылар ұйымы еді.
1932 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысымен ҚазАПП таратылып, жазушылардың жаңа ұйымдастыру комитеті құрылды, төрағасы болып ақын Ілияс Жансүгіров тағайындалды.

Бұл комитет екі жыл айналысып, 1934 жылғы 12-18 маусым аралығында Ресей жазушыларынан да озып, олардан 3 ай бұрын Қазақ жазушыларының 1 сьезін өткізді. Құрылтайды С.Сейфуллин кіріспе сөзбен ашып, 5 баяндама тыңдалып, 6 күн бойы жарыссөз болып, жиналғандар жазушылар ұйымын құру мәселесін талқылайды. Қорытындысында, Қазақ совет Жазушылар одағы құрылып, басқармасының тұңғыш төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланды. Жазушылар одағы өз жұмысын бастап, кеңестік әдебиет жасауға белсене кірісіп кетті. «Қазақ әдебиеті» газеті ашылып, оған алдымен Ғабит Мүсірепов бас редактор болып тағайындалды, бірнеше жылдан кейін оны Бейімбет Майлин ауыстырды. Бірақ, көп ұзамай алағай да бұлағай заман басталып, үш бәйтерек - үш достың үшеуі де репрессияға ұшырап, атылып кетті.

Жалпы, ат төбеліндей азғантай Қазақстан жазушыларының қатары сол жылдарда қатты сиреді. Қараңғы түнде қара машина келіп, шетінен ұстап әкетіп жатты. «Майлин жау болса, мен де жаумын» деп тайсалмай сөйлеген Ғабит Мүсірепов ғайыптан тайып, аман қалды.

Партиядан қуылып, салы суға кетіп, үйіне келіп, ЧОН-нан қалған маузерін оқтап, атылып өлмек болып, өмірмен қоштасып отырған Сәбит Мұқановтың ұйықтап жатқан Арыстан деген сәби ұлы кенет «шыр» етіп жылағанда, қолынан тапаншасы түсіп кетіп, бесікке тұра жүгіреді. Ал таңертеңіне Орталық Комитет Сталиннің туған күніне баяндама жазуға тапсырма беріп, өлудің қажеті болмай қалады.

Жазықсыз жазалаулар мен қуғын-сүргіндер 2-Дүниежүзілік соғыстан кейін де толастамады.

1951 жылы тарихшылар Нұрмұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменов ұзақ жылдарға сотталған кезде, әдебиет зерттеушілері Есмағамбет Ысмайылов пен Қайым Мұхаметханов «Абайды мектепте оқытуда жіберген ұлтшылдық қателіктері үшін» қамалып, итжеккенге айдалды. Осы тұста соғыстан бұрын жазған «Батыр Науан» поэмасы үшін айыпталған Қалижан Бекхожин Мұхтар Әуезовтың ақылымен Түркменстанға қашып кетіп, бірнеше жыл бой тасалады.

Ал Әуезовтың өзі бас сауғалап, елден кетуге мәжбүр болып, Мәскеуден қорғаныш, пана тапты. Сөйтіп, МГУ-де сабақ беріп жүрген Әуезовты бір заманда Мағжан оқыған, кейінірек Тәжібаев оқыған, кейіннен Олжас, Мұқағали да, одан беріде біз де дәріс алған Әдебиет институтының тыңдаушысы Айтматов іздеп барып жолығып, «Жәмилә» атты шығармасын оқытады. Сөйтіп, ұлы ұстаздың алқауымен әлемдік айдынға жолы ашылады. Көп жылдардан кейін атақ-даңқы әбден өрлеп тұрған кезінде Шыңғыс Айтматов ұстазы Әуезовтың цензура тиым салған «Қилы заман» шығармасын ақтап жазып, жарыққа шығарды.

Міне, бұлар – біздің әдебиетіміздің тарихына қатысты деректер.

1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Азия-Африка жазушыларының Ү-конференциясы қалай өткені жас болсақ та есімізде. Аса үлкен халықаралық шараны Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза ағаларымыз қалай ұйымдастырып жүргенін өз көзімізбен көрдік. Қазақтар мен Қазақстанның аты сол тұста екі континентті қатар жаңғырықтырып тұрды. Бұл да біздің Жазушылар одағының тарихы!

