Балуан ШолақXIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тұлғалар Ақан сері, Біржан салдай әнші-ақындар...
ӘННІҢ ҰРАНЫ ЕМЕС, ЕЛДІҢ ҰРАНЫ БОЛАДЫ (Мемлекеттік гимндеріміздің жылнамасы)
adebiportal.kz
Мемлекеттік гимн – мемлекеттің егемендігі мен саяси-рухани болмысын білдіретін негізгі рәміздердің бірі болып табылады. Ол тарихи сабақтастықты сақтауы, ұлттық идеяны көрсетуі және халықты біріктіру функциясын орындауға тиіс. Сондықтан еліміздің гимндерінің қалыптасу тарихы, авторлық құқығы, мәтіндік мазмұны және орындалу тәртібі ғылыми және қоғамдық тұрғыдан өзекті зерттеу нысаны болып табылады.
Бұл мақалада 1943-2006 жылдары қабылданған мемлекеттік гимндердің эволюциясы, олардың идеологиялық сипаты, қазіргі мемлекеттік гимнге қатысты нақты проблемалар, сондай-ақ оны жетілдіруге бағытталған ұсыныстар кешенді түрде қарастырылады.
1943 жылғы Қазақ ССР-нің мемлекеттік гимні
1943 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының алғашқы Мемлекеттік гимні қабылданды. Гимн мәтінінің авторы – ақын Қайым Мұхамедханов (1916-2004), ал әуенінің авторы – композитор Мұқан Төлебаев (1913-1960). Гимн қабылданған кезеңде Қ. Мұхамедханов 27 жаста, ал М. Төлебаев 30 жаста болған.
Алайда советтік идеологиялық талаптарға байланысты гимн мәтінін жазуға тікелей қатысы болмаған жазушылар Ғабит Мүсірепов пен Әбділдә Тәжібаев қосалқы авторлар ретінде енгізілді. Аталған тұлғалардың мәтінге енгізген өзгерістері шектеулі сипатта болып, негізінен «ер қазақ» тіркесінің «біз қазаққа» деп алмастырылуымен ғана шектелген. Сол сияқты гимн әуенін жазуға қатысы жоқ композиторлар Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди де қосалқы авторлар қатарында көрсетілді.
Кейіннен Қайым Мұхамедханов 1992 жылғы 17 сәуірде «Жас алаш» газетінде жарияланған мақаласында гимн мәтінінің өзіне жеке дара тиесілі екенін, ал музыкалық әуеннің Мұқан Төлебаевтың авторлығында екенін нақты тарихи деректермен дәлелдеді. Сонымен қатар Евгений Брусиловский де бұл мәселеге қатысты өзінің тек оркестровка тұрғысынан кеңес бергенін, авторлыққа ешқандай таласы жоқ екенін ашық мәлімдеген.
Аталған гимннің мәтіні мазмұндық тұрғыдан кеңестік идеологияға толықтай бағындырылып, Ленин мен Сталин тұлғасын, Коммунистік партияны және Совет Одағының саяси идеяларын дәріптеуге бағытталды. Бұл гимн Қазақстан аумағында 59 жыл бойы ресми мемлекеттік рәміз ретінде қолданылды.
Гимн мәтіні:
Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,
Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.
Қайырмасы:
Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бірлікке,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!
Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына,
Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына,
Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,
Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына.
Қайырмасы:
Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел,
Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер.
Еңбекте, майданда, жеткізген жеңіске
Данышпан партия (алғашқы ред. – Сталин) – сүйікті кемеңгер.
1992 жылғы Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының VIII сессиясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары бекітіліп, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінің музыкалық редакциясы туралы» заң қабылданды. Аталған заңға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Осы кезеңде мемлекеттік гимннің мәтіні толық жаңартылып, музыкалық әуені өзгеріссіз қалдырылды.
Гимн мәтінінің авторлары ретінде Мұзафар Әлімбаев (1923-2017), Тұманбай Молдағалиев (1935-2011), Қадыр Мырзалиев (1935-2011) және Жадыра Дәрібаева (1948-…) бекітілді. Жаңа мәтін мазмұны жағынан тәуелсіздік пен еркіндік идеяларын, ұлттық бірлік пен болашаққа деген сенімді негізгі құндылықтар ретінде алға шығарды.
Аталған гимн 14 жыл бойы Қазақстан Республикасының ресми мемлекеттік гимні ретінде пайдаланылды.
Гимн мәтіні:
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Қайырмасы:
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты – халықта,
Халықтың қуаты – бірлікте!
Ардақтап анасын, құрметтеп данасын,
Бауырға басқанбыз баршаның баласын.
Татулық, достықтың киелі бесігі –
Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!
Қайырмасы:
Талайды өткердік, өткенге салауат,
Келешек ғажайып, келешек ғаламат!
Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз,
Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!
2006 жылдан бергі қолданыстағы мемлекеттік гимн
2000 жылғы 9 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік гимнді өзгерту жөнінде Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Соның нәтижесінде ақын Жұмекен Нәжімеденов (1935-1983) пен композитор Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) 1956 жылғы 7 қарашада жазылған «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні ретінде таңдап алынды. Аталған туынды жазылған кезеңде Ж. Нәжімеденов 21 жаста, ал Ш. Қалдаяқов 26 жаста болған.
