Талғат Батырхан. Қолдан шапқан қобыз

ӘДЕБИЕТ
1489

Біз білетін Бекен Қайратұлы – ақпарат аламанында бәйгенің алдын бермес ақтаңгер журналистердің бірі. Ең басты ерекшелігі, қазақтың қара тіліне келгенде қамшы салдырмайды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайды. Сөйлесе таңдайынан бал тамады. Жазса сөздің сөлін шығарады. Осы ойымыздың айғағын­дай оның мәнді мақалалары оқырман олжасына айналғалы қашан.

Бүгінгі баспасөздің қасаң қағи­­даларына бағынып үйренген кейбір оқырмандарымызға бұл әріптесіміздің әдеттен тыс әдіс-мәнері, тым «қазақша» тіркестері ескілік қалдығындай ерсі­леу көрі­нуі де мүмкін. Әсіресе этногра­фиялық эсселерінде ол амалсыздан архаизмге айналған атауларды, ұлттық болмыс ұғымдарын жиі қолданады. Бұларды түсіну әрине оңай емес.

Ал Бекенге мұның бәрі бала кезінен таныс. Қазақы дәс­түр­дің қаймағы бұзылмаған Моң­ғолиядағы Баянөлгей айма­ғы­ның Қобданқол ауылындағы айран ұрттап, қой құрттаған шо­панның отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз көзін аш­қаннан көшпелі өмір салтын көріп өсті. Қой жайып, қозы кө­гендеп жүріп, төрт түліктің қыр-сырына қанықты. Тау-тас­ты кезіп, табиғаттың тылсым сырларымен танысты. Ат құла­ғын­да ойнаған ағаларының қырда қиқулап көкпар тартқанын, жең­гелерінің киіз басып, көрпе қар­пығанын көрді. Қаптаған қара сирақ балалармен бірге өре­ден құрт ұрлады. Жайлаудың жан­ға жайлы кештерінде ауыл ақсақалдары айтатын ескінің есті әңгімелеріне құлақ түрді. Қара таныған қаршадайынан аңыз-ертегілерге аңсары ауды. «Алпамыс», «Қобыланды» секілді батырлар жырын, «Айман – Шолпан», «Қалқаман – Ма­мыр» сияқты махаббат дастандарын, Керейдің кемеңгері Ақыт қажы­ның «Шолақ қол қатын» қиссасын басына жас­танып оқыды. Әсіресе филология ғылымдарының докто­ры Қабидаш Қалиасқарұлы 1970 жылы құ­рас­тырған «Халық жырлары» атты жинақ қолынан түспейтін. Оның ішінде айтыстың түр-түрі болатын. Содан көріп алып, өрістегі тоқты-торыммен айтысатын әдет тапты. Әрине, әзіл айтыс­тың сөздерін шатып-бұтып өзі шығаратын. Осылайша, ауыз әдебиетімен ауызданған еді. Сондай-ақ айтқыштығымен, ай­на­ласындағыларды күлкіге көметін «Өтірікші Бөлкебай» дей­тін кісінің қалжыңға құрылған қағыт­паларына құлақ құрышын қандырды. Ал есейгенде оқы­ған Ілияс Есенберлиннің «Көш­пенділері» мен «Алтын ордасы» мұның рухани әлемін төңкеріп, тарихи санасын оятты.

* * *

Жастайынан жартылай көш­пелі өмірдің қызығы мен шыжы­ғын көріп өскен өрелі өрен өйтіп-бүй­тіп орта мектепті де біті­реді. Кі­тап­ты көп оқыған оғлан­ның арман-аңсары жетіп артылатын. «Сұраушының сүйген асын кім берген?». Сондықтан қиядағы қыраннан қолдағы қоразды артық көруге тура келді. Бар тірлігі малмен байланысты әкесі мұның мал дәрігері болғанын қалады. Анау Қаукен секілді маман болсаң аузыңнан ақ май ағады деп үнемі ұлын үгіттейтін. Жарықтық мақсатына жете алмады.

Айтқанға көнбеген, айдауға жүрмеген «жүгірмегі» жұртта жоқ бәлені бастап Ұланбатырда орналасқан Сухе-Батор атындағы әскери институтқа түсті. Онда артиллерияның картографиясын оқыды. Бұл аспаннан түсірілген суреттерді сөйлететін мамандық. Әскери картада суырдың ініне дейін көрсетіледі екен. Бұрын иісі мұрынына бармайтын моңғол тілін сонда тез меңгеріп алды.

Аталған оқу орнын бітірген соң Қобдадағы әскери гарнизон­да 7 жыл қыз­мет етті. Бірге оқыған курстастарының іші­нен Жекей Қалидолдаұлы Моң­ғолия армиясының генералы дәрежесіне жетті. Ал Қайрат­ұлының қайраты капитаннан әріге аспады. Алайда айы оңынан туып, Моңғол Халық республикасы Жастар одағының сыйлығын алды. «Үздік интеллигент» номинациясы бойынша. Солай...

