Темірхан Тебегенов. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ӘЛЕМІ ШЕКСІЗ

ӘДЕБИЕТ
3324

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов мырзамен жүздесіп, қазіргі қазақ әдебиеті туралы ой-пікірін білген едік. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз:

- Қазіргі дәуір қазақ әдебиеті туралы сөз қозғағанда бұрын тиым салынған, ішінара ғана айтылып жүрген тақырыптарды көтеруді қолға алған кезеңнен бастаған жөн. Ол сонау кеңес дәуірінен бастау алған еді. Сол  тұста әдебиетіміздің әлемдік деңгейге көтерілуіне мүмкіндіктер болды. Дейтұрғанмен соцреализм тұрғысындағы шектеулерден аттап кете алмадық. Яғни, белгіленген шеңбер аясында жазуың керек болатын-ды. 

Осы орайда ұстазымыз академик Рымғали Нұрғалиев ағамыздың жақсы сөзі бар. «Жиырмасыншы ғасыр қазақ әдебиетінің алтын дәуірі болды» деген. Әлемдік танымалдыққа ие болған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының төрт томдығы соның бір куәсі емес пе. Саясат қыспағында жүрсе де Ильяс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» атты трилогиялары. Сонан кейінгі шыққан «Алтынорда» трилогиясы, қаза елі, қазақ мемлекеттігін, қазақ тарихын қозғаған құнды дүниелер. Одан кейін проза саласындағы алыпысыншы жылдары модернизм деп аталатын, жаңашыл бағыттағы көркемдік ұстанымдарды игеру үрдісі басталды. Атап айтсақ, Төлен Әбдіков, Мұқтар Мағауин, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбек, Әкім Таразиды айта аламыз. Осы санаулы қаламгерлер жұртшылықтың көңілінен шығып, әдебиеттің дамуына көрнекті ықпал етті. Жаңа белеске көтерілдік. Яғни, ойлай білетін, жаңашыл пікірдегі оқырмандар қалыптаса бастады.

Қазақ халқының басынан өткен сонау нәубетті жылдардағы оқиғалар: он алтыншы жылғы бас көтеру, азамат соғысы жылдарындағы босқыншылыққа ұшырау, жиырма-отызыншы жылдардағы ашаршылық, осы алапаттардың ешқайсысы тәуелсіздің кезеңіне дейін аса қамтылмай келсе, енді қамтылып, кесек-кесек туындылар пайда болды. Сонымен қатар қазақ хандарының жаңа бейнесі, би-шешендердің тұлғалары, Төле бидің Қазыбек бидің Әйтеке бидің оның маңында қаншама шешен, билердің болғаны поэзия, проза, драматургия саласында көрініс тапты. 

Сонан кейін ашаршылық ақиқаты көтерілді. репрессияға ұшыраған алаш арыстарымен қатар кеңес өкіметіне қанын берген, жанын бергендердің өзі репрессияға ұшырағаны белгілі. Осыларды қамтыған үлкен бір жазу үрдісі белең алды. 

Сонымен қатар мына тәуелсіздік дәуірі кезеңіндегі болып жатқан әлеуметтік жағдаймен оның көркемдік шындығын өрнектеу де өріс алды. Бұл жағдайда қандай көзқарас болмасын оны елеместен біз әдеби үдеріске қараймыз. Міне жиырма сегіз жылға аяқ бастық. Осыған орай тұңғыш президент туралы жазылған туындыларымыздың тарихи мәні бар деп есептейміз. Оның тарих сахнасынан қалай болғанда орын алатын еңбегі бар. Ол туралы романдар жазылып жатыр. Әңгімелер, поэмалар, драматургиялаық туындыра т т. 

Сонымен қатар осы дәуірдің халық ортасындағы тұрмыстық әлеуметтік жағдайы да романдардың арқауына айналды. Қандай шындық, қандай қайшылық бар, не нәрсе өріс табуы керек. Жетіспей жатқан жағы туралы да ой қозғалуда. Сондай-ақ олардың психологиясы қандай. Байшікештердің, билік иелерінің тұлғалары қандай болып тұр да, қарапайым халық өкілдерінің жағдайы қандай жағдайда дегендей. 

Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін осының бәрі - кеше Алаш арыстары армандаған, қайраткерлер армандаған, алдындағы Асан қайғылар армандаған үдеден шығып жатырма деген орынды сауал туындайды. Егер сол үдеден шықпаса, сол белеске қалай жетеміз деген мәселе осы шығармалардың арқауы болуы тиіс. Осындай межені - әдебиеттің дүние танытқыштық қуат қарымының көрінісі деп есептеймін. 

