Марғұлан Ақан. Айна

ӘДЕБИЕТ
4007

Әр үйде, әр кеңседе, әр бөлмеде, әр мекемеде, әр қыз-келіншектің сөмкесінде айна бар. Формасы мен стилі басқа демесек, олардың айтары, сақтаған құпиясы мен көргендері бір. Ол – ақиқат. 

Ман Рэй. Ақ пен қара

Пушкин көшесі - 16 

Алматы қаласы. Көк базар. Пушкин мен Мәметова көшесінің қилысы. Орталық мешіттің қасында отырғандардың алақандары құдайға, алдына қойған шүберектері адамға жайылған. Құдайдан медет, адамнан теңге тілеп отыр. Жүрегі қарайып кеткендердің ғана дәті бұл жермен өтуге жетеді. Басқалар сырт айналып өтуге тырысады немесе өтіп болғанша түскі асқа деп алып шыққан ақшасының жартысын береді. Жұма күні бұл жердегі көрініс кешкі базардың саудасы жүргендей қызады...

Қалампыр әже де осы маңда. Түзу сызық бойымен қатар-қатар отырғандардың ішінде ретімен санағанда жетінші қатарда, алақанын жайып отыр. Өткен-кеткен 100 теңгеден көп тастаса көңілі көтеріліп қалады. Қалампыр әженің қанша отырғаны белгісіз, түнгі сағат 11 кезінде заттарын жинап, дайындала бастады. Астындағы орындығын да өзі көтеріп келсе керек. Таяғын көтеріп, орнынан тұрды да, айналасына бір қарап, біреуді күткендей болды...

...Есіктің құлпы ары-бері бұралған кілттен селк етті. Ішке енген Қалампыр әже шүберекке түйілген ақшаны алып, кіреберістегі айна тұрған шкафтың бірінші тартпасына сүңгітіп жіберді. Санаған да жоқ. Үйдің іші жарық жанғаннан жарқырап кете қоймады. Әлсін ғана жанған шамның жарығы Қалампыр әженің әжімдерін анық көрсетіп тұр. Әжімдегі әр жолдың өз тағдыры, өз ауыртпалығы бар. 

Төбесінен өткен күн қан қысымын көтеріп жібергенін, басының енді ауыра бастағанын сезген әже төсегіне жантая кетті. Сол жатқаннан көзі ілініп, ұйқының құшағына сәбидей еркелеп, тығыла берді...

Әлсін жанған шамның жарығы кіреберістегі айнаға сығалай қарап, әлденені көргендей болды. Шетінен шытынап, бір сызық бойымен жарылған айна көргенін баяндауға кірісті...

Ман Рэй. Дора Маар

...Таңғы сағат бестің кезі. Ұйқысынан сергек оянған Қалампыр әже бір кесе шайын ішіп, дастархан үстінде тұрған қара нанға екі қасық майды жағып жіберіп, шайына бір малды да, қарны тойып кеткен адамдай өзін алдап, орнынан тұрып кетті. Заттарын жинап, буынып-түйініп алып есік жаққа қараған қалпы біраз отырды. Сағат тілі бестен қырық минут өткенде есік қағылды. Таяғын көтеріп, екі жаққа қарай теңселе қозғалған Қалампыр әже есікті ашты. Иығына екі адам отыратындай денелі, басына киген кепкасынан бастап, аяқ киіміне дейін қап-қара киінген бейтаныс ер адам оны ертіп көлікке қарай беттеді. Қап-қара джип ешқандай нөмірі жоқ, терезесі де түнек тартып, қара түске оранған. Есік ашылып, Қалампыр әже ішке кірді. Іште өзі секілді тағы да бірнеше әжелер бастарын изеп, сәлем бергендей болды. Көліктің алдында отырған екеудің бірі:

- Түгелсіздер ме? – деп бір қарады.

- Иә. Бәріміз осындамыз, - деп Қалампыр әже дауыстады. Көлік гүр етіп қозғалды. Алған беттері Пушкин көшесі -16.

Айна әр сәтті баяндаған сайын шытынаған бір сызық бойы бірнеше жаққа қарай бөлініп кетті. 

...Түнгі сағат 11 болғанда Қалампыр әже күткен көлік келіп тоқтады. Ішіне отырды да, ешкімге ештеңе деместен үйіне жетті... 

Шағылған айнаның дауысы Қалампыр әжені оятып жіберді. Көзін ашып, орнынан тұрып болғанша, есік те қағылды. Жерде сынығы шашылып жатқан айнаға қарауға шамасы жоқ. Ашылған есіктен кірген бейтаныс:

- Қайда? – деді.

- Қазір, - деп Қалампыр әже өзі әкеліп сүңгітіп жіберген тартпадан бір уыс тиынды алып қалды да, қалғанын әлгінің қолына ұстатты. Ол да көп тұрған жоқ, есіктен шығып кетті. 

Қалампыр әже шашылып жатқан айнаның сынықтарын қытырлатып басып, төсегіне қарай беттеді...