* * *

Оқалы киімді офицер болып жүре берер ме еді, кім білсін. Бақытына қарай ғұмырдариясы басқа арнаға бұрылды. 1991 жыл­дың күзінде мәңгілік мызғы­мастай көрінген КСРО күйреді. Одақтас республикалар өз алдына отау құрып, тәуелсіздік туын тікті. Ежелден азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың асыл арманы ақиқатқа айналды.

Егемендіктің елең-алаңында тарихи отанына оралған Бекен Қайратұлы Құдай қосқан жары Тоты мен үш ұлын жетектеп Шы­ғыс Қазақстан облы­сы­ның Тарбағатай ауданына табан тіреді. Есі қалмай қатты қуан­­ғаны, мұнда іс-қағаздар тек қазақ тілінде жүргі­зіледі екен. Бас­қа шаруаның кенеуі әбден кетіпті. Тоқыраудың торында шыр­мал­ған халық жүдеп-жадап біткен. Бұл да солардың қатарына қосы­лып, күнкөріс қамына кіріс­ті. Өзі айтқандай, «өлген жоқ, басқасының бәрін көріп бақты». Қашан шаруашылық тарағанша бұдан біраз жыл бұрын қойшы­ның көмекшісі болды. «Аға шопан болсам» деген арманы сөйтіп ішінде кетті.

Бойдағы қабілет жай жатқыз­сын ба, қолы қойдан босап ерік­кенде ермек үшін жазған-сыз­ғандарын аудандық газетке апарып еді, кәдеге жарай кеткені. Оны қойып, ойламаған жерден жұмысқа шақырғандарын қайтесің. Көп ұзамай редакция жауапты хатшысының орындығына қонжиды. Сөйтіп, оны оң жолға бастаған журналистік сапары басталған еді. Дәл осы арада бұ­ған әскери білімінің пайдасы тиді. Мате­матикалық дәлдікпен зеңбірек оғын көздеген нысанаға дөп тигізудің есеп-қисабын шы­ғарып картаға түсіретін адамға газеттің макетін сызу бұйым бо­лып па? Жаңа кәсібі жанына майдай жағып, бейтаныс кәсіптің құлағынан ұстады.

 * * *

Ет пен терінің арасындағы ептеген желікті малданып, екі қазақтың бірі өлең құрастырады. Бекен де сол «аурудан» сау емес-тұғын. Бірде шабытына мініп, шамырқанып бірден төрт өлеңді төгіп тастағаны. Онысын хат қылып Алматыдағы «Парасат» журналына жолдады. Мына қы­зықты қараңыз, бас редактор Смағұл Елубай белгісіз автордың жүрекжарды жырларын ұнатып, намысты Шерхан Мұр­тазаның қолына ұстатыпты, өздерінде басудың реті келмесе керек. Сонымен қойшы, ел­жан­дылықты ең бірінші кезекке қоятын қайран Шерағаң «Қайдан келдің дейсіз бе?», «Атамекенге неге келдім?», «Не әкелдім?» дейтін үш өлеңді «Егеменнің» 1992 жылғы Нау­рызға арналған мере­келік нөмі­рінде жариялап жібереді. Бұл ақындық емес, іштегі қыстыққан шердің замана запыраны болып сыртқа шығуы болатын.

Мықтылар мойындаған өзек­жарды өлеңдерінде Бекең не депті сонда. Оны өзіңіз оқып көріңіз.

 «Алтай таудың

ар жағынан келдім,

Бай-өлке аймағынан келдім.

Әлі өңі бұзылмаған,

Қазақтың қаймағынан келдім.

Сонан соң...

Алтын Орданы көрейінші

деп келдім,

Қолым ұшын берейінші

деп келдім.

Шетте тудым,

шетте өстім, ағайын,

Дәл ортаңда өлейінші

деп келдім.

Өйдөйт! Тағы не депті?

Ғасырдың тілегін әкелдім.

Ескі қазақтың

Аңқау жүрегін әкелдім.

Әп, бәрекелді!»

Айтпақшы, бұл өлеңдер сол уа­қыт­та қоғамның қоты­ры­ның қанын шы­ғара қасы­ған публицистикалық ой-толғам­дарымен дүрілдеген Ма­рат Қа­банбайға да қатты ұнапты. Ол жайында Мәкеңнің жұбайы Сәуле жеңгеміз бертінде «Жас қазақ» газетіне берген ин­тервьюінде жақсы айтыпты.