Осы Пленумда отырған Алаштың аса көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің айтуынша, ол Маңғыстауда жүргенінде редакция жұмысымен жергілікті түрмеге кіреді. Сонда бір бұрышта үюлі жатқан кітаптарды көреді. Қараса - Олжас Сүлейменовтың «Азиясы» екен. «Түрмеге адам қамағанды талай көрсем де, кітап қамағанды бірінші рет көрдім» дейді «Көк түріктер сарынының» жыршысы.

Желтоқсан оқиғасынан кейін Жұмағали Ысмағұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Мейірхан Ақдәулетов, Дәлелбек Батыр, Аманғазы Кәріпжанов, т.б. қаламгерлер жұмыстан қуылып, тергеліп, республикада репрессиялар өршіп тұрған кезде Жазушылар одағына кездесуге Колбин келді. Мәскеудің қаһарынан қаңтар тоңып, партияның қылышынан қаны тамып тұрған кез. Сонда қаймықпастан, қаһарлана қарсы сөйлеп, дүлейдің бетін қайтарған алдымен Жұбан Молдағалиев, екінші жолы Сафуан Шаймерденов ағалар болды. «Мен - қазақпын» поэмасының авторы мен Битабар палуанды тірілткен қаламгер ағалар осы тайсалмас қылықтарымен нағыз жазушының азаматтық позициясы қандай болуы керектігі жөнінде кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп кетті.

Темірхан Медетбек «Шекарадағы торғайлар» өлеңі үшін Қазақстан басшыларының қырына іліксе, Бақытжан Қанапьянов қостілділік жөнінде жазған өлеңі үшін Кремльдің кәріне шалынып, Өзбекәлі Жәнібековтың арашалауымен аман қалды. Ал Есенғали Раушановтың «Қарабауыр қасқалдақ», «Желтоқсан» өлеңдері, Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы, т.б. шығармалар дер кезінде жазылғандықтан да сол көтерілістің көрініс-айнасы болып қалды.

Мұхтар Шахановтың Арал қозғалысын, Олжас Сүлейменовтың Жазушылар одағында халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысын қалай құрғаны көз алдымда. Бұл тұста қазақтың осы екі қайраткер тұлғасына қолғабысқа жарап қалған кезіміз еді. Міне, мұның бәрі біздің Жазушылар одағының тарихы, біздің қазақ әдебиетінің тарихы!

Бірде Жазушылар одағында жастар жөнінде хатшы болып істеп жүргенімде өзім құралпы жастармен бірігіп, «Мәдениет экологиясы» атты жиналыс өткізбек болдым, өткіздім де, бірақ көп кедергі, қысымға ұшырадым. Үлкен ағаларым: «Өз атыңды шығару үшін екінші Желтоқсан жасайын деп жүрсің! Жазушылар одағына КГБ-ны қаптаттың!» деп қатты ұрысты. Іліп қойған хабарландыруларымды жұлып тастай берді. Абырой болғанда, шетелге кеткен іссапарынан бастығымыз Олжас аға келіп қалып, мені қолдап жіберді. «Жастарды Одаққа кіргізбесек, көшеге кетіп, жиналыс ашады, екінші Желтоқсан сонда болады. Рұқсат берейік, Одақта өткізсін!» деді.

Енді бірде «Жазықсыз ағалар жадымызда» атты үлкен басқосу өткіздім. Бұл Алаш арыстарын ақтау жиналысы еді. Екі жиынымның екеуі де Одақтың мәжіліс залында өтті. Бұл жолы да Олжас аға жол ашып берді. Жиналысымызды бастап беруге келіскен Әлжаппар Әбішев ақсақал көлеңкесінен қорқып, келмей қалып, алқалы жиынды Сафуан Шаймерденов ағамыз ашып берді. Адам өте көп жиналды. Әлі ақталмаған Алаш арыстарының балалары, ұрпақтары қатысты. Қаншама шындық айтылды. Деректер мен айғақтар ортаға салынды. Осы жиналыстың соңында Ахмет Байтұрсыновтың бір сирек суреті қолды болып, қызы шырылдап іздегені есімде. Бір ғалым-жазушы ағамыз 70 жыл жарық қөрмеген суретке қатты қызығып, қағып кетіпті.
Бұл да болса Одақтың тарихы.

