Көкбөрі Мүбарак. Жалғыздық кегін алғанда

ӘДЕБИЕТ
1987

(Топтама өлеңдер)


 ТҰЛПАР

 Сұйылтып тұлпардың қос жолын,
 Құшаққа сұлбасын құйдырып.
 Жиналған көңілдің шоқтарын,
 Томаға жүрекке кидіріп.

 Көбіктей ойнаған жалқын нұр,
 Бұршақтай езіліп жалынан...
 Ғаламды сындырған жарқылы...
 Ақын боп құлайды ауылда.

 Найзағай таматын түбектер,
 Күп-күрең бөрінің жалы есіп...
 Кемпірқосаққа ашылған жүректер,
 Бөрі көзінің сіңіріп сәулесін...

 КЕЙІНГІ БІР ҚОБЫЛАНДЫ

 Көңілім менің мәз емес,
 Аттай ойнаған бұлттарша,
 Көңіл құр көкке шапшиды.
 Құртқадай қыздар шыққанша,
 Қобыланды жүрегім қаңсиды...

 Көңілім менің жүдеулі,
 Бурылға тастап бұлт ерді,
 Мінсем бе көкке көтеріліп?!...
 Ай маңы менен үркеді,
 Орны тысқа шегеріліп.

 Көңілім сонда үдеріп,
 Иыққа қойып жұлдызды,
 Қалқаным қыздай жарқылдап.
 Шанақтағы улы күмбірді,
 Сыйпаған қолым солқылдап.

 Қысылғанда ер жігіт,
 Естіп өксіп, таңғалып,
 Бұл ғаламның құбылысын.
 Жан көкем, әкем қайдан жүр,
 Қойынына жылтсын мендей ілбісін.

 Мен түсемін қиялға,
 Отымды салқын шарпыса,
 Жалғыздық кегін алғанда.
 Өз иісім түнше аңқыса,
 Жұпарын үзіп маржаннан.

 Бұлттан озған теңбіл құс,
 Жерге мүлдем түсе алмай,
 Аспанда өліп бүктелер.
 Төменге, көкке ұша алмай,
 Ғарыштан пәрмен күш келер.

 Көк аспанда өлген теңбілше,
 Қобыланды тұрды үдеріп,
 Бүйрегін от басады.
 Қабырғасы тамға тіреліп,
 Көшеге адым шашады.

 Көшеге шашқан адымым,
 Қаланы таптап қағаз қып,
 Жанарым көкті жарады.
 Ойнақтап шыңда марал күн,
 Шөлімді қозғап барады.

 Көңілім менің мәз емес,
 Аттай ойнаған бұлттарша,
 Көңіл құр көкке шапшиды.
 Құртқадай қыздар шыққанша,
 Қобыланды жүрегім қаңсиды...

ҚЫЗЫЛ ҚАНАТ МІНӘЖАТ

Қарғынға толып түн іші,
 Маужырап қалар тоңазып.
 Қияқтардың титтей қылышы,
 Қабарып тұрды жаны азып.

 Жұлдыздар құлағы елеңдер,
 Тау басын тұман жұмарлап.
 Елітеді еңлік емендер,
 Жанарым ішіне бұлаңдап.

 Мөңіреп те марал маусымдар...
 Көктемдер қанша тулады?!
 Қойыныңның шөбі алшындар,
 Жүрегің жазға жырғады.

 Батпырайды Баян көбелек,
 Әләу жапырақтардың үстіне.
 Қолбаштап жерді ебелек,
 Бақыт сұрайды үш күнге.

 Алтайдың марғасқа жай тасы,
 Ажағайларды шәйлатып.
 Көңілді желдердің шайқасы,
 Маңырама жауынға айналып.

 Жапырақ жанған қара орман,
 Менің де түлей жүрегім.
 Толқыны желпілдеп манарған,
 Өзендердің тілеуін тіледім.

 Тыраулап тарғын өмірлер,
 Қапалы тастар қаңқылдап.
 Сұңқылдақ сансыз көңілдер,
 Лайсаңды іздер шалпылдап.

 Ақ бөрілердің ұлан арманы-ай,
 Көлге шөмелеп малынған.
 *Бұлғында буыриды таң қалай,
 Көз ашпай қалдым жалыннан.

