Тілек Ырысбек. Қайран қытай кеспесі...

ӘДЕБИЕТ
7577

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар.  Мәдениет порталы осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Олай болса, құрметті оқырман, алғашқылардың бірі етіп, Тілек Ырысбектің өлеңдерін ұсынамыз. 

ақын, аудармашы Тілек ЫРЫСБЕК

Өзеннен өзенге көз салған Google Maps

Біз кеше су бетіне шағылған шеңбер тербелістерінің көркіне құмартып өзенге үнемі тас лақтырып ойнайтынбыз...
Бұл тербелістер иірімін елестете отырып кенет Ван Гог картинасына құлаған тастар туралы ойлана бастадым.
Мен сосын Google қаритасынан Шинжияңда қалған туған жерімді іздедім,
ештеңе өзгермеген
құдды мен өліп қалған сияқтымын.
Немесе балалық шағын көктен бақылап
тұрған құдай секілдімін.

Кенет Экран бетінде
Қарита ішіндегі өзен жағасында тұрған балалар маған қарата тас лақтыра бастады.
Ал олар мен едім.

Мен, өзімді сағындым...


Ішінен

Күнделікті тұрмыстың қайталанбайтыны секілді,
Немесе керісінше қайталанатыны секілді,
Азанда өмір жейде киюден басталады.

Киімім кебінім секілді,
Қайнаған су толы стакан ішіне,
Тым ұзақ тесіле қараймын.
Мен, сосын, жуамын қолымды, күнәмді жуғандай сабынмен.

Айнаға қараймын айналар ішінен,
Айналар ішінде ағарған шашым бар...

Аспанға тесіле беремін несіне,
Төртбұрыш қабырға ішінен,
Қағаздың бетіне үлкендеу шеңбердің суретін саламын,
Сол шеңбер ішінде жоғалтып алардай өзімді,
Адасып кетердей өзімнен,


Қабырға сыртынан унитаз сар етті, күннің күркірін,
Дюшан мен Кафканы,
Өмірі көрмеген өзімді және дәл сондай көршімді есіме түсірді,

Мен ештеңе ойлаған жоқпын.
Je ne comprends pas!


"landzhou" () кеспеханасындағы оқиға

Біз бүгін тозақ туралы кеспе жеп отырып әңгімелестік,
Қытайдың ашты кеспесі аузымызды ашытсада,
Біз жұмақ туралы да айтуды ұмытқан жоқпыз.
кенет қасымдағы ашты кеспеден мұрны терлеген
пейіштен үмітті,
намазхан жігіттердің қандай  бақытты екеннін көрдім де,
мен өзімді сол күні,
қатты аядым.

Қайран қытай кеспесі...


Момидзи

Алақанымнан аққан көлеңке,
Жүзімді жасырғанда,
Уақыттан үзіліп,
Аспанға мағынасыз телмірдім,
Мен солай,
Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан жарқылдың,
Жалт-жұлт еткен әнтек,
Естеліктерін ғана есіме түсірдім.

Көзіме шағылысқан сәуледен,
Жанарымды тайдырып ойнаймын деп,
Әлдебір кездескен адамдарым мен киген киімдерімді ұмытыппын.
Тек қана қара қолғабым мен қырау қатқан тікбұрыш терезеге телмірген көздерім әлдебір шимайлардан жоғалған өркениетті іздегенін түсіндім.

Күннің көл бетіне шағылысқан сәулесін,
Тек өзіммен ғана ала кетердей тебіреніп,
Өзгелердің де көзінде көлбең қағатыныны секілді,
құдды өмір мен үшін жаралғандай әсерленіп жүріппін.

Кенет селк еткен жапырақтан,
Ауа сыртындағы суретке жанарымды сидырып үлгердім.
...
Жапырақ үзілді...
Жапырақ үзіліп жерге түсті...


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...