Елім деп есіктегі басын төрге сүйреген есіл ерлердің талайының басын жұтқан сталиндік зұлмат «...
Ғалымбек Елубай. Өлім шекарасы
(Әңгіме)
Кеудеңді қара тас басқыр!
– қарғыс
Алтай бетінің адамдары айтарлықтай діндар емес еді. Дінсіз де емес еді. Ең қызығы, мұндағы адамдардың санасында діннен бөлек салт негізінде қалыптасқан қатаң жоралғылары болады. Айталық, сайғақ жортқан сайын даланың төсінде зырлап келе жатсаңыз, үш шоғыр өлілер мекені ұшырасады.
Бірі, осындағы кіндік кесті қазақ жұртының, екіншісі, мұнда алыс қиырдан жер ауып келген қытайлардың қорымы-тын. Егер көз тоқтатып қарасаңыз, бейіттердің бел ортасында екеуіне де қосылмай, құлазып тұратын жетім қабірлерді көресіз. Бұл қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының зираты. Осыбір жел тоздырған балшық молалар жанынан өткен әрбір жолаушының жүрегін сазытып, жүзіне уайым ұялатар еді. Әр қазақ жанындағы тұлымы желбіреген қызын бауырына тарта түсіп, «Е, жаратқан беті аулақ!» – деп, күбірлер еді. «Сүп-сүп!» айтып суқанын үйірер еді.
Сол молалар бертінге дейін таудан құлаған тасқындай кірмелермен жергілікті қорғансыз ұлыстың арасын сиқырлы пердедей бөліп тұрды. Мұның байыбына кеш барған «кемеңгер» билеушілер өлілер молыққан сайын сыртқы шеңберды шектеген. Біртіндеп әлгі молалар кәуір мен қазақтың ортасындағы алтын көпірге айналып шыға келді.
Иә, бұл өлім сабақтары еді!
Ал, ең соңғы мола аңызы жатырын жат нәсілге сыйлаған жетім моламен баба қорымдардың арасы түйісерге бес қадам қалғанда туындады. Бес қадам дегеніңз екі аралықты тоғыстырар жалғыз төмпешік еді.
Бұл осы қорымды тоғыстырған, тұтас екі қаумның аруағын бірлікке келтірген қазақ әйелінің бейіті еді.
Әдеттегідей және ең соңғы рет Алтай тұрғындары өз қызына жаназа шығармады. Аза тұтыпады.
Тек, қайын жұрт қытайы жоралғысын жасаған. Сызы кеппген топыраққа гүл дестелері, тағам, шарап қойылды. Жат жұрттық жолдасы бір стакан арағын өзі ішіп, бір стаканын көр топырағына шашып, кеудесін тырнап өксіді...
Иә, Алтай бетін дүрліктірген сұмдық келесі күні болды. Бұл көрген көзге рас, естіген құлаққа өтірік жағдаят еді.
Қытайы келін ертесі көр топырағын сусытып, табытымен жер бетіне қалқып шыққан. Өліден өлердей қорқатын, оның үстіне өз қаны емес жұбайының бұл сұмдығынан үрейленген күйеу ертесі адам жалдап, табытсыз қайта көмдірген.
Тағы сол жағдай...
Үшінші мәрте жағалап отырып, бір кездері қызы босағадан аттанарда-ақ ат кекілін кесіскен қайын жұрты қазаққа жүгініп емес жүрелеп келді. Сонда қыз әкесі айтыпты:
– Іштен шыққан шұбар жыланым-ай! Қара жер қабылдамаған екен ғой... Кезінде анаңның кеудесінен итеріп, ділі басқаның бауырына кіргенде аузымнан шыққан оқыс сөз басыңда үйіріліп қалса қайтейін жарығым! Жалғыз амалы бар оның....
– Айта көріңіз! – деп жалынды күйеу.
– Кеудесіне қазандай қара тас басып қайта жерлейсің!
Қарттың жанарынан сабалаған жас шоқша сақалын бойлап, кәрі кеудесіне сіңіп жатты.
Иә, жат жұрттықтың жаны осылай тыншу тапты.
Өз құпиясын ішіне бүккен осы молалар атар таңның алауын, батар күннің шапағын жамылып, уақыт желімен жемірліп, желкілдеген селеуге әлі күнге сыр төгеді.....
Ең бастысы, аңызға бергісіз осы оқиға зираттар тоғысқаннан кейін де ұзақ жыл қазақ іргесін қабірсіз-ақ жаттан бөліп тұрды.
Мәдениет порталы