Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі. Назарларыңызға...
Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)
Осы жерден басын оқи аласыз
11 тарау
Төңірек тазаланып, қолдағы малды отар-табынға аттандырып, бау-бақша салып болған соң – ауыл жұртының арқасы аз уақытқа кеңитіні бар. Баяғыда шал-шақпұт, кемпір-сампыр жотасын күнге қыздырып, үй іргесінде мүлгуші еді. Енді ондай көрініс жоқ. Қазіргілердің қарияларын не кәріге, не жасқа жатқыза алмайсың. Сырттай қарасаң, сақал-мұрттары да жарасып-ақ тұр. Бірақ, тоқсанға келгені де одыраңдап, баяғы жынын ерттеп мініп жүргені. Белсенді болғандары осы Ғалам секілді көсе келеді. Сақал шықпайды емес, шығады. Тек, қызметтегі әдетпен күнделікті немесе күн ара қырынып тұрмаса – намаздары қаза болғандай сезінеді. Ғалам да сол салтымен ұстараны ерсілі-қарсылы айдап, сақал-мұртын қырып жатқан-ды...
Бір ғажабы Ғаламның көкейінен осы Қырмызы деген қыз мықтап орын алған тәрізді. Ояу жүрген сәтінің әр тұсынан ол қыз сығалап тұрғандай көрінетін-ді. Тек, түсіне кіріп көрген емес. Бірақ, Ғалам үшін түс пен өңнің айырмашылығы жоғалғалы қашан. Мына жасқа келгенде – өзінің қызымен жасты балаға ғашық болдым деуі әрине орынсыз. Ондай пиғылды ол ажал аузында жатса да мойындамасына күмәнсіз. Бұл – махаббат, құштарлық, ынтықтық деп ұсақтап, талдап әкететін көпшілікке ортақ сезім емес, әлдеқайда өзгеше бір мағынаға ие, киелі түйсік тәрізді. Мүмкін, жер бетінегі жұрттың аңғара бермейтін, тіпті оларға тиесілі де емес, бір тылсымдық жұпары болар. Осы, Қырмызының өзі де Ғалам сияқты әлдебір шалыққа жолыққан құпия жан ба екен? Тегі, төңіректі өзгеше көріп, өзгелерге ұқсамайтын тірлік кешіп, ой түзу – қарапайым орта үшін «қалыптан» ауытқу шығар? Ал, негізінде жалпыға бірдей «қалыпты» кім ойлап тапты? Ол да саясат деп аталатын бір қитұрқының амалы да... Демек, Ғалам мен Қырмызының әлемдері де бар болуға құқылы. Ол түгілі есінен ауысқан науқастың да өзіндік сандырақ әлемі бар ғой...
Ойға шомып кеткен Ғалам бір қырған жерін сан қайталап тұрғанда, ұстара жүзі тайқып кетіп, қиғаштай осып өтті. Қып-қызыл қан саулап қоя берді. Таңғы асқа шақырған Қатшаның дауысы шықты. Сабын тиген жарақаттың аузы ашып, тез арада қаны тиыла қоймады. Газеттің қиындысымен жарасын желімдеп, ас үйге бет алды. Жол-жөнекей тағы бір ой басына сап етті. «Қырмызы деген қыз болып көрініп жүрген бейне – кейінгі кезде иектеп кеткен көп елестің бірі еместігіне кім кепіл?».
- Жер жұтып кетті ме қайдасың? Ас суып қалды ғой!
- Міне, келе жатырмын...
- Асстапыраллай, бір бөлмеден бір бөлмеге жетуің айлық жолдан кем түспеді-ау? Тағы, анауыңа телміріп отырған шығарсың?
Ғалам дастарқан басына отыра бергенде «Е, құдайым, осы дәміңді тыныштықпен ішкізе гөр!» деп бетін сипап, қолына бір үзім нанды ұстады.
- Мынауың бір жақсылықтың нышаны шығар? Бата жасадың, енді құран үйрен.
- Тілім келмейді...
- Құранға келмеген тіліңді құдай өліп бара жатқанда кәлимаға келтіреді. Соны күтіп жүрсің бе?
