Бауыржан Омарұлы. Дүр Дүкен

ӘДЕБИЕТ
2541

Мерейсөз

Оның аты Дүкен. Дүкен... Қазақтың ең бір жақсы сөзі. Жанымызға жақын ұлағатты ұғым. Шынында да, бұл күнде дүкенсіз бүкіл тіршілігіміз қараң. Баяғыда елдегі ұста дүкені қаншама жыл жыртығымызды жамады. Кеткенімізді келтірді, кемісімізді толтырды. Темірден түйін түйетін ширақ та шымыр шеберлер сол дүкендегі екі иінінен дем алып, көтеріліп-басылып тұратын көрікке салып, қазаққа қажетті талай берекелі бұйымды жасап берді. Ұста дүкенін қойшы, ауыл шалдарының шеге құмның үстінде алқа-қотан отырып, ертеден салса кешке оздыратын әңгіме-дүкенін айтсаңшы. Сол кезде көнекөздердің көмейінен төгіліп түсіп жататын қадау-қадау қалың ойларға, түйдек-түйдек тіркестерге не жетер?! Бертінге қарай бірте-бірте бұйым сататын кәдімгі дүкеннің мән-мағынасы миымызға тереңірек орнықты. «Дүкенге бардым», «дүкеннен келдім», «дүкенге түсті» деген тіркестер санамызға өрнек салды.


Жалпы, дүкен атауын көркем сөзбен зерлеген ақындар баршылық. Әсіресе, қазақ поэзиясының алыбы Жұмекен Нәжімеденовтің жақұт жырларында бұл ұғым жиірек ұшырасады. Мысалы, ол «Дүкенде» деген өлеңінде «Түсінбеймін көп адамға, көпте – ерік, Көп деген көл – тұзың көлге кетті еріп... Кейбір пиғыл қиын бірақ; дүкеннен, Шықты біреу бір тай шытты бөктеріп», – деп айналасындағы қаптаған қымбатшылықтың адам мінезіне әсерін бедерлі бейнелесе, «Кітап дүкенінде» деген өлеңінде «Бір айдан соң сол дүкенде тағы да, Кездестік біз, біреуінің іреңі, Көгіс тартты, менің ұлы бағыма: – Жақсымысыз, аға – деді біреуі», – деп, рухани арзандықтың кесел-кесапатын кескіндеп, өзгеше пәлсапа туындатады. Ал «Киім дүкеніндегі ой» деген өлеңінде «Түк болмаса дүкеннің толғаны да, Сай келмесе киюге, қолға алуа, «Кеңді» киер ағасы, сыймай жатса, Шешіп берер іні жоқ болғаны да», – деп ағайындық қатынастардың ара салмағын ой таразысына салып, өлшеп бағады.

Жұмекенге дейін де, Жұмекеннен кейін де ақын атаулы дүкен тақырыбын толғап көрген. Атақты Жәлаладдин Руми бір өлеңінде «Нан сатушы көпті көрген тісқақты, Дүкенінде бір тоты құс ұстапты», – деп шығыс тәмсілін алға тартса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов бір мысалында «Қосылып бірнеше адам ортақтасып, Үй салып, ортасынан дүкен ашып, Саудасы жұғымды боп, байып әбден, Шат болып, көңілдері судай тасып», – деп тіршіліктің түйткілдерін тербетеді.

Ғафу Қайырбеков поэзиясының дүкені де үнемі ашық тұрады. Айбарлы ақын «Нан туралы баллада» деген өлеңінде «Жүр едім серуенде тал түсте мен, Жер қара, әлі үстіне қар түспеген. Шыққаны әлде дүкен, әлде мектеп, Бір бала келе жатты нан тістеген», – деп өмірдің өрімдерін баян етеді. Тағы бір жыр дүлдүлі Күләш Ахметова «Көкейкесті» деген өлеңінде «Дүрбелең дулы қаланың, Дүкені қайда, қалқам-ай? Өтердей мына ағаңның, Өзекті шері тарқамай», – деп, дүние-дүкеннің қыр-сырына үңіледі. Қостанайлық шайыр Ақылбек Шаяхмет «Кейбіреу нағыз бақ санар, Жайнайды сәнді бұйымдар. Сусылдап қағаз ақшалар, Сылдырап жатыр тиындар», – деп сипаттаған, қазақ өлеңіне Өлгейде жүріп өрнек салып, ғұмырымен ерте қоштасқан қандасымыз Кәкей Жаңжұңұлы «Алушының сұрағы: – Анау зат қанша тұрады? – Бетіңізден ғана садаға, Бес-ақ есе бағаға...», – деп бедерлеп, дүкен ұғымын дүние дидарына жақындатады.

Қара өлеңнің жас перісі Ерлан Жүністің көбірек аялдайтын құтты мекенінің бірі де – дүкен. Бірақ кітап дүкені.. Ол «Гүләнда» кітап дүкенінде» деген өлеңінде «Алматы. Қыркүйек. Кеш. Кітап дүкені. Сыртынан жабамын есігін. Есіктің сыртында жалғыздық күтеді, Мен оның досымын!..», – деп ақтарылып, поэзиядағы «дүкенианаға» өзгеше үн қосады.

