Сенің, Амангелді бауырым, ердің жасы –елуге толып жатқаныңды бек естулімін. Жақсы жас, елеулі...
Тамаша Қойшыбайтегі. Бізде бүгін адалдықтың парқын білер адам аз
Тамаша Қойшыбайтегі Омарқызы - Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентінде 1979 жылы, 21- қаңтарда дүниеге келген. 1995 - жылы Абай атындағы орта мектепті аяқтап, Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетіне оқуға түсіп, 1999 - жылы "Қазақ тілі мен әдебиеті" - мамандығын алып шығады. 2001-жылы Шымкент қаласында өткен "Мен қазақ қыздарына қайран қалам!" - жыр мүшайрасының жеңімпазы, 2002- жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында ұйымдастырылған "Созақ таланттары " 2002- халық өнер фестивалінің 2 - нші жүлдегері, тәуелсіздіктің 15 - жылдығына байланысты Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентінде болған жыр мүшайрасының 2 - орын иегері, 2016 - жылы Алаш көсемі - Ә. Бөкейхановтың 150 - жылдығына арналған Шет ауданындағы жыр мүшайрасында " Толғау шебері" , 2017 - Ақадыр кенті "Тіл жанашыры марапаттарының иегері. 2018 - жылы Шет ауданының 90 - жылдығына байланысты болған "Шет өлкесі - шежірелі, киелім"- жыр мүшайраларының жүлдегері.
Бізде бүгін адалдықтың парқын білер адам аз,
Адамдыққа ұмтылатын қадам аз.
Мамандықтың иесі боп жүргенмен,
Мамандығын шын меңгерген маман аз.
Ақша - мұрат, тиын құрап сығымдап,
Сарғайғанда суылдайды бүгін бақ.
Рухың қалды жасырынып тасада,
Нәпсің жеңіп, құмарлығың құлындап.
Айлакердей сезінетін өздерін,
Кіл надандар жұмып алып көздерін.
Көрсетеді асқақ жанның бейнесін,
Алайда, мен асқақтығын сезбедім.
Пәктігіңді пәсейте ме бұл қоғам?
Қалай сіңеді жүрегі жоқ сұмға нан?
Кезіп жүрміз асыл іздеп мың қадам,
Өнеге алмай тарпаң мінез тұлғадан.
Езілсін деп, біз таптаған аяқтың
Шырмауында шырмалады шын қадам,
Шыңырауда шаттана алмай шындық тұр,
Шыр айналған, айналдырған шыр ғалам!
***
Заманның жайын айтам деп,
Қоғамның жырын шайқадық.
Зар тұнған үнді аластап,
Өлеңмен кері қайтардық.
Дербес елміз деп жүргенде
Дербестігіміз дал болып,
Өлең дегеніміз ышқынған
Шығатыны несі зар болып.
Таң атып, кештің батысы,
Жырлаумен болдық тіл жайын.
Бейбітшілікте тұрғанда,
Кім көрген күннің мұндайын?
Егеменбіз деп асқақтап,
Көкке өрлеп едік өткенде.
Тәуелсіздігіміз жасқақтап,
Тар заман болып кеткен бе?
Болғанмен жақсы үй, төсек-жәй,
Мұң шығып жатыр күйден де,
Бірде өрт, бірде жарылыс,
Ой, заман-ай, бұйдаң не?
Тегіміз бөлек тектіден,
Төр көрген төре елденбіз.
Шегімен сөйлеп аспаптың
Шерлі де болып көргенбіз.
Осындай ма еді бар заман?
Сырыңды аш, самал ескен күн!
Өкілі деп едік зар заман -
Шортанбай ғұмыр кешкен күн.
Кетіп те жатыр сәбилер,
Кім тартар тағдыр тізгінін?
Келген дерт қандай дауасы?
Сыбырла салқын күзгі күн!
"Жүз есім", жүздік бар кітап,
Алысып Алаш от-күнмен.
Төзіп те келеді ұрпағың
Тәуір ғой деп те жоқ күннен.
Түйсікте түйткіл ойымды,
Шығардым бірер үзігін.
Жүз күндік қазақ тойының
Күн болса көрер қызығын.
От шайнап еді атамыз,
Мұз шайнап қазақ ту үшін.
Келіп бір қалған ақ қарлар,
Елімнің бейнет - жу үшін!
Еңсесін тіктер күн келсін,
Алаштың ардай туы үшін!
Шаттыққа кеуде шақ қалды,
Ағалар күрескен тіл үшін.
Ақ қар-ау, ақ қар емес пе ең?
Жылдардан жеткен азапты үн
Тарихтан ғана көрінсін!
Жуынсын саған бар алап,
Зейнет боп баба кешкен күн.
Жұлдызы жарқырап тусын!
