- Сіз «Мәңгілік сәуледе» шығармашылық адамын үш топқа бөлдіңіз: кемталанттар, талан...
Жолдыбай БАЗАР. ҚАЙТАРЫМ
Бекайдар шыбынсыз, салқын бөлмеде немересін жанына жатқызып ұйықтатпақ болып еді, о неме көне қойған жоқ. Атасының үстіне бір шығып, бір түсіп ойнаумен болды. Осы кезде түскі шайдың қамымен жүрген келіні Майра атасының демалып жатқан бөлмесінің есігін ақырын ашып:
– Ата, шай ішіңіз... мына бұзық әлі ұйықтамаған ба, сізге де маза бермеген шығар, – деді.
Сырттағы оны-мұны шаруасын тындырып келген Елтай шай үстінде әкесіне қарап:
– Көке, айтпақшы, әлгінде ғана Сырлыбай ағаңыз тысқа шығып келе жатқанда бір қол, бір аяғы істемей, есік алдында құлап қалыпты, – деді. Бұл тосын хабарды естіген заматта Бекайдардың өңі бұзылып кетті.
–Сырекең қазір қайда? Үйінде ме, әлде ауруханада ма? – деді Бекайдар шыдамсыздана.
Елтай:
– Жамал апа көршілерінің көмегімен Сырлыбай көкені үйге кіргізіп жатқызған соң, дәрігер шақыртыпты. Дәрігер «Ешқандай да орнынан қозғауға болмайды, өйткені, миына қан кеткен, егер қозғасақ өліп кетуі мүмкін. Әзірге укол саламыз, одан өзге ешнәрсе істей алмаймыз. Ауруханаға жеткіземіз деп жүріп ушықтырып аламыз» депті. Қазір кемпірі басын күзетіп отыр екен, – деді.
Бекайдардың мына хабардан кейін түскі асқа тәбеті шаппай, үнсіз отырып қалды. Сәлден кейін баласына бәсең дауыспен:
– Балаларына хабар беріліп пе, үлкен ұлы Айдар қайсы күні ауылда жүр еді ғой, онысы қазір қайда екен? – деді.
– Атыраудағы қайын жұртында жүрген кіші ұлы – Сапардың ата-енесімен хабарласқан екен, олар күйеу балларының қайда жүргенінен беймәлім болып шығыпты. Оның пәлен жерде, түген жерде дегендей тұрақты мекені жоқ көрінеді. Бірақ, құдалары Сапарға бұл хабарды жеткізуге тырысамыз депті. Ал Айдар осыдан бір-екі күн бұрын қаладан қыдыра келген жолдастарымен төменге, Қарақұдық, Арнаның бойына аң аулауға кетіпті, – деді Елтай.
Сырлыбайдың жан-тәні қиналып, ауыр халде жатқанда ұлдарының жанында болмағанын ойлаған Бекайдар ауыр күрсініп, ештеңе дей қойған жоқ.
Майра дастарханды жинап, бет-ауызы шіремен айғыздалған кішкентай Сәбитті көтеріп, әлгі жайсыз хабардың әсерінен көңіл-күйі түскен атасын жеке қалдырғысы келгендей, дыбысын білдірмей шығып кетті.
Бекайдар өзінің тұнжыраған көңілін келінінің сезе қойғанына іштей разы болып, «Құдайға шүкірін» айтты. Іле Сырлыбайдың шаңырағы мен өз отбасының тыныс-тіршілігін іштей салыстыра отырып: «О, Жаратқан досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай келесің, өзімнен шыққан екі ұл, бір қызым өз орнын тауып, тірлігін істеп жүр. Әке-шешесіне деген ықыластары да ерекше, көрсетер құрметтері де сол қалпында бір рет те бұзылған емес», – деп, Жаратқан иенің көрсеткен игілігіне алғысын білдірді.
Бекайдар түстен кейін, не болмаса екі кештің ортасында науқастың кеуілін сұрауға болмайтынын ескеріп, Сырлыбайға таңертең барармын деп шешті.
Сырлыбай хақында естіген жайсыз хабар оны кешегі күн елестерінің әлеміне енгізді де жіберді.
******
Бекайдар бұрын кеңшарда трактор жүргізетін. Еңбекақысы отбасылық қажеттілікті өтеуге жетпейтін. Осыны ойлаған әйелі Үрбибі бірде Бекайдарға:
– Қашанғы бір айлыққа қарап, осылай ілбіп жүре береміз. Балалар болса өсіп келеді. Үшеуі де мектепті бітіруге тақап қалды. Бірі оқимын, екіншісі үйленемін десе, жерге қарап қаламыз. Сенің тапқан азын-аулақ жалақың ас-суымыздан артылатын емес, үйдің іші де азып-тозып барады. Енді сен де, мен де айлығы мол басқадай жұмысқа орналасып кетеміз деп иегіміз қышымай-ақ қойсын. Сондықтан, мені тыңдар болсаң, кеңшар директорына бар-дағы жағдайыңды түсіндіріп, бір отар қой сұра. Қой бағып жүргендер ешкімнен кем емес. Біз де солар құрлы еңбек етіп, мал жинап, тұрмысымызды түзерміз. Балаларды осындағы интернатқа орналастырамыз, – деген-ді.
Бұрын-соңды айтылмаған соны пікір. Әйелінің қой бағуға белін бекем буып отырғандығын екпіндеп айтқан сөзінен аңғарған Бекайдар аз-кем үнсіздіктен кейін әйеліне:
– Жарайды делік, бірақ ол да оңай шаруа емес. Құдай абырой беріп, ісіміз оңға басса жақсы, ал кері кетіп, жұрт алдында масқара болып, мал қарызданып, жылу жинап жүрмейік, – деп әйеліне қой бағудың да өзіндік қиындығы бар екендігін ескертті.
Сол түні Үрбибі де, Бекайдар да таңға дейін көз ілмей, ұзақ әңгімелесті. Ақырында Үрбибінің ұсынысы жөн саналды да Бекайдар тамыз айының аяғында өтетін қозы бөліктің жақындап қалғанын, оған дейін қамсыз қалмау керектігін айтты.
Бекайдар әлгі отбасылық әңгіме туралы ешкімге тіс жармастан тракторын айдай жүріп, керек-жарақты дайындай бастады.
Қозы бөлуге бір-екі апта қалғанда Бекайдар арызын жазып, кеңшар директоры Баймұсаның қабылдауына кірді. Бекайдар өзінен он-он бес жас үлкендігі бар директормен қос қолдап амандасып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін оған арыз жазылған бір жапырақ қағазды ұсынды. Арызды оқып шыққан бастық қабағын тыржитып, сәл үнсіз отырды да:
– Мақұл делік... Немене, трактор жүргізуден жалықтың ба? – деді.
Бекайдар күні бұрын дайындап келген сөздерін айта бастап еді, бастық қолын көтеріп «жетеді» дегендей сөзін бөліп тастады. Алдына өтініш айта келген адамға қай бастық болсын маңызданып, маңғазданып, жаратпай қарауы әдеттегідей іс емес пе? Бұл да соның кебі. Бірақ Бекайдардың бұл өтінішіне бастық іштей қуанып отыр еді.
Тракторды кім көрінген жүргізіп кете алады: гаражда рөлге отыруға қолы жетпей жүрген нанталаптар көп, жетіп, артылады. Азар болса солардың бірі мұның техникасына қонжияр. Ал, аналық басқа қалдырылатын мыңдаған ұрғашы тоқтыны бағуға адам таппайсың. Бүгінде бәрі қой бағудан қашады. Ертең директордан бастап, ферма меңгерушісі, басқа да атқа мінерлердің барлығы қойшы іздеп сенделіп кетеді. Кәнігі, байырғы қойшылар тоқтының келер көктемде төлдемейтінін, өнім бермейтінін ескеріп, оны қабылдап алудан қашқақтайды. Енді міне, өзі келіп сұранып тұрған адамға қалай «болмайды» дейді.
Бастық арызына бұрыштама қойды да, тыржиған қабағын жазып, жүзіне жылылық ұялата:
– Бағамын десең отар табылады. Тек өз ісіңе ұқыпты, мығым болсаң, бұл кәсіп сені абыройға жетелейді. Келін екеуің жассыңдар, игеріп кетерсіңдер, – деп қой жаюдың қыр-сырын, қиындығын, жемісін, басқада құлаққа жағымды, бірақ орындалуы қиын жаттанды ақылды түйдек-түйдек ағытып, өзі айтқан сөзіне өзі разы бастық мұның қолын қос қолдай қысып, арқасынан қаға шығарып салды.
Арада санаулы күндер өте ферма меңгерушісі Ділдәбек «Газ-51» маркалы жүк көлігімен жетіп келді де Бекайдарды қозыдан тоқты шығар отарды қабылдатып алдыруға ертіп кетті.
Бұлар қозы бөлініп жатқан тау беткейіндегі қораға келіп жетті. Қора маңында құжынаған отар-отар қойдың маңыраған дауысы құлақ тұндырады. Бұлар келгенше қойшылар қозыларды енелерінен бөліп те қойыпты. Енді тек еркек, ұрғашысын ажыратса болды.
Әр отардан бес жүз, алты жүз бас қозы шықса, оның жартысы еркек. Оны етке өткізгенге дейін уақытша бір-екі ай баға тұратын адамдар бөлініп берілген қозыларды санап алып, өз бағыттарымен кетіп жатыр. Ендігі кезек ұрғашы қозыларды, яғни аналық басқа қалдырылғандарды бөлуге тиді.
Директор Баймұса ошарланып тұрған қарамағындағыларға:
– Биыл қой бағамын деп бірінші өтініш білдіріп келген Бекайдар болатын, оның үстіне ол алғаш рет қолына таяқ алып шопан болғалы тұр. Сондықтан бірінші кезекте Бекайдарға өз отарын алдына салып берейік, – деді. Бастық айтқан соң, бәрі де бас шұлғи келісті.
Бекайдар өз отарын қозғалтып, енесінен жаңадан ажыраған қозыларға саулықтардың маңыраған дауысын естіртпеу үшін сол маңдағы жон-жонастан асырып барып иірді. Отар үйездей қалды. Ол бастықтарға қайта жолығуға қораға келгенде бұлар әндемде үш отар қозыны санап үлгеріп, демдерін алып тұр екен.
Бекайдар ферма меңгерушісіне қарап:
– Ділдеке, сізбен есептесіп, керекті қағаздарға қолымды қойып, кете берсем деп едім, – деді де, – айтпақшы, маған мініс көлік беремін деген едіңіз...
– Иә, қозысы құрғырдың жүрісі өнбейді, ауылға қарай жылжи бергенің дұрыс. Кел, мына актіге қол қойып жібер, – деді де жаңадан отар қабылдап жатқандарға мініс көлік ретінде беруге әкелген жеті-сегіз атты қолымен нұсқап, – мына көліктердің ішінен таңдағаныңды ал.
Ошарылып тұрған адамдар мініс көліктердің маңына тақалды.
