Мағжанша мұңайып, Сәкенше сүйіп, Мергенше жазатын ақын

ӘДЕБИЕТ
1978

Оның өлеңдерінде Сарыарқаның самалы есіп, жусанның жұпары аңқып, тұма бұлақтың күлкісі естіліп, таулардың биіктігі бой көтеріп, даланың мұңы күрсінеді. Ол – Бурабайдың биші қайыңдарындай бұраңбел қыздарды жырлайды. Оқжетпестей биік болуға талпынады. Құлагердей Атығай-Қарауылға олжа салғысы келеді.
Біржанның асқақтығы мен Ақанның тазалығы – өмірлік ұстанымы іспеттес. Ол – Мағжандай мұңаяды, Сәкендей сүйсінеді. Бірақ, Мергенше жазады.
Қадірменді оқырман қауым, Сіздердің қолдарыңызда «Нұр Отан» париясының Ақмола облыстық филиалының қолдауымен «Алдаспан» сериясымен жарық көрген Мерген Тоқсанбайдың соңғы жылдары жазған өлеңдер жинағы.
Қолдарыңызда тозсын!

САПАРЫҢА СӘТТІЛІК ТІЛЕЙМІН 

Мерген Тоқсанбай мен үшін қалам қағысы қапысыз қалыптасқан, айтары тың, әдемі поэтикалық пайымының парқы құнды ақын. Осы ойымды оның «Антитеза» атты өлеңдер қолжазбасымен танысу үстінде мығым орнықтыра түстім. Жырдан жырға ауыса ілгерілей түскен сайын «жас жүрек жайып саусағын, ұмтылған шығар айға алыс» дегізер сезім пернелерінен сорғалап түскен балаң дауыс зорайып, ұлғая түседі, азаматтық ұстанымы бекіп, нығая береді.
Жастыққа тән әсершіл әдемі де періште пиғыл жаңа арнаға аунап түсіп, өзінің өзгеге ұқсамас ұтқыр да ұрымтал деңгейіне жетелей түседі.
Бұл, сөз жоқ, мына мені тірліктің тілін тапсам, сол тұғырға көтеріліп алып сөз сөйлесем деген іңкәрлі көңіл көрінісіндей әсерлендіреді.
Ақынның қаламынан қотарылған алдыңғы көңіл-күй сезімдері соңғы тарауға жеткенге дейін жетелі ойдың ордалы тұсына қапысыз көтеріліп алып, айтары ат басындай алтынға айырбасталмас аталы пікір пайымдауларымен ойлантады, өмірдің күйініші мен сүйініш сыйпаттарын суреттеуге ден қояды.
Бүгінгі тоз-тозы шығып аза бастаған ауыл тірлігін Мерген ақын:

Маған дейін мың түлеп, мың гүлденген,
Менен кейін құлпырар тірлігі – өлең.
Ауылымның жарқырар жүзі – жақұт,
Баяғыдай келін ап, қыз ұзатып.
Боз жусаны бұрқырап баяғыдай,
Таң рауанын бүркіп ап баяғыдай.
Ақ отау боп даламда боз қауласа,
Тау ұлдары көшпесе, қозғалмаса.
Арман жоқ!
– деп толғау арқылы дүйім қалың жұртының үміт-аңсарын аңдатады. Сені де сол тілекке қосып алып кеткісі келеді. Мұнда ақын ұлдың ізгі арманы мен таудай тілегі жатыр. Осы бір мотив оның басқа да өлеңдерінде бой байқатып отырады.

Балалығым өткен жер –
Үй менен қора арасы.
Қайрылмай кеткен көктемдер.
Айналып соғар болсашы!
– деу сол тұжырымға дәлелді тірек.


Шөл басып талай кәусардай
бұлақтарынан,
Аққұба қызға бұл жерде
сыр ақтарылған.
Жалған күндер-ай оралмас,
арман түндер-ай,
Сендермен күліп қоштасқам,
Жылап сағынам...
деген ақын тұжырымында талайлардың таңдайында кеткен арманды сағыныш, оралып келмес дәуренді кездері қалған-ау шығар дейсің.
Мерген поэзиясындағы айшықты бедерлі әдемі суреттер молынан ұшырасады. Оған шумақ іздеп сабылтып қажетті жоқ. Мәселен, «Таңсәрі» өлеңінің әр жолы жанды суреттен тұрады десек иланғайсыз.
Оны өзіңіз оқып көз жеткізерсіз, құрметті оқырман.
Міне, оның осындай табиғаттың маңдайына біткен жанды суреттер мен көңіл толқытар туындылары аз емес. Бәрін тізбелеп айтуды шарт демедік.
Мені ерекше ынталандырған бір дүние – «Қасірет» атты толғауы. Оған ерекше тоқтамай өтуді әбестік санадым.

Алаш – алаш болғалы,
Атамыз атқа қонғалы.
Арлан қасқырдай үйірлі,
Әбжыландай ордалы.
Ойласа, ойы тереңде
Сөйлесе, сөзі қордалы,
– деп кең тыныспен еркін де екпіндете толғаған ақын жыры келмеске кеткен кесек те келісті жырдың сүлейлерін еске салады. Салып қана қоймай соларға арман болған ағынды ойдың от шашқан қуатты ұшқыны сені де баурай түседі. Осы тұста Мерген шын мәнісіндегі сөз мергеніне айналады. Сүйсіндірері де, сірә, сол болмаққа керек.

Оң қанатым – Ақ орда,
Сол қанатым – Көк орда.
Жерім кең көшіп, қонарға
Айбатым мұндай болар ма?!
Қайратым мұндай болар ма?!
Сол Алтын Орда тұсында,
Дұшпанды алған қысымға,
Басымда болған бағым да,
Қолыма қонған құсым да.
Қажырым – білек күшімде,
Қажырым – найза ұшында
– деп өрлей түседі.
Сол шақта еске түсірсем,
Жалына қол тимеген,

Ноқта – жүген кимеген,
Бесті асаудай тулаймын,
– деп өткен күндер елесін сағынышпен еске алады.
Арасын еркін жайлағам,
Өр Алтай мен Дунайдың.
Бүгінгі күнді ойласам,
Бетпақ даладай қураймын.
Қайғы алып қайтем көңілге,
Айналып қайта тумаймын...

...Бүгін де одан жоқ белгім,
Өзіме өзім кектендім,
Өзімді өзім жек көрдім.
Тарлығын көрдім өткелдің,
Қар-мұңын көрдім көктемнің,
Жер бесігін бабамның,
Тал бесігін баламның,
Қасиетті қара жерді анау –
Көз жасы сіңген анамның
Ақшаға сатып кеткенмін...
Бұл неткен қасірет, неткен мұң?!
Көмусіз тәнім қалады-ау,
Жаным бақиға өткен күн...

Бұл түйіндеуде де Мергеннің ғана емес, толайым Алаш қасіреті жатқан жоқ па екен? Бабалар аманаты – байтақ даланың талауға түскен бүгінгі халі әр қазақ үшін қасірет емес пе екен? Мерген ақын ойлануға шақырады. Бұл толғаудың «Қасірет» атануы да содан!
Мен Мерген Тоқсанбайды сәтті жыр жинағымен құттықтауға тиіспен. Өйткені, сәтті дүниелер күнде туа бермейді.
Сіздер де қадірлі қауым, жас ақынды жарқын дүниелерімен құттықтаңыздар, өкінбейсіздер.
Сапарың оң болсын Мерген бауыр!
                                                               


Төлеген ҚАЖЫБАЙ, 
Ақын, Жазушы, драматург,  аудармашы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

author

Мерген Тоқсанбай

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...