ҚР Президенті архивіндегі 719-қор, 188-істен «На станции Уштобе развивается великодержавный шо...
ЖАЗУШЫЛАР - ЖҰМБАҚ ӘЛЕМ
Гогольдың шабыты мен елесі
Жазушы Николай Васильевич Гогольға ауырып жүрген кездерінде көз алдына әр түрлі елестер келген екен. Ол оны қасында жүрген көпес Н.П.Вяткинге айтып отырған дейді жазушы С.Т.Аксаков. Гогольдың тағы бір замандасының айтуына қарағанда, жазушы бір отырыста Испания туралы әңгімелеп береді. Сонда бір әйел: «Николай Васильевич, Испанияда бірнеше жыл тұрған боларсыз?» – дейді. «Жоқ, тіпті болған да емеспін деп жауап береді, ал Константинопольды жақсы білемін деп, ежелгі Византия астанасы туралы қызықты әңгімені бастап кетеді. Сол жерде отырғандардың бірі: «Николай Васильевичтің бұл жерде болғаны көрініп тұр», дейді. «Жоқ, ол жерде де болған емеспін», деп жауап береді. Ешқашан да бұл елдерде болмаса да, тура болғандай әңгімелеп бергені отырғандарды таңғалдырады. Тіпті, сол елдерде болып келген адамдардың өздері де Гоголь суреттеп бергендей айта алмас еді.
1889 жылы «Сын Отечества» журналында Италия туралы өлең жарық көреді. Кейіннен бұл өлеңнің авторы Н.В.Гоголь екені анықталады. Оны Гоголь жиырма жасында жазған екен.
1850 жылы Николай Васильевич Никитский бульварындағы Талызиннің үйінде тұрған кезінде жазушыға барлық жағдай жасалған екен. Гоголь өзінің өлімінің жақын қалғанын сезіп, күннен-күнге түнеріп, көңілсіз күйге түседі. Барлық жағдай жасалса да жазушыға шабыт келмейді. Қалам ала қалып отыра қалса, ойына ешнәрсе түспейді.
Бір күні жазушыдан: «Бірнеше ай өтсе де ешқандай қолжазбаңыз жарық көрмеді ғой», деген сұраққа ол: «Адам баласы кызық қой, маған жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалса да шабыт келмей жатыр», дейді. Біраз үнсіздіктен соң мына бір қызықты оқиғаны айтып береді.
Италияның Джансано және Альбано қалаларында болған кезімде жолдың бойындағы әбден тозығы жеткен трактир тұр екен. Күн ыстық болғандықтан соған кіріп демалуды жөн көрдім. Трактирдің іші у-шу, біреулері бильярд ойнап жатыр, енді біреулері темекіні бұрқыратып, шарап ішіп отыр. Сол кезде мен «Өлі жандардың» бірінші томын жазып жүрген кезім еді. Неге екенін білмеймін, трактирге кірген бойда қойын дәптерімді ала салып, бұрышта тұрған үстелге отыра қалып, жаза бастадым.
Жан-жағымда болып жатқан у-шуға, төбелеске көңіл бөлмей, ерекше бір шабыт пайда болып, тоқталмастан «Өлі жандардың» бақандай екі тарауын жазып тастадым. Ал қазір ешкім маған кедергі жасап жатқан жоқ, бірақ шабыт келмейді. Сол кезде жазған шығармамды өзім жоғары бағалаймын, – деп аяқтайды өз әңгімесін Гоголь.
Агата Кристи неге жоғалып кетті?
Әлемге аты әйгілі жазушы Агата Кристи үшін 1926 жыл өте ауыр болды. Сол жылы анасы қайтыс болады, ал сүйікті күйеуі Арчибальд Кристи Нэнси Нил атты бір әйелді жақсы көріп қалып, Агатамен ажырасамын депті.
Желтоқсанның 3-і күні күйеуінің барлық демалыс күндерін көңілдесімен бірге өткізетінін сезіп, түн ішінде ұйықтап жатқан қызының бетінен сүйіп, киімдерін алып кетіп қалады.