Бұл қылқұйрықтардың арасында жаңадан бас білген құнаншығарлар да, әбден ерғашты болған дөнендер де, жадау тартқан бестілер де бар екен. Тандауды өзіне бергендіктен Бекайдар біршама бөгеліп қалды. Мініс көлікті қажет етіп тұрған басқа да шопандар аттардың алды-артына шығып, сынағансып жүр. Бекайдар «Ертең-ақ келісті, төзімді ат болып кетеді» деген оймен жирен сары құнанның қасына тақай бергенде ол құлағын жымқырып, сыртын бере тұра қалды. Құнанның жаңадан бас білгендігін аңғарған Бекайдар: «Қой, асауға жабыспай-ақ қояйын» деп, өзгелерін айналдырды. Мал дәрігері Әмір Бекайдарға еттес болған соң қамқорсып:
– Беке, бұл аттардың бәрін мен білемін, араларында белді әрі желқуық ат бар деп желбуазданбай-ақ қойыңыз... Мына тұрған құбақан торы биыл алтыға толады, өзі көнбіс, артық мінезі жоқ, иесі бос қойған жерден ешқайда кетпейді, адамға үйірсек, нағыз шопан мінетін ат. Өзі әжептәуір жүрісті. Бала-шағаға да жайлы, қорендігі тағы бар. «Қатының қорен болса жұт, атың қорен болса құт» деген бұрынғыдан қалған сөз бар, – деп тоқтады.
– Өзі жадау әрі жауыр екен. Жауыры өлі еттеніп кеткен емес пе? – құбақан торыға күдікпен әрі жақтырмай қараған Бекайдар Әмірді кеңесуге шақырғандай ыңғай танытты.
– Он-он бес күндей қорықшылардың балалары мініп тастағандықтан осындай күйге түскен, жауыры әлі өлі еттене қойған жоқ, – деді Әмір.
Бекайдар Әмірдің сөзіне тоқтап, өзін әкелген машинаның қорабына салған ер-тұрман, жүген-ноқтасын, сусын-пусын салынған боғжамасын түсірді де, құбақан торыға ер-тоқымын салып, төстік тартпасын шірене тартты да өзіне қарап тұрған адамдардың бар екендігін ескеріп, ширақ қимылдап атқа қонды. Осы болып жатқан жағдайлардың бәрі де Бекайдарға бейне бір қатал сынақтай көрінді.
Санаулы ғана минуттарда өткен осы бір іс-әрекеттер елесі Бекайдардың көз алдынан ешқашан өшкен емес. Өйткені, бұл әлдекімдерге жай нәрсе болып көрінгенімен Бекайдар үшін өзіне бұйырған кәсіптің тізгінінен ұстаған маңызды сәт еді.
Бекайдар тақымын атқа артқанда жанындағылар қолпаштап, әулігіп кетті. Жұрттың әуліккенінен атсырап қалған Бекайдар еріксіз езу тарта жымиды да, қамшысының бүлдіргісін қолына іліп, мына қадалған көздердің алдында өзін еркін ұстау үшін құбақан торыны ары-бері ойқастатып алды. Директорда осы әлетте бұған тақады да:
– Жұнт құтты болсын, бағар көбейсін, сені бүгін қинамай-ақ қояйық, реті келген күні жуатын боламыз, – деп кеңкілдеп күліп алды, — мал бағуға бозбас екенің өзіңе де белгілі, бірақ ауылда өскен соң мал жайын білмейді деу артығырақ. Аз уақыттың ішінде-ақ төселіп кететіндігіңе күмәнданбаймын. Киіз үй, отын-су, қай жерге қону дегендей мәселелерді Ділдәбекке айтқанмын.
– Жарайды, сеніміңізге рахмет, – деген Бекайдар отарына қарай жөнеп берді.
******
Бекайдар таңғы шайдан кейін Сырлыбайдың жағдайын білмекке үйінен шықты. Әр тұстан шөкім-шөкім бұлт пайда бола қалыпты. Жер бетін көлеңке алабажақтайтын жаздың мұндай күндері кейде адам көңілін бір сергітіп, айналаның сүреңсіздігін бір сәтке болса да сейілтіп, ақықтай болып көрінетіні бар. Бұлт шықса алғашында желтең тұрып, артынша оның оғын ағыс атқандай екпінін күшейтіп, жердің шаңын бұрқыратып, долданып шыға келетінін білетін Бекайдар осы бір жанға жайлы салқын да көлеңкелі мезгілдің ұзаққа созыла қоймайтынын ойлап, аспанға сүлесоқ көз тастады.
Расында Сырлыбайдың үйіне жете бергенде жел үдеп, селдір-селдір бұлттарды жын ұрғандай үркіте қуды. Қуаңшылықтың зардабын әбден тартып отырған ауыл тұрғындарының «Қап, әттеген-ай, бір тамбай өте шығатын болды-ау» деп қапаланғаны анық.
Бекайдарды Жамал қарсы алды. Шау тартып, белі бүгіле бастаған Жамал кемсеңдеп, жаулығының ұшымен көзін сүртті де, мұны Сырлыбай жатқан бөлмеге бастады. Аһылап-уһілеп жүрген Жамалдың күрсінісі үй ішіндегі көңілсіздік пен сырттағы уілдеген желдің жағымсыз үнімен астасып, жаныңды жабырқатады.
Сырлыбай көзі жұмулы күйде шалқасынан жатыр. Әлдекімнің келгенін сезген болуы керек, Сырлыбай көзін әрең ашты. Қозғалуға шамасы келмесе де санасы ояу екенін аңғартқандай бұған көз қиығын тастады. Бекайдар Сырлыбайдың еті қашқан саусақтарын әлсіз қысты да, «Қолдан келер не шара бар?» дегендей сырқаттың жүзінен көзін тайдырып әкетті. Осы кезде Сырлыбайдың өңі қашқан рабайын көз жасы дымқылдандырып жіберген еді. Бұл көз жасы өткен өмірге деген сағыныштан, оның қайтып оралмайтындығын ойлағандықтан, өлім жан алқымнан алған сәттегі тауансыздықтан, ғұмырының орғыл-орғылдарында қалып қойған, енді қайта барып жолықпайтын тәтті кездерін елжірей есіне алғандығынан туындағанын Бекайдар түсіне қойды да көзімен жер шұқыды. Ол жылы-жылы сөздер айтып сырқаттың көңілін ауламақшы еді, Жамал сыбырлап:
– Бір айналып келерміз, демалсын. Біз мына бөлмеге барып шай ішелік, – деді.
– Жарайды, сөйтейік, мазасын ала беріп қайтеміз, – деген Бекайдар Жамалдың соңынан аяғын ептеп баса ілесіп, бөлмеден шығып кетті. Олар шайға тәбеті тартпаса да кесеге құюлы шайды сүле сапа ішіп отырды.
– Бәрі де ойда жоқта болды, – деді Жамал ауыр күрсініп, – Кім ойлаған?.. Бұл да бір жазылып қойған махпүз шығар. «Үмітсіз – шайтан» деген, олай-бұлай апарып көрсетеміз бе десек, «Миына қан кеткен, әзірге орнынан қозғалтуға болмайды» деп, дәрігер бала рұқсат бермей отыр. Оның үстіне кеше кешкісін отағасы аз-маз тілге келгенінде ешқайда апармауын өтіл еткені бар еді... Әлгі екі жетпегірден хабар-ошар жоқ, қайда жүргені белгісіз... Түнімен бір медбике қыз укол-пукол салғансып шықты. Ол да қашанғы отырсын, таң ата үйіне қайтты. Бір мәнісі болар. Көңіл сұрап келушілердің арасынан өзі қатарлас, өзінен үлкен кісілерді ғана науқасты көруге жіберіп отырмын. Ауру адам абыр-сабырды, бір кіріп, бір шыққанды жақтыра бермейді ғой.
– Айдар мен Сапарға әлі хабар жете қойған жоқ па?
– Иә, қайда жүргендері белгісіз. Тлипоншы балаға кеше ескертіп едім, хабар жіберермін деген... Төркініме де хабар бере алай отырмын, олар да қайбір жетісіп отыр дейсің, жер болса шалғай. Келіп-кетуіңнің өзі азап. Төркінімде жөні түзу, жөн білерлік ешкім қалмаған. Өзің білесің, жалғыз ағамның қайтыс болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Оның балалары да жиі-жиі араласып тұрмағандықтан жат болып кеткен.
Екеуі де түлежіп сырттағы үдей түскен толағайды әңгіме қыла бергенде сыртқы есік ашылып, әлдекімдер үйге топырлай кірді. Жамал оқыс ашылған есіктен кіді ете қалды да, орнынан екі қолымен жер тірей тұрып, келген кісілерді бөлмеге кіргізді. Келгендер жайғасып, есендік сұрасқаннан кейін бір-бір кеседен шай ішті. Қайтып кеселерін созбады. Негізгі шаруалары – Сырлыбайдың хал-жағдайын сұрай келгендерін білдірген соң, орындарынан тұрып сырқатқа кіріп шықпақшы еді, оларға Жамал:
– Ескеріп келгендеріңе рахмет, қарақтарым, бірақ, қазір оны әурелеп қайтесіндер, – деді.
Араларындағы жасы үлкендеу Әмір Жамалдың сөзін құп көргеннен кейін бәрі сыртқа беттеді. Есікті аша бергенде ұйтқи соққан желдің әсерінен көтерілген шаң дәліздің ішін тұтып, дым көрсетпей тастады. Бәрі де есік алдына ошарылып қалды. Әмір далаға шығуға беттемей:
– Ой, әкеңнің!.. Байқоңырдан тағы бір зымыран ұшты-ау деймін. Сол бәле ұшса болды осындай алай-дүлей боран құтырып кететіні бар, – деп үсті-басын қаққылап кері шегініп кетті. Бұлардың ұйлығып, аласапыраннан ытырынып тұрғанын білген Жамал жігіттерге: «Несін асығасыңдар, дауыл да басылар, үйге кіріп отыра тұрыңдар», — деп үзірін айтты. Жігіттер қайтадан орындарына жайғасты.
Кешігіп болса да қолға тиіп тұратын зейнетақы екі қарияның қазанын оттан түсіре қоймаған. Үйге ауыл азаматтары келгендіктен Жамал шалының бір қалыпты жатқанына тәуба деп, жел-пелге қарамастан газ плитаға ет асуға кірісті.
Кемпірдің бір кіріп, бір шығып күйбеңдеп жүргенін байқаған жігіттердің бірі:
– Жамал апа ас әзірлеп жүр-ау деймін, әуре болмай-ақ қойса қайтеді, – деді.
Бекайдар: «Мұныңыз не? Әуре болмай-ақ қойыңыз», деп еді, Жамал: «Боран-боран деп өлеміз бе, қазір-ақ әп-сәтте дайындаймын. «Қуыс үйден құр шықпа» деген. Үй ішінде дауыл маған ештеңе істей алмайды», деп болмады. Амалсыздан жігіттер астың пісуін күтті.
Ас ішіліп бола бере дауыл да аздап бәсеңсіді. Жамалдың: «Шай дайын, отыра тұрыңдар» дегеніне қарамастан көңіл сұрап келушілер «хабар алысып тұрамыз» десіп үйді-үйлеріне тарасты. Тек, Бекайдар ғана есік алдында бөгеліп Жамалға:
– Ал, жеңгей, істің бетін көріп отырмыз. Үн-түнсіз шығып кете беруді жөн көріп тұрғаным жоқ. Егер, Сырлыекең алда-жалда... Әрине, бетін аулақ қылсын, дегенмен де сасқалақтап жүрмейік, – деді жүзін төмен салып.
– Дұрыс айтасың... Өзің білесің, жастайымыздан мал бағып өскендіктен қорадан бес-он тұяқ үзілген емес еді. Соңғы кездері зейнетақымызды өз уақытында бермей жүргендіктен сол бес-он тұяқты да оны-мұныға жаратып жібердік. Қай күні бір тоқты мен бір қойды жемдеп, байлап отыр едік, жер қаптырып оны да біреулер ұрлап кетті. Кімнен көресің? Милиция бала ары-бері із кескен болды да, соңы «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып қойды. Ірі қарадан бір сиыр бар. Ол сиырды Тұржанның табынына қосып қойғанбыз. Одан да хабар алып тұрған ешкім жоқ. Ана бір күні Тұржан ауылға келгенде сұрап едім, әжептәуір еті бар, бірақ, қашып кеткеніне үш айдың жүзі толды деген, – деп Жамал төрт түліктен тек қана бір сиыр барлығын білдірді де, – осы екі-үш күннің ішінде зейнетақы береді деп жүр ғой, егер ол қолға тисе, азық-түліктің бір мәнісі болар еді. Не болса да қамдана беру керек-ау.