 Қимылдап Қыз-Жібек құрақтар,
 Іңірге келер таранып.
 Ішіме сүңгіген бұлақтар,
 Бұлықси бастады жаңарып.

 Тәу етем Тәңірі айдынына,
 Қалқайып жатыр қара жер.
 Бейуақтың қызыл қайығына,
 Отыра бастады ана бел.

 Жүрегімде нұрға қайнауда,
 Толассыз торпаң әлемім.
 Сандуғаштың қызы сайрауда,
 Жапырақтың жыртып сәлемін.
 __________________
 * Бұлғын - жер аты.

 ҚЫРАН ЕКЕУМІЗДІҢ ӨЛЕҢІМІЗ

 Қырандар ұшқан сайын,
 Ұшады түсіндегі биіктікке.
 Қырандар ұшқан сайын,
 Ұшады төсіндегі биіктікке.

 Төсі оның қандай биік,
 Әуеде толқындайтын.
 Төсінен шыққан әуен,
 Тұмсықтан саңқылдайтын.

 Түсі де қандай биік,
 Ұйқысын тазартатын.
 Түсінде көрген түрлі әуендерді,
 Қанатын сілкіп- сілкіп тарататын.

 Бүгін де қыран ұшты,
 Айналып ала тауды.
 Түн бойы көрген түсі,
 Мені іздеп бара жатты.

АҚЖЕЛЕҢ

Бүлдіргенді мұрныңа қадар едім,
 Тек, жазы үшін!

 Аяғыңды бұлаққа малар едім,
 Тек, тауы үшін!

 Көміп тастар едім мен күпанаға,
 Тек, иісі үшін!

 Мінгізер ем мың сүйеп көк сиырға,
 Тек, түсі үшін!

 Қос көзіңе алақан тосар едім,
 Тек, күні үшін!

 Масаларды қуар ем қыздай көріп,
 Тек, мұң ішіп.

 Қос бетіңнен сүйер ем кезек-кезек,
 Іңірдің ділі үшін!

 Қос анарыңды үп-үнсіз сыйпалар ем,
 Тек, түні үшін,
 Ақжелең!

