ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТІЛ КОМИТЕТІ “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН...
ХОРХЭ ЛУИС БОРХЭС. ӨЛГЕНДЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ (El muerto)
Фотосурет ашық дереккөз
Елес 1877 жылы қыста таң қылаңы туғаннан Ұлыбританияның шығыс түстігінен жеткен. Қызыл шырайлы, дене бітіміне қарап оның ағылшын нәсілінен екенін жазбай тануға болатындай. Шын мәнінде ол нақты адам емес ағылшындық образ кейіпкер Джон Буллиге (John Bull) аумай тартқан. Орта тұсы үңірейген телпек, қоқырайған бас киімі де біртүрлі күлкілі еді. Әуелгіде оны жұрт түгелдей қоршап таңырқап, қаумалап тұрып қарсы алған. Олардың көбісі юмористикалық персонификациясы құбыжық сықылды кейіптен қатты қорықты. Түн қараңғысында далдадан бассыз құбыжық көргендей ойбайлап шошына қашатын. Сүріне қабынып, алқынып жүрегін баса алмай тұрып сүреңсіз елес туралы бір-біріне тітіркене баяндайтын. Бірте-бірте бұған да олардың бойлары үйренген. Тіптен кейбіреулері оған жақындай бастаған. Тап беретін, ептеп сипайтын, балағаттап, боқтайтын. Бірақ, белгісіз бір жаман үрейден бе, әйтеуір кейіптің қасына тақап барудан қатты жүрексінетін-ді. Сондай күндердің бірінде – тыс пошымы жендетке ұқсас төбе шашы білте-білте болып қобырап үрпиіп ұйысқан, ұсқынсыз, бетінің тең жарымын түк басқан, қызыл көз шикіл сары елес сықылды тағы біреу пайда болды. Тинамдай денесінің сау тамтығы жоқ тыртық, жаралы жолбарыстай алабажақ, сұсты сүлдер. Озбырлана жалақтаған оның осы кейіпін көрген әлгі елестің зәресі кеткен. Алдын келген пәлекетке селк етіп, сүріне-жығыла келіп дірілдеген қолын ұсынды да безектеп, бақырып шырылдай жөнелді.
– Айуандықтың құрбаны, ерліктің ерекше көрінісі сіздей ер жүрек елеспен қапияда жолығам деп ойламадым. Еске алсам төбе құйқам шымырлайды. Қаскөйлердің жазасын алып жеңіс алаңында түгел дарға асылғанын көрдіңіз бе!? Табаңыз бір қанған болды-ау деп ойлаймын.
– Егер сіз киелі Сантос Перез (Santos Perez) және оның інісі Рейнафэ туралы айтып тұрсаңыз, мен оларға бек разымын, – дейді аузы – басы қанжоса болған тірі өліктей әзірейіл кейіпті. Үнінде зор мақтаныш, жүзінде кекесін зілі бар. Кекесінмен әдейі мұқату үшін айтып тұр ма дегендей таңырқау жүзін бүрған Кирога.
– Сен мені ешқашан түсінген емессің, Расос! Біз бір-бірімізден ләззат алып айрықша ғұмыр кештік. Саған, пешенеңе бүткіл Еуропаның ғажайыпқа толы, әлемге аты мәшһүр сұлу шаһарды тұтас билеп-төстеп басқару бақыты бұйырды. Маған алып Американың шалғай ұланғайыр түзем құрлығына кең тарқаған еркін малшылар һәм үндістер мен еуроптардың арасынан туған будандар ең тұрпайы пампас гаучолармен нақ майданда сапарлас болуды жазды. Менің барым – қанжарым, жан ұшырған жалынышты үрейлі дауыстар, маң құмайтты мылқау дала. Құдайдың көзінен де ең тасада қалған жасырын жер, ешкімнің ес, түсіне кірмейтін жабайы жеңістер. Ол туралы кім не білмек? Мен қансоқталы майдан болды деген жалған Барранка Яако деген жерде қанжар асынып, басынған салт аттылардан қаза болдым. Сондықтан болар, тірілердің әңгімелеріне жаным құмар. Өмірім енді мәңгілікке өлместей жалғасатынын жақсы білем. Маған осындай жайлы ажал сыйлаған саған хаһи қарыздармын. Әрине сенің осы сыйыңның қарымтасын қайтара алмаған сәтім болса басымды иіп кешу өтінем. Болашағы мұндай ұзаққа ұласар жақсылықты ұмыта аламаймын. Сен әлгі «әулие Иоанн» қу тілді сарамаз Сан Хуанның (San Juan) аңыздық шығармасын оқыдың ба?!