– Онда мен Тұржандағы сиырды Елтайды жіберіп алдырайын. Жо-жоқ, дегенмен, өзім барғаным дұрыс шығар, өйткені сиырдың пышаққа ілінердей еті болмаса, түсіндіріп, басқасына ауыстырып бер дермін. Ағайын ғой, илігер. Ал, басқа майда-шүйде керек-жарақты сатып алу үшін қажетті қаражатты өзім бере тұрармын. Зейнетақыны тосамыз деп тоңтеріс отыра бергеніміз жарамас, не керектің бәрін түгелдей бергеніміз дұрыс. Сіз «Мынау бір пәлені бастап отыр ғой» демеңіз. Менікі жай сақтық. Жеме-жемге келгенде қалбалақтап қалмайық дегенім-дағы, – деген Бекайдар сөзін кібіртіктеп барып аяқтады.
Шаңырақтағы жетімсіздіктің табынан туындаған көңілсіз әңгіме сарынына сырнайлатқан толағайдың азалы үні қосылып Бекайдар мен Жамалдың ішкі дүниесін қалтыратып, қайғының қара орамалын қымтай түсті. Жел екпіні қайтадан үдеді.
– Мына, Байқоңырдан әуелейтін әлгі ракета дей ме, пракета дей ме, сонысы ұшса болды құтырынып шыға келетін үйреншікті жел ғой. Қой қайтайын, – деді Бекайдар.
– Әйтеуір, хабарсыз кетпе, әлгі сиырды алдыра бер, – деген Жамал жаулығының ұшымен көзін сүртті.
Бекайдар ертесіне түс ауа Елтайға торы дөненді ерттеткізіп, Тұржанның қысы-жазғы тұрақты мекені – Сасықсуға жүріп кетті. Біраздан бері атқа мінбегендіктен алғашында ерге орнықты отыра алмай әуреленді. Едәуір жер жүрген соң, жиырма жыл бойғы өмірін ат үстінде өткізгендіктен ер үстін өгейсімей торы дөненді аяңдатып, бір қалыпты жүріспен ауылдан ұзай берді.
Бекайдар шопан кезінде осы өңірдің қай тұсында мал бақпады дейсің. Бәрі таныс, бәрі етене. Талай қарлы айдамаларда, аптап ыстықтарда, көзге топырағын, қиыршағын бүркіп, құтыңды қашырар бұрқасындарда, ала-сабыр шақтарда, жан-тәніңді тербеткен, уылжыған күндерде, жұлдызды аспанға күле көтеріліп, көк жиекке еркелей құлайтын айдың нұры шалқыған түндерде, шолжаңдай келіп құшағына құлаған ерке қыздай еспе желі еркіңнен тыс елжіретер көктемнің шуақты шақтарында, ғұмырдан тек қинаят қана күткен, үмітке толы кездерде осы өлке, осы маң, осы аймақ Бекайдардың мекені болған жоқ па?
Бекайдардың көздеген жері әжептеуір айдамал, қырық шақырымнан асады. Күн батуға әлі үш сағаттай уақыт бар. Торы дөнен аман болса, қазір-ақ алып барады. Ол жол қысқарту үшін емес, есіне әлдене түсіп, сол дүмбіттірді ме, бәлкім торы дөненнің еті қызып, басын қайта-қайта шұлғып, тізгінді тартқылай бергендіктен ырқына жібергісі келді ме, далақтап шаба жөнелді. Дөнен мінілмей, байлауы тұрғандықтан борша-борша терлеп, қамдық жасады. Иесі тізгінін тартып көлігін аяңға көшірді. Ат үстін сағынып қалғандықтан болар әлде көптен бері ізін салмаған мына жол өткенімен жолықтырып, масайратып, кейде қамықтырып екі ұшты күй кештіргендіктен бе, Бекайдардың делебесі қозып, тағы да шапқысы келді. Алайда, дөненінің терін жеп алуын күтті. Әйтпесе астындағы атын жініктіріп алатын түрі бар.
Ол жіпсіген маңдайын жең ұшымен бір сүртті де, кешегі желдің жұрнағы – желтеңнен сақтанғансып, сырт киімі – жеңіл күртешесінің омырауын түгел түймелеп алды. Бір кезде терін жеген дөнен қайтадан күшіне ене бастағанымен бір сәтте өте шыққан әлгі желік Бекайдарды қайта мазалай қоймады да көлігін ырқына жібере қойған жоқ. Ол осы жүріспен жол ортасына келіп қалған еді.
Ол айналасына зейін сала отырып, осыдан бірнеше жыл бұрын болған көңіл қобалжытар келеңсіз оқиғаға куәгер кебір жердің тұсына келіп жетті. Әлгі оқиғаға өзін күлметкер санаған Бекайдардың сол заматта бойындағы зипа сезімдері үшті-күйлі ғайып болды. Бұл арадан тезірек өте шықпақшы болып дегбірсізденді. Өйткені, сол маңнан ұзай түсе, арада қанша жылдар өтсе де санасында жиі-жиі жаңғырып, тынышын кетіретін әлгі оқиға көріністері көз алдынан, санасынан зәуметте ғайып болатындай. Дегенмен, Бекайдар өзіне-өзі кежігіп, жаңағы қарғыс атқан жерге қарай атының басын әдейіге бұрды...
Болған жағдайға куә болған екі куәгер: бірі – адам, бірі – жер. Бір-бірін аңдып, аңдасып тұрғандай. Ал осы жерде білгенін істеген үшінші кім? Ол – Сырлыбай болатын.
Бекайдар өз жолына қайта түсті де, Сасықсуды бетке алды. Иесінің пәс тартқан көңілін сезгендей торы дөнен жұлқынуын тыйып, сар желіспен келеді. Арадағы қашықтықтың басым бөлігі артта қалған.
Оның көз алдына Сырлыбайдың сол оқиға болған әлеттегі сұлабасы елес беріп өтті де іле оның қазіргі ауыр халдегі кескіні көлбеңдеді. Күн батуға арқан бойы қалған. Діттеген жеріне қазір-ақ жетіп баратынын білген ол жолдың ұзара түскенін қалап келеді. Өйткені оңаша, өзімен-өзі, үзіліп қалған өткен өмір белестері жайлы қай күнгі ішкі толғаныстарын жалғай түскісі келген еді.
Иә, сол оқиға болған күні Сырлыбай екеуі аттарымен орталыққа кетіп бара жатқан... Жо-жоқ, бәрін де рет-ретімен тізбектеп өткені дұрыс шығар.
******
Кеш бата Бекайдар отарын ауыл маңына иіріп бола бергенде өзіне қарай бір-бірін қуалай ойнап келе жатқан үлкен ұлы Жолтай мен ерке қызы Айнұрдың келе жатқанын көрді. Биыл жетінші сыныпқа баратын, ес тоқтатыңқыраған Жолтай балаң көңілмен:
– Көке, бізді апам жіберді. Елтай бізбен бірге барамын деп жылап қалды. Оны апам жібермеді. Немене, мына қозылардың бәрі енді біздікі бола ма? – деді қуанышын жасыра алмай. Айнұр болса әдеттегідей еркелігіне басып, көкесіне жақындай берді де, аттан қорқып тұрып қалды. Жолтай ересектік танытып көкесінің қолындағы шылбырды алып, аттың жуастығын байқады да тұмсығынан, мойнынан сипалады.
Ымырт үйіріліп, май тоңғысыз түн басталып келеді. Бекайдар балаларына «үйге қайтыңдар» деп еді екеуі де мұнысына көнбеді. Лажсыздан жаздың қысқа түні қазір-ақ таң арайымен алмасарын алғау тұтып балаларының қасында қалуларына рұқсат берді.
Құбақан торының сырын білмегендіктен қашып кетер деп, шідерлеп отқа жіберді. Балаларын ертіп иірілген отарды айналып біршама уақыт өткізді де, үстіндегі күпісін астына төсеп, Үрбибінің беріп жіберген ас-ауқатымен үшеуі тамақтанды. Қайта-қайта есінеп, ұйқысы келе бастаған Айнұрға ілдалдап жай жасап берді де, ұйықтатып тастады. Ал Жолтай болса сыр бермей, ит-құсқа сес көрсеткендей «айт, айт» деп айқайлап қояды. Бекайдарға отарды ит-құсқа ұрындырып арандап қалмайын деген ойы көзін ілдіртер емес.
Міне, таң да атып келеді. Бекайдар елең-алаңда ұйқысынан тұрған Айнұр мен Жолтайды ауылға қайтарып, отарды осыдан он бес шақырымдай қашықтықтағы Шағырлыға беттетті. Трактор айдап жүргенде ол жерге талай барған, ой-қыры таныс, көріп жүрген өңірі. Басында артезианы бар. Міне, Бекайдарға осы жерге көшіп бару ұйғарылған. Асығудың қажеті шамалы, өйткені он бес шақырымдық жерге малды асықпай жайып барғанның өзінде түске дейін жетіп қалады.
Бекайдар Шағырлыға жете бергенде ауыл жақтан жолдың шаңын көкке көтеріп, бір жүк артқан машина шықты да, ә дегенде-ақ қасына жетіп келіп тоқтай қалды. Қораптан Үрбибінің түсіп жатқанын көріп, өзінің көші екенін білген Бекайдар машинаға қарай бұрылды. Үрбибінің екі езуі екі құлағында, балаша мәз-мейрам. Балалар да көңілді. Көлік ішінде Ділдәбек бар екен.
Олар ошарылып тұрып көш-қон жайын сөз етісті.
Ділдәбек:
– Бекайдар, өзің де жаңа қонысқа тақап қалған екенсің, Жолтайды отарға бас-көз болуға қалдырып, бізбен бірге жүр, – деді.
Жолтай атқа мінуді құмартқандықтан:
– Көке, сіз бара беріңіз, мен өзім-ақ отардың шашауын шығармай жеткіземін, – деді.
Бекайдар ұлын қалдырып, машинаға мінді.
Бұлар жаңа қонысқа келісімен апыл-ғұпыл жүкті түсіріп, көзді ашып-жұмғанша алты қанат киіз үйдің шаңырағын көтеріп, киізін жауып қойды. Ділдәбек өзінің жүргізушісі екеуі асығыс кетті де, Бекайдар мен Үрбибі кешке дейін тыным таппай үй-ішін реттеп, сым қораны орнатып, біраз жұмысты еңсеріп тастады.
Ертесіне Бекайдармен іргелесе жаңа көрші келіп қонды. Айдалада жалғыз үйден гөрі көршінің болғаны қандай жақсы. Көршілес қонған бұрыннан қой бағып келе жатқан, биыл алдындағы отары кәртейгендіктен оны етке өткізіп, жаңадан тоқты қабылдап алған Сырлыбайдың отбасы екен. Бекайдар үй айналасының отына дүре тимегендіктен отарды жақын маңға тастады да, Сырлыбайдың үйін тігісуге көмектесті. Бұл келемін дегенше Үрбибі Сырлыбайдың әйелі Жамалға қол ұшын беріп, оны-мұнысына қолғабыс тигізіп жүр екен. Ол кезде Сырлыбайдың Айдары мектепті бітіріп, әкесіне жәрдемесіп жүрген кезі еді. Сырлыбай мал бағуға келгенде өз балаларына сеніп,, ешкімнен көмекші сұрап жалынып жатпайтын. Бұрынан шопандық өмірге бейімделіп алған Сырлыбайдың керек-жарағының бәрі де сақадай сай. Олар үшін көшіп-қону анау айтты қиындық туғыза қоймайтын шаруа. Үйреншікті тірліктері болып қалған.
