Стефан Цвейг “Жазғы новелла” (Аударма)

Фото: freepik.сom

ЖАҢАЛЫҚТАР
210

Былтырғы жаздың тамыз айын Каденаббидегі ақ виллалар мен қою қара орман ішінде бұғып жатқан Комо өзенінің жағалауында өткіздім. Белладжио мен Менаджиодан келген туристтер жағалауда өріп жүр. Жаз маусымының абыр-тобыр кезі болғанымен қалашықты тыныштық ұялаған. Ал енді тамыз айының қапырығында бұл орта мүлдем саябырсып, құмығып жатқандай.

Қонақ үй жартылай бос болды. Таңғы асқа жиналатын тұрғындар жазғы демалыс үшін осындай қараусыз қалған орынды таңдағандарына бас шайқаудан жалықпайды. Олардың отырысына қарап қонақ үйден безіп кетпей жүргендеріне таң боласың. Әйткенмен, солардың ішінде мені өзіне жақын тартқан адам бар. Ол егде жасқа келсе де, шау тартып қартаймаған, керсінше, сырбаздығын жоғалтпай көрнекі киінген ағылшын лорды мен париждік фланерге жақын тұлға.

Қапырықтан қашқан жұрт мәз-мейрам суға шомылып, бар наздарын теңізге төгіп жүрсе, ол ой түбіне сүңгіп, темекі түтінінің көкке көтерілуін тамашалаумен әлек. Тым құрығанда күндерін елеусіз кітап жеумен өткереді. Ақыры, жаңбырлы екі күннің жалғыздығы онымен танысуыма оңтайлы сәтін сыйлағандай болды. Жас ерекшелігімізге қарамай танысқан жайдарылы жүзіне қарап, қандай жан екенін түсіндім. Тумысынан Лифляндиялық; Францияда, одан кейін Англияда тәрбие алған; ешбір мамандық иесі емес, еш жердің тұрақты тұрғыны да емес, сөздің тура мағынасында отанынан айырылған адам; және дәл сондай саяхатшылар мен сұлулық қарақшылары тәрізді әлемді кезіп, аса бір ашкөздікпен жолында кездескен бар жақсыны өзіне жиып-терген. Дилетант ретінде барлық өнерге жақын; әйтсе де, өнерге деген сүйіспеншілігінен гөрі, оған қызмет еткісі келмейтін аристократтық ұстанымы басымырақ; ол өнерден мыңдаған бақытты сәттерді алғанымен, шығармашылыққа ақысын ешқашан қайтарып көрмеген.

Бұндай адамдардың өмірі керексіз болып көрінеді; себебі, оларды ешбір дәнекер қоғаммен байланыстыра алмайды; ақыры, олардың басынан өткерген мыңдаған қайталанбас асыл қазыналары ешкімге, иә, иә... ешкімге мұраға қалмастан соңғы атау керелерімен жоқтыққа айналады.

Екеуміз кездескен кештердің бірінде оған осы әңгімемді тілге тиек еттім. Қонақ үй маңындағы өзеннің іңірге жұтылуын тамашалап отырғанбыз. Ол жымиып:

- Мүмкін, сөзіңіздің жаны бар шығар. Өз басым естеліктерді қастерлемеймін. Біз кешкен оқиғалар өтісімен-ақ өледі ғой... Поэзия? Ол да жиырма, елу, жүз жылдан кейін өлмейді ме? Бірақ, бүгін сізге новеллаға ерекше сюжет бола алатын оқиға айтып берсем қалай қарайсыз? Жүріңіз, шамалы ауа жұтып қайтайық. Бұндай дүниені серуен кезінде айтқан жөн.