Ендігі мынау өскіннің.
Бейнетін алып кетуге
Келген боларсың қош күннің?
Сенде бір дүлей құдірет -
Көктемде ағар тасқының.
Мен де бір түскен сынығы ем
Соғыста кеткен жақсының.
Ақ қар-ау, саған айтқаным -
Ақтарып салған ақ сырым.
Құдайдан жеткен бұйрықсың.
Көрсетіп жібер бақ шыңын.
Азынап уақыт тұрғандай
Өтірік емес, тап шыным.
Ақ күнім күліп келдің бе?
Елімдей адал - ақтығым,
Өзіңдей балаң пәк болса,
Пәктіктің шамын жақ бүгін!
Ақ қарым, ағым, ақ күнім!
***
Тағдырымның тартқылап тұма шағын,
Жалтарып-ақ келеді мына сағым.
Өлең деген өрімім қалды өрілмей,
Шаңға бөгіп шаншылды шу асауым.
Шерменде боп шертілмей шерлі жүрек,
Желпіндіріп кетсеші желді күн кеп.
Жаяу әнін шырқаған ер Мұсадай
Желпіне алмай тұр көңіл желдірмелеп.
Жанын мұңға сипатып жаз дидарлы,
Жаз да келді жамалы наз дидарлы.
Жүрек, жүрек, несіне қалдың жүдеп?
Қайда қалды сезімің әз дидарлы?
Жанарымда жарқ етпей жарық сәуле.
Тұман өмір, тұман мұң, жабық сәуле.
Жарты өмірім жарытпай кетіпті ғой,
Алшысынан түспей-ақ анық сәуле....
***
БҰЗЫЛУ.
Бұзылып көңіл, бұртиып мінез бекініп,
Алдаспан ашу ажарсыз көрік шақырып.
Қараталдар да суық желменен суылдап,
Табиғат сынды сезімім әлем-тапырақ.
Батпандай зілді оймақтай ойым билеп ап,
Әрсіздеу шықты әуенін төккен күй-қонақ.
Сыбызғы күннің сызылмай келген дауысы,
Сұғуға бізін сорлы маңдайға жинамақ.
Өткелін өмір лақтырған нөпір-ағынға,
Жарамас кейде жарытып шоқырағың да.
Сүреңсіз өмір, сүрлеуің болса бағытта!
Не сыр бар мұнша шытынап, шатырлауыңда?
Жайдақ та күйім, жүргем жоқ, әсте паңсынып,
Тамар да тамбай қалардай болар тамшы-үміт.
Ғажайып өмір, ғажабың болса айғақта!
Әй, осы сенің ғаламатыңа бар күдік...
***
СЕЗІМ ИІРІМДЕРІ.
Қар -- тағдыр.
Соқпағың сенің ызғардан,
Ызалы болдым ылдида жүріп ызбардан.
Көңілді көктем күніндей күйім бар еді,
Күмілжіп келген күзден де менде тұз қалған.
Сары өткел...
Сағымнан шығар ақ таңдай күнді қалап бер!
Жанартау жүрек жарылып кетпесін десең,
Қарға адым емес, құлаштап ұшар қанат бер!
Гүл - өмір...
Сұлу кескінін қайда жасырып тұр өмір?
Сыбызғы, сырнай шетінен сөйлеп кетпей ме?
Мамығың болса, төсеп жіберші, жыр -- өңір!
Бар әлем!
Үлбірек ұлпа төгіп жіберсең жарар ең!
Сорды да бердің, жарды да бердің құлауға,
Көненің өзі ауысушы еді жаңамен?
Ай, әттең!
Дегенімменен алшаңдап басар аяқ кең,
Өлшеуіш ғұмыр өркендетпей тұр өремді,
Күрек керекте сынаққа салып қалақпен.
Төзімім!
Өзіңсіз опық жеген де болған кезім мың.
Өлместен бұрын өріме шығып алайын,
Жасытып кетер қоя тұр, ретін сезімнің!
Ар бұла!
Қаяу түсірсем, қамыққан қалпы қалдың ба?
Жанды да жансыз кедергілерден әрі асып,
Қадамың алшақ түсетін жерге қарғыла!
Ой, жарық!
Сайын да далам марқайтар әлі ай жарық!
Түбінен кетіп, түкке де тимес пайдасы,
Жайым жоқ, сірә, шелектей болар жәй қалып.
Арман - ән.
Тауымды қайтем, талай жылдардан таңдаған?
Тарылып тұрған тынысқа дем бер, тың өлке!
Жасын жасырған сендей болайын, жан далам!
Жан - қалам!
Жанымды ұғып, жадырататыныңа таң қалам!
Боздап кеткенше маздап кетейін жылу боп,
Сырласың болсын, сүйріктей шығып салған ән,
Мұңдасың болсын, мұңайып қалып жазған ән.