Бір күн болса да ертерек жайғасқандықтан Үрбибі Сырлыбайдың үй-ішін шайға шақырды. Көршілер бұрыннан таныс әрі ауылдас болып келгендіктен тез үйренісіп, әңгіме-дүкендері жарасып кетті. Жаңа қоныстың құрметіне орай Үрбибі дастарханды жайнатып жіберген.
Мол дастархан басында әңгіме қыза түсті. Көбіне бұрыннан қой бағудан тәжірибесі бар, қыр-сырына қанық Сырлыбай сөйлеп отыр.
– Мал бағу деген оңай емес. Қарыз алып, жұрттан жылу жинап жүргендерді көріп жүрміз. Өйтіп мал баққанша, тезек теріп кеткен жақсы. Менің сөзімді тыңдар болсаң, әзірге төселіп кеткенше ешкімнің де малын қоспа. Мал баққан соң арқадан қағар ағайын көбейеді. Біреудің қосқан малы «қоспа» деп аталады. «Қоспа» деп аты айтып тұрғандай, қоспаны жолатпау керек. Өлетіні бар, жоғалатыны бар, аяғы дау-жанжалға ұласып, басыңды шырғалаңға саласың, – деді Сырлыбай шынайы пейілімен.
Сырлыбай ірі тұлғалы, жалпақ иықты, ұзын бойлы, кеудесі шалқая біткен, өңі қара торы, маңдайы кең, құс мұрынды, қысыңқылау қара көзді, шалт қимылды, өз ісіне ұқыпты, сезімтал жан еді. Оның үстіне, үйге жайлы, қасындағы кісінің көңіліне қарағыш, дегенмен ептеп қулығы да бар-тын. Ал бірақ, бір ашуланса, біреуге ренжісе, оны райынан қайтару, ашуын басу өте қиын.Бір қитықса, алған бетінен қайтпайтын. Онысын Бекайдар талай көрген, бірақ бұндай қыңыр мінезін тура Бекайдардың өзіне көрсеткен емес, тек бір-ақ рет болмаса. Ол...
Шағырлыға келіп қоныс тепкеннен кейін оншақты күн өте Бекайдарға жәрдемшілікке Санжар деген жігіт келді. Көмекші жігіт екеуі бел шешіп еңбек етіп, отарды дөңгелетіп-ақ кетті. Аналық басқа қалдырылған тоқты отарлардың жайылымына сақтаған басшылар бұл маңды мал аяғына бастырмағандықтан, жер от. Теріскені, шағыры, түрлі ақ оттары бар аймаққа жайылған мал тез оңалды.
Мал бағуға бел шеше кіріскен Бекайдар отарын көп аса түнетіп жаятын. Үй маңына тек малды құдықтан суғару үшін келеді. Ал басқа уақытта үнемі жайылымда. Сондықтан да оның тоқты отары балықтай семіріп, шетінен қолға ұстап бордақыланғандай болды.
Сырлыбаймен жайылымы бір болған соң, бұлар өрісте жиі-жиі жолығысып тұратын. Бір күні Бекайдар құбақан торысын жетегіне алып, мал соңында келе жатқанда, отарын өзімен қатар өргізіп келе жатқан Сырлыбай мұны бас киімін бұлғап өзіне шақырды. Анадайдан айқайлай амандасып, хал-жағдайларын сұрасты. Сырлыбай бұның қолындағы шылбырды алды да, екі мініс көліктерінің шылбырын біріктіріп байлап қоя берді.
– Ал, Бекайдар, әзірге бет алысың жаман емес. Осы беттен қайтпасаң, еңбегіңнің жемісін көресің. Әзірге малыңның май құйырығы тамағыңнан өтіп, ішіңді майлап, тіліңді үйіре қойған жоқ. Азар болса бір-екі айдың жалақысын алған шығарсың, онымен жари қаламын деме. Көзін тауып, түрлі амалдар қарастырып, пайдаға кенелуге тырысқаның жөн. Алдында артық бас, өкіметтікінен тыс жекеменшік тұяғың болмаса, қиын. Өйткені, ит-құстың кесірі бар, қанша пысықпын десең де жоғалтып алатының бар дегендей, мал басы кемімей тұрмайды. Міне, сондықтан кем малдың орны санақ кезінде үңірейіп тұрмауы үшін әрекет ет. Мен болмағырға ақыл-кеңес бермейтін адаммын. Ал, сен жаңбыр жаумай су болатын сылбыр адам емессің ғой, сондықтан менің кеңесіме құлақ түр, – деді Сырлыбай.
– Сыреке, жекеменшік малың болғанға не жетсін! Пендеге қашан дүние артық етіп еді. Бірақ ә дегеннен жылы-жұмсаққа тұмсығымды тығамын деп жүрген мен жоқ. Дегенмен, берер кеңесіңіз болса тыңдайын, айтыңыз, – деді Бекайдар.
– Қазір барлық саулық отарлар күйекке түсуді бастады. Басшылықтың барлық зейіні соларда... Бізге көңіл аудара қоймайды... Өкімет тоқтыны ертеңгі аналық бас майдаланып кетеді деп, күйекке түсіруге, дәлірегі, төлдетуге рұқсат етпейтінін білесің. Ал сен керісінше үш-төрт қошқар тауып, отарыңа қосып жібер. Сенің тоқтыларың семіз, күйлі. Қошқар салсаң болды көбі қашқалы тұр. Көктемде құрығанда 200-300 тоқтыңды төлдетіп алсаң, мұртыңды балта шаппайды, – деп Сырлыбай Бекайдарға сынай қарады.
– Ойбай, о не дегеніңіз Сыреке, директоры бар, басқасы бар, біліп қойса мені құртады ғой. Бұл деген олар үшін адам өлтіргенмен бірдей емес пе? Өкіметке қарсы жасалған қылмыс қой. Оның үстіне қошқарды қайдан таба қояйын? Тексеріп қалса, буаз тоқтыларды қайда тығамын, – деп Бекайдар Сырлыбайға жаутаңдай қарады. Бірақ, жылы-жұмсақтың иісін сезген Бекайдар Сырлыбайдың кеңесіне «болмайды» деп үзілді-кесілді қарсылығын білдіре қойған жоқ. Қайта осы істі әрі қарай алып бару үшін тағы бір тың ұсыныс күткендей рабай көрсетті.
Сырлыбай өз ұсынысына орай тынышы кеткен Бекайдардың одан сайын дегбірін қашыра түскісі келгендей бір ауық үнсіз қалды да, іле миығынан күліп, салалы саусағымен әріптесінің арқасынан қаға:
– Одан қорқатын ештеңе жоқ. Өкімет-пөкіметіңді қайтесің... «Тәуекел түбі жел қайық...» Тәуекелдің де берер несібесі бар. Бұл жерде мені отқа итеріп тұр деп ойлама. Мен сенің қамыңды жегеннен айтып жатқаным ғой. Не болса да, өзің шеш. Егер мен айтқан кеңесті жөн деп тапсаң, саған көмегімді тек сөзбен ғана емес, іспен де көрсетемін. Дегенмен, келінмен ақылдасып көрерсің, басқа адамға тіс жарып айта көрме. Қазір алты тоқал қошқарым бар, соларды отарыма жібергенмін. Егер, қажетсінсең соның үшеуін саған берейін. Сол үшеудің өзі әжептәуір еңсеріп тастайды. Ал тоқтыдан туған төлді жасырудан қам жеме. Директор өзіміздің жігіт. Одан еш бәле келе қоймайды, ал басқалары одан асып қайда барады дейсің, тек әлгі парторг Байжан ғана тістесіп қалған «патриот». Кейінгі уақыттарда парторг пен директордың арасы жақсы болмай жүрген көрінеді. Сол бір нәрсені бүлдіріп жүрмесе. Дегенмен қорқатын түгі жоқ, – деді.
– Сыреке, бастықпен сіз жақсысыз, ал мені еркіме қоя берер деймісіз?
– Әзірге қошқарды отарыңа қоса бер. Кейін буаз тоқтыларыңды іші өсіп, біліне бастағанда бөліп аламыз да менің отарыма қосып жібереміз. Сен олардың орнын менің қашпаған тоқтыларыммен толтыра тұрасың. Тоқтының бәрі әлгі үш қана қошқардан қашып кетеді дейсің бе? Көп дегенде екі жүзі, кем есептегенде жүз-жүз елуі қашар... Ал солардан туған төлді сырт көзден жасырудың да жолы табылады? – деді де Сырлыбай көңілі жайланған Бекайдарға «мен тұрғанда қорықпа» дегендей сеніммен қарады.
Бекайдар пендешілікке салынып:
– Сыреке, айналдырған үш қошқар жүз елу-екі жүз басты қашыруға шамасы жете қояр ма екен, әй қайдам, – деп тойымсыздық танытып қалды.
– Жетеді. Екі жүзі болмаса жүзі не елуі күйлер, неміз кетеді... Ал енді топырлатып қошқар қосып жіберсек, бүкіл отар көктемде төлдеп тұрса, оны қайда апарып тықпақпыз, – деп Сырлыбай Бекайдарды қанағаттың «ауылына» бұрғандай болды.
Қыстауға көшіп барған соң, екі ай өте буаз тоқтылар анадайдан көзге көріне бастады. Бекайдар Сырлыбайдың айтуымен буаз тоқтыларды бөлгенде олардың саны жүз отызға жеткенін білді. Ол бұл буаз тоқтыларын Сырлыбайдың отарына қосты. Ал оның орнын әріптесінің қашпаған тоқтыларымен толықтырды. Енді Бекайдарға қорқып, үркетін ештеңе жоқ. Бәріне Сырлыбай жауап береді. Бірақ, Бекайдар өзіне болысып жүрген Сырлыбайға қырсығым тиіп жүрмесе жарар еді деп, уайымдамай қалған жоқ.
Бас ауыртып, балтыр сыздатар қыс мезгілі әзірге қиқарлығын көрсете қоймаған кез. Төрт-бес мәрте жауған қар жердің бетін жапқанымен мал аузына ілігетін қара отты бүркеп тастай алмаған, әйтеуір өріс ашық.
Сырлыбай мен Бекайдар қыстауының ортасы небәрі төрт-ақ шақырым. Басқа да көршілер ұзақ емес. Нақ осы шақтарда соғым басына шақыру көбейеді. Осындай барыс-келіс арқылы Бекайдар біраз шопандармен аралас-құралас болып кетті. Ол трактор айдап жүргенде қойшылар үйінің жанынан өте шығатын немесе көшіріп әкелсе, жүгін түсіре сала жөнеп беретін кездерде: «Осылар айдалада қалай іштері пыспай отыра береді екен, қандай қызық көріп жүр дейсің?» деп оларды іштей мүсіркейтін. Жо-жоқ бұл ойы емес екен. Шопандардың да қызығы, ермегі көл-көсір көрінеді.
Бірде Ділдәбек жетіп келді де: «Ауданнан өкіл келе жатыр, ертең директормен бірге шопандарды аралайтын көрінеді, қора-қопсыңды тазалап қой. Жекеменшік сиыр, жылқыларың болса қора маңына жақындатпай, аулаққа айдап жібер, әйтпесе өкіметтің жем-шөбін жеп жатыр деп сүрең салады» деп пысықтап кетті. Ертесіне екі машинамен өкілдер Бекайдардың қыстауына ат басын тіреді. Өкіметке шығын келтіретіндей жеке меншік сиыры мен жылқысы жоқ, шаруашылығы тап-тұйнақтай Бекайдар меймандардың алдынан шықты.
