Ойдың, еркін ойдың қанаты – бейтараптықта...Артур ШопенхауэрОсы бір ақ шашты «сәби»...
Ықылас Ожайұлы. Еркін ойлау немесе көне қағидаларды қирату
Құрметті қауым, біз бүгінге дейін қалыптасып, қаумана санасына орныққан кейбір көзқарастар мен қағидалардың қаншама бөлігінің жаңсақ екендігіне күн санап көз жеткізіп келеміз. Бұл сансыз стереотиптердің адам ақылының көп бөлігіне күбірткедей жайылып, барынша дендеп кеткендігін еріксіз мойындауға мәжбүрміз.
2001 жылы «Талибан ұйымы» Ауған топырағында мыңдаған жылдардан талықсып жеткен көне жәдігердің бірі Будданың тас мүсінінің түбіне жарылғыш бомба қойып жермен жексен етті. Жәдігерді пұт есебінде қабылдап, оның тас-талқаны шыққанына масаттанған осы бір «жандар» адам ішіндегі нағыз пұттардың надандық пен кембағалдық, қорқыныш пен үрей екендігін еш сезінбейтін секілді. Біз ұзақ толғана келе санада орныққан осы бір алапат пұттардың әмірімен ұдайы күресіп отыру керек деген ұйғарымға келдік. Жалған қоғамдық пікірлер мен көзқарастарды күйрету жолында «қателесіп, жаңсақ кетсек қайтеміз» деген үрей шынымызды айтсақ, үш ұйықтасақ ойымызда жоқ. Француз ойшылы Гастон Башлярдың: «Біз өз кезегімізде бүкіл интеллектуалдық өмірдің құлағына «қателік, сен зұлымдық емессің» деп сыбырлаймыз» деген сөзі біз үшін мұрат мұнарасынан желбіреген жеңіс байрағы іспетті.
I
Елдің егемендігі мен азаттығы деген атаудың өзі этностың еркін ойлау ұғымының шын баламасы ғой. Отарлық (дұрысы құлдық ) еркін ой ағысы тежелген тұстан бастап орын алатын құбылыс екендігін бәріміз де білеміз. Қожайын билеген құл санасының қашанда «өткен шақ» елесімен ғана өмір сүретіндігін небір данышпан атаулылар жеріне жеткізе отырып жазып кетті. Осылайша өз руы мен өскен жерінен, ата-баба өмірінен абсолютті ақиқат пен дәстүр жасауды Жан-Жак Руссо: «Мұндай жағдайда елде еш даму болмайды. Олар өз ата-бабаларынан алысқа ұзап кетпейтіндіктен жүздеген жылдары босқа өте береді. Ру қартаң тартқанменен, адам әлі де сол сәби қалпында қала береді», – дейді. Біз бұл жерде дәстүр ұғымын жайдан-жай атап отырған жоқпыз. Дәстүр – уақыт «некесінің» төл перзенті. Дәлірек айтар болсақ, дәстүр дегеніміз күңіреніп күн түбіне кетіп, бастапқы бабалар уақытына өту емес, замана тамырының соғысынан жаратылған жасампаз жол (Осы жол енді уақыт әмірімен өз тағына орнығып, адам мен қоғам арасының негізгі күретамыры мен көпіріне айналады). Өзіңіз бір сәтке ойланып көріңізші, бүгінгі біздердің сонау XIX ғасырдың уақыт ырғағымен өткізіп жүрген торқалы тойымыз бен топырақты өлім жөнелтуімізден, қанеки, кімдердің қалтасы қағылып отыр. Өлілер ме әлде тірілер ме? Құдайшылығын айтайық. Бұл, бар болғаны қоғамдық пікірден қорғалап, көне қағидалардың етегіне тығылған қортық санамыздың уақытша дірілі ғана. Уақыттың өз әмірі мен қозғалысына сай сара жол (дұрысы дәстүр) қалыптастыра алсақ, біздерге көрдегі Бөгенбай мен Қабанбайдың қайтадан тіріліп келіп «қалай ғана бұлайша істейсіңдер» деп шу шығармасы анық қой. Рас, «өткен шақ» өмірді тек зерделеу үшін ғана қажет. Кейде біздердің «келер күннен үмітіміз зор» деп құрғақ қиялды құр шабақтай беретініміз тағы да бар. Біздіңше, бұл да тиянағы жоқ түсінік. Екі шақсыз келер күннің де мағынасы айшықталмақ емес. Неге десеңіз, «келер шақ» ұғымының өзі «өткен шақ» пен «осы шақ» «некесінің» негізінде ғана жаратылатын уақыт қой. Сонымен ел санасында «дәстүр», «ақиқат» пен «шындық» есебінде бекіген бұл қағидаларды қалайша өзгертпек керек?
