Марқұмның ауылдастары істі әділ тергеуді талап етуде

Фотосурет kaz.nur.kz сайтынан алынды

Аймақтар
430

Қызылқоға ауданы Қарабау ауылының бір топ тұрғыны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министр Олжас Бектеновке желі арқылы бейнеүндеу жолдады. Марқұмның туыстары және ауылдастары дүкеніне азық-түлік алуға келген кәсіпкер Амандық Сағынғалиевты жұдырықтың астына алды деген күдікті жеңіл жазамен құтылып кете ме деп алаңдаушылық білдірді, деп жазады madeniportal.kz тілшісі kaz.nur.kz сілтеме жасап.

Қарабау ауылының тұрғыны Амандық Сағынғалиев 5 маусымда Атырау қаласындағы орталық "Дина" базарында алған жарақатынан ес жимастан облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ауыл азаматын жұдырықтаған сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, халықтың қызу талқысына түскен еді. Енді ауылдастары күдіктіге қатысты істі әділ тергеуді талап етіп, бейнеүндеу жасады.

"Мен өте ауыр жағдайда, яғни қанішердің кесірінен әкемнен айырылып отырмын. Соттан қанішердің қатаң жаза алуын сұраймын. Қанішер жазасын алмай менің де, әкемнің де жаны жай таппас. Егер сот әділ шешім шығармаса қанішерді біздің қолымызға берсін", - деп талап қойды марқұмның ұлы Нартай Амандықұлы.

Сонымен қоса ауыл тұрғындары кәсіпкерді өлімші етіп сабады деген күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3-бөлігі бойынша қозғалған істі тез арада 99-бап 2-бөлігінің 3,5,9-тармақтарымен қайта саралап, айыпталушыны қатаң жазаға тартылуын талап етеді. 

"Біз Қызылқоға ауданының тұрғындары, іс Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3-бөлігі, яғни абайсызда кісі өліміне әкеп соққан деген айыптаумен қаралып жатқанына қарсымыз. Істі тез арада адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату деген баппен тергеуін талап етеміз. Еш қарсылық көрсетпеген адамды жұдырықтап ұру – бұл абайсыздық емес. Сондай-ақ оқиға орнында жанжалды ажыратпағанымен қоймай, азаматымыздың денесін бірге сүйрескендер де жазасыз қалмауын сұраймыз", - дейді Қызылқоға ауданының тұрғыны.

 Базардағы жанжалдың куәгері болған Амандық Сағынғалиевтың жұбайы да пікір білдірді. Айтуынша, оқиға кезінде ол базардың ішінде шаруаларды реттеп жүрген. Жұбайының қасына келген кезде беті-ауызы қанға боялғанын, жағы ісіп, ес-түссіз жатқанын көрген. Қазіргі кезде отбасымен үлкен қайғыны бастан кешіп отырғанын айтады.

"Базардан шыққанымда жолдасымды отырғызып қойған. Беті-аузы қан. Соққыға жыққан жігіт "Машинамның есігін майыстырды" деп айқайлап жүр. "Әкеңдей кісіні неге ұрдың, бәрін де үйлестіріп береміз ғой" дегенімде, "эоцияға беріліп бір ұрдым" деді. Жолдасым ауруханада бес күн өмірмен арпалысып, ақыры бір қанішердің кесірінен өмірден озды. Қабырғамыз қайысып отыр, отбасы асыраушысынан, балалар әкелерінен, немерелері сүйікті аталарынан айырылып отыр. Қанішердің қатаң жазалануын сұраймыз", - дейді марқұмның жары. 

Бұл іс бойынша Атырау облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Қылмыстық істің материалдары әлі сотқа берілмеген.

"Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Қажетті сотқа дейінгі барлық кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда", - деп жауап берді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...