Баймұса Бекайдармен қол алысып жатып:
– Бұл жігіт біздің жаңадан іске кіріскен шопанымыз. Алғаш қой бақса да, кәнігі шопандардан басып озар түрі бар, – деді өкілге мұны таныстырған болып.
Өкіл маңызданып, қабағын тыржита:
– Аса көп мақтай бермеңіз, көтере алмай жүрер, – деп күлгенсіді. Директор мен аудан орталығынан келген өкіл бастаған топ қораның іші-сыртын көріп шығып, мұндағы тірліктің нағыз шаруақор адамның қолынан өткеніне көз жеткізіп разы болысты.
Қонақтар келесі шопанның қыстауына жүруге ыңғай таныта бергенде Бекайдар елпектеп оларды шайға шақырып, түстікті осы жерден ішіп кетулерін өтініп еді, өкіл келісім бермегендіктен басқалар соңынан ілесіп, соның әуейімен кетті. Алайда, Баймұса өкілді көзге де іліп тұрмағандай. Бірақ «осы біреуден әйтеуір құтылайықшы» дегендей, өкілдің астына «көпшік қойғансып», дегеніне көнгенсіп қояды. Өкілдер енді ат басын Сырлыбайдың қыстауына бұрды.
Ертесіне Сырлыбаймен жолыққанда ол өкілмен арадағы қақтығысын тәптіштеп айтып берді.
Сырлыбайдікіне барысымен құдықтан су ішуге келген сиырлар мен жылқыларды көрген өкіл: «Бұл деген қоғамдық меншікті аяқ-асты ету, ұрлау, тонау. Мына тұрған сиыр, жылқылар кеңшадың жиып берген жем-шөбін жемей ай қарап тұрады дейсің бе?..» деп дүрсе қоя береді. Осы бәледен үндемей-ақ құтылайықшы дегендей Баймұса көзін қысып, Сырлыбайға жақ ашпай-ақ қой деп ымдайды. Осылар отарды көрмек ниетпен өріске барып, буаз тоқтыларды байқап қалып жүрмесін деген ішкі күдігі үдеп тұрған Сырлыбай Баймұсаның ишарасын байқамағансып, егер қымқиғаштық туындаса, шақыртусыз келген қонақтар бұл арадан тезірек аттанып кетер деген оймен, оның үстіне Баймұса мен Ділдәбектің өзін іштей қолдайтынын білгендіктен және өзгелерге оңай жау емеспін, сен түгілі ауданнан келген өкіліңмен тіресе аламын деп қыр көрсетіп қою үшін әдейі өкілге бұл да қарап қалмай: «Әй, жігітім, әкіреңдеме, аспаннан салбырап түскен ешкім жоқ, бүйтіп шәңкілдейтін мен сенің қатының емеспін. Өстіп айдалада қаңғып жүргенде бес-алты сиыр, төрт-бес жылқы ұстай алмаймын ба? Өріс ашық, жайылым бар. Кеңшардың жем-шөбіне телміріп қайтеді. Қазір түс мезгілі, су ішуге келген беті. Сен бес-он тұяқтан даланың шөбін қызғанып тұрсың ба? Шіренбе. Қане көр, қай күні түсіріп берген үш тонна жем әне, қораның ішінде, сол күйі тұр. Шырағым, орынсыз жерден күстәнәлама, өз жұмысыңды біл» дейді. Әбден жантайса жастық, жатса төсеніш болып келе жатқан кеңшар басшыларының құрметіне еті үйреніп қалған өкіл тосыннан қайдағы бір шопаннан сөз естігеніне шамданып, Баймұса мен Байжанға алма кезек қарап, олардан жәрдем күткендей болады. Іштей айызы қанып тұрған Баймұса ештеңе демеген соң Байжан жұмсақ үнмен:
– Сыреке, сіздікі дұрыс қой, бірақ өкіл болған соң жекеменшікке қоғамның мүлкі шығын болмасын деп ескертіп жатқаны шығар, неменесін қызынасыз, – деп, өкілге болыса сөйлейді.
Ешкім тегеурінді түрде қарсыласа қоймағандықтан Сырлыбай:
– Оу, сонда осы қоғамның мүшесі болып жүріп, кішкентай бір дүниеге, азғантай бір малға мынау «өзімдікі», мынау «менікі» деп иелік жасай алмасақ, онда несін өмір сүреміз. Мен ай сайын еңбекақы, жыл сайын сыйақы аламын. Соның арқасында жиған бес-он тұяғымды қолымда ұстай алмасам, сонда не болғаны? – дейді.
Сәлден кейін барып, шіреніп тұрған кеудесі пәсейіңкіреген өкілге Баймұса:
– Жарайды, біраз керілдесіп алдық-ау деймін, осы да жетер. Мұндай-мұндай керілдесулер кездесіп тұрмаса істің де мәнісі қашады. Мен керілдестік деп тұрмын, жо-жоқ, біз ұрыс естіп тұрмыз. Бізге нағыз дала төсінде аязбен арпалысып, боранмен жұлқысып жүрген еңбек адамы налып тұр. Сырлекеңдер не айтса да жарасады. Осы кеңшарда бала жасынан табысты еңбек етіп келеді, шопандарымыздың алды. Сонда деймін-ау, тек лауазымы барлар ғана ұрсуға, жекуге тиісті де, қарапайым еңбек адамы жөнін айтып, біз тәрізді жайлы машина мен жылы кеңседен шықпайтын атқа мінерлерге әлдене десе жараспай ма, – дейді де өз көлігіне қарай жүріп кетеді. Сырлыбайдың кісілерге үйге кіріңдер деуге де мұршасы келмей қалады.
Ақпан айының аяғында, көктемнің лебі сезіліп, қыстың қыр астына қайта жасырынуға бет алған, ыбылыңқы-сыбылыңқы күндерінің бірінде кештетіп Ділдәбек жүргізушісімен бірге жетіп келді де: «Бекайдар, ақылдасатын шаруа бар, Сырлекеңнің үйіне барайық», – деді. Бір жайсыз істің ұшы шыққанын сезген Бекайдар бұлармен бірге Сырлыбайдікіне барды.
Сырлыбай мен Баймұсаның ара-қатынасы жақсы екенін, ферма меңгерушісі Ділдәбек директордың оң қолы екендігін жақсы білетін Бекайдар бұларға арқа сүйегендіктен оншалықты саса қойған жоқ.
Сырлыбайдың айтуынша, отардағы буаз тоқтылар жайын Баймұса да, Ділдәбек те біледі. Демек, бұл былықтың ішінде Бекайдардың да бар екенінен олар хабардар. Сондықтан бұны ақылдасуға шақырып отыр.
Кешкі астан кейін Ділдәбек, Сырлыбай және Бекайдар үшеуі төргі бөлмеде оңаша қалып әңгімелесті. Сөз тізгінін қолына алған Ділдәбек Сырлыбай мен өкілдің қақтығысынан кейін болған жағдаяттарды тәптіштеп айтып шықты.
Ділдәбектің сөзіне қарағанда, өкіл қарапайым шопанның алдында Баймұсаның өзін жақтап сөйлемегенін көңіліне кек тұтып қалады да, кетерінде ренжіп аттанады. Байжан осы сәтті пайдаланып өз дегенін істеуге тырысады. Дәлірегі, Байжанға жоғары жақтан одақтас оңай табылғандықтан, Сырлыбайды Баймұса не үшін жақтап сөйлегенінің сырын ашып, барлық жайды өкілге тәптіштеп айтып береді. Нәтижесінде Баймұсаның жүзден астам қойын Сырлыбай бағып жүргендігі, екеуінің арасындағы алыс-беріс, көңіл жарастықтың барлығы өкілге белгілі болады. Содан ол Байжанға тағы да материал жинап, толықтырып директордың үстінен арыз жазуды тапсырады. Баймұсаны сүріндіруді бұрыннан ойлап жүрген Байжан мұндай мүмкіндікті қолдан жіберу алу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Осы кезде кімнен, қайдан естігені белгісіз әлдекім Байжанға Сырлыбай мен Бекайдардың былығын жеткізеді. Шын мәнінде бұл жағдай дәлелденіп, мойынға нақты қойылып берер болса, құрыды деген сонда болады. Бұның салқыны Баймұсаға да тиіп кетуі әбден мүмкін.
Сырлыбай Ділдәбектің әңгімесін тыңдап отырып:
– Баймұсаның жүз шақты қойын бағып жүрсем, оның несі айып?
– Сырлеке, түсінсеңізші, сіз бен бізге бұл деген түк емес сияқты, бірақ аналар үшін бұл адам өлтіргенмен бірдей ғой. «Директордың қойы қоғамның жем-шөбін тегінен-тегін жеп жатыр, директор қызмет бабын пайдаланып, қарамағындағы қойшыға малын бақтырып, жат тірлікке барып, өзі коммунист бола тұра баяғының байларынша дәурен сүруде» деген сөз шықса, кесірі Байекеңе тимей қоймайды ғой.
– Дұрыс... онда мен ешқандай да директордың малын білмеймін, өзімнің жекеменшігім десем ше?
– Байекең де біреу-міреу сұрай қалса, осылай айтсын деді. Өзімдікі десеңіз болды, – деді де Ділдәбек сағатына қарап:
– Ал енді, екінші мәселеге көшейік. Сырлеке, Бекайдар, бүгін түннен бастап отарыңыздағы буаз тоқтылардың көзін құртайық. Ең басты жұмыс осы. Директор да осыған қатты алаңдаулы, бұған не дейсіздер?
– Байекеңе арқа сүйегендіктен осындай тірлікке барғанымыз рас, менің ойымша көрші отарларға бөліп-бөліп қосып жіберейік те, орнына солардан тоқты әкеліп толықтырып қоялық, – деген Сырлыбай сөзге берік шопандарды атап шықты.
Арыз бойынша тексеру ертең немесе арғы күні келетіні белгілі болған соң, бір минутты да бос жібермеу үшін үшеуі де сыртқа шықты. «Газ-53» маркалы машинаның кабинасында темекі шегіп отырған жүргізуші мен Айдар бұлар шығысымен тапсырма күткен солдаттардай неге болса да дайын тұр еді.
Түнде машинаның жарығымен бұлар жабылып жүріп Сырлыбай мен Бекайдардың иелігіндегі тоқтылардың ішін көтеріп тексере буаздарын анықтап, отыздан-қырықтан машинаға артып, сенімді деген сегіз шопанның отарына таратып, олардың орнына әлгілерден тоқтылар әкеліп, таңата бәрін реттеп үлгерді. Ділдәбек жүргізушісімен «Мен сендерді, сендер мені көрген жоқсыңдар», деп орталыққа қайтып кетті. Түндегі орайы келген істің жемісін Сырлыбай мен Бекайдар ертесіне көрді. Түс әлетінде әлгі арыз бойынша тексерушілер сап етіп, аспаннан түсе салғандай жетіп келді.
Істің барысы ушығып кете қойған жоқ, өйткені ешқандай ілік таба алмай, арыздағы көрсетілген жайттың бірі де анықталмаған соң, келген кісілер өз жөнімен кері қайтты. Кейін естіп-білгендей, тексерушілердің тықақтап, тергеудің астына ала қоймаған себебі, Баймұса алдын ала олардың аузын жауып, құлқындарын майлап, танауларына хош иістен иіскетіп, арқаларынан қағып қойған көрінеді. Арыз тексерушілер де пенде. Құлқыны жұтынып тұр дегендей...
