Республикалық жазба ақындар мүшəйрасыныңЕРЕЖЕСІҚР Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "...
Сағыныш Намазшамова. Қуаныштың көз жасы - ақ жауын...
4295
*** Тереземде нұры Айдың. Төсегіме түсі аппақ Қара түнде құлаймын Қу жанымды құшақтап. Қиял деген көгершін Келіп қонса кеудеме, Жарық болып енерсің Жабырқаңқы бөлмеме. Аялдамай көп іште, Аяларсың басымнан. Бәлкім, сен бір періште Қанаттарын жасырған. Қайтем артық сөз қылып, Көрінбесең, көрінбе. Барлығыңды сездіріп Қойсаң болды тегінде. * * * Шертілген сырдың Дала боп, Көбі аңыз және көбі шын. Біз жаққа назар сала кет, Мұз таудың мұзы ерісін. Себебі бар ғой оның да, Тыраулап ұшса тырналар, Тұтасқан тізбек соңында Мұнартып барып мұң қалар. Көшбасшы жарып көк жүзін, Көрінбес көзге із қалар, Жекелеп ұшар жеңіл құс Қызығып тұрып қызғанар. Бұлттарға сіңіп кеткенше, Бұлғайды қолын жерде адам, Баурайды жанын бір сезім Бұрын да соңды болмаған. Аспанның түсі ашық көк, Алдансын көңіл, алданса, Алты бір таудан асып кеп, Біз жаққа назар салғанша. Ақ жауын жасасын! Нәп-нәзік саусақтарымен тереземді Көктем қағып тұр. О, Жарық Нұр! Кірсеңші бөгелмей, Тербеші жанымды Ырғақты өлеңдей! Гүл сені бірінші көретін, Күн сені бірінші көретін. Су бұзып шығатын бөгетін, Тіршілік тіріліп, өнетін. Тек жалғыз Қыс қана Құшағыңа жылынып... өлетін. Құс сені әніне қосатын, Қыз сені асыға тосатын, "Осынша қадірлі екем" деп Көктемнің көңілі босасын. Қуаныштың көз жасы - ақ жауын, Ақ жауын жасасын! Ай мен Ару Ай қандай жарық бүгін, Толықсып-ақ тұр екен Жарықтығым. Абыр-сабыр, дедектеп, дамыл тапқан алмастырып көрейік жан ұшқынын. Кемеліңе келіпсің, Дөңгелегім, Келбетімді көрсем деп сен де менің Төрт бұрышқа таратып ақ сәулеңді, Ай аңқытып жібердің бөлме демін. Бөлме демі аңқыды, жарық әні, Аула шамы, бағана – бәрі-бәрі Бар әлемнің назар бір-ақ сәтте, Менің титтей бөлмеме ағылады. Толтырағанда қалдырмай қалтарысын, Қанаттанып кеткендей арқа тұсым. Сол сәтте мен бе деймін анау Айдың бетінде бейнеленген қалқа-мүсін. Қалқа-мүсін, толарсың, кертілерсің, Кертілерсің, қайтадан сен түлерсің. Бір толысып, бір солу - дүниенің екеумізге ғана тән дерті дерсің. * * * Күннің Жерден ұзатпайтын арқаны бардай, Жерге құлатпайтын қалқаны бардай. Біз де сезімдерімізді ақылға малып, Не алыстамадық, не жақындамадық. Күн сәулесінің Жерге жеткенше миллиард шақырымдарды кешіп өтетінін-ай, Ауаның қалың қабаттарын кесіп өтетінін-ай. Шуақ төгетін, қуат беретін, Соны өзіне мұрат көретін қалыбын-ай! Жарығым-ай... * * * Бір тамшы жауын еді ел тілегі. Мес қарын бұлт жел айдап жөңкіледі. Бүйірі тоқ бұлт енді бүйте берсе, Қара жерді қуратып өлтіреді. Бұл халық салар алға басқа кімді, Жай оғы тіліп түсер аспаныңды Мергеннің садағының оғы тиіп Местен су ағыл-тегіл ақтарылды. Енді, міне, таудың да етегі түк, Дүркіреп көк келеді көтеріліп. Қара