Жағалауға беттеген жолда бозарша мен талшын ағаштары көлеңкелеген бұтақтар арасынан жалтырап, көгілдір өзеннің бейнесі ашылды. Суға сіңген күннің соңғы сәулесімен қоштасып болғасын, түрлі-түске әрленіп, бұлттар тәрізді ағарып жатқан Белладжиоға қарадық. Ал одан жоғары көз салсаң лағыл тастай жалтылдаған Сербеллони вилласының шатыры көрініседі. Ауа-райы қапырық болғанымен, кеудеге салмақ салмады. Әсте белгісіз әйел затының нәзік алақанындай гүлдердің жұпарына бөлегені де сол шығар. Осы бір сәтте серігім үнсіздігін бұзып:

- Әңгімемді мойындаудан бастайын. Былтырғы жылымды дәл осы Каденаббиде, дәл осы уақытта, дәл осы қонақ үйде өткізгенімді осыған дейін сізге айтпап едім. Өмір бойы қайталанулардан қашқандығым жайлы естігеннен кейін, менің бұндай мойындауым сізді таңғалдырған да шығар. Дегенмен, тыңдаңыз. Әрине, бұл жер былтыр да дәл қазіргідей бос болды. Күні бойы балық аулап, аулаған балықтарын кешқұрым суға жіберіп, ертеңінде сол балықпен қайта кездесу үшін қармағына отыратын сол бұрынғы Миланнан келген мырза; одан бөлек ешкімге байқаусыз, қалыпты өмір сүріп жүрген егде жастағы ағылшындық екі әйел мен қуқыл бет қызы бар сымбатты жас жігіт те болды: шыны керек, әлі күнге дейін олардың отаулы болғандығына сене қоймайтыным, бір-бірін тым қатты жақсы көретін. Ал енді ең бастысы неміс жанұясы. Түбі Германияның солтүстігінен болуы керек. Ірі сүйекті келген, ақшыл сары шашты, бейберекет дөрекі жүрісті, өткір көзі қадалғанда үрейіңді ұшыратын, әрі жіңішке бейне бір пышақпен тілінген қаһарлы ерінді, егде жастағы әйел. Онымен бірге сіңлісі болды. Шүбәсіз, сіңлісі. Тура сол апайының бет әлпетінің белгілері, тек  шамалы жайылған, жуасытылған, қабарыңқы жүзді. Олар күндерін бірге өткізетіні болмаса, бір-бірімен өз араларында сөйлескенін көрмеппін. Тек үнсіз ғана тоқып отырған істіктерінен бас алмайтын; сол тігіп отырған кестелеріне өздерінің ойсыз жанарының ұшқынын өрнектеп жатқандай – зерігу мен тігудің табиғи үйлесімі пайда болады. Олардың араларында он алтылар шамасындағы бойжеткен жүретін. Екеуінің біреуінің қызы; қайсысының екенін білмеймін. Тоң мойын жасөспірім қыздың әлі жетіліп болмаған шикі жүзі мен пішіні ендігі пісіп, биязы, нәзік әйелге тән қасиеттерге ауысқан. Асылында, ол қыз сұлу емес еді – әрі пісіп жетілмеген жемістей тым жүдеу, талғамсыздау киінгені тағы бар, әйткенмен, жанары өзіне еліктіріп көңіл жұбатар дәрменсіздікке бөлейтін. Күңгірт тартқан көздері әбіржіп өзгелердің жанарынан жасырынған кезде ғана ұшқындайтыны қызық көрінеді. Ол дағы апайлары тәрізді қолындағы тоқып отырған істігін тастамайтын; тек апайларымен салыстырғанда оның қолдары жиі баяулап, үнсіз қиялға толы қою қара көздерін өзенге қарай тіктейтін. Неге екенін білмеймін, осы бір көрініс жан дүниемді толғандырды. Мүмкін, менің санама қарабайыр, қарапайым бұлтартпас дәлел келді ме екен; ықылым заманнан келе жатқан пәлсапа: солып бара жатқан анасы мен енді ғана бүршік атып келе жатқан қызын көргенде жадыңа келетін жалғыз ой – әзірге бұл дүниеге тиесілі адам мен оның көлеңкесі жайлы, - әрбір жас бейненің қатпарында ересек әжім жатқаны жайлы, күлкісінде – әлсіздік, ал арманында түңіліс жатқандығы жайлы ой. Ал, мүмкін, мені жай ғана осы бір беймәлім, санаға салынбас, абдыраған, арнасынан асып бара жатқан жан азабы қызықтырды ма екен; жас, гүлдеп келе жатқан қыздың әзірге кездестірмеген алғашқысы, жалғызы, су бетінде қалқып жүрген бөренеге балдырлар тәрізді желімдей жабысып алатын ешкімі болмағандықтан барлығына ашкөздікпен, қызығушылықпен қарайтын жастық шағының ең бақытты сәттері үшін қызықтырды ма екен; әйтеуір, оның қиялға толы мөлдіреген мойыл көздерін, мысық болсын, ит болсын тірі жанның барлығын толқынға толы мейрімді құшағына алып құшуын, мойнына бірнеше істі алып, ешбірін соңына дейін жеткізбейтін мазасыздығын зерікпестен ұзағынан бақылай алатынмын. Кешқұрым қонақ үй кітапханасынан көңіл толтырмас бірнеше кітапшаларын алып оқитын немесе өзімен бірге алып келген ұйпа-тұйпасы шыққан екі том Гёте мен Баумбахтың өлеңдер жинағын қайта ақтарып шығатын... Неліктен күлдіңіз?