2006 жылы Мемлекеттік гимн мәтініне елеулі редакциялық өзгерістер енгізіліп, 20 жолдан тұратын мәтіндегі 59 сөздің 20-сы қайта қаралды. Сол жылы Қазақстан Республикасының Парламенті «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға өзгерістер енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаев гимн авторларының бірі ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл гимн алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Ақордада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлаудағы жеңісіне байланысты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Мәтіндік өзгерістердің бірі философиялық-мағыналық тұрғыдан ерекше назар аудартады. Әйгілі Бұқар жыраудың: «Ежелгі дос жау болмас, айтысқан оның серті бар», – деген тұжырымына сүйене отырып, Жұмекен Нәжімеденов гимн мәтінінде «Ежелгі досындай» тіркесін сәтті қолданған болатын. Алайда бұл жол кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың редакциясымен «Мәңгілік досындай» деп өзгертілді. Бұл өзгеріс саяси-философиялық тұрғыдан белгілі бір қайшылықты аңғартады. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941-1945) Ұлыбританияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилль: «Мәңгілік дос болмайды, мәңгілік мүдде ғана болады», – деп атап көрсеткен.
Аталған тұжырым халықаралық қатынастардағы реалистік қағидаттарды білдіреді және «мәңгілік дос» ұғымының шарттылығын көрсетеді.
Гимн мәтіні:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Преблемалар. Саяси факторлар. Ұсыныстар
Қазіргі таңда спорттық жарыстарда Мемлекеттік гимннің орындалуында бірізділіктің сақталмай отырғаны байқалады. Атап айтқанда, гимннің әуені кей жағдайда асығыс, тым жылдам орындалып, нәтижесінде спортшылардың және көрермендердің қосылып айтуына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар гимннің орындалу нұсқалары түрлі ортада әркелкі. Мысалы, телеарналарда бір әуен ырғағында, футбол матчтарында екінші, ал хоккей жарыстарында мүлде өзгеше нұсқада шырқалады. Кейбір жағдайларда гимннің толық мәтіндік нұсқасының орнына тек ықшамдалған аспаптық үлгілері ғана орындалады.
Алайда мемлекеттік рәміз ретінде гимн Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары бекіткен ресми нұсқада, ешқандай өзгеріссіз орындалуға тиіс. Бұл талап мемлекеттік рәміздердің тұтастығы мен рәміздік мәнін сақтау тұрғысынан аса маңызды. Сондай-ақ гимнді орындау барысында вокалдық ерекшелікке де назар аудару қажет. Ғылыми-психологиялық тұрғыдан алғанда, айбатты, жігерлі, рух көтеретін ерлер дауысының басым болуы гимннің мобилизациялық және патриоттық әсерін күшейтеді.
Мемлекеттік гимннің мазмұнына қатысты ең өзекті мәселелердің бірі – оның мәтінінде саяси тұлғаның есімінің аталуы. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінде Н.Ә. Назарбаевтың есімінің болуы рәміздің жалпыұлттық, барша халықты біріктіруші сипатын әлсіретіп, оны белгілі бір саяси кезең мен тұлғаға тәуелді етіп қояды деген ғылыми-әлеуметтік сын-пікірлер кең таралған. Мемлекеттік гимн – уақытша саяси фигураларды емес, мемлекеттің мәңгілік негіздерін, халықтың тұтастығын, ұлттық рух пен ортақ құндылықтарды бейнелеуге тиіс рәміз. Осы тұрғыдан алғанда, гимн мәтінінен Н.Ә. Назарбаевтың есімін алып тастау мемлекеттік рәміздің саясиланған мазмұнынан арылуына, оның бейтарап, тарихи сабақтастықты сақтайтын және кез келген саяси конъюнктурадан тәуелсіз жалпыұлттық сипат алуына мүмкіндік беретін қажетті әрі негізді қадам болып табылады.
Екінші мәселе – «гимн» терминінің тілдік және ұғымдық табиғатына қатысты. «Гимн» сөзі көне грек тіліндегі hymnos («мадақтау ән») ұғымынан шыққан және бастапқыда діни жоралғыларда, әсіресе шіркеу әндерінде қолданылған. Осыған байланысты гимн тарихы христиандық шіркеу дәстүрімен тығыз байланысты екені белгілі. Қазіргі кезеңде қазақ тілінде бұл терминнің баламасы ретінде «әнұран» сөзі қолданылып жүр. Алайда лингвистикалық тұрғыдан алғанда, «ұран» ұғымы әнге емес, елге, мемлекетке тән сипатқа ие. Яғни «әннің ұраны» емес, «елдің ұраны» болады.
Осыған байланысты құқықтық-нормативтік құжаттарда, соның ішінде Конституциялық заңда «мемлекеттік гимн» атауының орнына «мемлекеттік елұран» терминін қолдану мәселесін қарастыру ғылыми тұрғыдан негізделген ұсыныс ретінде бағалануы мүмкін. Бұл өзгеріс ұлттық тілдің ішкі заңдылықтарына сай келіп, мемлекеттік рәміздің мағыналық айқындығын арттырар еді.
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист