Соғыс басылар алдында бір қолынан айрылып, елге ерте оралған Жортақ деген көрші ауылдың жігітіне тұр...
Бауыржан ЕРМАН:Сендер бізді бекер-ақ сөгесіңдер...
Армандағы ару
Қарақшылар көзіне көрінбеген,
Ойы пәк, ақ-қараға бөлінбеген.
Жанары жамандыққа тоқтамаған,
Бәрібір өзгелердің жоқ-бары оған.
Ұлпадай нәзіктіктен жаратылған,
Жаратылыс ішінде дара туған.
Дидары Ай секілді, Күн көрмеген,
Бетіне опа жағып үлгермеген.
Шырмауына талай ер оратылған,
Ақпейіл, адал жанға бола туған.
Аруларға ұқсайтын бұрындағы,
Ән шырқайтын шашбауы бұрымдағы.
Нұрын шашқан сәуледей түнектегі,
Қардан ба деп ойлайсың білектері.
Бас айналып, балқисың, ырғатыла,
Таңдай қағып қарайсың сымбатына...
...Бір күні: сезім ұшып әлпетінен ,
Жанына барғым келіп жарқ етіп ем.
"Біреу ұнап қалмасын көңіліне,
Тіреу болып тұрсам ", - деп өміріне.
Қалайша болмай қалар жан арманың,
Бақыт салып қарадым жанарға мың..!
Қарындас, әдемісіз дедім дағы:
"Болыңыз жүрегімнің менің бағы!"
Жұматайдың махаббат жыры сынды,
Бір тізем жерге тиіп гүл ұсындым.
Ләм-мим деп үн шықпады таңдайынан,
Амал жоқ, иіскедім маңдайынан.
Ұялып 1002 рет қиылғаны,
Бізге бір тағдыр болды бұйырғаны.
Содан бері сан уақыт өте берді,
Оятпасы бар ма еді көкем енді?!
Кейіпкері, сценарий, түсі бөтен,
Бұл менің ең ерекше түсім екен.
Соған налып, ұйқысыз таңды атырам.
Түске қарай хат келді Алматыдан,
Жанымды ұғынатын керім ағам:
"Армандар алдамайды!",-деді маған.
Тағдыр
Көсілдім бе?
Жүйрігім тұсадым ба?
Бықсық от па?
Бұлқынған күш ағын ба?
Жаурадым ба жауында?
Жылындым ба
жез жүректі жазмыштың құшағында?
Белгісіз күй, тылсымдар, тарау, бағыт,
Кеудедегі бола ма алауда құт?
Өксік толы өмірді сүйген жанға
Мүмкін...барлық жұлдызды санау бақыт.
Рахатқа қануға өріс қашық,
Бақ пенен сор қатар жүр қол ұстасып.
Асыл жұртың арулап орнықтырар
Жер бесіктен бұйырған қонысты ашып.
Жылдар, жолдар, тағдырлар тізбектелген,
Тізбек-тізбек тамаша іздеп келген.
Іздеп-іздеп, кетерміз асып мәңгі
Бақыт кілтін таба алмай біз бөктерден.
Мариана-Эверест
Мылқау дердей кезіккен керең мені,
Сыртқы әлемге сырқатым еленбеді.
Қарама-қайшылықта жаратылған
Айқасады тылсымдар тереңдегі.
Қарызымды өтермін өлім үшін,
Парызымды көтердім өмір үшін.
Жанымдағы жандарға неге сонда
Жасағанда бөтенмін көңіл ісін?
Сырғып өткен сәттерден былғанышты
Жыр қып өпкен дәптерде сыр қалысты.
Күтейін, деп бір досым талқандайды
Бітейін деп мәреде тұрған істі.
Жарым жанды жүрекке жар қайсың бар?
Айтылады жан-жақтан талмай сындар.
Бұлар мені тартады шың басына
Олай мені тұқырта алмайсыңдар.
Сан сойқанның терісін шұлық қылған,
Даналықты іздегем шұрық қырдан.
Бабамыздың бабасы Фарабидің
Фәлсапасы биікке құнықтырған.
Жолын білем қайғыға қамықпаудың,
Жөнін білем қыранша қалықтаудың.
Шен-бағасы парықсыз дейді біреу
Бел баласы боламын алып таудың.