 ҚҰШАҒЫМДА ЖЫЛАЙ ТҮСКЕН АҚҚУЫМ

Мен айтатын бір жол ән бар секілді,
Мен тұратын бір биік ақ таң секілді.
Мен ататын бір ұшқыр аң секілді,
 Мен қалайтын бір ыстық жан секілді,
 Мен аялап өткен бір сағым құсап,
 Мен ішетін үр көк от,  жалын құсап,
 Мен қоздырған рухы асқақ жаным құсап,
 Мен ішпеген қоймалжың сабыр құсап,
 Тербемеген көк жұпар шөбім болып,
 Сен маған жай ғана көрінбедің.
 Түгіңді,  өн-бойыңды жасыл жауып,
 Өн-бойыңда желпінді сенімдерім.
 Мен сені қозғай бердім майда болып,
 Майда қоңыр желдерім айнала өніп.
 Екеміз қол ұстасқан күйі сырғып,
 Табанымдай мап-майда сайға келдік.
 Сайдан өрген суық жел қоңырланып,
 Кеудеңізді қоңырқай жалын жауып.
 Өз үйіңнен аққудай ұзай бердің,
 Жон-арқаңа түскен күн сағымданып.
 Әкеңнен де сусытып, кеттің ұшып,
 Салған ұлы қиқуың көкті буып.
 Ұзап жеткен шалғайың мен болдым ғой,
 Қанатыңнан жел болып жетті жырым.
 Домаланған сай басы майда бұлақ,
 Маған келіп жеткенше арман ұзақ.
 Сен аққудай талпынып шыққан кезде,
 Сеніменен кеттім мен таңға құлап.
 Қия барып өзіңе құлаш ұрдым,
 Қызуына төседім құшағымның.
 Өлеңдей боп желпінген майда аққуым,
 Маған ұшып жетіпсің күш арытып.
 Әкең қалды, мөлдіреп анаң қалар,
 Қос жүрегі бүлкілдеп ғаламданар.
 Қанатыңнан ақ көлден жұққан тамшы,
 Иығыма талып тамып наз ақтарар.
 Сен білмеген тербеулі өлең болып,
 Бір балауса сөзіңді терең көміп.
 Құшағыма мен сені тыға бердім,
 Өз-өзімнен толықсып, кемелденіп.
 Алыстан ұшқан қандай құстар легі,
 Бәрі де жүрегіме ұшқан ба еді?!
 Бүгінгі барша құстар өзім үшін,
 Біреуін сирағынан ұстап едім.
 Сол аққуым, алтын кебіс...
 Айналайын,
 Құшағыма құлай сап тайғанадың.
 Мен бүгін назқаракөк әуе астында,
 Дүние патшасындай толғанамын.
 Алыста созалаңдап Ғұнның әні,
 Аққуша өксіп құшақта кім жылады?
 Сенің көзден көңілге тамған жасың,
 Иығымды жаңбырша сызғылады.
 Осыдан соң шабыт та ағара есіп,
 Айналама, қалаға қарап өтіп.
 Ұлы Алматы бесік боп тербелетін,
 Дұғамызға денеміз барады өтіп.
 Тілегіміз осы еді қабылданған,
 Көзім отты, түк шапшып, жаным жанған.
 Түнгі оттарды кептіріп құшаққа алып,
 Аққудан сәл жеңілірек ауыр қарғам.
 Сен менің парасатымда тыныстайсың,
 Сен менің Ғұн сүйсінген жырымдайсың.
 Сен менің Мөде қаған жылап тұрып,
 Жылап тұрып тыңдаған мұңымдайсың.
 Сен менің көкжал үніме қонған бақсың,
 Сүйген сайын толықсып ортаймапсың.
 Жаныңнан сыңсып ұшқан түрлі құстар,
 Сені көріп масайып қартаймапты.
 Қартаймаған қалың құс...қанша жылдар...
 Аққу жылың, жастығың... таң сәрі ырғақ...
 Көк жейдемді шешіп ап қолыма ұстап,
 Мен сені шақырды екем қанша бұлғап.
 Аққу денем ағарып,  шешкен жейде,
 Мына таң жүрегіме өртенбей ме?
 Қиырда сығырайған Нұх кемесі,
 Сәлихалы түсім боп өлкемде енген.
 Сол кеменің үстінде туған жырым,
 Мен сені ай шарындай ырғап жүрмін.
 Тұп-тұнық әппақ айым,  қосар жаным,
 Пері қызы,  дауысымды тыңдай білдің.
 Мына күн де атады көбіктеніп,
 Әрбір таңға дір етем сезіктеніп.
 Менің балғын жүрегім шөпше бұлқып,
 Өз-өзімнен кетемін көріктеніп.
 Қылыш қыры жарқырап қолымда ысып,
 Сен келесің аққуым соңымда ұшып.
 Құшағыма сыңсып кеп жылай түсші,
 Менің бар қайнарымды жанымда ішіп.

БӨРІ

Олардың үйі - көшпелі үй, көшпелі самал,
 Сұлу бөріні тұрады ойлап кештегі марал...
 Шуақтан басы ісініп барып,
 күн қайтып келе жатқанда,
 Биәзі изендердің жүзіне не істеді алау?!...

 Жолдардың өңі бұзылып қайта,
 Жолдар шапшып биледі ызғырықтата...
 *Қыпшақ деген белгіні құшақтап отыр,
 Ағаштың титтей қуысынан да қылғынып дала.

 Бөрі еді қандай, сымбатты еді,
 Көзі арландікі емес, қыздай мөлдіреп жұмбақсың өзі.
 Қарала түндер қоңырланып барып,
 Дайындап жүректегі ырғақтың жемін.

 Таулардың бәрі бұтын көтермей,
 Жұқа көбелектерге шағылысып бір уыс
 күлкім жетердей.
 Мен де өзінше ұлимын қайта,
 Әуезіме қарай тоңқалаң асып бір түн өтердей.