***
Арман...
Қайдағы арман?
Жар секілді.
Өмір осы - тығырық, тар секілді.
Үміттенсең үлбіреп сезім тұрар,
Бақшалы жол көрмедім бау секілді.
Кәрі қыстай құлшынып қаһар төккен,
Тағдырымның таңбасы заһар деп пе ем?
Отан деген жүрегім түкке тұрмай,
Жер басып жүр жансыздар "жаһан" - деп, "кең".
Жеті түнге жасырып сабырымды...
Тарту еткен Тәңірдің шағы мұңды.
Желмаяға мініп ап жер кезсем бе?
Салымыңды қоя тұр, салымыңды...
Әләуләйлім, әуләйлім мәні болмай,
Кеш те батты, тіршілік жайы болмай.
Боз далада бозарып мен отырмын,
Бұйыратын бозала таңым қандай?
***
Озбырлығын оздырып тамұқ күнде,
Айта алмаймын салмағын жаңа ұқтым деп.
Зұлмат күннің зауалы заһар жайып,
Қаһар төкті нала кеп зарлық күнге.
Жайлапты-мыс жағалай күнә басын...
Зорлықшылдың зорлығы тұраласын.
Адалдықтың ақ туы аспан шығып,
Кесапаттың кебісін қуаласын.
Сахараның сыр айтып шөлейт жері.
Өз ұлдарын өзіне өгейткені.
Ел үшін еміреніп егілгендер,
Жау саналды заматта о, қайткені?
Секем ап сескенбейтін киесінен,
"Қорықпаған"-- деп өзімше түгесілем.
Ақталған деп біз бүгін жайланғанмен,
Құрбандардың болып тұр үлесі кем.
Асылдарға сағым боп мият күні.
Өмір-ай, орға жыққан тұяқтыны!
Кемді күнде кең шабар тұлпар таппай
Қайғы жұтқан қазаққа сұрақ тұнды.
Қор тағдырың қапасқа лақтырды,
Жұлдыз, айың тылсымға құлақ түрді.
Мен сіздерге тіледім жұмақ - мекен,
Жұрттан өзге болмаған жырақ мұңы.
***
Достық жөнінде.
Деп жазып ем мен бірде,
Қиыс-қиын өмірде.
Керектігін дос болу -
Іздеп тұрар көңіл де.
Бұл тиімді маған да,
Ұтымдырақ оған да.
Кеңейеді өрісің
Доспен сенің жеңісің
Жарасымды, жағымды.
Күмілжітсе кей ісің
Кімге?
Қалай?
Не дейсің?
Үміт күтіп ақ таңнан,
Достар тыңдап тәтті арман.
Ренішті ойлар жуылар,
Бір түкпірде сақталған.
Өлең туар қатталған.
Өлең - өмір өрісі,
Қанда қызып тулайтын.
Тектіліктің белгісі -
Келіп жеткен сақтардан.
О, жақсы арман, бал шағым!
Кейде алдыңнан жауса мұң,
Жақсы болсаң баршамын,
Жаман болсаң сары сағым
Жеткізбейді, жетпейсің.
Деп жүрмейік : "білмедік,
Доссыз қиын, шаршадым".
***
Өзексіз.
Бүгін дәурен - рухсыздардың заманы,
Рухсыз жаның қай табанда қалады?
Тексіз десем күреңітіп күйе ме?
Жансыз бейне - өлілердің қоғамы.
Шындық сөзім шымбайыңа бата ма?
Күңіреніп жатыр ма екен аталар?
Тас тұғырлар таскерең бе, тәйірі?
Сөзің, үнің естілмейтін , о тоба!
Ішкен асың, алыс тұрған аспаның,
Тілсіз нұрсыз күйге енеді қас-қағым.
У беріңдер, у беріңдер , одан да,
Туған тілсіз күйіп кетсін дастаның!
Айналамнан таба алмадым хас дәйек,
Іздегенім, аңсағаным - басқа леп.
Жер жаһанды жанарымен жасқайтын,
Мына күнді жұлқылайтын жас керек!
Өтімсіздеу боп қалды ма қарт сөзі?
Орын таппай ойдан, қырдан бақ кезді.
Құмығып тұр, айғайыңнан не дәрмен?
Жарамсаққа жақпайтынын жақ сезді.
Алыс деуге дәтім бармас арманды,
Бабам жерін қалай қорғап, қорғанды?
Өз елінде өзегі жоқ жандарың
Жалпағынан басып-ақ жүр жалғанды.
Құны басып, құлы болған құлқынның,
Ұлағаты ойландырмас ұлтының.
Ата сөзі, әже үні жүректен,
Аспай тұрған соры қалың жұртымның.