- Гёте мен Баумбахты байланыстыруыңыз...

- Еее, солай деңіз. Біраз күлкілі, әрине. Ал бір жағынан мүлдем олай емес. Маған сеніңіз, бұл жастағы қыздарға қандай өлең оқитындығы – жақсы мейлі жаман, шынайы мейлі жалған, - мүлде маңызды емес. Өлеңдер жай ғана бокал тәрізді, ал ол бокалға қандай шарап құятыныңыз маңызсыз, өйткені, шараптың дәмін татып көрмей-ақ оның масайрататынын түсінесіз. Дәл солай қыздың да жаны құлмаққа толы. Бұның барлығын оның жарқ еткен жанарынан, үстел үстінде отырғандағы сүйрік саусақтарының мазасыз қалтырауынан, бұғауланған, ал бір жағынан керсінше қанаттанған ұяң жүрісінен де айқын аңғаруға болатын. Оның әйтеуір бір адаммен болсын тілдескісі келетін; бірақ, біреуге ағынан жарылып ішіне жиналғанын сыртқа шығаруға бар болса да, оны түсінер, оны ұйып тыңдар жан табылмаған. Тек оң жағы мен сол жағындағы істіктердің сыбдыры мен апайларының салқын да, бейтарап жанарларынан жасырынып отырады. Содан болар жанымды аяушылық кернеп, оған қол ұшын созғым-ақ келді; тек бойжеткенге жақындауға дәтім де, жасым да жібермеді. Бір жағынан «Бұндай сәтте жас қыз үшін мендей шалдан не қайыр?» - десем, екінші жағынан, отбасылық таныстықтарды жаным қаламайтын, әсіресе, әйелдердің егде жасқа жетіп қалғандығы да бұның барлығын мүмкін емес етті. Дәл осы мезетте санама ғаламат ой келді: жас, періштедей пәк, өмірлік тәжірибесі жоқтың қасы, тіпті Италияға алғаш келіп тұрған қыз; ал мұнда ешқашан аяқ баспаған ағылшындық Шекспирдің арқасында бұл жер романтиканың, риясыз махаббаттың, Ромеоның, таңғажайып хикаялардың, абайсызда құлаған желпуіштер мен мың құбыла жарқыраған қанжарлардың, бетперделер мен дуэниелердің және махаббат хаттарының отаны болып танылған. Әлбетте, ол қыз да махаббат хикаясын басынан өткергісі келеді. Дегенмен, аспанда мақсатсыз, масайрап жүзіп жүрген будақ бұлттардай жас қыздардың қиялын кім түсінсін. Ол қыздар үшін мүмкін емес деген сөздің өзі жоғалған. Сол үшін де жас қызға құпия ғашық жанды ойлап табамын деп шештім.

