"Жұмбағы көп жеті әңгіме" (Жазушы Жолтай Әлмашұлының әңгімелерін оқығанда)

ӘДЕБИЕТ
2051


Әңгіме туралы әңгіме қозғау, сірә, қиынның қиыны. Әңгіме – шағын жанр ғана емес, ол өткір жанр. Жауынгер жанр. Осы шағын жанрды толық меңгеріп, шымыр дүние туғызу – таланттың ісі. Әсіресе, бүгінгі күн тақырыбына арнап жазу – ең ауыр да салмақты шаруа. Осы күні әдебиет сыншылары бүгінгі күн тақырыбына арнап әңгіме жазып жүрген қаламгерлер мүлде жоқ деп дабыл қағып келеді. Расында солай ма? Біздіңше, бұл даулы пікір.
Біз соңғы 10-15 жыл ішінде сәтті де шымыр әңгімелерімен ерекше көзге түсіп келе жатқан қаламгер бар ма десе, алдымен Жолтай Әлмашұлының есімін атар едік.
Жазушы Ж.Әлмашұлы осы күнге дейін 50-60 әңгіме жазыпты және оларының көбісі дерлік төрт аяғынан тең тұрған, толыққанды шығармалар деуге толық негіз бар. Бұл құрғақ сөз емес. Бұған бірден-бір дәлел «Пенде мен періште» («Фолиант», Астана, 2004 ж.) деген жинаққа алғысөз жазған жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Әбдіктің мына пікірі «… Әңгімелер болғанда нағыз бүгінгі күн, бүгінгі заман шындығы. Замана тынысын Жолтай өз кейіпкерлері арқылы ой елегінен өткізеді. Кейіпкері арқылы келеңсіздікке қиналып, кейіпкері арқылы жақсылыққа қуанады. Көбісі тәп-тәуір, шымыр жазылған…» деп ой толғайды Т.Әбдік.
Жолтай әңгімелерінің өзіндік ерекшелігі неде? Көркемдік қуаты қандай дәрежеде?
Бұған жауап беру үшін біздің ойымызша, оның барлық әңгімелерін түп-түгел талдап шығу міндет те емес. Біз оның жеті әңгімесін таңдап алып, тілге тиек етіп, әңгіме өрбітсек дейміз.
Жазушының «Чиновниктің мінезі» деген әңгімесі бар. Бұл әңгіме өз кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, оқырмандар тарапынан оң бағасын алғанын да білеміз. Баяндалуы қарапайым, бір сарынды жылы әңгіме. Әңгіме кейіпкері кешегі Чеховтың «чиновнигі» емес, бүгінгі чиновник. Бүгінгі чиновник бейнесін көркем туындыда сомдау аса қиын іс. Тек біз ғана емес, бұны талайлар жазып һәм айтып та жүр. Ал, осы қиын тақырыпқа Жолтай батылы жетіп, бара білген. Және әңгімесі өте-мөте сәтті шыққаны тағы да даусыз ақиқат.

Әңгімеден үзінді оқып көрелік.

«- Мен ана жолы,-деді Алтай сөзді басқа арнаға бұрып, – бір газеттен оқыдым. Бұрын чиновник болған, кейін жұмыстан босап қалған біреу аппарат жұмысын «есек қораға» теңепті. Қу, айлакер, зәлім, өз басын ғана ойлайтын екіжүзділер жұмыс істейтін орын депті.
– Е, ол енді өкпесі бар адам ғой,-деді Атанов. – Өзімен бірге істеген бірді-екілі қызметкерге көңілі қалған шығар. Ал, бірақ жалпы аппаратты, мемлекеттік қызметті «есек қораға» теңеу асылық… тым анайылық.. мына шетелдерде чиновниктер үлкен құрметке ие. Біздегідей мазақ адамы емес… өйткені олар чиновник мемлекет саясатын, ел саясатын жүргізіп отыр деп есептейді.
– Солайы солай ғой,- деді Үндемес сары осы жолы сөз тізгінін өзіне қарай аударып. – Алайда біздің еліміздегі чиновниктер туралы сіз айтқандай құрмет сөз айту әлі ертерек болар.
– Е, неге? Неге ерте?…
– Бізде чиновниктер мектебі әлі қалыптаспаған.

