ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТІЛ КОМИТЕТІ “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН...
Әзиз Несин. Қалыңдық пен күйеу жігіт
Фотосурет ашық дереккөзден
Сақал өсіру — қиямет, ал сүйгеніңмен кездесе алмай сарғаю — қасірет. Жастардың бақытына қарай қазір күйеу жігіт пен қалыңдыққа күнара жүздесіп тұруға рұхсат беретін дәстүр орнады. Бірақ ол дәстүр «қызға қырық жерден тиымды» жоққа шығармайды. Севимнің әсіресе «ШаШ» клубының командасы ойнайтын күні стадионға баруына мүлдем тиым салынды. «Күйеуге тиген соң жер өртесең де мейлің, ал қазір қағынба, қарағым!» десті әке-шешесі.
Севим тіл алуға мәжбүр болды. Ұсақ-түйек бірдеңенің кесірінен той шырқы бұзылып жүрер деп қорықты. Дәстүрден аттап кете алмады. Көшеде таныс футболшылардың бірі кездейсоқ ұшыраса қалса, бұрынғыша құмарын қандыра қылжақтасудың орнына, амандық қана сұрасады да, сүйікті Ахмеді бастаған шаңдатқыштарының хал-ахуалын білуге мұршасы болмай, үйіне қарай зытады. Тиым уақыт неғұрлым созылған сайын, «ШаШ» пен қаһарман қамалдай орталық қорғаушыны сағынуы соғұрлым арта түсті, күйеу жігіттің қарасын көру де соғұрлым азапқа айналды. Саид бейшара болса, ғашықтық отына өртеніп, мысы құрып, сүтке тиген мысықша мүләйім болып, күнде келіп-кетеді.
Міне, бүгін, байырғы бәсекелестер – «ШаШ» пен «ЖЖК» кездесетін күні, Севим үйде отырмақшы. Бұдан өткен жаза болмас!.. Оның үстіне қазір сүйретіліп Саид келер!.. Құрып қалғыр!..
Әке-шешесі де бұлар оңаша отырсын деп, әдейі қыдырып кетті. Мұндай тәсілдің пайдасынан зияны көп. Оңаша қалғандарында Саид қалыңдығының қасында емес, албастының алдында отырғандай зәресі ұша бүрісіп, жақ ашудан қалады. Шынына келсек, қалыңдық одан дені дұрыс сезім күткен де емес, бірақ әйелдік намысы қай-қайдағы жынын қозғап, Қылмойын Севим оны тірідей түтіп тастаудан тайынбайтындай да болады. Қыңқ етіп байқасын, қайтер екен бәлемді!..
Севим матчты радиодан тыңдамақ болды. Ойынның басталуына әлі жарты сағат уақыт бар. Құдай-ау, мына ынжықпен үндемес ойнап отырмақ па? Бір минөтін тыныш өткізіп көрмеген басы бұған көнбекші ме енді? «Мынаны ертіп стадионға барсам не болар еді?» деп ойлады ол. Мұндайдың жанында жүруі мүмкін емес, ал іші пысып үйде отыру одан да сорақы.
Севим ұшып тұрып, бөлмеде ары-бері жүре бастады. Не істесе сауап болар екен? Шомылу керек! Ол Саидтың көзінше шешіне бастады. «Қайтер екен?».
Ал Саид қатал мұғалімнің алдындағы жуас шәкірттей моп-момақан күйде… «Менің шешінгенімді көрмей отыр ма әлде?» Севим оның алдына жетіп барды да:
–Ілгектерін ағытшы! – деп бұйырды.
Саид атып тұрды, бірақ әзірше көруіне болмайтынға көз тоқтата алмай теріс қарап, ілгектерін сипалай бастады.
–Енді қашан?
–Ағыттым, – деді күмілжіп.
–Белдемшемнің ызбасын ағыт.
Ой! Күнәсіздікке апаратын күмәнсіз жол ғой бұл!
Қолы дір-дір еткен Саид ызбаны әрең тауып, ағытты-ау ақыры. «Бізді неге оңаша қалдырды екен?» – деп қинала ойлады ол.
Севим ванна бөлмесіне кіріп кетті де, бір минөттен соң:
–Са-ид!.Са-ид! – деп дауыстады.
–О не, Севим-ханым!
–Қымбаттым, бері келші!