* * *

Бекен бауырымыздың кеме­ліне келіп, кер жорғасына мінген кезі Ақордалы Астанаға ат басын бұрумен тікелей байланыс­ты екені даусыз. Астаналық мәртебе алып керегесін кеңейт­кен «Ақмола ақиқатына» жұ­мыс­қа алған басылым басшысы Жұмагүл Саухат апайына алғы­сы шексіз. Марқұмның нұры пейіште шалқысын.

Біз Бекен екеуіміз осы «Астана ақшамының» босағасында табыс­тық. Қазақстанның он төрт облысынан жиналған қыз-жігіттер елордамен бірге есейдік. Талай ащы-тұщы күндерді бас­тан кештік. Жалақы аз, баспана жоқ. Сонда да сағымыз сынбады. Ал­ды­­мыздан ақ күн туарына сендік.

Сол уақытта ғой «Әй, Бекен-ай, Қай қылығыңды айтсам екен-ай» деп әзіл-шыны аралас әндететініміз. Жұмыс­ты жапырып істейтін Бекеннің ортақ міндетті орындау орайында кейде «ақ­сақты тыңдай қылып» жіберетін «өнері» болғанын несіне жасырайық. Қайсыбір жылы Астанаға Атырау драма театры гастрольге келе қалсын. Мәдениет бөліміндегі Бекеніміз сахнаға қойылған спектакльдер жайында материал дайын­дады. Мақаланың ортасын ойып әдемі сурет салыпты. Бірақ суреттегі әртістердің аты-жөндері жазылмапты. Соны Бекенге айтып едім, қыбыжақтап әжептәуір әлекке түсті. Олар кеше елдеріне қайтқан. Қазір жолда кетіп барады. Хабарласа алмаймыз. Ендеше кез келген бір фамилияны жаза салсақ қайтеді, деп қарап тұр сабазым.

– Өй, сен не айтып тұрсың өзің. Әр­тістер танымал болады. Ертең біреулер біліп қойса ұят емес пе? – дейміз ғой өзімізше келіспеген сыңай танытып. Анау айылын жияр емес. «Ой, онда тұрған не бар. Анада маған домбыра тартып отырған орыс баласы бейнеленген бір суретті беріп, мынаған қысқа ғана мәтін жазып бере қойшы дегеніңіз есіңізде ме? Суреттің сыртын қарасам ешбір дерегі жазылмапты. Із-түссіз қарақты қайдан іздеп жүрем, аты-жөнін Коля Петухов деп жіберіп ем, ешкім ештеңе деген жоқ қой. Мынау да сол сияқты «өтіп» кетеді» дегені ғой Бекенім беті бүлк етпей.

Күлесің бе, жылайсың ба?

Жастықтың желігімен же­ліп жүрген «желбір жекен» ша­ғымызда басқа да талай қызықтар болған. Баланың қай жылағаны есте қалады. Өтті. Кетті. Енді міне, Қар жауды. Із басылды. Түк көргем жоқ дегендей кейіптеміз.

Бұл Бекеннің әзіл-қалжыңға келгенде алдына жан салмай­тынына тағы бір мысал келті­рейін. Бейжің олимпиадасында моңғолиялық дюздошы Т.Най­дан ақтық айқаста біздің Асхат Житкеевті жеңіп, өз елінің тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды. Ой, сонда­ғы қуаныштан ағыл-тегіл жыла­ғаны-ай жаңағы балуанның. Осы оқиғаны бірде Бекенге айтып, сол күні күллі Моңғолия жылаған шығар деп сұрадым. «Әрине, көздерін ашып көрген тұңғыш олимпиада алтыны болса, жыламай қайтеді. Олармен Қарақорымдағы Күлтегін тастары қосы­ла жылады» демесі бар ма, дәп, соның бәрін өз көзімен көріп тұрғандай.

Талантты қаламгердің тап­қыр­­лығы өз алдына бір төбе. Мысалы, «Жаңа бастық жаман емес», «Сиам егіздері», «Оралман қас­қыр» қатарлы оқылымды дүние­лерінің астарында толғауы тоқ­сан тіршіліктің небір түйткіл­дері жатыр. Күліп тұрып күңі­ренгендей күй кештіреді көкірегі ояу көп­шілікке.

Салтанатты сарайлардың бі­рінде үлкен республикалық айтыс өтті. От ауызды ақындар не айтпады? Көп сөздерін газет беті көтермейді. Үнсіз қалуымызға тағы болмайды. Сөз сайысынан есеп жазған Бекен Қайратұлы табанда жол тауып кетті. Екі штрих есімнен шықпайды. Әнеубір танымал айтыскердің қарым-қабілеті туралы қысқа әрі нұсқа пікір білдіріпті. «... жыр шу­мақ­тары жұп-жұмыр. Ұй­қастары ұтқыр. Іздесең ілік таппайсың. Бірақ сөздері жылты­рап тұрғанымен жылуы жоқ. Рес­ми газеттің бас мақаласы сияқты».