– Пәлі, сенің ойыңша мына біз, қазақ халқы ел басқару, мемлекет басқару ісін білмейтін, мүлде мақұрым халық болдық па. Сонда қалай?…»
Осы үзіндіден байқалатындай, әңгімеде мемлекеттік қызмет һәм чиновник туралы бұрын-соңды айтыла бермейтін, тіпті айтылмай жүрген тосын пікірлер қылаң береді.
Чиновник кім? Ол саясат сойылын соғатын, бір күнде мың құбалатын адам ба, жоқ әлде жүрегі кең, ел қамын жейтін үлкен тұлға ма? Әңгімеде осы мәселе алға тартылады.
Оның тағы бір өзгеше стилмен жазылған әңгімесі – «Сэм және Сэмиха». Бұл әңгімеде бүгінгі еркетотай жастар өмірі сөз болады. Әкелерінің арқасында шалқып өмір сүріп жүрген, ақшадан тапшылық көрмеген, тіршілікке өте жеңіл қарайтын бүгінгі заман жастары… Тіпті осындағы үш жас – Сэм, Джон және Ашот тау арасында араққа тойып отырып, өздерінің әйелдерін де ауыстыруды дұрыс көреді.

Тағы да үзінді көңіл аударалық:

«… Екі көзі аларып, аузынан көбігі шашырап, Ашот орнынан ұшып тұрды да:
– Жігіттер,-деді,-бір-бірімізден жасыратын, бір-бірімізден ұялатын, бір-бірімізден қипақтайтын, қысылып-қымтырылатындай жөніміз жоқ. Менде мынадай өте әсерлі, өте әдемі, өте ойлы ұсыныс бар.» Үшеуміз әйелімізді кезекпе-кезек азғана, сәл уақытқа алмастырсақ қайтеді? Әрине, біздің ханымдарымыз бұндай тәтті тілекке, бөлекше әдетке, ләззәтті әдетке қарсы болмаса…(Жымысқылана күліп алды.)
Сэмиханың төбе шашы тік тұрды, құйқасы шымырлап қоя берді. Әзілі ме, әлде шыны ма? Мұнысы, мынаусы не сұмдық енді! Жақын жолдастардың бір-бірімен зат емес, басқа әйел алмастыруы деген… О, пәлекет? Беті аулақ? Мұндай жаман, мұндай ылас тірлік өзімен кетсін!…
Сөйтсе, бұл оның ғана ойы екен, ал Илиса мен Энгелсина болса жырқ-жырқ күле түсіп, екі көздері оттай жанып, беттері алаулап:
– Жігіттеріміз солай шешсе, соны қаласа, соны ұнатса, сөйткілері келсе… біз қайтпекпіз, өздерің біліңдер, өз көңілдеріңе салыңдар,-деп қарап тұр.
Шыдамның жеткен жері де, шегі де осы еді, ашуын бойына сыйғыза алмай, орнынан ұшып тұрды да, әдепті де ұмытып, айқайлап жіберді.
– Бұл не? Еркіндік, ерік деген осындай бола ма екен?! Қыздар, сендерге не жоқ! Ар, ұят, намыс деген қайда? Намысы үшін жанын да қия білген қазақтың қыздары емессіңдер ме?… (Қалшылдап кетті, денесі дір-дір етті.)
– Немене, қазақтың қыздары кімнен кем екен! Қай намысты айтып отырсың сен? Дүниежүзілік дәрежеде сөз қозғап, әлемдік өлшеммен әңгімелесек, бұл түк те емес. Қылмысқа да, намысқа да – түкке жатпайды. Біз, ойбай-ау, жезөкше ме екенбіз? Жоқ! Сүйіп қосылған күйеулеріміздің көзіне, кейбір шетелдік бикештер секілді, жасырынып, тығылып, тасаға кетіп, білдірмеген болып, шөп салып жатыр ма екенбіз?… Жоқ! Жоқ! Келіссе, өздері келісіп жатыр. Біз бе екен?! Өздері ғой… Еркектердің көңіл қалауы. Мұны, біле білсең, махаббат еркіндігі дейді. Махаббатқа деген, сезімге деген жаңаша көзқарас… Жаңа замандық көзқарас… Түсінбесең, түсініп ал,-деп, Илиса жұлына сөйледі.