Ман Рэй. Дора Маар

Гиппократқа берілген ант!

Қолына ұстаған қара чемоданы бар Талғат көліктен лезде түсіп, жан-жағына бір қарады да, он қабатты үйдің есігіне кіріп кетті. Лифттің батырмасын он рет басса да, жоғарыдан әлі жетер емес. Тағаты таусылып, сабыры кете бастаған Талғат чемоданын құшақтаған күйі баспалдақпен көтерілді. Сілесі әбден қатқан ол сегізінші қабатқа жеткеніне қуанды. Өкпесі күйіп кететіндей күйде тұр. Пәтеріне кірді де, қолындағы чемоданды киім ілінген шкафтың ішіне қарай тығып жатыр. Көзге көрінбейді-ау деген кезде барып, ары-бері ойнақшып, сырғып тұрған шкафтың есігін жауып қалды да, бір сәтке үнсіз тұрды. Көз алдында өзі. Басқа ешкім жоқ. Шкафтың үлкендегі сонша, сыртқы бетіне орналасқан айна Талғатты аяғынан бастап, басына дейін толық алып, жатын бөлменің жартысын да қоса көрсетті. 

- Осының бәріне кінәлі сен! – деп Талғат біреуге дүрсе қойды. Алайда айналасында ешкім жоқ. Тек айна алдында өзімен-өзі сөйлесіп жатыр. 

- Егер сен болмағанда, мен бәрін басқаша істер едім, - деп өзін ақтауға тырысты. 

Айна алдындағы өзін көрген сайын үрейдің бұлты төбесіне үйіріліп, көңілі ала-құла болып, бір орында тұра алмай, бір жерде айналшықтай берді. 

Талғат қаладағы орталық аурухананың бас хирургі. Он жылдың ішінде бір емес үш көлік, төрт бөлмелі пәтерден біреу алып үлгерді. Қазір баласы мен қызы аналарымен Дубайда демалып жүр. Бұл жұмыстан босай алмай, қалып қойған. 

Ары-бері жүріп шаршаған ол аппақ әрі мамық төсекке шалқасынан құлай кетті. Бір сәтке бәрін ұмытудың жолы ұйқы екенін жақсы біледі. Көз іліп алып, түнге қарай үйдің қасындағы сыраханаға баруды жоспарлап қойды. Көзі жұмылғаны сол екен қор ете түсті.

Бүкіл бөлмені тағы да бір бөлмеге бөліп тұрғандай әсер қалдырған үлкен айнаның бетінен бірдеңе жүгіріп өткендей болды. Құдды бір суға тамған тамшыдай, тұп-тұнық айнаның беті толқып барып, ешкім білмейтін, ішіне бүккен құпиясын бейнелей бастады. 

Ман Рэй. Дора Маар

...Түскі астан кейін кабинетіне қарай келе жатқан Талғатты асығыс реанимация бөліміне шақырып алды. Ақ халатын үстіне іле салып, бетіне маскасын тағып, қолына қолғаптарын киіп, ішке кірді. Ортада шалқасынан ессіз жатқан науқас. Айналасын қоршап, операцияға дайындалып жатқан көмекшілері мен дәрігерлер жүр. Талғат кірісімен:

- Науқас туралы баяндаңдар! Сұрақ қойып жүріп, науқасты ары-бері қарай бастады.

- Жүрек талмасымен түсті. Алайда...

- Алайда не? Талғат өзінің зекіп жібергенін сезген де жоқ. 

- Жүрек талмасы табиғи емес. Қысым болған...

- Қандай қысым?! Жүрек талмасы болса табиғи түрде деген сөз. Көп сөзді қойыңдар! Тездетіп іске көшейік!

- Жарайды, Талғат Асқарұлы!

Бәрі жұмыла іске кірісті. Қолына пышағын алып кеудесін тілуге енді кіріскенде барып:

- Науқастың кім екенін білесіңдер ме? – деді.

- Мемлекеттік қызметте істейтін, бай-манаптың бірі болу керек. Сыртта келіп тұрған туыстарының жүзінен тек тоқшылық көрдім, - деді медбике. Талғат оған қарап жымиды да, іске кірісті. 

- Пышақ!

- Мата!

- Қанын сүртіңдер!

- Маңдайымды! Терімді! Тездет!

- Қайшы!

- Пышақ!

- Болды, тігіңдер!

Осылай қысқа-нұсқа өрілген диалогтың соңы «қолымыздан келгеннің бәрін жасадық» деген бірауыз сөзбен түйінделді. Көмекшілер, медбикелер ештеңе түсінбеген қалып бас хирургтің айтқанына көнді. Есікті ашып сыртқа шықты. Шеттерінен қап-қара костюм шалбар киген, қолдарына алтыннан сағат, жүзік таққан бір топ күтіп алды. 

- Жағдайы қалай, Талғат Асқарұлы?

- Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық...

- Қолыңнан келе ме, жоқ па сұрап тұрған жоқпын. Жағдайы қалай деймін?

