Жазушылық - мый мен жүректің кәсібі

ӘДЕБИЕТ
2418

Әдебиет, жалпы алғанда неше түрлі жанрға бөлінетіні баршаға мәлім. Бүгінгі тілге тиек еткізіміз келіп отырғаны - проза жанры болмақ. Үстірт түсінік бойынша: өлеңге ұйқас керек болса, қарасөздің көркі қызылдығында деп қабылдайтын сияқтымыз. Содан барып өлең ойсыз, қарасөздің сырты ғана жылтыр, іші мылжың. Ертеректе: «Біздің қазіргі жазушылар: өзі бір роман оқымай, роман жазады» деп еді бір көкеміз. Сол «дәстүр» әлі күнге келе жатқан сынды. Себебі, сонау алпысыншы жылғы «ауыл тақырыбының» сарыны бүгін де байқалады. Әрине, формалық ізденістер жасап, жаңашылдық жолымен жазуға талпыныстар жоқ емес. Бұл да сыртқы көрініс қана. Ішкі тереңдік, адам жанын зерттейтін «инженерлік» қарым байқалмайды. Сонымен қатар жанрдың талабын орындамау, әлде соны мүлдем білмеу басым сияқты.

Еліміздегі аттары жер жарған, түрлі байқау-конкурстардың жеңімпаздары жазған кейбір шығармаларды оқып көргенде – жазу сауатының олқылығына ішің ашиды. Әдебиет теориясын судыратып жаттап алу жазушылыққа жол ашпайды. Жаза білу үшін арнайы мектепті көрген абзал. Жазған шығармаң небір сыни талдаудан өтуі керек. Бұндай мектептер шетелдерде жақсы дамыған. Олар жазушылық өнерді «құдайдың бере салған таланты» деп қарамайды. Жазушылыққа қажет үш нәрсе бар көрінеді: жақсы әңгімешілдік, ұлағатты ұстаздық және жаңа әлем тудыра білетін сыйқыршылық. Ал осы үш қасиеттің тізгінін әрине, сыйқыршылық ұстауы тиіс. Бұндай дәрежеге жету үшін құдай берген талант аздық етеді. Көз майын тауысып оқу мен тер төгіп еңбек ету ғана мұратыңа жеткізеді. 

 "Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры" демекші, шолу жасап көрген жазбалардағы мәселе:  көркем әдебиет пен газеттік мақаланың арасын ажырата білмеуден басталды. Прозаның басты көркі метафора емес пе? Ол сөзбен сурет сала білу дегеніміз. Менің көргенім: сол баяғыдан қыр соңымыздан қалмай келе жатқан құрғақ баяндау ғана. Алып бара жатқан уақиға да жоқ. Ауыз екі әңгіме секілді: анау өйтті, мынау бүйтті... ол қатты қайғырды, мен қатты қуандым т.т. дегендей. Ішкі жан тебіреністі көрсететін психологизм жоқ. 

Осы арада заңды сұрақ туындайды. Әңгіме бірінші жақтан келсе «Мен оны көрдім...» деген сияқты позициядан өрбиді ғой. Кей жерде бірінші жақтық баяндау автор мүмкіншілігін шектеуі мүмкін. Ал авторлық баяндау (үшінші жақ) өрісіңді аша түседі. Сонысына қарай үлкен жауапкершілікті де артады. Бұнда пікір айту немесе қорытынды жасауға автордың құқы жоқ. Оны айтқысы келсе, кейіпкерінің аузына сөз салуы керек.