Еркін ой мен ерік мәселесінде кез келген жерге Алланың атын тықпалап, бәрін Жаратқанға жаба беретін кей адамдардың қылығын көргенде: «Барлығына әмірі жететін Құдай, қанша жерден құдіретті болса да күнә жасаған қыздың пәктігін қалпына келтіре алмайды», –дейтін әулие Иеронимнің сөзі есіме түседі. Иероним оймақтай ғана осы бір ойы арқылы адамдағы ерік мәселесін көтеріп отыр ғой. «Шындық дегеніміз әрқашан сене салуға болатын нәрсе емес, керісінше, ол ойлануға болатын дүние» – дейді Гастон Башляр.
Дүниені тани беру мен оқи берудің соншалықты маңызы жоқтығына, керісінше, қоғамды өзгерту мен қозғалысқа түсірудің одан әлде қайда пайдалы екендігіне күн санап көзім жетіп келе жатқан тәрізді...
II
Құрандағы «Қызыр» ұғымының мағынасы қалай?
Енді екі мың жыл өткенде біздің діни және мәдени түсініктеріміздің дәл бүгінгідей болмасы айдан анық қой. «Ой, тоба-ай, кешегілер тау менен тасқа табыныпты» деп біздердің бұрнағыларға мұрын шүйіре қарағанымыздай, біздің де қазіргі діни балаң түсінігімізге келер күн зәузатының кекей қарауы бек мүмкін ғой. Өйткені өз уақытына «күйлеген» ой мен танымның әманда өтпелі екендігін «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» деп Абай хакім де шегендеп кетті. Өркениет өресінен қарасақ, ата-бабаның өз ұрпағының алдында күлкіге қалғанынан артық қандай өкініш болуы мүмкін. Ал енді айтпақ ойымыздың негізгі әлхамына қарай көшелік. Құран кітабындағы Қызыр мен Мұса арасындағы хикаяны оқыған адам ондағы оқиғаларды бірден есіне түсіреді деген үміттеміз. Білесіздер, Қызырды зарыға іздеп келіп жолсерік болған Мұса пайғамбардың сапары оңынан туа қоймайды. Жолдасының жасаған (жазықсыз (бір) баланы жазым ету, көлде тұрған көп қайықты қараптан-қарап тесіп тастау секілді) түсініксіз әрекеттеріне Мұсаның сабыры мен пайымы жетпей, екеуінің жолы ең соңында айырылып тынады.
Сонымен бұл құпияның астарында нендей мағына жатыр. Түйіні қалайша тарқатылуы мүмкін?! Құранда «Қызыр» арканум (жұмбақ ілімге ие) адам бейнесінде. Мәселенің түпкі сыры аяттың эзотерикалық (құпия) мәнінде болып отыр ма деген ойдамыз. Біз бір ауыздан, Құран Құдайдың сөзі-дүр дейміз.
Бұл жердегі Құрандағы барлық «сөз» ұғымы кәдімгі адами қарым-қатынастағы сөз емес, символика сипатына тән. Мәселен, ағаш та, шөп те, адам да негізінде сөз емес, символика сипатына тән ғой. Абайдың да «Алланың сөзі - қаріпсіз, дауыссыз» деп отырғаны осы ойымыздың байламы. Ендеше осындай кодтық, символдық мағынаға тән ақпарды тікелей қабылдаудың қаншалықты қателік екендігін, мұндағы «қаріпсіз» һәм «дауыссыз» ұғымдарының жай бір сөз бен сөйлем емес екендігін дұрыс бағамдай білгеніміз жөн.
«Шындық дүниеге жалаңаш күйінде келген жоқ, ол нышандар мен бейнелер арқылы келді. Ол, оны басқаша үйрете алмайды» дейтін ескі Евангелие жазбасының да айтпағы осы-тұғын. Ғалымдар «Қызыр» атауы жасыл деген мағына беретіндігін, мұның негізгі мәні бұл ұғымның саф, таза күйінде ұдайы жаңарып тұратындығы үшін қойылғандығын көлденең тартады. Ендеше бұл жердегі «Қызыр» (Жасыл) жастық, дәлірек айтсақ келер шақ мезгілінің нышаны іспетті (Бұдан біз символ мен ишара белгілерінің негізінде жасырылған трансцендентті өлшемнің бар екендігін бағамдаймыз).
Сонда пайғамбардың да сабыры мен пайымынан тысқары тұрған бұл мәселенің келер күн мезгілі екендігін, ал мұндағы мәліметті алдағы замананың өзі тәпсірлейді деген ойды түсіну оншалықты қиын емес секілді.
Құдси хадистің бірінде Құдай-Тағала «Мен бір жасырын қазына едім. Білінуді қаладым. Танылайын деп әлемді жараттым», – дейді. Әлем үлкен макрокосмос болса, адам кішкене микрокосмос олардың бірінсіз-біреуінің мағнасы жоқ екендігі мәлім. Қазақтың қастерлі Мәшһүр-Жүсібі мұндағы «әлем» ұғымын «адам» деп тәпсірлеп «Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді» деп ғажайып пайым жасайды. Ендігі сөзіміздің ауаны да осы жайында болмақ.
Адам ақыл ойы мен танымының ауқымы қандай болса, Алланың да мәні дәл сондай болмақ (Біздің Құдайға қараған «көзіміз» Құдайдың бізге де қараған «көзі» дейтұғын пайым осыған саяды).