- Кәлиманы айтқаннан тірі қалмайтын болсаң, оның қажеті қанша?
- Ой, Аллай... сені де пайғамбар жасынан асқан адам дейді-ау? Жынның сөзін сөйлеп отырған түрін қарашы!..
- Тыңдама!..
- Мә, атау-кереңді өзің құйып іш! Мені балаларым шақырып жатыр. Бақша көктегенше сонда болып, жазғы демалысқа бір-ақ алып келем. Отыр өзің. Сенің де, менің де құлағым тыныш болсын. Жасайтын жұмысың бастан асады. Тізімін жасап кетемін.
Ғалам басын тұқырайтып алып, алдындағы асты таңдамастан қолына ілінгенін шайнап, ішіп өз бетінше отыра берген-ді. Қатша баяғы ғадетінше өзі ғана сөйлеп, іштегі желі шыққанын сезген кезде – қойқалақтай көтеріліп, жөніне кетті.
Бұл дүниедегі барлық нәрсе Ғаламның санасын алдаусырататын елеске ұқсағанымен дәл осы – Қатшасы елес емес еді...
* * *
Қырмызы Нью-Иоркке жетіп, әбден орныққан соң, уәдесінде тұрып алғашқы жазбасын Ғаламға жіберді. Ол оқып шығып, өзінің пікірін жаза бастады да Қырмызының ескертуі есіне түсіп, ошарылып қалды. Сосын осындай жазбалар жалғасын тауып жатса, бір папка ашып жинастыруды ұйғарды.
«Өткенде метрода он бір-он екідегі ұл баланы көрдім. Оның қолында спорт сөмкесі болды. Қатты алаңдап отырды. Ара-арасында маған жалтақтап қарап қояды. «What problem?» деп шыдамай сұрадым. Ол: «Where are you from?» деді. Мен: «From Kazakhstan» дедім. Бала бұндай елдің бар екенін білетінін айтты. Бұған дейін талай адамның Қазақстан деген елдің қайда және қандай ел екенін білмейтініне талай куә болған едім. Жап-жас болып мына бала қайдан білетініне ынтықтым. Ол аздай балақай орысшаға да судай екен. Сөйтсем, анасы орыс болып шықты. Бұрынғы СССР-дің тұрғыны. Осы жақтың жігітіне тұрмысқа шыққан көрінеді. Баланың мазасызданған себебі, ол каратэ жаттығуына кешігіп қаламын ба деп алаңдаулы екен. «Сэнсэй, ұрсатын болды!» деп қайталай береді. Оның көңілін аулаған раймен ата-анасы туралы сұрадым. Аты Арчи. Әкесі – ірі кәсіпкер, тіпті аты ауызға ілінген миллионер ме деп ішегімді тартсам, балақай: «миллиардер!» деп түзетті. «Менің әкем, әкемнің әкесі де Гарвардты бітірген, мен де Гарвардтқа түсем» дейді Арчи. Атадан балаға сабақтастық болып келе жатқан дәстүрді жалғаймын деген – түйсікті баладан қалай айналып кетпейсің. Және осындай байдың баласының қарапайым елмен ілесіп, метрода келе жатқанына қатты таң қалдым. Амалсыз, өз еліміздегі байшікештердің хал-жағдайы көз алдыма келіп, салыстырдым. Біздің байлар үйлерінің сыртына қорған салып, тәулік бойы күзетіп, шамасы келгендер жеке әскер де ұстап жатқан жоқ па. Ал, балаларын оқ өтпейтін беренді көлікпен арнайы мектепке тасымалдап, көздерінің қарашығындай қорғайды. Осындай ортадан шыққан бала ертең кім болып өседі? Өзі секілді – әлпештен өзге ештеңе көрмеген басқа да балғындармен бірге жетіліп, елін-жұртын танымайтын, отан деген ұғымды білмейтін, әлдекім болып шығатынына еш күмәнім жоқ. Ондайларға: қай елде тұру, қандай тілде сөйлеу немесе ұлт, салт-дәстүр деген құндылық атаулы маңызды да қажет те емес деп ойлаймын. Қазақстанның байлығына кенеліп, өзі қазақтан шыға тұра, түп атасынан жеріген жағдай орын алған сыңайлы. Байлыққа ие болған соң, одан билік те алыс емес. Осы отандық олигархтарда мемлекетшілдік бар ма деген сауал туады. Америкаға келіп, кейбір жағдайларға қаныққан соңғы пайымым – бұлардың олигархтарының мүддесі мемлекет саясатымен ұштасып жатқан сияқты. Америка елі неғұрлым мықты болса, олардың байлары да соғұрлым өктем келеді. Ал біздікілер, өздерінің қарақан басын ғана ойлайтындай. Қинала бастаса, басқа елге қашып кете салады.