- Сабыр етіңіздер! Біз бәрін жасадық. Тек күту керек!

Жағасына жармаса кеткен, үлкендеу келген, түрі сұсты кісі Талғатты қорқытпақ болып еді, аузына құдай деген сөз қалай келгенін күтпеген ол да:

- Құдайдың жазғанына амал бар ма! – деп шыр ете түсті. Айналасында тұрғандар дереу ажыратып, екеуін де сабырға шақырды. Талғат кабинетіне келіп, сейфте тұрған вискиден бір стакан құйып тартып жіберді. Арада бір сағат өткен кезде науқастың жағдайы нашарлап, қайтыс болғаны белгілі болды. Аурухана алдында еңіреп жылағандар, боздаған балалар мен қыз-келіншектер...

Ман Рэй. Дора Маар

...Талғат ұйқысынан оянды. Айнаның беті біреу қолымен қайта-қайта ұстап ойнағандай, сатпақ-сатпақ болып қалған. Бағана ғана таза еді. Соны түсініп қойған ол шүберек әкеліп, демімен аһ-уһ деп сүртті де, ұсақ-түйек заттарын алып, үйдің қасындағы сыраханаға бет алды. Жылтырап, жаңарып қалған айна әлі де бір айтылмай қалған сырды қайта бастады. Әсілінде, айнаның да нәпсісі бар. Оның да бір нәрсені жасырғысы келеді. Дегенмен тек ақиқатты айтуға, көрсетуге жаралған ол, өзінің табиғатынан қаша алмады... 

...Талғат түске дейін кабинетінде отырып түрлі құжаттарға қол қойып шықты. Біреуін оқиды, біреуін оқымайды. Құжаттардың арасынан таныс аттарды көрсе дереу бөлек алып, жекелей, ерекшелеп жатыр. Қарбалас отырған бас хирургтің есігін сырттан қақпастан біреу кіріп келді. Талғат басын ақырын ғана көтеріп қарады. Қолына ұстаған кішкентай қара чемоданы, үстіне киген қап-қара костюмі, көзіне таққан көзілдірігі бар жас жігіт екен. 

- Иә, кім керек?

- Талғат Асқарұлы! Сізбен жеке әңгіме бар.

- Тыңдап отырмын.

- Түстен кейін немесе түске қарай сізге бір науқас келеді. Кім екенін сол кезде біле жатарсыз. Сол науқас сізге жүрек талмасымен түседі...

- Түсінбедім?

- Сізге тек сол науқасты табиғи түрде жүрек талмасынан қайтыс болды деп, жылы жауап тастау керек.

- Сіз мені кім деп тұрсыз? Шығыңыз! 

- Талғат Асқарұлы! Асықпаңыз... Бейтаныс жігіт қолындағы чемоданды үстелдің үстіне қойып, ішіп ашып еді, көк түске боялған ақша көрінді. Талғат бір жұтынып қарады да:

- Мен сатылмаймын! Алып кетіңіз! 

- Сізге ең тиімді жолды ұсынып отырмын. Ол адам онсыз да тірі қалмайды. Тек жылы жабу керек. Әңгіме осында қалады. 

- Жоқ! Мен ант берген адаммын!

- Кімге? Құдайға ма?

- Жоқ! Гиппократқа! 

- Сіздің Гиппократыңыз ақшаны сүймеген бе сонда? (қылжақтады).

- Шығып кетіңіз! 

- Соңғы сөзіңіз бе?! Жақсы. чемоданды жауып, есіктен шығып бара жатыр еді Талғат жөтелгендей болды да:

- Тоқтаңыз! – деді. 

- Міне, бұл ақылды адамның сөзі. Иә, тыңдап тұрмын.

- Ішінде қанша бар?

- Сіз істі тындырмай жатып, ішіндегі санды сұрадыңыз ба? (тағы да қылжақтап күлді). 

- Мен адамның тағдырымен ойнайын деп тұрмын, түсіндіңіз бе?

- Жә, жақсы! Мұның ішіндегі ақша сіздің алдағы 10 жыл өміріңізді тек бақыт пен шатыққа бөлейді. 

- ...Жарайды. Ақшаны осында қалдырыңыз да, өзіңіз көрінбей, жоқ болып кетіңіз!

- Құп! 

Бейтаныс жігіті есіктен шығып, ғайып болды. Талғат көз алдында тұрған чемоданға бір, сағатына бір қарап отыра кетті. Үрей мен үміт қатар күресіп жатқан осы кабинетте Талғаттың тек бақытты болғысы келді. Осы есіктен шыққан кезде аурахана дәлізінде емес, Кариб аралдарының жағасында жүргісі келді. 

...Осының бәрін бейнелеп, баяндап тұрған айна үйдегі жаңа технологиямен басқарылатын жарықтың сәулесімен бірге әлсін-әлсін көрінбей, қап-қара түнекке жұтылып бара жатты... 

Тыныштық! 

Марғұлан Ақан

ақын-жазушы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...