Эссе Алматы. Тәуелсіздік алаңы. Таңғы тұман тарай қоймаған. Бұрындары тұман әппақ сүттей мұнарт...
Асылан Қуанышұлының Виктор Цойдан еркін аудармалары: «Бір сұп-суық Отан бар...»
4900
Көкек
Әлі қанша жазылмаған әнім бар,
Сол бір әнді іздесем бе ауылдан,
Я гүлзарын кезсем бе екен шаһардың;
Қара тастай жатқан жөн бе енді әман,
Я жұлдызын жаққан жөн бе Отанның?
— Айтшы, көкек,
Бір жауабын бер маған.
Жалғыздың-дүр соңынан кім ереді?
Тырп еткізбей жер-бесікке бөледі,
Кәрі майдан даласы кіл жігітті.
Жауған оққа қарсы тосқан кеудесін
Ұландардың көбін ғасыр ұмытты
(Бұл да өзін-өзі ұмытқан елге сын)...
Ұрандағы сөз бен ойға бостандық
қайда қазір,
біз бәрінен бос қалдық.
Оқтан баяу – жылдамдығы жарықтың,
Мыстан-түн мен дұшпан-күннен дүреген...
Кім тыңдайды зарын көнбіс халықтың,
Кім қорғайды зор шындықты дүреден?
Алақаным мұзға айналды, көр мұны,
Қарап, күнім, қуант мендей шерліні!
Ал жүрегім оқ-дәрідей.... от – емі!
...Көкегім!
Күн есімді жұлдыз
Ақ қар, көк мұз – мың жамаулы көрпе-дүр,
Қымтап қойған қырық құрау көшені.
Кымтап қойған топырақты, жолдарды,
Жапырақты – гүл жайқалған кешегі.
Екі мың жыл – нәр тамызбай жерге бір,
Көк аспанды көлбеп тұрды көке-бұлт.
Екі мың жыл – қара түтін астында
Қара қала жатты қатты жөтеліп –
Кешкі асына жалғайды әзер таңғы асын,
Жарығымен Күн есімді жұлдыздың.
Және... және екі мың жыл – соғысу,
Соғысу... еш себебі жоқ, дегенмен.
Соғысу – бұл қартайтпайтын жалғыз ем,
Соғысу – ем, жастар үшін өлермен.
Қып-қызыл қан – мақтанышы соғыстың,
Жерге сіңіп, шығады өніп гүл одан.
Сосын гүл де жұпар шаштым деп ойлар,
О, сорлы гүл жаратылған күнәдан!
Күнә үшін жұлынар гүл жайнайды,
Жылуымен Күн есімді жұлдыздың.
Солай болған, әлі солай боларын,
Артық сүйетінімізді тағдырды,
Кім қарғыбау тағып ұзақ жасарын,
Қыршынынан қиыларын, ал кімнің –
Бәрін-бәрін өте жақсы білеміз,
Өлермен жас білмейді ғой демесең...
«Бар» менен «жоқ», атақ пен данқ бәрі ұмыт,
Ол үшін тек көк аспан бар ең әсем.
Көк аспан бар.
Қол созады.
Күйеді.
Қызуынан Күн есімді жұлдыздың.
Мұң
Бір сұп-суық Отан бар, ал онда бар нән шаһар –
Нұрлы шамдар жанатын, барыс-көлік заулайтын.
Осы сәт.
Түн.
Сол шаһар – бір көруді аңсатар,
Айы толды – бейне бір тамшы қаннан аумайтын.
Айналаның бәрі әсем – түйір міні табылмас,
Терісі кең бәрінің – аласы жоқ ішінде.
Алға ғана жүретін кіл қаракөз қарындас,
Алға ғана жүретін өңінде де, түсінде.
Орынында – үй, көше, нұрлы шамдар, терегім,
Тірі жанмын – таусылмас келер күннен дәмесі.
Неге мұңая беремін, неге мұңая беремін
Мен осы...
Әке
Маған бәрібір – іс қылам қайда, кіммен,
Маған бәрібір – ауқаттанам қашан, немен.
Маған бәрібір – тірі болам ба ертең,
А, айтпақшы, жиырмадамын мен.
Әке, ұлыңның ешкім болғысы жоқ.
Әке, ұлың ешкім болғысы келмейді.
Әке, менің ешкім болғым келмейді.
Әке, менің ешкім болғым келмейді.
Әке, ұлың ешкім болғысы келмейді,
Өлтіру керек оны. Өлтіру керек.
Әке, ұлың ешкім болғысы келмейді,
Өлтіру керек оны. Өлтіру керек.
Құсқа айнал...
Құсқа айнал – менің аспанымда қалқыған.
Түрме жоқ бас сүйегінен азапты.
Құсқа айнал – мүлде еліртпесін жарты нан,
Менен күт ғажапты.
Есімде мөп-мөлдір суы теңіздің,
Жанып жатқан газға ұқсайтын ол, Айым.
Жүрекке айнал, кеудемде соқ, Ең Ізгім,
Қаның болайын.
Қылайын қолымнан келгеннің бәрін
Кітапқа айнал – дамылда менің қолымда.
Әнге айнал – өмір сүр жұтып ернімнің балын,
Дайынмын өлең болуға!
madeniportal.kz