«Қымбаттым» деген сөз ұшпаққа бір-ақ шығарған Саид тұра ұмтылып, жолындағы орындықтарды сұлата-мұлата жүгіріп, ашық тұрған есіктің босағасына жетіп тоқтады.
–Қымбаттым, бері кел, кел!
–Мен мұндамын, – деді Саид есік сыртынан.
–Кіре ғой, жаным…
Саид кірді. Севим бір аяғын ваннаның ернеуіне салып, көпірген көбікке бөгіп жатыр… Саид сасып қалып, бетін екі қолымен баса қойды.
–Мен қарап тұрған жоқпын, Севим-ханым, қарамаймын, қысылмай шомыла беріңіз… – деп міңгірледі.
–Жоғал әрі! Жаның барында жоғал, кет! – деп Севим шыңғыра айғайлады.
Саид атып шықты. «Әйел дегендерің қызық, өзі шақырады да өзі кет дейді…». Әке-шешесі сеніп қалдырып кеткен қызды енді қайтуы керек?.. Әлде олар сынап көрмек пе екем? Ендеше, құдай куә, мұның адал, таза адам екеніне көздері жетсін…
Саид байғұс өзін өзі өстіп алдарқатқанмен, ол Севимнен қорықты, байқаусызда сүйіп алып, сонсоң өзімді тежей алмай жүрермін, немесе ештеңе болмай қалып масқарам шығар деді. Бұрын да талай рет масқараға ұшыраған, сондықтан той өткенше қызға ұрынбағаны жөн.
Қылмойын Севим ваннадан қабарып шықты. Ырыссыз ынжықты бірінші рет кездестірді ғой.
–Севим-ханым, – деді Саид ыржиып.
–Немене?
–Жай… Әншейін…
–Айтарың болмаса құйрығыңды қысып отыр. Қазір ойын басталады.
–Мен бірдеңе айтайын деп едім.
–И-и-иә, не айтпақсың?
–Сізбен танысқан тамаша күн… Кинотеатрда… Жатсам-тұрсам есімде!..
Севиммен оңаша қалған саиын Саидтың есіне сол «тамаша» күн түсе береді… Оның естелігін естіген сайын Севимнің жыны ұстап, «Нағыз еркектің есінде не болатынын сендей сорлы қайдан білсін!» деп іштей кіжінеді.
Осы кезде диктордың даусы саңқ етті.
–Құрметті радиотыңдаушылар! Клубты «Шаң шубалтқан» және «Жоқшылық жолын кескен» футбол командаларының өзара кездесулерінен репортажымызды бастаймыз. Репортажды біздің спорт шолушымыз Эрол Арқан-бей жүргізеді.
–Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! – деп Эрол бастап та кетті. – Құрметті радиотыңдаушылар, біз қазір Мидхат-паша стадионындамыз. Бірнеше минөттен кейін мұнда маусымның шешуші ойыны басталады. Бір-біріне лайық байырғы бәсекелестер, біздің еліміздің мақтанышы мен сүйініші – «ШаШ» пен «ЖЖК» кездеседі. Қазір футболшылар да жасыл алаңға шығады. Радиотыңдаушылар, сіздер мен біз бүгін тарихи оқиғаның куәсі боламыз. «ШаШ» пен «ЖЖК-ның» қайсысы топ бастар екен?.. Трибуналарда…
Саидты, әрине, бұл командалардың ойыны ынтықтырған жоқ, тек Тасдуал Ахмедтің даңқын шығарған атақты Арқан-бейдің не айтатынын тыңдағысы келді.
Шолушы сайрап тұр:
–Бұл командалар бүгінге дейін өзара жүз жиырма сегіз ойын өткізді…
–Ақымақ! – деді Севим сол әредікте. – Жүз жиырма сегіз емес, жүз жиырма жеті ойын өткізді. Бір ойын дұрыс өткізілмей, есепке алынбай қалған.
— Сол жүз жиырма сегіз ойында «ЖЖК» командасы елу төрт рет, «ШаШ» – қырық сегіз рет жеңді…
— Әй, жарымес, не сандалып отырсың?! – деп Севим түтігіп кетті.
Саид оның бетіне бағжия қарады. Брамстан хабары жоқ қыздың футболды әйгілі Арқан-бейден артық білетініне таңданды.