Арызданушы Байжан кім? Мықтағанда бір кеңшардың парторгі. Партияның сынағынан өтіп, сатылап-сатылап өсу үшін жүрген нанталап біреу. Ал партия, сол партияның құзырлы орындары үшін тым шыншыл, әділ, «арызқой» адам соншалықты керек те емес. Баймұса болса, қолында дүниесі бар, жан-жақпен байланысы тығыз, сөзінің ықпалы күшті адам емес пе.
Баймұса зейнеткерлікке шыққанша бір орнынан қозғалмастан осы совхозда директорлық қызмет атқарды. Ол басшы болып тұрғанда, басқасын білмеймін, әйтеуір шопандар жағы бір көтеріліп, мал жинап, жағдайларын түзеп, қоңданып алды. Парторг Байжан сол жылы басқа жаққа ауысып кетті.
Көктем мезгілінде, дәлірегі мал төлдер уақытта Сырлыбай мен Бекайдар төлдеуге жақын қалған тоқтыларын өз отарларына қайтадан қосып алды да, көрші шопандарға дер кезінде қол ұшын бергендері үшін рахметін айтып, олардың қысыр тоқтыларын қайтарып берді. Өйтіп-бүйтіп амалдаған Бекайдар тоқтыларының қозысын ауыс-түйіс жасай жүріп, саулыққа айналдырып алды.
******
Сасықсуға таяп қалғанда Тұржанның иттері әупілдей үріп қарсы алды. Көз байланып, қараңғылық басқалы бір шама уақыт өткен. Тұржан үйінде екен. Сырттағы иттердің үргені мен ат тұяғының дүрсілін естіп сыртқа шыққан Тұржан баласы Нұржанға жолаушының көлігін байлауды тапсырды.
Кешкі ас ішіліп, енді шайға бас қояйын деп жатқанда келген қонаққа Тұржанның әйелі ет асуға қимылдай беріп еді, оны сезген Бекайдар:
– Шырағым, тамақ істеп әуре болмай-ақ қой, шай-пәй ішсем жетеді. Ат соқты болып шаршап келдім, – деді.
Әлима күйеуіне қарап еді, Тұржан:
– О не дегеніңіз, келініңіз қазір-ақ дайындайды, әзірге шай іше тұрайық, – деп қонақтың қарсылығына көнбеді. Бекайдар шай үстінде бұл жүргендегі шаруасын, Сырлыбайдың жай-күйін әңгіме етісті.
Тұржан Сырлыбайға етжақын болып келеді. Сондықтан діттегені болатынына сенімді. Оның үстіне осы Тұржан інісінің басына бір іс түскенде құлынды биесін сатып, қаражат жағынан көмектескенін, кейін сол малын Сырлыбай қайтып сұрамағанын Бекайдар жақсы білетін.
Тұржан Бекайдарға шай құйып отырып:
– Беке, өзіңіз білесіз, Сырлекең мен дегенде аянып қалған емес. Туған ағамдай жанашырлық танытып, талай-талай қол ұшын берген. Мен оны қалай ұмытайын. Осы Сасықсуды мекендеп, иемденіп қалуыма да сол кісі көмектескен. Өйткені, ол кісі кезінде директормен жақсы болды ғой... Сырекеңнің менде бір сиыры бар, оны жаратудың қажеті жоқ. Буаз. Сырлекең қиналып жатқанда менің күмілжіп қалғаным жарамас. Малсыз емеспін ғой, союға жарайтын ірі қара бар. Алда-жалда олай-бұлай болып кетсе соны жаратайық. Өзінің сиыры жүре берсін, – деді.
Бекайдар көңілденіп қалды. Қас пен көздің арасында дайын болған ас дастарханға қойылды. Түн ішінде өзіне бола арналып асылған ауқатты Бекайдар еңсере жеді.
Астан кейін Тұржан Бекайдар екеуіне қатар салынған төсекке жантая бере:
– Беке, жақсылап тынығып алыңыз. Айтпақшы, Сырлекеңнің көңілін сұрап мен де баруым керек. Асықпасаңыз ертең түстен кейін бірге шығайық, – деді.
– Рахмет, мен ертелеп жүріп кетейін, бұл жақта көсіліп жатып алғаным дұрыс болмас.
– Олай болса, жарайды, бірақ сиырды өзім жеткізіп беремін. Жалғыз сиыр айдағанға көнбей, бұлтақтап, табынын іздеп, қашып әуре етіп жүрер, – деген Тұржан насыбайын атты да, — айтпақшы, Айдар аң аулауға кетіп бара жатырмыз деп, осыдан екі күн бұрын осы үйге соғып өткен, ол әкесінің науқастанғанын әлі естімеген бе?
– Иә, әлі естіген жоқ... Жарайды, сиырды өзің жеткізіп беремін десең, жөн. Шынында жарты жолда айырылып қап, жоқ іздеп жүрмейік, – деді Бекайдар.
Таң ата Бекайдар келген ізімен кері қайтты. Торы дөнен көзіне көк шыбын үймелетіп, сары тоқым ете мінілмегендіктен, кешегі суыт жүрісті ауырлап қалған-ау, аяғын кібіртіктеп басады. Бірақ, Сасық судан ұзай бере торы дөнен қайта ширап, иесінің көңілін аулағысы келгендей екпінді жүрісіне көшті. Бекайдар келген жұмысын бітіріп қайтқанына дән риза. «Ағайынның арасы деген осы да, қадіріңді біледі, түсінеді» деп ойлады.
Бекайдар жол-жөнекей кездескен бірді-екілі иесіз қалған қыстауларға бұрылып, өзінің талай ары-бері мал жайып өткен жерлерін аралап, біраз жүріп қалды. Кеңшар тарағалы бері қожайынсыз, жөндеусіз қалған қыстаулардың ашық-шашық жатқанын, шиферлары, едендері, төбесінің ағаштары тоналғанын көріп, іштей әлдекімдерге налумен болды.
Ол қайтадан үлкен жолға түсіп, аяңдай бергенде желке тұсынан машинаның гүрілдеген даусын құлағы шалды. Іле әлгі көлік жүйткіген күйде бұның қасынан өте бере, іштегілерден біреу-міреу таныған болу керек, кілт тоқтады. Кабинадан біреу секіріп түсті де, бұған қарсы жүрді.
Айдарды анадайдан таныған Бекайдар Тұржанның айтуы бойынша бұлардың аң аулап жүргені есіне түсті.
– Ассалумағаликум аға, қайдан келесіз? – деді Айдар Бекайдарға қолын ұсынып жатып.
– Шаруалармен жүрмін, иә, жол болсын?!
– Әлей болсын! Қаладан жолдас жігіттерім келіп, соларды аңға алып шығып едім. Енді қайтып барамыз. Қанжығамыз майланып, көңіліміз марқайып дегендей. Төрт күндей Қарақұдық, Тұз, Арнаның бойын аралап, қырық-елудей ақбөкен, төрт-бес қарақұйрық атып алдық, – деді көңілдегі қуанышын жасыра алмай.
Бекайдар Айдарға әкесінің жай-күйін айтуға оқтала беріп, қой, барған соң өзі көрер деп тоқтады да:
– Ал енді бет алыстарың қай жақ, ауылға қайтасыңдар ма? – деді сұраулы пішінмен.
– Жоқ, ауылға тура бармаймыз, серіктерім: «Қалаға бірге жүр, кейін өзіміз әкеліп тастаймыз», деп қоймай тұр, – деді де, – бұларға даланың қызығын көрсеттім, енді олардың қаласының қызығын көріп қайтпаймын ба?
– Айдар, шырағым, осы бетіңмен ешқайда бұрылмай үйіңе бар. Әкең аяқ астынан ауырып қалды. Халі нашар. Үйде тек шешеңнің ғана барын білесің, бір минутқа да аялдама, – деген Бекайдар Айдарға бұл сөзінің қалай әсер еткенін аңғарғысы келгендей жүзіне үңілді.
Айдар Бекайдардың сөзіне мән бермегендей:
–— Тұмау-сымау шығар, күні кеше ғана ештеңкесі жоқ еді ғой. Мына жолдас жігіттерге уәде беріп қойып едім, ұят болатын болды-ау, – деп әкесінің хал-жағдайыннан гөрі серіктерінің көңілін аулау маңыздырақ екенін білдірді.
Бекайдар да одан ары тықақтап жатпады. Үйіне барар бармасын Айдардың арының еншісіне қалдырып, әдейіге әкесінің халін тәптіштеп түсіндірместен жүріп кетті. Машина да орнынан ытқи жөнелді.
Бекайдар әлденеге налығандай басын қайта-қайта шайқап: «Біз қайда бара жатырмыз осы?.. Жеңілтектікке, ерсілікке, қатыгездікке, бір күндік қызығымыз үшін арсыздыққа, қарынның қамын ғана ойлайтын тоғышарлыққа, өмірдің мән-мағынасын көзді арбайтын құнсыз жылтырақтардан іздеп, азып-тозып, өз көрімізді өзіміз қазуға асығып барамыз ба, қалай? Осының бәрінің себебі неде?... Бәлкім, асыл мен жасықты, шындық пен өтірікті, мейірімділік пен қатыгездікті ажырата алмайтын көр соқырлығымыздан, жанымыздың, рухымыздың күш-жігерін бағалай білмей, оның қуатын асқынған арсыздыққа, желкесі қиылғыр жетесіздікке, ұсақ-түйек іс-әрекеттерге жұмсайтындығымыздан болар. Әлде, біреудің өлеусірете жаққан шырағына жапатармағай ұмтылып, бірақ, өз қолымыздағы оттығымызды тұтандыра алмайтын берекесіздігімізден бе?.. Мүмкін, тазалық пен мейірім ұялаған жүрегіміздің үнін тыңдай білмегендіктен бе?
Біздің ортамызға тасбауырлық, адами болмысқа жат қарым-қатынас қайдан келген? Осыншама бөгде қылықтарды іргеден енген судай өміріміздің айдынына жайып жіберген кім? Кімдер? Оларды түстеп, танып, байлап, матап қапасқа қамар күн туар ме екен? Қазақы кең пейілімізді пайдаланып төрімізге төредей жайғасқан, болмысымыздың ойран-ботқасын шығарған жат пиғылдылардың, бөтен таным-түсінік иелерінің дегеніне көніп кете беруден басқа жол қалмағаны ма? Егер, біз шарасыздыққа бой алдырсақ, онда өзімізге өзіміз жаза тағайындап, азаптануымыз керек. Бәлкім, сонда ғана елжіреп, еміренген, пәктігі мен парасаты құшағында аңқыған, рухыңның құдіретін тек қана ізгілікке, адами мұраттарға жұмсататын ерен ағыммен қауышар едік. Егер сол күнге жетсек, Жаратқанға лайықты құлшылық етудің не екенін шынайы сезіну ләззатына бөленеріміз анық. Бұдан артық рахат та болмас», – деді іштей.
Ол көз ұшында кетіп бара жатқан әлгі мәшинеге қарап еді, ауылды бетке алмағанына көз жеткізді. «Демек, Айдар үйіне бармайтын болғаны...»
Бекайдар тағы да өткен шақтың белестеріне ой жүгірте өз жолымен кете барды.
******
Сол жылы шопандар ерте көктемде әдеттегідей тау етегіндегі төл қораларға жаппай көшіріліп жатқанда көршілес отырған Сырлыбай мен Бекайдар ауа райының ыбылыңқы-сыбылыңқы мезгілінде буаз малды тосыннан киліккен суыққа ұрындырып алармыз, «сәуір болмай, тәуір болмас» деп, сақтықпен жылы орындары – қыстауларынан қозғала қоймаған. Тек, көктем шыға қыстауды тас кене басады демесеңіз, айналасы тауға қарағанда ерте көктейді және боран-соран бола қалса жылы қора, қыстан артылған шөбі бар дегендей, оңтайлы.
