Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы саз, әуенгершілік төңірегіндегі бірқыдыру ойлар.Бір жамағайын а...
Замандасқа бес сауал. Әлия Іңкәрбек & Айдын Байыс
Жауабы жоқ сұрақтарың түк емес,
Сұрағы жоқ жауаптардың алдында...
Аян Мейраш
Айдын: Сәлем, Әлияш. Хал-жағдайың жақсы ма? Ауа-райы қалай, салқын емес пе? Бәрі жақсы ма? Сұрақ бесеуден көп негізі...
Әлия: Қайырлы күн! Бәрі жақсы. Ауа-райын сұрамауыңызды сұраймын). Өзіңіз қалайсыз? Денсаулығыңыз дұрыс па?!
Айдын: Алла деп, аманбыз. Ден сау. Менікін қойшы, қазіргі әдебиеттің денсаулығы алаңдатады. Неге нашарлап кетті?
Әлия: Осы ой мені де төңіректейді. Оны емдей қоятын "Айболиттің" де жоғын қараңызшы... Ақындардың ауылдан шығатыны аксиома болудан қалды. Мұның да әсері бар шығар...
Айдын: Рас. Оған жауапкершілік пен жанкештіліктің азайғанын қосып қой. Жалпақшешейлік тағы бар.
Әлия: Бірақ, "Ұлы болуға" құмарлар көп кезеңдеміз. Ақын болам деп жанталасып жүргендерді де көріп жүрміз. "To be or not to be?!"
Айдын: "Ақын болу, әлде, болмау" дегің келді ғой. "Ақын болып нең бар ед ақымақ-ай?!" (Б.Мүбәрак) дегеннен асып айта алмайтын сияқтымын. Жалпы, қазір жазып жүрген жастар поэзиясынан не күтесің? Халтурщиктерді қайтеміз?
Әлия: Олар өздері білсін. Ал нағыз таланттардан биіктік күтем. Өмір - күрес, өлең-майдан. Ал сол майданда түрлі эксперименттерге бару қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс?
Айдын: Өз ойым, эксперимент өткір пышақ секілді. Дұрыс ұстасаң өлеңің өседі, бұрыс ұстасаң талантыңды қиып түседі. Ақынның ішкі кухнясы деген болады ғой. Эксперименттің орыны сол жер. Жазғанымның бәрі жариялансын деген принцип – қате. Келісесің бе?
Әлия: Келісем!
Айдын: Және, кеудемдегі бір қыжыл, әдебиет жайлы жаттанды сұрақтардан қашан арыламыз?
Әлия: Шындығын айту керек, сұрақ не бәрін түсініп қойғанда, не түк түсінбегенде қойылады. Қазір әдебиетке сұраныс аз, мүлде жоқ деуге де болады. Соның салдарынан «Өлең деген не? Алғашқы тақпағыңызды кімге арнадыңыз? Музаңыз бар ма? Шабыт қашан келеді?» дегендей таптаурын сұрақтар көбейген. Бұл бір тоғыз. Арғы жағында тоқсан тоғызы бар. Оқырман болсын, журналист болсын осындай сұрақтардың шеңберінен шыққан күннен бастап, әдебиетте сауаттылық салтанат құрады!
Айдын: Соған сенгім келеді.
Әлия: Іргеміздегі орыс халқының мәдени кеңістігінде ақын-жазушыларын феномендік деңгейге көтеру байқалады. Мысалы, кино саласында бір ғана Есениннің ғұмырнамасын телесериал ретінде ұсынуы қатты қызықтырды. Бұл оның поэзиясын халыққа насихаттаудың, ақын жанын түсіндірудің керемет әдісі деп ойлаймын. Ал бізде ше?
Айдын: Бізде өкінішке орай ақындар әлемі жайлы бейне насихат деректі фильмдер дәрежесінде ғана. Абай жайлы киноны қашанғы медет тұтамыз? Біржан салды түсірдік. Досхан ағамызға мың алғыс. Сонымен қатар, қазақтың аяулы ақыны Әбдіраштің Жарасқаны жайлы «Қаладан келген қыз» поэмасының желісі бойынша Рүстем Әбдіраш түсірген фильм экран арқылы шынайы поэзияның нәзік болмысын бере білді. Мінекей, саусақпен санарлықтай ғана. Махамбет, Шәкәрім, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекендей асылдарымызды осындай деңгейде ұлықтасақ. Оған біздің өреміз бен танымымыз, рухани потенциалымыз да жетеді.
Әлия: Өлеңдегі мінез дегеніміз не?
Айдын: Мінез – жанның айнасы. Біз көп жағдайда мінез деген сөзді тек адуын, өрлік деп қабылдаймыз. Бірақ, шариғатта көп айтылатын көркем мінез деген де ұғым бар. Мінезі қоңыр, жұмсақ ақындардың өлеңі де сондай. Демек өлеңдегі мінез - шынайылықтың көрінісі, ақынның өз автопортреті.
Әлия: Мен күткен жауап осы еді.
Айдын: Өлең жіберші?
Әлия: АҚЫНДАР
Бұлтқа да берген қолтаңба,
Жыр оқып Күнін батырған.
Қаншама жақын болсаң да,
Қашық бол сонша Ақыннан!
Сезімнен кейде жырақтап,
Төзіммен ғұмыр кешетін.
Күлкісі қыздың ұнап қап,
Ұйқысы қашқан неше түн..
(Өзіңді өзің мың алдай,
Күйіңді ұғам сенің мен.)
Көппенен бірге күле алмай,
Жалғыздан жалғыз егілген!
Тектілік тулап затында,
Өр Өлең үшін аһ ұрған.
Жақындамашы Ақынға,
Алыстай көрме Ақыннан!..