Әнебір әдемі бала туралы әдемі ой бастаған сияқты едім... Бүгінгі ел басындағы сұрықсыз күй – еріксіз арнадан ауытқытып әкеткен тәрізді. Біздің басымыздағы келеңсіздікті түсіну үшін өзге елде, осындай Америка сияқты елде біраз тұрып, салыстырмалы түрде байқап көрген жөн деп санаймын. Әрине, біздің өзімізге тән ғажап қасиеттеріміз де бар. Дейтұрғанмен, сондай ғажап қасиеті бар жұрттың қарау ниеттілердің табан езгісіне түскені ашындырады. Әсіресе, әділетсіздік. Заңды белшеден басу. Өзімбілемдік пен көрсоқырлық. Билікті айтпағанда, ақыр-аяғында ғылым-білім, өнердің барлығын шаласауатты, көркөкірек, ертеңсіз иттердің басқарып кеткені мемлекет үшін ажалмен тең!..»
Ғалам, «Қырмызының ой тамшылары» деген жаңа папка ашып, осы оқыған жазбаны соған орналастырды. Расында мемлекетіміздің халі осындай мүшкіл ме деген ойға қалды. Қырмызы сияқты «жоғары таптың» арасында болып көрмеген соң, оларды бір әулие, кереметтен жаралған ерек тұлға деп есептейсің ғой. Әрине, қыруар қаржыға ие болып, не ішем, не кием демейтін, аста төк байлықтың иелері қайтып пайғамбар, қайтып кемеңгер болып көрінбесін! Ғаламның қиялы өз ойынша қанша жүйрік болса да оған жетер емес. Жаппай ұрлықтың арқасында байыды деп жатамыз. Апырау, көлденең жатқан не бар. Нені ұрлап байыды. Баяғыда, көрінген бұрышта жататын сым темірді енді шам алып іздеп таппайсың. Ұрлайтын нәрсе болса, Ғаламның өзі де елден қалмас еді. Империя құлады. Ел азып-тозды...
Әлгі Арчи деген баланы айтсайшы... Әкенің малы жетеді деп, түк харакет қылмай, ойын-сауықпен ғана алаңсыз өмір сүріп өтуіне мол мүмкіншілік бола тұра, оқимын деп талпынады. Яғни, ол өз еңбегімен көздеген мақсатына қол жеткізуге мүдделі. Біздегі секілді миына сабақ кірмейтін баласын сүйреп, зорлап оқытпаса керек. Тамыр-таныстықтың арқасында: мал қайыруға жарамайтын біреуді – ел басқартып қоймайтын тәрізді. Баяғыда колхоз басқармасы болған бір кісі есіне түсті. Жарықтық хат танымайтын-ды. Қол қоюды ғана білетін. Ал, шаруаны басқарғанда ол кісіге ешкім тең келмеуші еді. Тек ол ғана емес, кішігірім шолақетектердің өзі қоғамның зейінін аударатындай – іскер-пысықтығы арқасында ғана әртүрлі лауазымға ие болатын-ды. Бұндайларды еті тірі деуші ме еді, қалай... Қазіргінің еті тірісінің тірілігі – өзінен жоғарының көңілін табу, анауы одан арғының. Солай жалғаса береді. Ғаламның өзі де зейнетке шыққан соң, тағы біраз жыл салпақтауына болатын еді. Себебі, жоғары бастығы қыдыңдап жүріп, таяуда бір соғымын алған. Оны өзі жемейтінін айтып, ант-су ішті де. Сосын кейбір, осы Ғалам сияқтылар зейнетке келіп тірелгенде – жылы орнын қимай, тағы жүре тұрсам деп жалынады екен. Бұл болса, сол өзінің туған күні қашан жетеді деп, күн санаумен жүрді. Тура сол күні тағаты да таусылып, арызын жазды да кете барды...