–Әне, командалар алаңға шықты. Трибуналардағы дауыстарды естіп отырсыздар ма? Жанкүйерлер өз командаларына қол соғуда. «ЖЖК» бүгін өзінің үйреншікті формасында: ала майка, ашық қоңыр түсті труси киген. «ШаШ» болса, формасын өзгертіпті: олар бүгін сап-сары…
–Әй, саппас! – деп Севим шаңқ етті. – Сап-сары дейді!.. Білгішін өзінің!..
–Алаңда астан-кестен бірдеңе болды да қалды. Төрешілер мен капитандар тіл табысып үлгіргенше, мен сіздерге командаларды таныстырып өтейін. Сонымен, «Шаң шұбалтқандар»… «ШаШ-тың» бар сенері — ұлттық құрама командамыздың тұтқасы, әрине, Тасдуал Ахмед. Ол — «ШаШ-тың» капитаны…
Ахмедтің аты аталысымен Севим жадырап, жайылып түсті.
–Тасдуал Ахмед біздің ұлттық құрама командамызда жиырма үш рет ойнады… Біздің жұлдызымыз… Ақшаны күреп алады… «Жоқшылық жолын кескен» командасын оның о бастан бергі капитаны Осман Қарабұрыш шабуылға бастап шықты. Қақпаны таңдаған да сол. Доп алаңның ортасында… Төреші ысқырды, ойын басталды… Доп «Жоқшылықта». Кадри Аласа Әлиге берді… Ол – Османға… Осман «Шаң шұбалтқандардың» айып алаңына ойқастай бұзып-жарып кірді. Қалай-қалай құйғытады, жігіт десе жігіт!.. Осман Қарабұрыш Аласа Әлиге берді, ол Османға қайта қайырды. «ЖЖК»-нің шабуылы жойқын…
Севим тырнағын тістелеуге кірісті.
–Осман қорғаушыны алдап өтті. Оңтайлы сәт. Бұлт етті… Ыңғайланып алды, қазір тебеді, ал тепті… Ахмед! Неткен мықты! Тасдуал десе – тасдуал!.. Қалай ғана үлгірді, ә?! Қас қағымда ұмтылып, басымен ұрып, допты айып
алаңынан ытқытып жіберді, команданы тұп-тура келген голдан қорғап қалды. Уай, Ахмед!..
Севим ұшып барып Саидты құшақтай алды. Ондайды күтпеген күйеу жігіттің дізесі дірілдеп, қылтасы, қиылып кетті.
Севим есін жиып, орнына қайтып оралды.
–Ойын шиеленісті… «ЖЖК» бекем қорғаныста. «Шаңдатқыштар» қарсыластар алаңына көшіп алған. Доп Мұстафада, әне, Бекірге берді! Теп!.. Ай-ай-ай!.. Әй, Бекір-ай!.. Итере салса – кіріп жатқан доп еді… Мәссаған, сөйте ме екен?! Бекір Османды оңдырмай сұлатты… «Жоқшылық» айып доп тебеді… Допты Аттила алып кетті… Қақпаға қарай тартты, қорғаушыны алдап өтті… Оңтайлы сәт!… Теп, Аттила!.. Қап!.. Сәтті кезеңді өткізіп алды. Допты Бекірге берді!.. Бекір!.. Теп! Гол!.. Уах, қандай гол! Қандай әдемі гол!..
Севим қуанғанынан атып тұрып, Саидты тағы да құшақтай алды. Қатты қысып, құшырлана сүйді… Саидтың тағы да есі шығып кетті, бар бітіргені, балмұздақ жеп болған кісіше ерінін жалай берді.
«Шаңдатқыштар» екінші голды енгізгенде ғана ол Севимнің қуаныш сырын түсініп, «ШаШ-тың» «ЖЖК» қақпасына голды тоғыта беруін тәңірінен жалбарына тіледі.
Тәңірі Саидтың тілегін екі етпеді, — «Шаңдатқыштардың» қақпасына гол соғылғанда да Севим ұшып барып Саидтың дізесіне отыра қалып, қатты құшақтай жабысып, солқылдап жылап жіберді. Бақытқа кенелген Саидтың басы айналып кетті.
Ойынның алғашқы жартысы «ШаШ-тың» пайдасына 2:1 болып аяқталды. Командалар үзіліске кетті. Музыка ойналды. Саид футболдың әйелдің мінез-құлқына қандай әсер ететіні жөніндегі ойға шомды…
–Сен стадионда болып көрдің бе? – деді Севим үнсіздікті бөліп.