Ибн әл-Арабидың:
«Жүрегім менің әр қалыпқа кіре алады,
Поптар үшін – бір монастырь,
Пұтшылға – тас мүсін,
Шын тақуаға Қағба боп.
...Қай бағытқа керуен басын бұрса да,
Тек тура дін өзімде,
Өйткені ол – ғашықтық» дейтіні сол.
Бұдан шығатын түйін «жұмақ» пен «тозақ» ұғымдары да адам рухының дәргейіндегі өлшем екен. «Наданның жаны тозақта» деп келетін қазақтың байырғы қара өлеңнің де айтпағы осы. Жетілген жан мен мәдениетті адам (қоғам деп алсақ та болады) «жұмақтың» сипатында болса, өтірік пен өсекке, ұрлық пен қарлыққа шырматылған адам жаны киелі кітаптар көрсеткендей «тозақтың» сипатында болып, кімдерді болмасын тиіп кетсе-ақ болғаны «өртеп» түсіреді. Мұндай «жан» кеудесіндегі ар-ұжданның дауысын ешқашанда ести алмайды, керісінше ішек-қарын шұрылының «әлдиінде» болады. Олардың әрбір опасыз әрекеті жақсының жанын оттай қаритыны да осыдан болса керек-ті.
III
Құлдық феномені
(Құдай-Тағала құл иеленуші ме?)
Құдайға құл болып құлшылық ету мәселесін талай мықтылар өз еңбектерінде терең талқылаған болатын. Солардың бірі Платон мен Сократ хакім десек қателесе қоймаспыз. Сократтың «Евтифрон» диалогінде осы бір құлшылық мәселесі қызу пікірталас алаңына айналады. Аталған еңбекте Аллаға ұнамды нәрсені барынша ықшамдап, «құдайға құлшылық» деп атаған жөн десе, екінші пікір бұл жердегі «құдайға құлшылық» ұғымын «әулиелік» деген атаумен ауыстырған әлде қайда дұрыс деген ойды ортаға салады. Платон өзінің «Заңдар» диалогінде: «Құдайға сенген адам ешқашан зұлымдық жасамайды. Себебі, іштегі ар-ұждан ұғымы оның заңына айналады. Егер ол заңды бұзса, мұны мынадай үш себептің біреуі бойынша жасауы бек мүмкін: не ол Құдайдың бар екеніне сенбейді, не оның адам баласымен ісі жоқ деп есептейді, не Құдайдан құрбандық пен құлшылық арқылы кешірім сұрап құтылып кетемін деп ойлайды».
Біздегі бүгінгі туындап отырған бар мәселе де ойшылдың осы бір үшінші себебінің ішінде жатқанға ұқсайды. Құдайға пәленше қылсаң болғаны түгенше сауапқа кенелесің деген секілді саудагерлік есепті Платон да жақатпай: «Күнәларын құрбандықпен әм құлшылықпен жуып-шайғысы келетіндер Құдайды жемтік үшін қасқырға сатылатын қойбағар ит секілді көреді», – дейді.
Сонымен данышпандар еңбегінен түсінгеніміз мынау: ҚҰДАЙДЫҢ МАҚСАТЫ АДАМНАН ҚҰЛ ЖАСАУ ЕМЕС, КЕРІСІНШЕ ӨЗІМЕН ТЕҢ ТҰРЫП «ТІЛДЕСЕР» ЖЕТІЛГЕН АДАМ ІЗДЕУ. АЛЛА АВТОКРАТ ТА ҚҰЛ ИЕЛЕНУШІ ДЕ ЕМЕС. Құлдың қолынан жалғыз-ақ ғана шаруа келеді. Ол – қорықақтық. Құл қорыққанын сыйласа, дегдар (жетілген жан) әманда сүйгенін сыйлайды. Себебі, Жаратқан тек сүйген жүректің ғана ішінде болады. Құдайды жанның жарығы мен жоғарғы мәні десек, онда Құдайды механикалық құлшылықтан гөрі, шығармашылықтан іздегеніміз әлдеқайда дұрыс. ЕНДЕШЕ ЕРКІН ОЙ, ЖЕТІЛГЕН РУХТЫҢ ДӘРГЕЙІНЕ ЖЕТУ ҒАНА БІЗДЕРДІ ШЫН ҚҰДАЙМЕН ҚАУЫШТЫРА АЛАДЫ. Ар мен ұят, әділет пен рахымның құны механикалық «құлшылықтан» қашанда биік. Осыған ой жіберткен Сократ: «Егер Құдай біздің жанымыздағы тазалық пен әділдіктен гөрі өздеріне шалған құрбандық пен құлшылықты артық көрсе, бұл енді бас шайқатар өкінішті жағдайдың болғаны» дейді. Мұндай абыздар мен ақылмандардың ойына біздің де енді алып қосар ештеңеміз жоқ...
(жалғасы бар...)
PS.
Құрметті қауым, бұл жолғы мәселе теология турасында болды. Келесі тақырып әдебиет пен мәдениетке қатысты екендігін қаперлеріңізге сала кеткіміз келеді.