Сол кеште-ақ қызға ең ұстамды, махаббат пен тылсым құпияларға толы адресант есімі жазылмаған ұзын да сонар хат жолдадым. Ол хат ештеңеге міндеттемеді, тіпті, белгілі бір мақсатты да көздемеді, тек поэмадағыдай қарапайым ғана шынайы романтикалық сезім білдіру хаты болды.

Ол қыздың әрқашан қобалжып жүріп таңғы асқа алғашқылардың бірі болып отыратынын білген соң, хатты майлық арасына жасырдым. Таң атты. Мен болсам  бақ ішінен оның сенімсіздікпен күдіктене таңданғанын, аңдаусыз бойының түршігіп үрейленгенін, жүзінің нарттай қызыл реңге боялғанын; оның шарасыздықпен айналасын шолып шығып, ұры кейіппен хатты қалтасына салып жібергенін, сасқаны сонша асқа қол тигізбестен үстел үстінен атып тұрып, құпияға толы хатты оқу үшін ешкім көрмейтін жасырын көлеңкелі аллеяға кеткенін, барлығын дерлік соңына дейін бақылап отырдым. Бірдеме дегіңіз келді ме?

Кенет қозғалыс жасаған соң, себебін түсіндірдім:

- Бұл ісіңіз тым қауіпті болмады ма екен? Ол қыз кельнерден болсын сұрастырып хаттың майлық арасында қалай пайда болғанын біліп қоюы мүмкін еді ғой? Немесе, шешесіне көрсетуі дегендей?

- Әрине, бұл жайлы ойладым. Бірақ, сіз қызды көрсеңіз ғой. Сұрақтарыңыз туралы күмәніңіз болмас еді. Сол бір жасқаншақ, үрейленген сүп-сүйкімді бота көздері қорқынышпен жалтақ-жалтақ қарайлап, біраз болсын дауысы қатты шығып кетсе өз-өзінен шошып кететін сәттеріне куә болсаңыз түсінер едіңіз. Расымен де, ар-ұжданы осыншама жоғары қыздар болады және олар көнбіс келеді, айтқаныңмен келісуге дайын, тек олардың өз ішінде жасырған ең ұлы сыры мен құпияларына тиіспесең болғаны.

Ақыры, езуімді жия алмай сол қызды бақылаумен болдым; ойынымның жүзеге асқанына қуандым. Бірақ, ол қыз қайта оралған кезде жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Қайта оралған ол, адам танымастай өзгерген еді. Жүрісі де өзге. Қобалжып, толқып, шырайлы жүзі қызарып, көз жауын алар ұяңдығымен өз адымын өзі тежеп келе жатты. Күні бойы осы көрініс қайталанды. Қыз болса құпияның шешімін тапқысы келіп, мойыл көздерін әр терезеге жаудырды; кездейсоқ өткіншілерге де, тіпті, маған да жанарын тіктеді, тек мен өзімді ұстап бермеу үшін дереу өзге жаққа бұрылдым; алайда, сол бір сәттің өзінде бойымды ерекше ыстық сұрақ үрейлендіріп жіберді; қаншама жылдардан кейін қыздың жанарындағы жалынды тұтандырудан өзге еліктіріп әкететін қызықты да, азапты іс жоқ екенін түсіндім.