Сол айтыста Айтақын Бұл­ғақов жоғары билік жөнінде, Аста­на жайын­да ащы шындықты айтып-айтып жі­берді. Соны Бе­кен қалай жазды дейсіздер ғой? Қарсыласының қарымта уәждерін тізбелеп шықты да, «ал енді Айтақын­ның айтқандарын жазуға болмайды» деп келтесінен қайыра салды.

Тапқырлық па, тапқырлық...

Кәдімгі Сәбит Мұқанов сти­ліндегі кәнігі әңгімеші Бекен Қайратұлының ауызекіге жақын­дау жазбалары оқырманды еріксіз еліктіріп-желіктіріп әкетеді. Мә­се­лен, Сейіт Кенжеахметов, Төкен Ибра­гимов сынды сөз сүлейлерімен жүргізген сұхбат­тарын «Қазақы әңгіме» айдары аясында бергенімізде едәуір резонанс тудырғаны әлі есте.

Журналистиканың алқын – жұл­қын жүгірістерінің арасын­да Бекен этногра­фиялық эле­менттерге аса бай, тарихи-та­ным­­дық маңызы зор екі-үш кі­тап жазды. Атбегілік, құсбе­гі­лік­тің өзге­лер білмейтін өзек­ті мәселелерін қам­ти­тын методикалық туындылар халық­тың сан ғасырлық саятшы­лық өнеріне қа­тыс­ты то­лып жатқан мәліметтерді алға тартады. «Күміс жамбы» ат­ты кітабын­дағы деректі әңгі­ме­лер қызықты оқиға­ларымен оқыр­манды бірден баурайды.

Ал енді «Қазақия қалай отарланды?» дейтін тарихи баянында патшалы Ресейдің елімізді жаулау жолындағы жымысқы саясатының қайтіп жүзеге асқандығын нақты деректермен на­қыштады. Әттең автордың ғылыми атағы жоқ. Бәлкім содан болар, кейбір кердең мінезді ғалымдарымыз бұған жете мән бермеді. Есесіне қалың көпшілік дұрыс қабылдады. Айтқандайын, академик Оразақ Смағұл өзі кейінгі кездері оқыған кітаптарының ішінде осы бір дүниенің шоқтығы биік екенін үлкен тебіреніс үстінде тіліне тиек еткен еді.

* * *

Өзім туып-өскен жазиралы Жеті­судың Ақсу жағында жыр дүлдүлі Ілияс пен қобыз­шы Молықбай есімдері егіз аталады. Ауылымыздағы көне­көз қариялардың айтуына қара­ғанда, Құ­лагер ақынның атын «Ақкөбікті» аңыратып, «Бозін­генді» боздатқан күйші атамыз қойған көрінеді. Шынымен солай шығар. А, бәлкім, кіндік кесіп, кір жуған топырағы ортақ, заманы бір заңғарлардың арасынан рухани туыстық іздеген ізгі ниетті ағайынның қиялынан туған қисын болар. Қайдан білейік... Қалай болғанда да қателігі жоқ.

 «Қобызшы Молықбай

шал Матайдағы,

Матайда Кенже,

Тұңғат, Сақайдағы.

Қазақта қобызшының

қалғаны сол

Жорға еді маймаңдаған

бақайшағы»,

деп Ілекеңнің өзі өлмес жырға қосқан әйгілі тұлғаның қолдан шапқан қобызын Талдықорған қаласындағы Жансүгіров му­зейінен көргенім бар. Қасиетті қара қобыздың қандай ағаштан жасалғанынан хабарым жоқ. Қайың әлде қарағай... Жарықпен шағылысып жалт-жұлт еткен бояуы байқалмайды. Кейбір жерінің табиғи кедір-бұдыры да көрінбей қалмайды. Фанерден істелінген фабриканың аспаптарындай жылтырап көз арбамайды. Бірақ сырты қарапайым көрінгенімен бұл жәдігердің бәрібір өзіне тартып тұратын бір қасиеті бар.

Алпыстың асқарына көтеріл­ген «Егеменнің» еңбекторысы Бекен замандасымды мен сол қобызға ұқсатамын. Күңіреніп күй төксе қазақтың ықылы­мы­нан бергі шер-шеменін шежі­релі сарынға қосатын осынау киелі аспап секілді Бекен Қайратұлының жазғандары да кісінің қай-қайдағысын қозғап, естен шыққан ескілік атаулының әсем әлеміне қарай жетелейді. Санаңа салмақ салып, ой-өрісіңді кеңейтеді. Ұлттық тамырыңды танып-білуге талпындырады.

Қазағын сүйген қаламгердің көздеген мақсаты да сірә, осы болса керек.

egemen.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...