–Медреседе оқып жүргенде бір рет болдым… Мені алып барды.
–Кім?
–Есімде жоқ… Біреулер апарған болатын… Лекцияға баруға шығып, стадионға тап болдық…
Севим іштен тынып, жарыла жаздап отыр: «Шынымен осы былжырақтың әйелі болар ма екенмін? Ақылды бай бұйырмағанмен, ақымаққа кете беру де қиын-ау…»
–Стадионға қалай тап болдың? – деді Севим, қарап отырғанша сөз болсын деген сыңаймен.
–Бір аса маңызды ойын болады деп жұрт стадионға қарай жөңкіліп бара жатыр екен, мені де ілестіріп алып кетті, араларынан шыға алмадым.
–Кімдер ойнады онда?
–Білмеймін… Мен ойынды көргем жоқпын… Түсіріп алған портфелімді іздеп жүрдім…
Ойынның екінші жартысы басталды. Арқан-бей тағы сампылдай жөнелді. Севим радиоқабылдағышты құлай тыңдап, ішіне кіріп кетердей ұмсынып отыр:
–Кәне, Ахмед, аянба, жаным, аянба!.. – дейді.
Саид та Ахмедке сиынып, айқайлауға кірісті. Өйткені оның бүгінгі бақ-талайы «Шаңдатқыштардың» неше гол салатынына байланысты. Әне, Эрол Арқан-бей де: «Го-о-ол!» – деп өкіре жөнелді, қалыңдық пен қүйеу де апыл-ғұпыл құшақтаса қалды…
Ойын аяқтала бергенде тағы бір гол салынды. Оған шолушы соншама қуана қоймағанмен, Саид жерден жеті қоян тапқандай боп Севимге тұра ұмтылды. Бірақ Севим зілденіп:
–Отыр… Бізге салып жіберді, – деді.
–Бізге ме?.. Біздің қақпаға ма?..
Ол қалыңдығының көңілін аулай бастады.
–Тілеуің бергір, қойшы!.. – деді Севим.
Эрол Арқан-бей «ШаШ» қорғанысының қателіктерін жіпке тізе бастағанда Севим өз бөлмесіне қарай тұра жөнелді. Көз жасынан езілген кірпік бояуы көзін удай ашытқан. Саид сүйкімді қалыңдығының жүрегіне жол табу жайын ойлауға кірісті… Шіркін-ай! Тасдуал Ахмед сияқты әйгілі футболшы болар ма едім! Тым құрыса бразилиялың Пеледей бола алсам ғой!..
Саид қиял қанатына мінді. Міне, ол футбол алаңында жүйткіп жүр. Тепкен добы тентіреп кетпейді, қақпаға қарай оқша зулайды. Гол!.. Гол!.. Стадион көкке ұшардай…
Қиял-ойын әбден қызған мезетте бөлмеге мысықша басып Мехжура-ханым кірді. Дәл сол сәтте Эрол Арқан-бей: «Го-о-ол!» деп аттандай қалар ма! Саид еңсесін кілт көтеріп:
–Кім салды? Біздікі ме? Біздің қақпаға ма? – деп әбігерленді.
«Құдайым-ау, өзі мен өзі сөйлесіп отырғаны несі?» деп болашақ енесі іштей таңданып тұр.
Шолушы тағы да шоқтықтана сөйлеп, «Шаңдатқыштардың» және бір гол салғанын хабарлады, ал Саид ұшып тұрып:
–Біз салдық!.. Ура!.. Біз салдық!.. – деп, Мехжура-ханымды бассалды.
Шошып кеткен енесі оның құшағынан әрең сытылып шықты.
–Не болды?.. Кімге салды? – деп Севим жүгіріп келді. Бейшара күйеу жігіттің қылтасы қиылып кеткендей болды:
–Ханым әпенді, кешіре көріңізші, Севим-ханым екен десем…
Мехжура Жарқылдың төбесі көкке жетті: «Әкесі екеуіміздің кетіп қалғанымыз әбден дұрыс болғанын қарашы… Тура біздің ойлағанымыздай болып шығыпты… Бергеніңе шүкір!»
ӘЗИЗ Несин,
Түрік жазушысы.
Орыс тіліндегі нұсқасынан қазақшалаған – Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