Кейін ол қыз апайларының арасында отырғанда, ара-тұра абыржып қолын кеудесіне жақындата беретінін байқадым. Хатты сол жерге жасырғаны, шүбәсіз. Бұл ойын мені одан әрі еліктіре бастады. Іңір түсісімен сол күні оған екінші хатты жолдадым; ал одан кейін бұл жағдай кезекті кештерде қайталанып отырды. Ессіз ғашық болған бозбаланың атынан қолдан жасалған сезімнің күннен күнге ұлғаюын жазудың өзі, маған ерекше ләззат әкелді; бұның барлығы тартымды әуесқой спортқа айналғандай болды – шамасы, аңшылар да тұзақ құрғанында немесе жабайы құстарды нысанасына көздеуге алдап әкелгенде дәл осы сезімді сезінетін шығар. Жеткен жетістігім ойлағанымнан да асып түсті, тіпті, үрейлендірді де; ендігі бұл ойынымды доғарайын деген кездің өзінде жан-дүнием одан әрмен жалғасын қалады. Қыздың жүрісінде де әлдебір жеңілдік, әлдебір екпінді қозғалыс пайда болған; жүзі шырайланып, қайталанбас сұлулыққа бөленген; тіпті, түнімен қобалжып хат күткеннен бе, әр таң сайын беймаза көздерінің астын қара көлеңке басып тұратын. Ол қыз шашын гүлдермен безендіріп, күтініп, әрленетін де болған. Сүйрік саусақтарының қозғалысында тылсым нәзіктік жасырынған. Ал жанарында мәңгілік сұрақтар тұратын; және оның әрбірі менің хаттарда жазатын тұспалдарыма арналғандай. Әйткенмен, белгісіз Ариэль тәрізді ауаны ерекше әуезге бөлеп, қасында қалықтап жүрген, оның ең сырлы армандарын білетін, біле тұра көрінгісі келмейтін хат иесінің жақын маңда екенін жүрегі сезетін-ді. Соңғы күндері етінің тіріліп, жүзінің жадырағаны сонша бұл өзгеріс ақымақтау апайларының көздерінен де таса қалмады. Кей-кездері апайлары қызығушылықпен қыздың асығыс жүрісіне, қызарыңқы болып жүретін жүзіне қарап бір-бірімен шүйіркелесіп, күлімдесетін. Қыздың дауысы да өзгеше үнді, әрі батыл шығып, ерекше бір әуезге тола бастаған; біраз күтсең бұлбұлдай сайрап, әндетіп кететіндей... Байқауымша тағы да күліп отырсыз.

- Жо-жоқ, жалғастыра беріңіз. Мен тек сіздің беріле баяндағаныңызға қайран қалдым. Байқауымша, сізде бұл әңгімені ешбір жазушылардан кем жеткізбейтін дарын бар.

- Сөзіңіздің төркінін түсінген сыңайлымын. Неміс жазушыларындай әсіре көркемдеген, сентименттерге толы баяндауымды сынға алып отырсыз ғой. Оныңыз рас, енді қысқа да нұсқа қайыруға тырысамын. Марионетка менің дегеніммен жүрді; ал мен жай ғана сенімді қолдарыммен марионетканың жібін қозғап отырдым. Кейде оның көздері мені сынай қарағандықтан, өзім жайлы бар күмәнді сейілту үшін, хат иесінің бұл жерде емес екенін, көрші курортта жүргенін, тек күн сайын қайықпен немесе кемемен келіп отыратынын жазып сендірдім. Сол-ақ екен, ол қыз кеменің келе жатқандығы жайлы қоңырау соғысымен, әлдебір сылтаумен анасының көзінен тасаланып, жүргіншілер айлағынан орын тауып, кемеден түсетін жолаушыларды күтумен жүретін. Сондай күндердің бірінде мен де әдеттегідей ол қызды қашықтан бақыламақ болдым; тек күтпеген жағдай орнықты. Түсіп жатқан жолаушылар арасында жас италияндықтарды ерекшелейтін, көзге түсерлік элегантты киінген, сымбатты жас жігіт жан-жағын шолып шығып, жайсаң жанарымен дәлме-дәл мойынсұна, түңіле қарап тұрған қыздың мөлдіреген көздерімен кезігіп қалды. Сол сәтте-ақ қыздың әнтек күлкісін нарттай ұяң толқын жауып әкетті. Жас жігіт кенет кідіріп ерекше ілтипатпен қарады да – әрине, егерде сені осыншама ынтызарлықпен күтіп алатын болса, бұның барлығы айдан анық түсінікті, - қызға қарай жақындамақшы болды. Қыз жігіттің өзі іздеген адам екендігіне куә болғаннан кейін кері бұрылып қаша бастады; тек ара-тұра жүрісін бәсеңдетіп, соңына қарайлап, қайта жылдамдап отырды. Әлсіз жүректің әрқашанда құдіретті қайратқа үстемдік ететін шайқасындай, бұл бір ынтызарлық пен үрейдің, құмарлықпен пен ардың мәңгілік ойыны еді; Жігіт таңырқаса да батылдана қыздың соңынан асығыс ере бергенінде бұның барлығы дүлей хаосқа айналатын болды-ау деп түңіліп үлгермей жолшыбай қыздың тәтесі мен шешесі шыға қалып абдыраған, үрейленген мені де, үркіп қашқан торғайдай апайларына жармасқан қызды да құтқарып үлгерді; ал жас жігіт болса лажсыздан соңдарынан қалған; дегенмен, қыз кері бұрылып қарағанында жас жігіт екеуінің көздері қайта кездесіп белгісіз іңкәрлік ұшқыны жарқ ете қалғаны да сезілді. Бұл оқиғадан кейін ойынымды тоқтатайын деп шештім, бірақ, орайлы келген сәтті пайдаланбау күнә болардай көрінгені тағы бар; ақыры, кешқұрым, қыздың болжамын дәлелдеу үшін өзге күннен өзгеше ұзын сонар хат жаздым. Мені еліктіргені де осы ойынға екінші марионетканы қосу болатын.