Негізінен тапсырмаға сәйкес барлық шопандар туыт қораларға көшуге тиіс болатын, бірақ бұлар директормен келісіп, екеуі қыстаудан ірге аудармады. Осыны естіген басқа қойшылар қүңкілдеп, олардың араларындағы сыбайластықты сөз етісіп, онысын Ділдәбекке жеткізіп, біраз даурыққаны бар. Осы сөзді құлағы шалған Баймұса кезекті қойшылар жиналысында: «Сырлыбай мен Бекайдардың отарлары биыл қыстан зорға дегенде шықты, сондықтан жолда әбіржімеу үшін тауға қарай қозғамадық» деп жуып-шайып жібергені бар. Былай қарасаң, жаңа қонысқа не жетсін! Тек аумалы-төкпелі табиғаттың құбылмалы шағында көшіп-қону, орналасу қиындығы болмаса.
Бұлар да жылда өзге шопандармен бірдей қабаттаса көшетін, бірақ, биыл қыстау қораларынан аттап баспай отырғандарының басты себебі, ауа райының қыңыр мінезінен сақтанғандықтан емес еді. Мұның сыры мынада болатын. Сырлыбай мен Бекайдар күзде, яғни малды ұрықтандыру кезінде төлді молырақ алу үшін жылдағыдан әлдеқайда көп саулыққа қан салып жіберген болатын. Қан салынған саулықтардың арасында некен-саяқ кездеспесе, бәрі дерлік егіз туады. Сондықтан, іші жер сүзген, егіздетіп туғалы тұрған саулықтардан құралған отарды ыбылыңқы-сыбылыңқы мезгілде ылдидағы қыстаудан таудағы төл қораға дейін жеткізудің қиындығы мен ықтимал шығын қаупі оларды жіпсіз байлаған (Сол кезде өкіметтің рұқсатымен қан салу деген шықан-ды. Кеңестік дәуірде жұрттың ұрандап, уралап, «жүз саулықтан жүз елу, жүз жүз жетпіс қозы алдық» деп кеуде керетіні осы әдістің арқасы. Өйткені, қан салынған қойдың әл-қуаты күшейіп, күйлегенде қалыптан тыс белсенділік танытады. Бұл жатырда егіздің, үшемнің пайда болуына алып келеді. Егер бұл тәсіл болмаса, жүз аналықтан жүз қозы алудың өзі қиын. Қан салып, соның арқасында отарлардың басым бөлігі егіздетіп, жоспар асыра орындалғанымен қаракөл қойы тым ұсақталып кетті. Себебі, алғашқыда сүйекті, ірі болып келген қаракөлдер қан салудың әсерінен егіз туды. Егіздің ұрғашы сыңары аналық басқа қалдырылатыны белгілі. Әрине, жалқыдай емес, егіздің денесі шағын болады. Оның үстіне енесі қос төлін қайбір тойдырсын. Сүтке жарымаған ертеңгі аналық бас майдалануға бет алады. Міне, осылайша қан салу әдісінің салдарынан бүкіл қаракөл қойы бірнеше жылдың ішінде-ақ ұсақталып шыға келді. Бұл биліктің «жүз саулықтан жүз елуден қозы бер» деп дырау қамшысын төбеден үйіргенінің салдары. Жоспар орындалды деуден гөрі «жоспар асыра орындалды» деп айтуға мәжбүрлеген сол заманда мал ет пен сүйектен емес, темірден жасалғандай есептелінді. «Бақытты өмір» елесінің соңында жүріп көзді шел басқаннан ба, бұлыңғыр елесті шын дүние деп, жан-тәнімен сенгендіктен бе, күліп тұрып ызғарлана білетін басқарушы биліктен әбден зәрәзап болғандықтан ба, қара ормандай халық бұтының арасына шыбық «атты» қыстырып, екі санын кезек-кезек шапаттап жүгірген баладай елпеңдей беріпті-ау).
Күндер зулап өте берді. Бірде қос көрші оны-мұны азық-түлік алып қайтуға кеңшар орталығына жиналды. Екі салт атты қоржын-қосқалағын қанжығаға бөктеріп, таң қылаң бере қыстаудан шығып, тауды бетке ала екпінді жүріспен тартып келеді. Аспандағы жұлдыздар сиреп, әлі шыға қоймаған күннің бозғылт шапағына көміліп, көмескілене түскен. Қарсы алдарынан соққан денені түршіктірерліктей салқындығы бар желтең тынысыңды ашады.
Екеуінің де мініс көліктері қыстай күтімде тұрғандықтан қоңды. Иесі «әйт-шу» десе ытқи жөнелуге әзір. Үстіндегі иелерін тізгінмен алыстырып келеді. Қыстаудан ұзай бере қам аттар борша-борша терлеп, тоқым жиектері ақ көбіктеніп кетті. Іле екеуі көліктерінің тізгінін еркін жіберіп, әудем жерге шауып алды. Аттардың сауырынан, омырауынан тер шелектеп ақты. Енді көліктеріне терін жегізіп алмаққа қайтадан аяңға көшті.
Жусаны мен баялышы, раңы мен жауқазыны көктеген, ертерек гүл ашатын ақкөңіл бәйшешектер өрнек салған көктемнің даласы күн нұрына шомылып, адам жанына ерекше бір әсер еткендіктен бе, әлде сауырына қамшы салдырмай, озсам, шапсам деп ойнақшып, құтырынып келе жатқан аттарының лыпыл қағуынан туындаған желіктің әсерінен бе, екі жолаушы да тым көңілді, шат-шадыманды еді. Сырлыбай әрненің басын бір шалып, қалжыңдап қояды. Бейне бір бала болып кеткендей.
Сырлыбай жігіт шағында аңкөс болған еді. Сол кәсібін сағына ма, кейде қос ауыз мылтығын иығына іліп, соңынан иттерін ертіп, дала кезіп кететіні бар-ды. Жол үстінде екеуара әңгімеде де ол көбіне аңшылық құрған кездерінен әңгіме шертіп, басынан өткен түрлі оқиғаларды күлдіре айтумен болды. Екі жолаушы әңгіменің ырғағымен жол ортасына таяп қалғанда, сәл ғана уақытқа, белдерін жазу үшін аттарынан түсіп, көгалды жерге жайғасты. Сырлыбай өзімен бірге ала түскен дорбасынан бір шөлмек арақтың мойнын қылтитып:
– Мына жарықтықты жолда ішерміз деп ала шығып едім. Кел, осыны ермек етелік, – деп дорбаның түбінен бір кесе және тоңазыған майлы етті алып ортаға қойды.
Алагеуімде жарытып ештеңе ішіп шықпаған екеуіне бір-екі кесе арақ біршама әсер етіп, ішкі ағзаны қыздырып, қөңілдерін одан әрі көтере түсті. Олар бір жартыны түгесіп бола бергенде екі ат та елең ете құлақтарын тікірейте, әлденеге үрке қарады. Көліктерінің бір нәрсені байқағанын аңғарған бұлар орнынан тұрып, аттар қараған тұсқа көз тігіп еді, үш жүз-төрт жүз метрдей жерде екі лағын ерткен ақбөкен бұларға қайта-қайта жалтақтай қарап, оншалықты қауіп күтпегендей жайлап өтіп барады екен. Сырлыбай асығыс-үсігіс атына жүгірді де, тартпасын тартып, жүгенін сала-мала, көз ілеспес шапшаңдықпен атқа қонды. Сырлыбай ердің мінер жағына көлденеңдеп таңылған мылтығын көзден таса ұстау үшін ораған кенептен шешіп алды. Оның мылтық алып шыққанын Бекайдар сол сәтте байқаған. Сырлыбай аң құмарлығынан ба, әлде жаңа ғана қанға сіңген ащы судың әсерінен бе, Бекайдардың: «Сыреке, мынандай тамаша күнде жануарға қиянат жасап, қан төгіп қайтесіз, өз бетінше кете берсін» деп өтіне айтқан сөзіне құлақ аспастан, ақбөкенге қарай шаба жөнелді.
Бекайдар: «Қап, бекер болды-ау, Сырлыекеңнің ақжал бестісіне ақбөкен жеткізе қоймас, бірақ, ана екі лағын құтқармайды-ау. Лағына қарайлаймын деп ақбөкен байғұс та ұзай қоймас. Қап... бекер, бекер!» деп іштей күбірледі де, іле не болса да Сырлыбайды райынан қайтарайын деген оймен атына тез мініп, онсыз да ақжалдың соңынан елеңдеп тұрған қаракердің басын қоя берді. Сол сәтте лақтарын ерткен ақбөкен мен мылтықты қуғыншының арасы жақындап қалған-ды. Қос лағының қамы мен шырылдаған шыбын жанның қайсысын таңдарын білмей, адымын еркін жаза алмай келе жатқан ақбөкеннің тағдырын ешкімнің басына бермесін. Не жаны, не сүйкімді лақтары, қайсысы қымбат?
Егер осындай қысылтаяң сәтке адам баласы тап болса, өз жанын күйттеп кетер ме еді, кім білсін?.. Кейде хайуанның төліне деген махаббатынан гөрі, саналы адамның перзентіне деген махаббаты біршама әлсіздеу болатынын ұқтыратын мысалдар мына өмірде аз емес қой. Бұл жайт адамдардың саналы түрде ойлана білетіндігінен болар, бәлкім.
Енесінің төліне, ата-ананың баласына деген көзге көрінуге жазбаған нәзік те құдіретті тартылыс, бір-бірін байланыстырып тұратын сиқырлы жіп жан біткенге тән өмірдің мәнін ашып, ажарландырып тұрмай ма? Ал біз осындай тартылыс күшінің, байланыстырушы сиқырлы жіптің қадірін түсінбей, парқын ажыратып, құндылығын елеп-ескере бермейміз де, соңынан адами мінез-құлыққа жат қатыгездікке, өзімшілдік пен өркөкіректікке салынып, тайраңдаймыз. Бір күндері осы істеген қылығың, аярлығың алдыңнан шығып, ызғарын шашса, өкіне-өкіне өзегің талып, жаныңның жайдақтығын сонда ғана ұғасың.
Айналамыздағы түрлі қайшылықтар, тіршіліктің сүреңсіз көріністері, бәрі, бәрі бауырмашылықтың азаюынан, адамның адамға жауығуы асқына түсуінен емес деп кім айта алады?
Бекайдар ынты-шынтысымен Сырлыбайды тоқтатпақшы болып қаракерді еркін жіберіп келеді. Сырлыбай ақбөкенге таяп қалғанда, ол жалт бұрылып қуғыншыны өткізіп жіберді де, демі бітіп, қашуға шамасы келмей қалған лақтарының қасына барып тұра қалды. Қашудан басқа қолдан келер айласы жоқ шарасыз аналық ақбөкен аз-маз солығын басып алған лақтарын соңынан ертіп қайтадан қаша жөнелді. Соңынан ерген қос лағы енесімен біраз жерге қабаттасып барып, тағы да ентіге аяңдап қалды да, маңырап-маңырап жіберді. Енесінің өз бетінше кете беруге дәті шыдамағандай, бағытынан қайта бұрылып, лақтарының қасына келді. Атының екпінді шабысымен біраз жерге өтіп кеткен қуғыншы қайта бұрылып, тағы да аждаһадай төніп келе жатқандықтан, мына дүниеде ешкімнің де қол ұшын бермейтіндігін, ешкім келіп құтқармайтындығын ұққандай ақбөкен тіршілік үшін дәмесі үстемеленіп, екі лағын ерте өзінен жүз метрге жуық жердегі соры шыққан, бір тал шөп өспеген, кеберсіген кебір жерге қарай қашты. Бейне бір кебір жер қорған болатындай. Кебір жерге тұяғы ілінісімен екі лақ төсін жерге төсеп жата қалысты. Бекайдар Сырлыбайға жанамалай келіп:
– Сырлеке, мұныңыз не, обал ғой, Алла үшін жазықсыз жанды жәбірлемеңіз, – деп еңкейе барып ақжалдың шылбырына жармасты.