Сонымен, дүкен... Дүкен мәселесін неге осы сонша езіп отырмыз? Түсіндіріп көрейік. Қазақ әдебиетінде Дүкен атауын иеленген екі танымал қаламгер бар. Алғашқысы – әйгілі жазушы Дүкенбай Досжанов. Қалың оқырманның жүрегін жаулаған ол өзінің шығармалары арқылы есімін жалпақ жұртқа кеңінен танытты. Дүкенбай деген атын әдеби тұлға ұғымының талассыз бір баламасына айналдырды. Сөйтіп, түрлі мағына беретін «дүкен» сөзі көркем әдебиет өкіліне қатысты атау ретінде санамызға сіңді. Дүкенбай ағам секілді есіміне жұрнақ та жалғамай, барша жұртқа белгілі болған екінші қаламгер – Дүкен Мәсімханұлы. Арқалы ақын. Ғибратты ғалым. Білікті басшы. Зияткер зиялы. Қайраткер қандас.

Ақын Дүкен «дүкен» сөзі ойға оралса болды, еріксіз езу тартады. Өйткені ана дүкен мен мына Дүкенді байланыстыратын нәрсе көп-ақ. Әуелі кейіпкеріміздің қалай Дүкен болғанын анықтап алайықшы. Тегінде оның азан шақырып қойған аты Дулат екен. Шаңырақтың кенжесі болған соң балақайды еркелеткендер «Дука», «Дүке», «Дөке», «Дүкеш» деп түрлі нұсқада атап шақырып жүріп, ақыры Дүкенге айналдырып жіберген. Өзі де бұл атауды онша теріс көрмеген сыңайлы. Қазақ әдебиетінің шоқтығын көтеруге бір ақын Дулат (Бабатайұлы), бір прозаик Дулат (Исабеков) молынан жетер деген шығар. Дүкен боп өсті. Дүкен боп жетілді. Дүкен боп жазды. Дүкен боп танылды. Шын есімі сәл тасада қалса да, жастайынан серік болған шынайы есімін шығармашылықтың думанды дүкеніне айналдырды. Кәдімгі ұста дүкені мағынасындағы дүкен. Сөз ұстағандардың дүкені. Сөз ұсталарының көрік басатын қасиетті шеберханасы. Әсерлі әңгіме-дүкеннің ойлы отауы.

Қаламгер Дүкенге қадірлі «дүкен» сөзі қайта айналып соға береді. Бірде белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы КазГУ-де кандидаттық диссертациясын қорғап жатты. Диссертациялық кеңестің төрағасы, академик Зейнолла Қабдолов ізденушінің екінші оппоненті Дүкен Мәсімханұлына сөз берді. Жай бере салған жоқ. Сөз бергенінің өзінен суреткерліктің сәулеті сезіліп тұратын Зекең былай деді: «Сіздер Дүкен дегенге оны жай дүкен немесе киоск екен деп қалмаңдар. Бұл – супермаркет!» – деді. Зал ду күлді. Әр сөйлемін зерлеп айтатын Зекең әзілдесе де бұл сөзде шындық бар еді. Ол сол жылдарда жастығына қарамастан Дүкеннің әдебиетте де, ғылымда да олжа салып, елдің қоғамдық өміріне қызу араласа бастағанын меңзесе керек.

Дүкен мен дүкеннің байланысы мұнымен де шектелмейді. Тағы бірде Дүкеңе бір әйел телефон шалып, «Бұл қандай магазин өзі?» – деп сұрапты. Онымен қоймай, «Магазиніңізде қандай қыздар жұмыс істейді? Менің күйеуім әлдебір шыбыштардың есімін астарлап, «Дүкен» деп жазып қойыпты. Білемін мен еркектерді. Шыныңызды айтыңыз!» – деп бастырмалатып бәле салыпты. Сөйтсе, Астана мен Алматының арасында жүрдек пойызда сапарлас болған бір замандастың әйелі екен.

Ана жылдары үлкенді-кіші қалалардағы бірқатар ғимараттардың маңдайшасында «Дүкен» деген жазудың қаптап кеткеніне байланысты түрлі қауесет тарағаны бар еді. Шаһардағы ірі сауда-саттық орындарын Дүкен деген бір дәу ұстап тұр-мыс. Бұған көрші елдерден сапарлап келгендердің біразы имандай сенетін. Олардың кейбірі Дүкен есімді «крутой» біреуді көргенше асығатын. Тіпті әлеуметтік желіде осы жөніндегі бейнеролик үздіксіз айналып жүретін. Сондай күндердің бірінде Дүкен Мәсімханұлы Астанадағы автобөлшек сататын базарға барыпты. Бөлшек сатушы орыстың шалы «Сен іздеген бұйым болмай тұр, телефоныңның нөмірін, атыңды жазып, қалдырып кет. Өзім алдырым берем», – депті. Дүкеңнің аты-жөнін білген соң, «Ойбай, сол бай қазақ сен бе едің?», – деп біразға дейін жабысып айырылмаған көрінеді.

Енді супермаркет болса да, гипермаркет болса да, ана дүкеннен шығып, мына Дүкенге барайық. Адами Дүкенге! Сүйегіне сөз сіңген жігіт. Әке-шешесі де тілге жүйрік бопты. Демек, тегіне тартқан. Өлеңдері өрелі. Мақалалары маңызды. Зерттеулері зерделі. Тұжырымдары тиянақты. Еңбектері елеулі. Беделді жоғары оқу орындарында дәріс берді. Шығыстану, оның ішінде қытайтану мәселелерін зерттейтін ғылыми құрылымдарға жетекшілік етті. Қазір мықтылардың мықтысы ғана қызмет істейтін Шығыстану институтын басқарып отыр.

Бұл – Дүкен туралы әңгіменің басы. Белгілі жәйттердің белгісіз шрихтары...

* * * 

Бүгін ол алпысқа толды! Айбарлы асу! Өмір деген думанды дүкеніңіздің қақпасы жабылмасын, дүр Дүкен!

Суретті түсірген Шүкір Шахай. Дүкен Мәсімханұлы атамекенге оралған алғашқы жылдар

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...