Бір заманда Жазушылар одағында неміс, кәріс әдебиетінің бөлімдері де болған, қазір ол тілдерде жазатын ешкім қалмады. Могиканның соңғы тұяқтарындай Герольд Бельгер, Пак Ир, Хан Дин сияқты ағалар кеткен соң жабылды. Қазір орыс және ұйғыр әдебиеттерінің бөлімшелері жемісті жұмыс істеп келеді.

Қазақ әдебиетінде өшпес іздері қалған, ғасыр ауысқанмен, ғұмырын тауысқанмен де шығармалары өлмеген жазушыларды және бүгінгі көзі тірі, мың жасағыр қаламдас ағалар мен апаларды, үзеңгілес қатар жүрген қанаттастарды шығармашылық кезеңдеріне қарай буындары мен толқындарына қарай бөліп, есімдерін топтап атап шығайын, егер қалып қойғандар болса кейін толықтыра жатармыз, деп ойлап едім, бірақ тізімімнің өзі әлденеше бетке созылып кеткеннен соң, ол райымнан қайттым. Тек әдебиеттегі кең танылған кезеңдерді ғана санамалап өтейін.

Абай бабамыздың кең күпісінен бір мезгілде жамырай шыққан жиырмасыншы ғасыр басындағы «Алаш арыстары» мен «Алыптар тобы», жауынгер жыраулардың ақсауытынан шыққандай «Майдангер қаламгерлер», өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке келген «Жылымық жемістері», бұлардың ішінде аттары аңызға айналған «Төрт-бес тапал да, «Жеті жетім» де бар. Одан бергі «Соғыстан соң туғандар», «Тың жылы туған түлектер», «Алтынкөпірліктер», т.б. атаулардың бәрі дерлік әдеби ортаға белгілі.

Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінде лездемеде отырғанымызда бастығымыз Шерхан Мұртазаның телефоны «шыр» ете қалды. Қоңырау соққан бірінші хатшы Олжас Сүлейменов екен. Шерағаң онымен сөйлесіп болған соң: «Мына Шымбұлақта бір Совет Одағының батыры, қазақ жігіті демалып жүр дейді, әскери истребительдің сынаушы-ұшқышы екен. Соны барып жазып, суретке түсіріп келіңдер» деді. Жүсіпбек Қорғасбеков пен Сайлау Пернебаев жедел барып, жазып қайтты. Ол беймәлім батыр жігіт Тоқтар Әубәкіров болып шықты. Тоқтар ағаның «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші бетіне келісті суреті мен көлемді сұқбаты жарияланған соң Елбасының көзіне шалынып, аяғында ғарыштан бір-ақ шықты. Міне, бұл – «Қазақ әдебиеті» газетіне қатысты тарих.

1993 жылы Оралхан Бөкеев «Қазақ әдебиеті» газетіне астананы Ақмолаға көшіру және оның перспективалалары туралы бірнеше аса көлемді де зерделі зерттеу мақалалар жариялады. Және бұл мақалалары әжептәуір резонанс туғызды. Мен Орекеңнен: «Мұны қайдан шығардыңыз?» деп сұрап ем, «Президенттің тобымен Жезқазғанға барып едім, Нұрекеңнің астананы түбінде Арқаға көшіру туралы көкейіндегі ойды түсініп қалдым да шұғыл жаздым» деді.

Кейін елордада жұмыс істеп жүргенде сол кездегі қала басшыларының біріне: «Астананы Ақмолаға көшіру жөнінде ең бірінші болып мәселе көтеріп, мақала жазған Оралхан Бөкеевке көше берсе дұрыс болар еді» деп едім, бетіме таңдана қарап:

-Сізге неше көше керек? Оралхан Бөкейхановқа жақында ғана көше берген жоқпыз ба?-деді. Әлихан мен Оралханды шатастырып тұр. Аузыма сөз түспей қалды. Сөйтіп, Оралхан Бөкейге Нұр-Сұлтаннан көше бұйырмады.
Міне, бұл да газетіміздің тарихына қатысты сөз.