Осыған байланысты, қазіргі кездің қазақ әдебиетінің бетке ұстарлары кімдер деген сұраққа, мынадай авторларды атап өткім келеді. Қалихан Ысқақов, Қабеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Ахат Жақсыбаев, Марал Ысқақбаев Кәдірбек Сегізбаев, Қажығалы Мұхаметқалиұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдіков, Адам Мекебаев, Смағұл Елубай, Тынымбай Нұрмағанбетов кейінгі толқыннан Нұрдәулет Ақыш, Жолтай Әлмашұлы, Дидахмет Әшімханұлы,  Асқар Алтай  сынды қаламгерлер. Сондай-ақ қазақ хандығы дәурін жақсы суреттеген Ұзақбай Доспанбетовтің шығармаларын арнайы атап кеткім келеді. 

Осындай авторлардың роман повес, әңгімелерін арнайы талдау нысанына алып, жаңа қазақ әдебиетінің тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ поэзиясы, прозасы драматургиясы деген үш кітап баспаға дайындап жатырмын. 

Сонымен қатар әдебиет танудағы міндетті түрде назарға алатын маңызды нәрсе, алыс жақын шетелдердегі ақын жазушылардың шығармалары. Осы бағытта екі кітап шығардым. Соңғы шыққан монография «Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті» туралы бір тұтас қазақ әдебиетіне қатысты еңбегім. Оның қосымша атауы «Қытайдағы және атажұртқа оралған ақын жазушылардың шығармалары» деп аталады. 

Бұл еңбегім екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Шыңжаңдағы қандастардың шығармашылығы» дегенде Әсет Найманбайұлынан бастау алса, екінші бөлімдегі елге оралған отандастарымызды марқұм Халиф Алтайдың туындылары бастайды.  

Бұнда проза мен поэзия араластыра жазылған. Сонымен қатар Монғолиядан келген магистранттар мен докторанттарға да тақырыптар беріп жатырмын. 

- Формалық ізденістерге қалай қарайсыз. Мысалы Жолтай Әлмашұлы осындай эксперименттерге барып жүр.

- Эксперименттер керек бізге. Сонау кеңестік дәуір кезінде біз соцреализм рухымен жазамыз деп бір шеңберде тұйықталып қалдық.  Себебі классикалық дүние тек осылай ғана жазылады деген түсінік қалыптасты. Ал өзіміздің қазақ әдебиетіне келсек, ғасыр басындағы алғашқы роман, повестерді жазған Мыржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтың туындаларын қарасақ әлемдік әдеби үдеріске сай әрі ықшам, әрі бірнеше жанрлық тұтастығы бар туындыларды көре аласыз. Әдебиеттану ғылымының заңдылығы қатып қалған дүние емес. Себебі прозаның өзінде лирика бар. драмалық тартыс бар. сондықтан аралас жанрлық үлгілерді қолданғанды тиімді деп санаймын. Себебі бұл әлемдік әдебиеттегі бар тәжірибе. Бұл ізденістің қайсылары өміршең болады оны әрине уақыт көрсетеді. Біздің көптеген қаламгерлер сол ертеден қалыптасып қалған үлгіден жаза басқысы келмейді. Жаңашылдықты ең алдымен оқырман қалай қабылдайды. Сол маңызды. Қажет етсе алады. Етпесе қалады...

Америка, батыс елдері, жапонның Муракамиі сияқтылар өз ізденістері арқылы оқырмандарын жаулап отыр. Соның арқасында жаңашылдық танылады деп ойлаймын. 

- Кейбір пікірлерге қарағанда бүгінгі күннің шығармалары ішкі психологизмнен гөрі тұрмыстық мехнатты бейнелеуден аспай жатқан сияқты. Сонымен қатар жиырмасыншы жылдардағы Бейімбеттің Мырқымбайы сияқты уақыт кейіпкері жоқ деген де пікір бар.

- Тәуелсіздік дәуірінде бұрын тиым салыған тақырыптарды кең өрісте жазып жатқан кезде әрине психологизм керек. Бұл ғасыр басындағы әдебиетімізден яғни Жүсіпбек Аймауытовтан бастау алады.Оның атақты «Ақбілек» романы нағыз психологизмдік роман. Тегі бұрын қалыптасқан жағымды және жағымсыз кейіпкер деген шеңберге сыймайтын жағдайлар бар. Мысалы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен Тер», Мұхтар Мағауинің «Жармақ» романы да сондай психологизмдік туындалыр қатарына жатады. Сонымен қатар бүгінгі замандасымыз Тұрысбек Сәукетайдың «Мен жындымын» дегені романы осы уақыттың адамына тән, ішкі күйзеліс бар, қоғамдық-әлеуметтік ортаменен адам тағдыры арасындағы қайшылық, қақтығыстарды суреттеу бастамасы ашылайын деген сынды.  Дейтұрғанмен бұл әлі жете ашылып жатқан жоқ. Бүгінгі қаламгерлер алдында тұрған бір өзекті міндет: замандас бейнесін сомдау, оның жағымды, жағымсыз қасиеттерін ғана теріп қоймай, ішкі жан-дүниесіне үңілу, яғни қазіргі қазақ әдебиетінің тұлғалық кейіпкерін табу деп ойлаймын. Ондай кейіпкерлердің прототиптері арамызда бар.  

- Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Заман Төлеуов 

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...