 Жусан қандай жұмсақ, дала да тіпті,
 Қойыныма жұмсақ сарана шықты.
 Бөрі күйімде емес, қоян күйімде құшақтай алдым,
 Қара өлеңге келіп қараған жұртты.
 _________________________
 *Қыпшақ белгі – II таңба, бұл «әліп таңба» ағаш қуысын білдіреді. Бұл «Қыпшақ бабаны анасы алып ағаштың қуысында босанғаны» жайлы аңызды еске салады.

АҚЫН

 Құмартпай қара салқынға,
 Ат құлағынша құлақ шымырлап...
 Бойыңды өрлеп ыстық сөз,
 Жүректі тебер жыбырлап...

 Тұтқыны болып ақ лептің,
 Ақ лебің түсер жүректен...
 Жүрекке жақын қызу сөз,
 Тоса алмай оны дір еткен...

 Шымырлау мұнда басталып,  
 Төгілмей жасың ойланып...  
 Саусаққа жетпей әл-дәрмен,
 Жүректі ғана айналып.

 Қыстығу мұнда тән емес,
 Абырой еді - өртену.
 Қағазға дайындау жөн болар,
 Сөзіңнің итеріп желкенін.  

 Ұмтылып ойдың ұшында,
 Саусаққа баяу от барса...
 Барды ма,  әлде,  бармады ма,
 Білмейсің қағаз шоқтанса...

 Сығылып көздің жасымен,
 Ауаға терең бойлаймын.
 Майысар мойыны сықырлап,
 Домбыраға қарай алмаймын.

 ҚОЛДЫҢ ҚАРА ҚАҒЫСЫ

Ұлы дала бетінде жүрек бардай алғашқы,
 Ұлы дала шетіне жазу төгіп қар басты.
 Ұлы дала басына ұшар шыңдар алмасып,
 Ұлы дала жанынан өте шықтым алғашқы.

 Ұлы дала көбігін ақ тұманға сусытып,
 Жүрегіңнің сенімін ат сертіне кілкітіп.
 Қабанбайдың ойлары көңіліме мауығып,
 Баса бердім құшаққа,
 Қылыш бетін сусытып.

 Үркердей үн қонады қызыл түннің бетіне,
 Көңіл біткен молаяр қарлығаштай жеті үдеп.
 Тұңғыш туған жүрекке -
 Тұңғыш шыққан жыр жолы
 қалқып бара жатқанда,  
 Бір мең қонды бетіме.

 Содан бері осы мең жыр-нүктеге айналып,
 Содан бері осы мең ай шетіне орнады.
 Ұлы дала басына қыран көшсе толғанып,
 Қыран көшкен биікке бара жатам айналып.

 Осыдан соң қағыс жоқ...  
 Дыбыс та жоқ секемдеу,
 Қыран көшкен биікті қыран жыры мекендеп.
 Осыдан соң өмір жоқ, осыдан соң мөлтіл жоқ...
 Осыдан соң бар қағыс домбыраңда секемдеу.

БІР КӨЛЕҢКЕЛІ ЖЕРДЕГІ ҰҒЫМ

Жиһанкездің торыққаны,
 Жиһанкезден шатқалдағы аюдың қорыққаны...
 Тастардың таулардан жалыққаны,
 Бір шөкім құмның құмдық ішінде зарыққаны...
 Қыранның бүгін құлазып қалықтауы,
 Белгісіз құстың кірлеп түскен мамықтары,
 Ауладағы шырақтың сарыққаны...
 Ешкімнің келмей жабыққаны,
 Жабыққан шырақ сүйкімді болушы еді,
 Сүйікті мұңнан жалықпады.
 Жиһанкездің қалпағын түртінген торғай,
 Жиһанкездің өзінше шабыттанып.
 Деседе,
 Жиһанкездің торыққаны,
 Жиһанкезден шатқалдағы аюдың қорыққаны...
 Үкінің балағын қаси алмай, себепсіз суға малғаны,
 Тағдырлы қыздың өлең арқылы жуған арлары...
 Себепсіз құмға барғаны,
 Жаңағы жалғыз шөкім құмның сонда шулап алғаны,
 Бәрі де айнам, жаңғырық па екен?
 Жиһанкездің торыққаны,
 Жиһанкезден шатқалдағы аюдың қорыққаны...
 Ысқыра алмай жиһанкездің,
 Ақыра алмай аю ананың,
 Үп-үнсіз қорғалақтауы...
 Таудан құтылғысы келген тастардың ырғалақтауы...
 Зілзала лебінің сырғанақтауы,
 Жиһанкездің мұңға алақтауы...
 Ессіз бір дүниенің шырмап ап қалуы,
 Жиһанкез Жанат ағамның сол жиһанкезжей ыржалақтауы,
 Есімде.

