Тұңғыш рет өткізіліп отырған "Ұлы дала" республикалық байқауы өз мәресіне жетті

ӘДЕБИЕТ
1682

Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Соған орай бүгін байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Салтанатты іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты 

Өткен жылдың соңында Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін бергені белгілі. Соған байланысты еліміз бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы да сондай игі істердің бірі. 

Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаған Мәулен Әшімбаев алдымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызына тоқталып өтті.

 – Елбасы «:Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары арқылы еліміздің идеология саласындағы жаңа кезеңді бастап берді. Өйткені бұл мақалаларда ұлттық кодты сақтап, тарихи санамызды қалыптастыруға, сол арқылы рухани өміріміз бен ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған нақты мәселелер көтерілген. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ұлт болып сақталып, тәуелсіздігімізді мәңгілік етудің қаншалықты маңызды екені белгілі. Сол жолда осы мақалаларда айтылған басымдықтардың берері мол. Сондықтан Елбасы көтерген құндылықтар мен идеяларды дәріптеу, еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосу – біздің басты міндетіміз, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. 

Сонымен қатар ол осы жұмыстарда қолына қалам ұстаған жандардың рөлі ерекше екеніне назар аударды.

 – Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жастармен жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Ол үшін жас буынға қызықты, оларға дұрыс құндылықтарды дәріптейтін шығармалар қажет. Сондықтан осындай байқау жариялап, оған жас қаламгерлерді қатыстыруды ұйғардық. Сол арқылы біз жас ақын-жазушыларымыздың шығармаларының насихатталуына, олардың әдебиет әлемінде өзіндік орны бар көрнекті қаламгер болып қалыптасуына септігімізді тигізуді мақсат етіп отырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары жас ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған осындай жобалардың алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді.

 – Партиямыз тек осы байқаумен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта да жас қаламгерлерді ынталандырып, қолдау мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асырамыз. Сондықтан бүгін жүлдегерлер қатарына іліге алмай қалған жастарды сол жобаларға белсене қатысуға шақырамын. Жалпы осы байқауға қатысқан жұмыстардың барлығы алдағы уақытта халық арасында кеңінен тарап, оқырмандардың оң бағасын алады деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Партия бұл жобаны Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылдың қазан айында «Нұр Отан» партиясы отандық ақын-жазушыларға жүйелі қолдау көрсету үшін Жазушылар одағымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қой қойған еді. Бүгінгі байқау сол игілікті істің нақты жемісі. Сондай-ақ бұл қадамның «Жастар жылы» аясында жас қаламгерлеріміздің шығармашылықпен айналысуына көрсетілген үлкен қолдау екені де сөзсіз. 

Жалпы байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам еңбек келіп түскен. Нәтижесінде бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 

Атап айтқанда, «Проза» аталымында «Құдық басындағы екеу» шығармасымен қатысқан Мақсат Мәліков үздік деп танылды. Екінші орын «Медаль» атты туындының авторы Қанат Тілеуханға бұйырды. Ал үздік үштікті «Казахстанец» шығармасымен Татьяна Кретова түйіндеді. 

Сол сияқты «Поэзия» аталымында Жанат Жаңқашұлы – 1-орын, Нұргүл Маулина – 2-орын, Батырхан Сәрсенхан 3-орын алды. Үш ақынның да байқауға өлеңдер топтамасын ұсынғанын атап өткен жөн. 

«Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі» аталымында таяуда ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, көптің көзайымына айналған «Кейкі мерген» телесериалының сценариін жазған Сержан Зәкерұлы топ жарды. Екінші, үшінші орындарды тиісінше «Айсұлу» фильмінің сценариімен Айдос Ділдебай және «Әбдіғаппар» драмалық туындысының авторы Абылай Мауданов иемденді. 

«Балаларға арналған шығармалар» аталымында «Ұлы даланың жеті қыры» өлеңдер топтамасының авторы Бауыржан Қарағызұлы бас жүлдені алды. «Ұлттық музейге экскурсия» шығармасының авторы Асылан Тілеген екінші орынға табан тіресе, байқауға «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасымен қатысқан Серікбол Хасан үшінші орыннан көрінді. 

«Публицистика» аталымында 1-орын – Мақпал Жұмашеваға (шығармасы – «Көк бөрі тотемі»), 2-орын – Қанат Әбілқайырға (шығармасы – «Мұздауан Мұздыбай»), ал 3-орын Гүлбану Тебегеноваға (шығармасы – «Рухани жаңғыру – үштілділік») бұйырды. 

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйақылар тағайындалды Соған орай 1-орын иегерлеріне – 1,5 млн., 2-орын иегерлеріне – 750 мың, ал 3-орын алған қаламгерлерге 500 мың теңгеден берілді. 

Айта кетейік, байқаудың қазылар алқасының құрамында Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Көпен Әмірбек және Әлия Бөпежанова сияқты белгілі қаламгерлер болды. 

Тағы бір атап өтер жайт, «Нұр Отан» партиясы Жазушылар одағымен арадағы меморандум аясында басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен «Астана» телеарнасы арқылы қалың көрерменге жол тартқан ақын-жазушыларымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін тележоба, партиялық жоба аясында жаңғыртылған кітапханалардағы коворкинг-орталықтарда қаламгерлермен кездесу кештері және көрермендерге тәрбиелік сипаттағы көркем дүниелер ұсынатын арнайы YouTube-канал ашу жобалары осы бағыттағы жұмыстардың жемісі.

nurotan.kz 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...