– Сен… өйтіп, тым еркінсіп, еркелікке салып, өзім білемге басып, ақылдысынып… біздің арамызда аулбайский замачкаңды көрсете берме! Жаңаны, бүгінгі күннің бағытын дұрыс ұға алмадың екен, екі елі аузыңа ие болып, жайыңа тыныш отыр,-деп, Энгелсина да зіркілдеп қоя берді…»
Бұған не қосуға болады? Айтпаса да түсінікті. Яғни, бұл-бүгінгі заман жастарының бет-пердесі. Осы жерде еске түседі, үлкен қаламгер М.Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші кітабында екі дос көңілденіп отырып, өз әйелдерін бір күнге ауыстыруға сөз ететіні бар. Сөйтіп, келіншектерінің келісімін алмай-ақ, өз беттерінше ауыстырады да. Мұны оқыған тағы бір сөз зергері Ғ.Мүсірепов «Мұха, бұл көріністі алып тастаған дұрыс болар, егер ертең басқалар осыны оқыса, қазаққа күліп жүрер» деп Мұхаңды көндіріпті. Ол кез – ХІХ ғасыр. Алыстағы ауыл. Бір-бірімен аралас-құралас достар. Тап сол кез үшін бұл көрініс әрине, өте жабайы көрінгені де рас. Ал, бүгін ше? ХХІ ғасырдағы қала жастары туралы не айтуға болады? Әрине, бүгінгі жастар арасында махаббатқа, сүйіспеншілікке өте жеңіл қарау, атүсті қарау әбден-ақ байқалып қалып отыр. Тіпті үйлену де, ажыраса салу да кәдуәлгі, үйреншікті іске айналып, оған жастардың еті өліп бара жатқаны да шындық. Жазушы, біздіңше, осы кеселді көріністі іші қан жылап отырып жазғаны да белгілі. «Ауруын жасырған өледі». Жазушы кредосы осы болса керек.
Жолтайдың тағы бір әңгімесі – «Ольга мен Волга». Оның идеясы мынадай: Ольга деген қыз көшеден «Волганы» тоқтатып, баратын жеріне жеткізуін өтінеді. Өзі – дүбара, яғни, аралас некеден туған қыз. Ал, әлгі «Волганың» шопыры өзінің машинасын мақтайды. Сөйтсе, бұл машина да аты «Волга» дегені болмаса, әртүрлі маркалы машинаның бөлшектерін салған құрама автомобиль екен. Аты ғана «Волга»… Қыз өз тағдырын сол құрамалы «Волгамен» салыстырады. Сөйтіп отырып, ой арпалысына, сезім арпалысына түседі…
Тіпті әңгіме кейіпкері бір сәтте «Мен кіммін! Менің болашағы қандай! Алдымда не күтіп тұр!…» деп ой толғанысына беріліп, көзіне жас алады.
Бұл әңгіменің айтпағы – бүгінгі аралас неке, ұлттың дүбаралануы түптің түбінде жақсылыққа апарып соқтырмайды. Осы кеселден қазірден сақтанған жөн. Әйтпесе, түптің түбінде ұлт опық жейді, халық күйзеледі. Оның аяғы – құрдым…