 ТҮННЕН БЕТЕР ҚҰЛАЗУ

Сап-сары аспан домбырадай иіліп, құлақ күйін шертеді,  
 Көгілдір бір жұлдыздардың салбырап тұр өркені...
 Салбырап кеп өркені,
 Тиеді екен желкеңе,  
 Сен де оған саусағыңды ашалап,  
 Сәбидейін қозғаласың еркелеп...
 Түн ішінде қалып қойған жалғыз шөкім таң нұрын -
 Шымырлатып қозғап жүрген кім еді?!
 Менің әппақ түсіме түрлі-түрлі раушанның жұптары да кіреді.
 Раушандар мен қызғалдақтар түтіндерін түтетіп,  
 Өздерінің қауызына бізден бетер дір етіп....
 Мынау түнгі толқындарды ақын жанды бір балықтар аунатып,  
 Толқындарды шулатып, маған қарай үркітеді зарлатып.
 Жылп-жылп еткен қара түндер көкжиектен жанғыштап,  
 Қаралтқымдау шырақтарын көтеремін таңға ұстап.
 Иірімі мына түннің бетіме де дөңгелеп,
 Бүйрек беттің жылуымен көше жақтан мен келем...
 Саусағымды санай бастап тағы да бір жұлдыздар,  
 Алақаным арасында домалайды бір мұздап.
 Сенің көзің көк пе еді айнам, қара ма еді таңғалам,  
 Әйтеу көзің түні-бойы сүрлеу салып аунаған.
 Сол сүрлеуге бұл көше де аунап кетіп барады,  
 Аударылысқан аспанның көк пен қара бұлттарын,
 Жүрегіңе жетелеп, қақ ұшына орап ап қытырлайды қаламың.
 Тағы да бір көк мөлдір түн домаланса оянып,
 Бір тамшының ішінде қара көзің байқалмай, отырасың боянып.

 ТУҒАН ЖЕР

 Туған жерден бір жұпарға қол беріп...
 Саусағымның қалды ұшында,
 Мұндай асыл жұпарды жылқының да кекілінен көрмедік.
 Саусағынан қыз ұстады дей көрме,
 Сол бір жұпар балағымнан өрмелеп,
 Саусағымды қытықтатып келгенде,
 Жылан деп те ойламадым оны мен.
 Жылан емес, жасыл жұпар шығар-ау деп сеніп ем.
 Жылан да емес, әлде бұлдыр шөп емес,
 Осы жұпар жүрегімнің бір жартысын елемес...
 Сол жұпарға денем жүрді қозғалып,
 Сол жұпарға қыстырылар сөз барып.
 Жұпарына жұмыр шаштар толысып,  
 Жұпарының ырғағына көбелек те көп ұшып...!
 Ырғағымен асау өзен жартасқа,
 мөлдір басын қақ бөліп...
 Неше түрлі кесек толқын бейшара боп жатты өліп.
 Қандай жұпар, түсіне алмай жүргенде,
 Бойым қара шидей болып желпілдеді бірдем де.
 Жастық мені қара-жасыл демімен,
 Иіскей, иіскей қойныма кеп еріген.
 "Қандай жұпар?"...  Әлі таппай жүргенде,
 Жұпар жайлы естіп қалдым түнде елден...
 Ақжал айғыр басын сөгіп алған ғой,
 әлдебір дәу арманға!
 Кейде қанша сөгіліп жарылды екен таңдар да?!
 Менің ойым тағы таңша құлазып,
 Әнеу жақта сопақтанып дедектейді күн азып.
 Соның-дағы соңына алты көз салып,
 Сол жұпарға кеттім мен де қанша арып...?...!
 Бүгін жұпар үйіме кеп ұйықтады,
 Туған жерім осы екен деп, мен де үйімнен шықпадым

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...