Келесі таңда қыздың аса абдыраған түрін көргеннен қорқып кеттім. Шырайлы жүзі мен сабырлығы күйгелектікке ауысқан; көзі қызарғанына қарағанда, әлдебір дүние жанын жегідей жегені көрініп тұр. Тіл қатпай жүруінің өзі жан айқайын жасыратындай; қабағынан қар жауған жанарынан ащы түңіліс дәмі сезіледі. Мен болсам керсінше сол күні қуанышты да, ақжарқын қызды көремін деп ойлаған едім. Бойымды үрей ала жөнелді. Тұңғыш рет ойыным өзге бағытта өрби бастаған: марионетка маған бағынудан бас тартып, мүлдем өзгеше құбылды. Өз ойыным өзімді үрейлендіре бастағаны да сол; тіпті, сынай қараған қыздың жанарынан қашып құтылу үшін кешке дейін тамыма оралмадым. Тек қайта келгенімде жайылмаған дастарханға көзім түсіп, олардың қайтып кеткенін түсіндім. Қыздың жігітке тіс жармастан кетуі керек болған; жақындарына да айта алмаған; олардан тағы бір күн, мейлі сағат болсын сұрай алмаған. Жас қызды қиялға толы түсінен оятып алып, шалғайдағы қайдағы бір сұрықсыз қалашыққа алып әкеткен. Бұл жайлы ойланбаппын да ол күні. Әлі күнге дейін қыздың соңғы көзқарасынан өзімнің кінәм мен күнәмді, қаһарлы ызасын, азабы мен түңілістің ащы дәмін сеземін... Әрі соның бәрін қасақана жас қыздың өміріне төге салғандаймын.

Ол үнсіз қалды. Бұлттарға оранған айменен түн де келді. Жердің сұраған шапағын қанағаттандыра алмаған оның нұры да өзгеше. Жұлдыздар, қашықтағы жарықтар мен бозарған өзен айдыны, барлығы бейне бір, орман бұтақтарының арасында ілініп тұрғандай. Біз үн-түнсіз жүре бердік. Әйтеуір, серігім сол тыныштықты бұзып:

- Осымен оқиға аяқталды. Несімен новелла емес?

- Сізге не айтарымды да білмеймін. Қайткенмен, қызық хикая екен. Оқиғаңыздың жадымда қалары анық. Бірақ, бұны новелла деуге келеді ме екен? Керсінше үлкен бір шығарманың кішігірім кіріспесі болар еді. Себебі, кейіпкерлері ашылып, характерлері анықталып та үлгермеді. Кейіпкер тағдырының алғышарттары болғанымен, тағдырының өзі ашылмаған. Осының барлығын ары қарай дамытса ғой.

- Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Оқиғадан кейінгі қыз тағдыры; шалғайдағы қалашығына оралуы. Қалыпты өмірінің ұлы трагедиясы жайлы дейсіз ғой.

- Жо-жоқ, ол жайлы да емес. Ол қыз ендігі мені қызықтырмайды. Өздеріне недәуір көрінгенімен, бұл жастағы қыздардың уайымдары әсіре жасанды, содан да, бірсарынды болып келеді. Уақыты келгенде қыз парасатты да, қарапайым еркекке тұрмысқа шығып кетер. Ал мына оқиға жүрек қатпарында жасырынған ең жылы естелік болып қана қалады. Бар болғаны сол. Сондықтан, қыз мені қызықтырмайды.

- Қызық. Менің түсінбегенім, сізді неліктен жас жігіт қызықтырды. Бұндай өткінші көзқарастар жастық шағымызда әркімге бұйырған шығар. Көбісі байқамай да өткен шығар. Ал кейбірі уақыт өте келе есінен де шығарады. Жастық шақтың артықшылығын, пәктігі мен шексіз сезімдерін түсіну үшін қартайған да жөн шығар сондықтан.

- Мені жас жігіт те қызықтырмайды.

- Ой, пәле! Сонда кім?

- Басты назарға егде жастағы хаттың иесін алса ше!? Ол кейіпкерді одан әрмен ашып, дамытса тамаша болар еді. Қандай жаста болмасын жауапкершіліксіз сезімдермен ойнап, ғашықтық хаттарын жазу адамзатқа қастық жасаумен тең. Сол үшін новелланы толықтырып, ойынның қалай шындыққа айналғанын, оның ойынды басқарып отырмын дегенін бос сандыраққа теліп, ойынның о баста-ақ оның өзін билеп-төстегенін көрсетер едім. Бой жетіп келе жатқан қыздың сұлулығы қарапайым бақылау объектісі болмай, оны өзіне жіпсіз байлап алғанын жазар едім. Содан кейін қаншама уақыт құрған ойыны сынаптың шариктеріндей саусақтарынан сырғып өтіп, қирандыға айналған ойыны мен ойыншығына деген сезім... өкініш өртіне оранып, жан дүниесін азапқа салар еді. Дәл осы махаббат ирониясының қызықтырар тұсы: қарт пен жігітің ынтызарлығы тең болып шыққаны. Неге дейсіз ғой!? Себебі, екеуі де өздерін лайықсыз санады. Ал егер новелланы әрі қарай жалғастырсам, қарттың өмірден түңіліп, қажыған бейнесін суреттер едім. Жан азабына шыдай алмаған ол, қызбен қайтара жүздесу үшін соңынан кетуге мәжбүр болар еді. Ал қызға жетісімен көзіне түсуге дәті жібермей шарасыздықтан баз кешер еді. Тіпті, келесі жылы да қыз келеді деген үмітпен Тәңірінен кездейсоқ сәтті сұратқызып, сол бұрынғы қонақ үйіне қайтарар едім. Дегенмен, ырқыңа көнбес қатал тағдырдың жауабы бір. Міне, оқиға желісі осылайша өрбитін новелланы көз алдыма елестетемін. Бәлки, сонда ғана тәуір новелла туар е...

- Бос сандырақ! Қайдағы ма!?

Кенет жүзі бозарып, қарыла шыққан даусымен дүре соғып, сөзімді бөліп жіберді. Күтпеген жерден болған бұл жайдан селк ете қалдым. Серігімнің мұндай хәлге түскенін осыған дейін көрмеген болатынмын. Сол кезде-ақ ақымақ басыма топ ете қалды. Абайсыз жазылмаған жарасына тұз сепкенімді кейін түсіндім. Жалт бұрылған кезіндегі жүзіне, күмістей төгілген ақ шашына қарап кеудемді ауырлық басты.