«Қазақтың меценаттығы» – ұлтымыздың даңғойлығын, сәл нәрсені үлкейтіп, дабырайтып көрсетуге құмар мақтаншақтықты өлтіре сынаған өткір әңгіме. Түкке тұрмайтынды дабырайта айтып, ал үлкен шаруалар көлеңкеде қалып жатады. Жазушы осыған күйінеді. Меценаттық – үлкен, кең ұғым. Меценаттық әрекетке ұлт үшін, ел үшін жасалатын жомарттық, мәрттік кең көрініс тауып жатуы керек. Ал, қазақтың кейбір жігіттері оны өзінше түсінеді. Біреуге жасаған кішкентай жақсылығын, аз-кем қолғабысын меценаттық деп есептейді. Әңгімеде сол жағдай келемежделеді. Мысқылданады.
«Сұлуды сүю»-бүгінгі жастардың моральдық бейнесін ашуды мұрат тұтады. Қазіргі жезөкшелік, жеңіл ойлылық сынға түседі. Арды саудаға салу, ақша үшін бәріне бар беретін жеңіл ойлы қыз үшін әңгіме кейіпкері Жасхан күйінеді. Сол қыз үшін жан азабын шегеді.
Жаңа қалаға жаңадан келген Жасхан бір сұлу қызды көріп, соған қатты қызығады. Сонымен бірге отырып сөйлесуді, сырласуды армандайды. Сөйтсе… ол қыз арын ақшаға саудалайтын көшенің жезөкшесі болып шығады. Міне, трагедия қайда жатыр. Әңгіменің соңында Жасхан өз-өзінен қапа болып, «уа, бұл өмір не боп барады?» деп күйінеді.
Расында да, жазушының жанайқайы – нағыз ұлтқа тигізетін кеселді дөп басып отыр. Осы күні, жасыратыны жоқ, жастар арасында ар, ұят мәселесі тым төмендеп, анайыланып бара жатқаны рас қой. Жазушының тағы бір ерекше тоқталатын әңгімесі – «Перзентхана полонезі».
Жас қыз Перуза тағдыры әуелден-ақ тастақты жолға түскен. Оған өзі кінәлі. Өзінің жеңілтектігінен, ұшқалақтығынан… Ақыр аяғында ол аяғы ауырлап, перзентханаға түседі. Баланың әкесі белгісіз. Перзентхана ішінде жатып, әртүрлі ойға кетеді. Өзіне-өзі налиды. Былайша айтқанда – ар алдындағы ар соты… «Баланы босану керек пе, жоқ па?» Оны ойландырған осы сауал…
Әңгіменің шешімі де қызық. Перуза тәуекел етіп, босанады. Бірақ босанып алған соң тағы да ащы ойларға көміледі. Жап-жас қыз. Енді сәбиі бар. Алдағы өмірі не болмақ? Кім бұған қарайды? Осыны ойлап, ең соңында баланы перзентханада қалдырмақ болып шешіп, таң ата… баласының бетін ашып қараса, сәби өз шешімін өзі жасапты.