Ғалам осындай оймен жүргенде, Қырмызыдан тағы бір жазба түсті. Ол жазбаның соңында: «Біз, бір аптаға Miami Beach-ке баратын болдық. Ол жақтан Сізге жазуға немесе хабарласуға уақыт аз болатын секілді. Мені сағынсаңыз, осы қос жазбаны қарап, өз ойыңызды қорыта беріңіз. Сәтті түскен уақытта тағы жазып, салармын» деген екен.
«Мені сағынсаңыз» деген сөзді оқығанда Ғаламның беті ду ете түсті. Жүрегі аузына тығыла тыпыршып, ішінен ел қашып кетті ме деген жан-дүниесінде төңкеріс жүріп жатқандай, алай-түлей бір құйын ойнақтап өтті. Бұл не деген таңсық сөз еді?! Ғалам, «сағыныш» деген сөзді естімегелі қашан. Тіпті, оның мән-мағынасын да ұмытып қалған сияқты. Әрине, балаларды, туыстарды сағыну деген бар... Бірақ, оның бәрі мына сөзге ұқсамайды. Мына «сағыныштың» бояуы мен ыстығы ерекше. Бетіңді жалын шарпып өткендей...
Ғалам стөлден түрегеліп, бұрыштағы айна алдына барды. Қара қайыстай қатқан қара шалды көрді. Маңдайдағы сай-сала әжімдерді айтпағанда, бет-аузының терісі де кеуіп, көгі күйіп кеткен боз далаға ұқсайды. Самай шашын ақ селеу басып, қобырай өскен қасында да селкеу-селкеу ақ қылшықтар ербиеді. Бұдан қырық жыл бұрын «Сенің көзіңде от бар, түбі бір жерден шығасың!» деп әлдекім үміт арта айтып еді. Енді ұясында сөніп бара жатқан шоқтай бозамытқан, көздеріне көзі түсті. От та тіпті, оттың табы да қалмаған секілді: түнерген, көрге ұқсайтын қуыстың аузын көргендей болды. Жаңағы сезім қай тұстан оянды екен? Бұның ішінде әлдекімдер әлі де тірі жүрген тәрізді ме?..
* * *
Қырмызының келесі жазбасы:
«Америкада пайда табуға мүмкіндік бар. Себебі, олар еңбегіңе қарай пұлын төлейді. Бізде пайда табу дегеннің өзі – өрескелдік саналғаны рас қой. Жақсы, бай-бақуатты тұрмыс құруды – адамгершілікке жасаған қиянат деп түсіндіріп келді. Соның арқасында еңбек дегенді – жан асырау амалы деп қабылдадық. Істеген шаруаңа қарай ақы төледі. Соны қанағат тұттық. Кереметтің қызығы – кедей болуды абырой деп санадық.
Бұнда қара жұмыстың өзі бағаланады. Біздегідей ай соңында емес, сағатттап немесе апта сайын ақысын ұстатады. Ондай жұмысты жергілікті тұрғындар емес, келімсектер жасайды. Нью-Иорк әлем астанасы деп бекер айтылмайтын шығар. Жер бетіндегі барлық ұлтты осы арадан жолықтыруға болады. Қырғыз бен Беларустан келген екі әйелмен сөйлесіп көрдім. Қырғыздан келгені – өзі ойлағандай тиын-тебен жинап алып, еліне оралам десе, беларустық келіншек – бес жыл Америка үкіметіне салық төлеп, ары қарай азаматтық алып, осында қалуды көксейді екен. Айтпақшы, бір қазақ баласын жолықтырдым. Ол, Жаңа Зеландияда оқып жүрген көрінеді. Онда қалай тап болдың десем, әлдебір оқу грантына ілігіп, сол жақтан бір-ақ шығыпты. Ал, мұнда неғып жүрсің десем, «Жазғы демалыс. Елге қайтпадым. Онда барғанда табыс табатын жер жоқ. Әке-шешеме масыл болғым келмей, осында мейрамханада даяшы болып жүрмін» дейді...