Бұл кезде адуын Расос айылын тез жинап сабасына түсті. Қарсы алдында тұрған кісәпірге аса жиіркенішпен қарады да:
– Өзің бір көкезу, есерсоқ бөспе неме екенсің. Заманыңның бағалауынан гөрі жарымжан болашақтың әсіре жалған көлгір сөзі мен арам мақтауына алданасың. Былшыл. Есебі көк тиынға тең бірдеңені көкіп...
Кирога:
– Не айтқың келетінін сеземін. Тағдырың саған сонау 1852 жылы құрық салды. Есебі ер жігітке сирек кездесетін тамаша ақ өліммен өлер едің. Майданда ажалмен бетпе-бет келіп амалсыз ұшырастың. Өкініштісі, сен мұндайда ерекше сый-құрметке ие болу бақытынан да айырылып қалдың. Қантөгіс шайқас арасынан қара басыңның қамын күйттеп, амалдап қашып шықтың.
Расос:
– Сен мені қорқытқың келе ме? Күллі Шығысты ат бауырына тыққан мықты мына мені ықтырмақсың ба?
Осыны айтқанда Кирога сәл жұмсарғандай сыңай танытты. Ол:
– Нөкерлерің сенің осы ерлігіңді аңыздай аңырататын-ды. Иә, естігем. Өкінішке орай сол сәтте түгел Америка, түстіктегі Чили тауыриһатымен өзегі бір Чакабуко (Chacabuco), Хунин, Пальма, Рэдона, Касэрос маңында мұндай ерліктің сан түрі кездесер еді.
Кирога сөзінің соңын қаріптеп барып, бөліп-бөліп үзіп бітірді. Расос оның әңгімесін немқұрайлы тыңдады да:
– Мен үшін онда шынайы ерлік көрсету аса қажетсіз еді. Қан майданда маған болысқан ержүректер түгел көз алдымда жазым болды. Олардың өлімі менің өмірімді гүлдендіре түсті. Мысалы, өзіңнен жүз есе артық әлгі Сантос Перезді көрдіңіз бе!? Соғыста ерлік көрсету – көзсіз қайсарлыққа ғана тән нәрсе. Мұндайда біреу жеңеді, біреу өледі. Өзге ештеңе. Ақыры бір жеңімпаз батырдың алдында тізе бүгуге мәжбүрсің.
– Мүмкін. Мен өліп те, тіріліп те көрдім. Қазірге шейін ештеңеден қорыққан емеспін. Тарихымыз – қатігездіктен жалықты. Енді біз сужаңа тағдырмен бетпе-бет келуге жеңімізді түріп бара жатырмыз. Жаңа ғұмыр бізге не береді? Білмеймін!? Білетінім – өлімнен қорқу ұғымы мүлдемге сейілмек. Расос:
– Бұрын кім болғанымды білемін. Оған бек хош кеуімен разымын да. Енді ешкімнің ештеңе бей кейіпіне енгім кемейді.
Кирога:
– Тас екеш тас та ғасырлар тоздырып, тозаңға айналғанша мәңгі тас қалпында қалады. Өлімге қарай беттегенімде мен де осы ойды тастамадым да бастан кештім. Көп үйрендім өмірден. Мінеки, екеуіміз де ақыры мүлдем өзгеріп кеттік.
Кироганың жауабы Расосты тым таңдандыра қоймады. Ол күжілдеген дөрекі зор дауыспен:
– Мүмкін мен мәңгі өлі аруақ болу үшін жаралмаған шығармын. Әйтпесе неліктен осы тұрған жеріміз және екеуіміздің тәжікелесуіміз маған түс сияқты болып елестейді!? Түс болғанда да, менің де емес, әлі өмірге келіп үлгермеген болашақ жандардың көретін түсі сияқты болып елестейді?!
Олар бұдан әрі сөз айтысып үлгермеді. Себебі, осы мезетте оларды әлдебір күш тасадан шақыра берді.
Қазақ тіліне аударған Сұраған Рахметұлы