Қайда кеткенін ешкім білмейді, із-түзсіз жоқ болады…
Қарсыластары Агата Кристидің аяқ астынан жоғалып кетуін ол өз-өзін жарнамалау үшін әдейі істеді дейді.
Ал кейбіреулері оның күйеуі көңілдесіне кетіп қалған соң, өз-өзіне қол жұмсады деп жорамалдайды.
Бұл істі ішкі істер министрі Уильям Джайнсан Хикс өз бақылауына алады.
Артур Конан Дойль Агатаның қолғабын медиумге апарады, бірақ одан да еш нәтиже шықпайды. Оның жоғалып кеткені туралы тек британдық газеттер емес, бүкіл дүниежүзілік ақпараттық құралдар да жариялайды. «Дейли ньюс» газеті Агата Кристидің кайда екенін білетін адамға қомақты қаржы ұсынады. Әр жерге бойы 170 см., сары шашты, 35 жастағы әйел жоғалып кетті деген плакаттар ілінеді.
Тек 11 күн өткен соң бір музыкант Хорраугейт курортында Агата Кристиге ұқсайтын әйелді көргенін хабарлайды. Сөйтсе, белгілі жазушы «Кәрі аққу» атты қонақ үйде Тереза Нил деген лақап атпен тұрып жатыр екен.
Осы хабарды ести сала күйеуі Арчибальд Кристи Хэрраугейт курортына жетеді. Ол екеуі кездескен сәтте репортерлер, полицейлер де болады. Олардың бәрі жазушының қимыл, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі де біртүрлі өзгеріп кеткенін байқайды. Ал күйеуін танымай, өзімнің ағам десе қызының суретін көріп: «Бұл менің ұлым ғой», – дейді.
Ертесіне-ақ бүкіл Ұлыбритания бойынша Агата Кристи табылды, бірақ уақытша есте сақтау қабілетінен айырылған деген хабар тарап кетеді. Әйгілі жазушының осындай халге душар болғанына кейбіреулердің сенгілері келмейді.
Қонақ үй қызметкерлері Агата Кристидің іс-әрекетінен ешқандай өзгеріс байқалмағанын айтады. Жазушы күнде кітапханаға барады, пианинода ойнайды, дәрігерлер белгілеген емді де қабылдайды. Бір журналист «ТЕRESА» деген сөздегі әріптердің орнын ауыстырса, ТЕASER – бас қатыру» деген мағынаны білдіретінін байқайды.
Бірақ көпшілік Агата Кристи күйеуінен өш алу үшін әдейі кетіп қалды деген жорамалдан таймайды. Эндрю Нартон атты биограф және дәрігер Кристи диссоциативті фуга деген ауруға шалдыққанын анықтайды. Бұл аурумен ауыратындар өзінін атын ұмытып қалады. Күнделікті өмірде болатын жағдайларды ұмытпайды. Бірақ олар өздерінің осындай аурумен ауыратындарын білмейді екен. Олар өздеріне жаңа ат таңдап алады, жаңа жұмыс тауып, ел қатарлы өмір сүре береді. Бұл аурумен қалай ауырады? Оның себептері бірнеше. Мысалы, қатты ренжігенде, стрестік жағдайда болады екен. Ауырған адамдар өз бастарына түскен ауыртпашылықты ұмытып, түк болмағандай күнделікті өмірге араласып жүре беретін көрінеді. Диссоциативті фугамен бірнеше сағаттан, бірнеше айға дейін ауырады екен. Оның ең басты белгісі – ауырған адам өзін басқа адаммын деп есептейді. Кристи өз-өзін Тереза Нил деп есептеп, тіпті өзін суреттерден танымай қалады. Кристи іздеу қағаздарында жазылған хабарламаны оқып: «Мына Агата Кристи деген әйел жоғалып кетіпті, байқұс-ай, тезірек табылса екен», деп уайымдайтын көрінеді.
Атақты жазушының осындай ауруға шалдыққанына оның күйеуі кінәлі деседі.