жердің таңдайы жібіген соң, Қалың ел де ертеңге етеді үміт. "Алдам-ай, мың жасағыр Мергенім-ай, Өзіңді бағымызға бергенін-ай. Дәл мұндай жақсылықты сенен бұрын Ешкім де жасамап ед елге бұлай". Сыналап кіретұғын санамызға, Қашанда толы емес пе Дала аңызға. Халықтың пейілімен мың жасаған Сол Мерген жүр дейді әлі арамызда. Құс жолы Құс жолы қандай көлемде? Көрдің бе одан сан ізді? Шаңытып тұрған төбеңде Шаңғының жолы тәрізді. Әлде ол өзен бұлаңдап Асығып аққан теңізге? Таптаурындардан шығандап, Шығамын десең жол ізде. Шырақтай жанған жұлдыздың Шоғырын тұр ол құшақтап, Мелдектеп тұрған мейірім, Сондықтан оның түсі аппақ. Балапандарын бауырына ап Жатады көкте көсіліп, Қара да қайта лапылдат, Жалыныңды алсаң өшіріп. Жырақта алыс тұрса да, Жақын бір тартар күш пе еді?! Осыған ұқсас біршама Ішімде бар бір Құс жолы. Терезеден тысқа көз салғанда Терезе ашық. Жып-жылы леп кіреді. Таныс та бейтаныс шу естіледі. Көшеде көлік біткен гүжілдейді, Сол дауыс іңір түспей үзілмейді. Фонтанда бала-шаға салып асыр, Сонда сен балалықты сағынасың. Бір бала бара жатыр жылап тағы, Бірақ оны шешесі жұбатпады. Сорып алып шылымын әнеу жігіт жасырады, қоярдай әлем біліп. Өшіреді сонан соң шоғын жаншып, Ал мен шоқтың естимін соңғы даусын. Қызметкер ме тұрған ол алып тыным, Ауық-ауық түзейді галстугын. Екі жас сезімдерін жалаңаштап, Көрген жан көз-көңілін ала қашпақ. Ғашықтық оңашаға жүгіретін, Сонда еді оның барлық құдіреті... Ағыл-тегіл адамдар сабылысып, Жүгіреді бір жаққа алып-ұшып, Қайда бәрі асықты, Өмірге ме? Онда бару керек қой көңілдене?! Естіледі құстардың үзік әні, Адам неге құстарға қызығады?! Жиі-жиі қояды шықылықтап, Шамаң келсе, құс үнін түсініп бақ. Мойнын созса мен жаққа емен, терек, Келер біреу оған да көлеңкелеп. Сүйеніш қой орындықтың арқалығы, Ал біз көзге ілмейміз жорта мұны. Біреу тізе бүгеді тыным алып, Біреу ақыл айтады тұрып алып. Елітпей емен есік, емен еден, Көз салып қояйықшы терезеден. * * * «В том что умираю не вините никого...» В. Маяковскийдің соңғы хатынан. Айтылмай қалды бір сыры... Тарс етті. Сосын... тыншыды. - Мылтықтың даусы?! - Жо-жо-жоқ, Жүректің соңғы дүрсілі. Құйылып өлең оңнан да, Құйылып өлең солдан да, Ағыл да тегіл жүрекке Мелдектеп тұрып толғанда, Жарылып кеткен жүрегі, Бозарып кеткен реңі, Өлеңи емес өмірде Ақын дегенің кім еді? «Буржуазияның түнегін» Жарып бір шыққан жыр еді, Жарқылдатты көктің жанарын, Сықырлатты Жердің сүйегін, Басы үміт, соңы үрейлі Революцияның ұлы еді. Саңқылдап тұрған санаңда, Атойлап тұрған алаңда Өлеңнің бәрі өксіп кеп Жиылса қайта жанарға, Құйылса қайта қаламға, Ұшар ед көкке жыр-пырақ, Бұйра бұлттардай бұрқырап, Жауар ед жерге сел жауын, Жанар ед көкте мың шырақ. (Жаныңды мазаламасын Көкейде қалған бір сұрақ). Тарс етті. Жан да ыршыды. ...Жүректің соңғы дүрсілі.
madeniportal.kz