Жауаптасып тұруды жөн көрмеген Сырлыбай серігінің сөзіне мән берместен тізгінін тартып, атын тоқтатты да, ат үстінде көздеп тұрып ақбөкенді атып қалды. Бекайдар оған тағы да тоқтау салуға әрекеттеніп, жолсерігінің қолына жармаса беріп еді, екінші рет мылтық атылды. Алғашқы оқтың құрбанына айналып, тапырақтап жан далбасалап жатқан түз тағысына осылайша екі оқ дарыды. Бұрын-соңды ешқашан естіп көрмеген тарсылдан, бір көргенде бөкен түгілі айбарлы арыстанның өзі тіксініп қалатын адам тұлғасының сұстылығынан, өздері үшін одан асқан батыр, одан асқан мықты жоқ деп санайтын енелерінен де күшті біреулердің барлығын мойындағандықтан болар екі лақ құлақтарын тікірейтіп, қалтырап-дірілдеп тұрып қалды. Сырлыбай мергендігіне мақтанғандай өлген ақбөкеннің жанына масайрап жетіп барды да, ары-бері аударып тұрып:
– Бірінші оқ артқы санынан тиіпті, екіншісі дәл қолтығынан тиген екен... Бір-ақ оқпен жайратып салуға болар еді, сәл асығыстық жасап біріншісін жобалап ата салдым, – деп жайбарақат сөйледі. – Енді ана екі лақты қанжығаға байлау керек, өйткені уызға тойып, қоңданып қалған ақбөкен лағының еті сондай жұмсақ, әрі дәмді болады.
Жетім қалған екі лақты аяп күйзеліп тұрған Бекайдар:
– Сырлеке, мұныңыз не, обал емес пе, енесінің қаны мен сүтін араластыра ағызып сұлатқаныңыз жетер, енді мына екі лағы оттығып қалған екен, күндерін көріп жүре берсін, тиіспеңіз, – деді.
– Ойбай-ау, о не дегенің, бұны несібе дейді, өз сыбағамыздан айырылып жын соғып па, – деп мылтығын оқтап, лақтар жаққа қарап оңтайлана берді.
Бекайдар жанұшыра:
– Сырлеке, тимеңіз деймін, бүйткен несібесі құрысын! Қанын судай ағызып, жазықсыз жанды құрбандыққа шалып тапқан дүние қай жыртығымызды жамайды, бұдан да басқа Алланың бергенін қанағат тұтып, қажетімізге жаратып алайық та, – деп қатты дауыстап, Сырлыбайдың алдына кесе-көлденең тұра қалды. Бұған дейін бір-біріне дауыс көтермек былай тұрсын, көз алартып қарамаған екеуі бұл әрекеттеріне өздері де абдырып қалды.
Серігін мүлде басқа қырынан көріп тұрған Бекайдар өз ісінің дұрыстығын дәлелдей түскісі келгендей:
– Сырлеке, осы уақытқа дейін бір-бірімізге «әй» демеп едік, дауысым қаттырақ шығып кетсе кешіріңіз. Алйда, бір жолға айтқанымды істеңіз, мына екі лақты атқанша мені өлтіріп осы жерде тастап кеткеніңіз әлдеқайда артық.
Жаңа ғана көздегенін мүлт жібермей құлатып, масайраған көңілі одан сайын желіге түскен Сырлыбай құмарын қандыра түскісі келіп, серігінің сөзін бойына дарытпағандай рай танытып:
– Өй, сен немене, қайдағы бір хайуанға бола шыр-пырың шығып, күйгелектеніп кеттің ғой. О несі-ей... – деп астындағы атын тебініп қалды да, қайда барарын білмей, қимылсыз сұлық жатқан енелерін қайта-қайта иіскелеп әрі жан-жағына жалтақтап тұрған лақтардың біріне жақындаңқырап барды та мылтығының шүріппесін басып қалды. Алдыңғы екі аяғын жоғары көтере көкке шапшып барып құлаған сыңарын көрген екіншісі жандалбасалап қаша беріп еді, әдейі жемтігін ермек етіп, қызыққа батқысы келген жыртқыштай Сырлыбай ақжал бестісімен оның соңына түсіп, айналдыра қуалай бір-екі рет о жақ бұ жағынан нысанаға тигізбей, еріге гүрс-гүрс еткізіп атты да, осы да жетер дегендей өкпесі өшіп, демі жетпей құлаған лақты атынан түсіп қолына алды да, сәл қызықтап тұрып:
– Әй Бекайдар, мына лақты тірідей үйге апарып баққаныммен, түздің аңы қолға үйреніп кете қоюы екі талай, – деп, арадағы түсінбеушілікті жуып-шайып жібергісі келгендей, онымен ақылдасқансыды. Бекайдар елпілдеп ештеңе дей қоймаған соң, қынабындағы өткір лөкет пышағымен лақтың кеудесін күрзідей етігімен басып тұрып, тамағынан орып жіберді де, біраз қанын ағызып, жұлынын үзді.
Міне, осылайша нәзіктік пен қаталдық тайталасып, ақырында оспадарсыз күш өз дегеніне жетіп тынды.
Бекайдар қара тасты қалтыратар қаталдық түбінде ақыл мен парасатқа, тазалық пен ибалыққа жүгініп, аяғына бас ұрар күн туатынын ойлап Сырлыбайға мүсіркей көз тастады да, атының басын бұрып, серігіне көңіл аудармай бастапқыдағы бағытымен жөнеп берді.
Сырлыбай Бекайдардың қыңыр мінез көрсеткенін түсінбей, іштей: «Мұнысы несі, мұндайы жоқ еді ғой» деп, олжасын мүшелеп, оны қоржынының екі басына теңдеп, атына артты да Бекайдардың соңынан желе жөнелді.
Едәуір ұзап кеткен Бекайдардың соңынан Сырлыбай бірде шауып, бірде желіп жетіп алды. Арадағы келіспеушіліктің кесірінен туындаған үнсіздікті, ренішті ұмытып, бұған дейінгі көңіл-күйді қайта орнатпақшы болған Сырлыбай:
– Сен немене, ренжіп қалдың ба, менікі қателік болса, кешір. Қызды-қыздымен өрескелдікке жол беріп алғаныма өзім де өкініп келе жатырмын, – деді.
Іштей: «Болар іс болды, сол үшін сыйласып жүрген адамыммен кетіспейін» деген Бекайдар сөзге келіп:
– Кез келген тіршілік иесіне істеген қиянатыңның әйтеуір бір қайтарымы болмай қоймайды. Бүгінгі іс-әрекетіңізді Алла кешірсін, – деді. Серігінің бұл сөзін естіген Сырлыбайдың өңі сұп-сұр болып кетті. Бірақ, ләм-мим демеді.
******
Бекайдар сағат күндізгі он екіге таман ауыл шетіне ілікті. Сырлыбайдың үй жағына көз тігіп еді, есік алдынан қыбырлаған жан көрінбеген соң, «Әзірге тыныш екен ғой, алдымен үйге барып шығайын», деді.
Есік алдында оны-мұны істеп жүрген Елтай әкесінің алдынан шықты да, қолтығынан демеп аттан түсіріп, торы дөненді жетектеп әкетті. Түскі астың қамымен дамыл көрмей жүрген мамасының етегіне оралғы болып ошақ маңында тұрған Сәбит атасына қарай қалбалақтай жүгірді. Арсалаңдап келген немересінің еркелегеніне елжіреген Бекайдар бар дүниені ұмытқандай. Сәбитті құшағынан босатпаған күйі орнынан көтеріліп бір ауық тұрды.
Атасы мен немересі үйге кіргенде Майра дастархан жайып, буы бұрқыраған самаурынды кіргізді. Іле тостақ толы нарынды атасының алдына қойды.
Түстік астан кейін ол Сырлыбайдікіне келді. Науқастың ет жақындары жиналып қалыпты.
Біреудің ішке кіргенін сезген Сырлыбай көзін сығырайта ашып, кім екенін білгісі келіп, басын сәл ғана бұрды. Ол Бекайдарды көріп зорлана, жүзіне күлкі үйіргендей болды. Демек, санасы ояу. Бірдеңе дегісі келіп жатыр. Дәрмен жоқ. Өңі боп-боз, толықша беті солыңқыраған, екі көзі шүңірейіп кеткен. Бурыл тартқан шашы мен сақал-мұрты өсіңкіреген, рабайы сұсты, әлденеге кектеніп, тістеніп жатқандай. Оң қолын жаймен ғана жоғары көтеріп, саусақтарын біріктіріп қалам сұрағандай болды. Қасында отырған туысының біреуі лып етіп қағаз, қалам әкеліп Бекайдарға ұсынды. Бекайдар сырқаттың оң қол жағына жақындап, керекті құралдарын қойып, қаламды ыңғайлатып ұстатты. Басындағы жастығын биіктетті. Сырлыбай саусақтарымен қаламды ұстап, әзер дегенде жаза бергенде қолындағы қаламы икемге келмей көрпе үстіне сырғып түсті. Осы болмашы қимылдың өзіне өкпесі сырылдап, алқынып қалған Сырлыбай көзін жұмды да түсініксіз сөйледі. Бекайдар сырқаттың аузына құлағын тосып еді, ештеңе ұға қоймады да шегініңкіреп отырды. Сырлыбай жарық дүниені қайта көрсем оны қимай қиналармын дегендей сол күйі көзін ашпастан ұзақ жатты.
Сол түні Сырлыбайдың бірге туған қарындасы, оның күйеуі, Жамал, Бекайдар төртеуі кезектесіп сырқатты күзетіп шықты. Ешқайсысы да көз іле қойған жоқ. Түн ортасында арнайы шақыртумен келіп кеткен ауыл дәрігері: «Қозғалтпаңдар, мазасын алмаңдар» деп аудандағылардың ескертпесін жеткізіп, өз жөнімен кетті.
Таң ата Сырлыбайдың жүрегі саябырсып, бұ дүниеден бетін бұрды. Жамал мен марқұмның қарындасы сыңси жылады. Бекайдар оларды сабырға шақырды. Ертесіне жаназа шығарылып, Сырлыбайдың сүйегін ауыл маңындағы қорымға әкеліп қойды. Бекайдар: «Бұл қорымда жатқандар да бір қауым елге айналыпты. Бәрімізде осы жерге келеміз. Бір өлім һақ. Құдай жамбасымызды туған жердің топырағына тигізсін», деп күбірледі. Қорымда тағы бір төмпешік пайда болды.
Молда ұзақ аят қайырды. Аят оқылып бітісімен сүйекшілер әлденеден құр қалғандай жапатармағай асығып, ауылға бет түзеді.
Бекайдар топтан бөлініп, Үрбибінің басына аят оқыды. Күрсінді. Көзінен жас шыққан жоқ.
Бітті. Өлдің – өштің. Тек артыңда арагідік рухыңды тірілте Құран оқып, елжірей еске алатын біреу қалсын. Бірақ, өлген адамға бәрібір емес пе? Бәлкім, кеудесінен ұшып шыққан жан үшін керек пе?..
Өлім – өшкен үміт. Өлім – азаттық.