Булгаковтың өсиеті
Атақты адамдардың, белгілі қаламгерлердің көріпкелдік, сәуегейлік қасиеттері болатыны белгілі.
1940 жылдың көктемінде хәл үстінде жатқан жазушы Михаил Афанасьевич Булгаков әйелі Елена Сергеевнадан:
– Менің «Мастер және Маргарита» атты романым жуырда жарыққа шығатын түрі жоқ, мен оның алғашқы түпнұсқасын өртеп жіберген уақыт есіңде ме? – деп сұрайды.
Елена Сергеевна:
– Иә, әрине есімде, – деп жауап береді.
– Енді осы роман басылымға шыққан күні менің зиратыма келіп гүл қойған адамға қаламақымның бірнеше пайызын бер. Ал неше пайыз екенін өзің біл, бірақ ұмытып кетпе, міндетті түрде орында, – дейді.
1940 жылдың 10 наурызында Михаил Афанасьевич қайтыс болады. 30 жыл бойы зиратқа тура сол роман жарық көрген күні әйелі келіп тұрады. Тек, 1969 жылдың көктемінде Елена Сергеевна зиратта бір жас жігіттің құлпытасты іздеп жүргенін көреді. Бір кезде әлгі жігіт. «Жазушы Михаил Афанасьевич Булгаков. 1891-1940 ж.ж.» деген құлпытастың қасына келіп бір шоқ гүл қояды.
– Тоқтай тұрыңызшы, – деген дауысты естіп, жігіт бұрылып қарайды. Зираттың басындағы орындықта егде тартқан әйел отыр екен.
– Кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз кім? Телефоныңызды, мекен-жайыңызды айтыңызшы, – дейді әйел.
– Не үшін? – деп таң қалады жас жігіт.
– Қорықпаңыз, сізге мен жамандық жасамаймын, кейін түсінесіз, – дейді Булгакова. Ол жігіт ленинградтық жас журналист Владимир Невельский еді.
Елена Сергеевна журналистің телефонын, мекен-жайын, аты-жөнін жазып алады. Ал журналист жігіт болса таңғалып, бұл кісі кім, не үшін менің аты-жөнім, мекен-жайым керек болды деген оймен үйіне қайтады.
Ол осы зиратқа келердің алдында ғана жазушының «Мастер және Маргаритасын» оқыған екен. Шығарманың ұнағаны сондай, ол оның зиратына барып тағзым еткенді жөн көреді. Ленинградқа қайтып келген журналист зират басында болған кездесуді ұмытып та кетеді. Екі апта өткен соң оның атына қомақты қаржы пошта арқылы аударылады. Бірақ кімнен екені белгісіз, жіберушінің аты-жөні жазылмаған. Ол кезде ондай ақша ешкімнің түсіне де кірмейді, журналист жігіт тіпті қорқа бастайды. Мүмкін қателескен болу керек деп те ойлайды да, милицияға хабар бергісі келеді. Тура сол күні кешке оған телефон шалады:
– Мен Елена Булгаковамын, ақшаны алдыңыз ба? Есіңізде ме зираттың басында кездесіп едік қой? – дейді.
– Иә, есімде, неліктен, не үшін осыншама ақша салдыңыз? – дейді.
– Мен марқұм Михаил Булгаковтың өсиетін орындадым. Сіз тура «Мастер және Маргарита» романы басылымға шыққан күні зиратқа келіп, гүл қойдыңыз. Бұл күйеуімнің өсиеті еді, – дейді. Сөйтіп, жиырма бес жыл өткен соң Елена Булгакова күйеуінің өсиетін орындайды. Одан кейін көп ұзамай өзі де қайтыс болады.
Ал Владимир Невельский әлгі ақшаға катер сатып алады, алтын әріптермен катерге «Михаил Булгаков» деп жаздырады. Катер Нева өзенімен жүзіп бара жатқан сәтте Булгаковтың талантына бас июшілер қол соғып, қошемет көрсетеді екен.
Мақсат РСАЛИН,
журналист.