Күнде бір жаңалық ашқандай боламын. Өткенде таксимен жүріп қалдым. Үнді жігіті екен. Үнді әнін қосып қойыпты. Елжірей тыңдап келеді. Көзіне үйірілген жасын сүртіп, маған қарады. «Мен, үнділік болғаныммен ол елдің топырағын басып көрген емеспін. Осында туып, осында өстім. Бірақ, бір көрсем деп аңсаймын. Әйелім мен балаларымды ата-баба жеріне түбі бір апарамын...»
Тағы бір жолы Канададан бір қыз жолықты. Осында қазақтар бар екенін естіп, арнайы келіпті. Ол, сонау тоқсаныншы жылдары елден кеткен көрінеді. Тоқырауы бар, тағы тағысын себептер оның адымын аштырмаған тәрізді. Ата-анасы Қызылорда жақта тұрады екен. Ара-тұра мейман болып, келіп кететін сияқты. Сол, қазақтың қаршадай қызы – канадалық бір компанияның вице-президенті!
Сосынғы бір байқағаным: бұнда адамның жасына емес, ісіне қарап баға береді екен. Қолынан іс келіп тұрса, ол сенің неше мүшел жасағаныңа пысқырмайды. Біз, сонау атамзаманнан өзімізге өзіміз шектеу қойып тастағанбыз. Сіздің жасыңыздағы шал-кемпірлер... (кешіріңіз, сізді қосып жібергеніме) толыққанды өмір сүріп жатыр. Олар алпыс-жетпіске келген соң, өмір тоқтап қалды деп есептемейді. Соңғы сөлін сорып алғанша, ғұмырды қастерлейді екен. Бір қызығы: олардың зейнетақысына әлеуметтік пакет ретінде – шет елге саяхаттау қаражаты да құйылады.
Мені, серіктерім іздеп қалған сияқты, ойымды қорытындылай алмай қалдым. Кешіріңіз!».
* * *
«Әр елдің салты басқа, иттер қара қасқа» демекші, олардың шал-кемпірлері де айырықша болғаны-ау, сірә? «Соңғы сөліне дейін сорып алады» дегенді қалай түсінуге болады екен? Яғни, олардың күнделікті өмірі бал татитын болғаны да. Мына біздің кешіп жатқан тірлікті бір күн көрсе, у ішкендей – төрт аяғы көктен келер ме еді, бейшаралардың... Ал, шет елге саяхат дегеніңіз әншейін арман ғой! Мезгілінде осы нәпақаны беріп тұрса, оған да тәуба...
Осындай оймен шалықтап отырған Ғаламды қаракемпірінің айғайы жерге түсірді.
- Тағы жабысып қалғансың ба? Шағамын анауыңды бір күні, айтпады деме! Шықсаңшы сыртқа, қараң қалғыр шаруаңды қара! Қоршауды қаңғыған иттер тесіп өтіп, бақшаны таптап, ойран салып жатыр! «Иесіз үйді – ит басынады» деген осы!..
Бір топ ылыққан ит расында жаңа салған бақшаның шаңын қағып, алысып жатыр екен. Ғалам қолына түскен таяқты ала салып, аузынан ақ ит шығып, қара ит кіре аттандап тұра жүгірді. Аналар бық дер емес, тіпті естімеген де тәрізденді. Себебі, олардың көздері бір-ақ нәрсеге қадалып, түйсіктерін бір «жұпар» ғана тұмандандырып жіберген еді. Ғалам арсалаңдаған еркек иттерге тимей, ортада бұраңдаған қаншықты жотадан бір салды. Анау қаңқ етіп тұра қашқанда – соңынан ала-құла төбеттер құйғыта, қуа жөнелді.
Заман Төлеуов