Әңгімеміздің тақырыбын ауыстырмақ болғанымша, жұмсақ, әрі жеңіл, қайғыға толы байсалды даусымен сөзін қайта жалғады:

- Мүмкін, сөзіңіздің жаны бар шығар. Осындай желіде өрбісе қызықтырақ та болар. «L’amour coúte cher aux vieillards» (Махаббат шалдарға қымбатқа соғады фр.)  - шамасы. Бальзак өзінің көңіл елжіретерлік романдарының бірін осы сөзбен бастап еді. Әлі талай оқиғалардың бастамасы болуға жарап қалары да анық. Дегенмен, осындай оқиғалардың барлығын басынан өткерген шалдар өздерінің сәтсіздіктерінен гөрі, жеңістері жайлы сөз қозғағанды жақсы көреді. Олардың бар болғаны өзгелерге мазақ болғысы келмейтіні тағы бар. Ал, шынтуайтында, ықылым заманнан келе жатқан маятниктің мәңгілік тербелісі бір тоқтап көрмеді ғой. Сіз, шынымен-ақ, Казанованың мемуарларындағы оның қартайған шағы туралы мәлімет «абайсызда жоғалып» кеті дегенге сенесіз бе? Оның донжуан бола жүре әйелдерден қиянат көретін адамға айналғанына, алдаушыдан алданушыға айналғанына сенесіз бе? Бәлки, бұны жазуына оның ары жібермеген шығар.

Маған қолын созды. Дауысы қалыпқа келіп, жұмсақ әрі бейтарап естілгендей:

- Қайырлы түн! Түн тыныштығын берсін! Байқауымша, бұндай оқиғаларды сендердей жастарға айту қауіпті екен! Бұндай оқиғалар есерсоқ ойлар мен бос қиялдарға ғана апарады, түсінгенім. Айып етпеңіз, қайырлы түн!

Ол кері бұрылып жылдар бойы өз иірімін таңған икемді жүрісімен түнектің ішіне сіңіп кете барды. Түн ортасы да ауып кеткен. Әйткенмен, осындай жылымық түндері ерте келетін қалжыраудың әзір бойды алар қауқары жоқ. Бір сәтке болсын бөгде жанның тағдырын басыңнан кешкенде олай болмай қайтсын. Жан-дүнием тынышталып, жүрегім жылып сала берді.

Қарттың соңынан түнекке оранған жолға түсіп, Карлотта вилласына жеттім. Суға дейін төселген мәрмәр басқыштарының біріне отыра кеттім. Неге екенін білмеймін, түн айрықша әдемі еді. Белладжиодан түскен жарық жарқырауық қоңыздар тәрізді алма-кезек жалтырауын тоқтатпайды. Қол жетпес шексіз қашықта жатқандай көрініп, кезек-кезегімен қою түнектің арасына жұтылады. Жағалаудағы оттардан жанарыңды алысымен ағараңдаған өзенді де байқайсың. Жағаға асыққан толқын басқыштардан пиано пернелеріндей жылдам жүгіріп өткенде беймәлім көпіршік саусақтардың сұлбасы көрінгендей болады. Мыңдаған жұлдыздардың ұясына айналған бозғылт аспан түпсіз терең тұңғиыққа жұтылған. Мәңгілік үнсіздікте жарқыраған жұлдыздардың кейбірі, кей кезде ғана өз тізбегінен шығып жазғы түнге, түнекке енген алқап пен сайларға, қиырдағы судың жатырына құлдилайтын. Қайда кетіп бара жатқанын аңғармай құлдилайтын. Белгісіз күшпенен, өлшемі жоқ белгісіз тағдырдың тұңғиығына тасталынған адамзат та қайда екені белгісіз құлдилайтын. Құлдилайтын жұлдыздар тәрізді.

25.10.2020

10.01.2024

23.02.2025

Sicily

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылындағы ЖГҚС-та болған жарылыс салдарынан екі адам зар...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада 4 жасар балақай құтқарылды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Massaget.kz-ке сілтеме жасап. О...