«Қазақ әдебиеті» газеті ел тарихымен, әдебиет тарихымен бірге жасасып келеді. Тәуелсіздік шежіресін де шырайын кіргізіп жазған басты басылымның бірі. Мерейтойы құтты болсын!
Биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінде, Қарағандыда, Қостанайда, Талдықорғанда және Нұр-Сұлтан мен Алматыда үш арысқа арналған көптеген кештер өткізілді. Жазушылар одағы солардың барлығының бел ортасында жүрді. Қостанай облысы Майлинге аудан атын берді. 5 жас жазушыға грант тапсырды. Жас қаламгер Елдос Тоқтарбаев Мәскеу архивынан Ілиястың бұрын жойылып, жоғалып кетті деп есептеліп жүрген 7-8 кітабын тауып әкелді.

Негізінде, өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының революциядан кейін екіге жарылғанын білесіздер. Олар Алаш арыстары ма, үш бәйтерек пе, қайсысы болса да, баррикаданың қайжағында болғанына қарамастан бір мүддеге тоқайласқан: ол - ұлт мүддесі.
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер патша өкіметі тарапынан езілген халықтың еңсесін көтеріп, пролетарлық мемлекет етпек болса, Ақаң, Жақаң бастаған алашшылдар демократиялық мемлекет құруды көздеді.

Халықты ағартпай, білім-ғылым жолына салмай, өркениетті мемлекет құру мүмкін емесін екі жағы да жақсы білген. Қайталап айтамын, екі жағы да бір ұлтқа – қазақ халқына қызмет етті. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда біз, екі жағын да дұрыс түсініп, бір біріне қарсы қоймай, екі жағының да өз ұлтын сүйген қайраткер тұлғалар болғанын мойындап, бағалауымыз керек.
Біздің ұлтымыз «киргиз-қайсақ» болып қалмай, қазіргідей «қазақ» атанып жүргеніміз Сәкен Сейфуллиннің арқасы. Ол 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп ащы, адуын мақала жазып, сол мақаланың түрткі болып, қозғау салуымен «киргиз, Киргизия, КирЦИК» болып келген еліміз 1925 жылы «Қазақстан» деген атқа ие болған!

Біз пайдаланып жүрген «Отан» деген сөзді де ең алғаш қолданысқа енгізген Сәкен! Сәкен Сейфуллин қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуде шешуші роль атқарған бірден бір тұлға. Ол қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыруға, мемлекеттік мекемелерге енгізуге жанын сала күрескен. Сол үшін 1923 жылы 9 маусымда "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек" деген атышулы мақаласын жариялайды. Бұнымен тоқтап қалмай, бірінен кейін бірін үдетіп, жалпы қазақ тілінің мүддесін қорғайтын 9 мақала жазып, өзі басқарып отырған "Еңбекші қазақ" газетіне түйдек-түйдек жариялап отырған. Сәкеннің күш салып, табандылықпен күресуінің арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті арнаулы декрет қабылдап, еліміз тарихында тұңғыш рет кеңсе істері 1924 жылдың 1-шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған. Біз Сәкенді осы еңбегі үшін де ардақтауымыз керек!

Үш бәйтерек - үш арысымыздың туғанына 125 жыл толуына олар өз қолымен құрған Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр.

«Әдебиет- ардың ісі» деген данышпан М.Әуезовтің сөзі философ Фейербахтың «Нағыз жазушы – адамзаттың ары» деген пікірімен астасып жатыр.
Алдағы жыл - Абай жылы, әл Фараби жылы, Алтын Орда жылы.

Мына бәйітке назар аударайық:

Егер Алла итке берсе махаббат,

Үрмей, қаппай, жырлар еді жата қап.

Бұл - Дешті-Қыпшақ ақыны, «Алтынорда бұлбұлы» атанған Құтыптың өлеңінен үзінді.

Алтынорда жылында осындай арғы ақындарымыздың поэзиясы салтанат құрса керек!

Сөзімнің соңында, осы мерейтойлық Пленумымызды ұйымдастыруға тілектес, жанашыр болып, Жазушылар одағына қамқорлық жасап отырған Еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаевқа, Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшербаевқа, Мәдениет және спорт министрі А.Р.Райымқұловаға және Алматы қаласының әкімі Б.Ә.Сағынтаев мырзаға шын жүректен ризашылық білдіруге рұқсат етіңіздер!

Мереке құтты болсын!

Ұлықбек Есдәулет

author

Ұлықбек Есдәулет

ЖУРНАЛИСТ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...