Бәріне ортақ кемшілікке келсек: әңгіме жанрының табиғатын сақтамау. Жоғарыда айтқандай, мүмкін мүлдем білмеуі де болар. Әңгіме – шағын жанр. Соған қарамастан оның көтеретін жүгі әрқалай. Тіпті, романға пара-пар салмақты артып алуы да ғажап емес. Қазіргі кездің басты талабы ойды неғұрлым ширықтырып, илеп-екшеп ыңғайлы көлемге сығымдай білу. Тарыдай атомнан тау қопаратын қуат шығатынын ескеруіміз керек. О баста жинақталған ойдың формалық құрылымы немесе композициясы түзіледі. Соған орай сюжет өрбиді. Әсіресе жас қаламгерлер үшін аса қажет нәрсе қысқа да нұсқа жазу. Баяғы аталарың сияқты арыдан бастап, ауа-райы, қиқым-сықым мыжымалықсыз тікелей ситуацияға енуге тырысу керек. Алғашқы сөйлемдерден-ақ іліп әкетуді мақсат еткен жөн. Оқырманыңды қолынан бір жетектеп алған соң, жібермей, әңгіменің ширығу шегіне жеткізіп, одан әрі-сәрісін шығарып, тарқатар жеріне жеткенде де бәр ойыңды ашып-шашып тастамай, өзіне де «не болдымға» жолыққандай ойға қалатын мүмкіндік қалтырғаның орынды. Жоғарыдағы айтқан әңгімешілдігің осы жерден көрініс тауып, ұстаздығың арзан ақылгөйлік емес, өзіне ой салып, тұжырым қорыттыра білуде. Ал сыйқыршылығың – оның қаперіне кірмеген соны әлемді аша алуың болар.  

Ал біздің қаламгерлер осы үдеден шығып жатыр ма? Қаламы төселіп, әр түрлі сыйлықтардың дәмін татып қалған қаламгерлердің өздері - үлкен әдебиет талабына сәйкес сынға төтеп бере алмайды. Кейбір қаламгерлер шығарманы тікелей талдаудан гөрі, әлемдік әдебиеттегі танымал тұлғалармен өздерін салыстыра қарағанды жөн көреді. Ең алдымен жай ғана жанр талабына қатысты нормаларды игеріп алып, сосын көзіне күн салып, алысқа қарау керек сияқты. 

Әңгіме – көркемдікпен өрілген көкейдегі өмір суреті. «Өмірден ойып алынған» деп жатамыз. Көркем шығарманың басты мақсаты - натуралды түрде өмірді көшіру емес, идея тудыру болар. Сондықтан шығармадағы барлық компоненттер сол идея төңірегінде ғана қызмет етуі тиіс. Негізгі салмақ басты кейіпкерге түседі. Қалған аты аталған кейіпкерлер, өрбіген оқиға, детальдардың барлығы сол басты кейіпкердің образын ашуға ғана қатысты екенін есте сақтаған жөн. Шағын ғана әңгімеде өріп жүрген кісілердің аты, ештеңенің мәнісін білдірмейтін детальдар, ешкімге қатысы жоқ. өзімен өзі тұнып тұрған пейзаж және ортақ идеяны ашуға жұмыс істемейтін шашыранды уақиға-эпизодтардан да аулақ болсақ деймін. Яғни, сілкіген кезде түсіп қалатын артық-ауысты аямай тазалау керек. Мүмкін жазбаңнан ештеңе де қалмас. 

Сосынғы белең алған бір қателік: уақиға қуып кетіп, қахарманымыздың бейнесін ашуды ұмытып кетуіміз. Керісінше уақиға басты кейіпкер төңірегінде таралады емес пе. Жоғарыда айтқандай: уақиға, кейіпкер, деталь т.т бәрі бір мүддеге жұмылуы тиіс. Уақиға немесе кейіпкер психологиясының логикасына да күдік тумағаны жетістіктің бірі болып саналады. Шығарманы жазып, оқырман назарына ұсынған соң, автордың миссиясы аяқталады. Егер оқырман: «Мен мынаған сенбеймін!» деп жатса, автор оған қарсы дәдел келтіруге еш мүмкіндігі жоқ. Біраздан соң, шығарманы оқыған адамға автордың бар-жоғы бәрібір.  

Қорыта келгендегі айтпағым: қазақ әдебиетін көтеру және жаңа таланттарды тану үшін – сандаған конкурстарды тиып, оған кеткен қаржыны жазушылық машықты меңгеруге жол ашатын Әдебиет мектебін ашуға жұмсап, шығармашылық жазу сауатты шыңдаған жөн бе деймін.

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...