Әңгіменің соңы былай түйінделеді.

«… Түннің бір уағына дейін ой әлеміне оратылып жатып, тәтті ұйқыға кіріп кеткен Перуза ертеңіне, жүрегі бір нәрсені сезгендей, ерте оянған. Ояна сала дереу ұлын іздеді.
«Қалған тірліктегі азапты да, мехнатты да бірге көрер жалғыз ұлым менің, сенсің ендігі бар үмітім, бар арманым, бар тірегім, сенерім… Қиындықтың қандайына да мойынсұнған анаңның қазіргі халі анау айтқан жақсы болмаса да, болашақтан күтері көп… Ол – саған байланысты. Сенің ертерек азамат болғаныңа байланысты-ы…»
Өстіп, көңіліне сыр ұялата, толқулы жүрекпен ұлы жатқан бесіктің бетін ашып жібергенде… өз көңіліне өзі сенбеді. Торсық шеке ұл жымиған қалпы мұп-мұздай болып, әлдеқашан-ақ мәңгі ұйқысына еніп кетіпті. Айдай жарқыраған ақ маңдайы анасына ақ жол тілегендей, «мен үшін несіне азапқа түсесің, одан да өмірдегі қызығыңды еншіле, маған алаң болма» деп сыр себезгілегендей.
Перуза шыңғырып жіберді…»
Бүгінгі заман кеселі, бүгінгі уақыт проблемасы осындай-ақ болар. Соны көркем тілмен кестелей білген қаламгер жетістігі онсыз да көрініп тұр.
Жалпы Жолтайдың қай әңгімесін алсақ та, онда заман, уақыт үні оның шешуін күткен мәселелері алдыңызға тартылады. Сізді сол ойға еріксіз жетелейді. Ал, әңгіме үшін ол ең маңызды мәселе.
Енді тағы бір әңгімеге тоқталып көрейік. Ол әңгіме – «Хемингуэй. Керімбай. Қиянат» деп аталады. Жазушының осы әңгімесі осыдан бес-алты жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланғанда белгілі қаламгер Д.Исабеков «о, өте тартымды,сәтті жазылған әңгіме екен» деп пікір білдіргені бар еді. Айтса айтқандай. Әңгіме тақырыбы – табиғатқа мейірімнің жоғалу мәселесі. Бас кейіпкер Керімбай ауылдың қарапайым аңшысы. Өзі қайратты, күшті, мығым жігіт. Кезінде аңшылық, саятшылық жасап, талай-талай аң-құсты қанжылаған. Сол жігіт бір сәтте өзінен-өзі ойға келеді. «Біз, адамдар, неткен қатыгезбіз, табиғатқа неге қиянат жасаймыз, аң-құстардың жазығы не!» деп қиялданады. Сөйтіп, өзін-өзі жек көре бастады. Ақыры… өз мылтығынан өзі мерт болады.
Айтпақшы, оның мінезінің өзгеруіне аты әлемге белгілі жазушы Эрнест Хемингуэй шығармалары мен өмірі ықпал етеді. Соны оқимын деп бірден өзгере бастайды. Бұл – мінездің өзгеруі. Адамның кенет құбылуы…
Табиғат дегеннен шығады, Жолтай «Аңшы ата ізімен» деген тақырыппен жеті-сегіз сюжеттен тұратын көлемді әңгіме де жазды. Осы әңгімесін орыс жазушысы И.С. Тургеневтің «Аңшылық әңгімелерімен» салыстыра сөз етуге болады. Шағын-шағын оқиға-көріністерді қамтитын бұл көлемді әңгіменің тілі жатық, оқуға жеңіл, ал астары терең. Жазушы аңшы атасымен әңгімелесу үстіндегі жас жігіттің ой-сезімі арқылы бүгінгі замандастардың жеңіл ойлылығын, мәселеге тереңдеп бара бермейтіндігін сынға алады. Табиғат-ананың жомарттығы айтылады. Аң-құстардың да сезім-түйсігі бар екені, олар да рахымшылықты тілейтінін кеңінен кестеленген. Ең бастысы – өте тартымды оқылады.
Сөз ретінде айта кетелік, әңгіме үшін негізгі шарт оның тартымдылығын, ой айта білуі және кестелі тілі. Біздің көптеген жас қаламгерлерімізде жетісе бермейтіні осы. Бірі болса, екіншісі кемшін. Содан барып орташа дәрежедегі әңгімелер көбейеді, ол оқырманды өзіне тартып, еліте алмайды. Ал, Жолтай осы шарттардың қай-қайсысын да меңгере алған.
Байқап отырсаңыз, жазушының әр әңгімесі өзінше жүк көтеріп, өзінше ой түйіндеп тұр және ойға алғанын жеріне жеткізе баян ете алған. Демек, әңгімеші Жолтайдың жетістігі де осында.
Қысқасы, Ж.Әлмашұлының жоғарыда аталған жеті әңгімесін ХХІ ғасыр басындағы айтулы, елеулі әңгімелер тобына әбден қосуға болады.
Осы ретте айта кетер тағы бір жаңалық – 2006 жылдың аяғында «Астана-Бәйтерек» жабық әдеби байқауында Жолтай Әлмашұлының «Бүгінгі элегия» деген атпен ұсынылған бір топ жаңа әңгімелері жүлделі екінші орынды иеленді. Демек, қаламгер үнемі ізденіс үстінде, тоқтаусыз жұмыс үстінде екен, оқырман үшін сол қуаныш.
Біз қаламы төселген жазушыдан алдағы уақытта соны, сәтті, ойлы дүниелер күтеміз.

Мұхамедия Жұмағалиев
 

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...