Болмағанмын баланың қағілезі,
Пенде бар ма жасайтын әмір өзі?
Қуғаныңды қой енді кей ғаламзат
Туғанымды қалаған Тәңір өзі.
Ақын ақиқаты
Жауһазындай жырымен түнді арбаған,
Өмірде толыққанды шыңдалмаған.
Ақын болу жазылған бір пендемін
Э-хэ-хэй, сырлас болар кім бар маған!?
Жан бар ма жарық шашар білтедейін?
Таң атқанша мен оған жыр төгейін.
Қайтесіңдер ұйқыны, оянып ап
Мең-зең күйді өзіне сілте кейін!
Түн жарымда жүреді кілең бақыт,
Мен оларды сеземін, білем жатып.
Беймезгіл, бадырайып таң алдында
Ұйықтаған жақсы ғой сілең қатып.
Жаза бассам қанекей, атыңдар!
Кім?
Болашаққа қалдырар хатым бар мың.
Түсінбей жүрсіңдер-ау, жан әлемін,
Мәңгілік өлмейтінін ақындардың.
Төбемізден төмпештеп төнесіңдер,
Сендер бізді бекер-ақ сөгесіңдер.
Ғаламзаттың жазамыз ішкі дертін
Көресіңдер!
Арман арғымақтарым
Кетемін бастан бақ тайса қайда?
Жүректі жылдар тілімдеп...
Армандарымды ақтарсам Айға
Қарай ма маған күлімдеп?
Көңілдің күйін көтеріп тастап!
Оқысам ше өлең тік тұрып?!
Өмірге керек екендігімді
Өзіне ғана ұқтырып!
Ей , менің арман арғымақтарым!
Сендердей менің келбетім!
Айсбергтердің жарғылап бәрін!
Дірілдетіңдер жер бетін!
Осылай өксік басыла берер,
Жыр механизмі от алып.
Сәлден соң шабыт тасына келер
Тұнбасын тәннің қопарып!
Көңілдің күйін көтеріп тастап!
Көрінген жерге тықпылап,
жүргеннен көрі, армандарымды
Ақтарғандығым мықтырақ!
Ей, менің арман арғымақтарым,
Жеңіске бастар жол қайда?!
Жырға көмілген жанның ақ таңын
Жырмен атырсам болмай ма?!
Ең әсем арман көңілімдегі –
Сезім шахарға салт келу.
Ең ұлы жеңіс өмірімдегі –
Өзіме-өзім ант беру!
Галактика
Қалауың болса құшақтап алшы,
Бермей-ақ жауап сұраққа.
Қолымнан ұстап ұшаққа баршы,
Кетейік ұшып жыраққа.
Жүрекке керек жыр дедің,
Міне!
Ойыңнан өшір тергеуді.
Жазып қой жоспар күнделігіне
Сол жақтан қайта келмеуді.
Сүйемелдеуге жарап гитара,
Өзіңді айтамын ән қылып.
Екеуміз ғана Галактикада,
Ғұмыр кешейік мәңгілік.
Керекті қамда шарапшылардан,
Бар шығар менің қолтаңбам.
Бейхабар боп кет "Қарақшылардан"
Қызғанба мені "Шолпаннан".
Жайымды әркез уайымда менің,
Өтірік кейбір көл сөзім.
Мен саған сыйлық дайындап едім
"Сатурнда" тұр, көрші өзің.
Шахмат өмір
Өмірім боялған шахматша, жолым – ақ.
О баста кастингтің заңына нақ келдім.
Өтірік күлудің шебері болып ап,
Рөлінде ойнаймын бақытты актёрдің.
Қамалым – жүрекке енудің өзі мұң,
Қағаз бен қаламым құралған тағым боп.
Тырыспа кір іздеп, қалмаған төзімім,
Жабылған жаладан сынатын сағым жоқ.
Білемін, Сен әркез биікке құмарсың,
Содан соң басталар қан-кескі қақтығыс.
Сен ұтсаң, ауызбен ұтатын шығарсың,
Ал менің еншімде "ШАХ" пенен "МАТ" жүріс.
Қорықпай жүремін "ПЕШКАНЫҢ" құр өзін,
Осындай сиқыршы саусақ бар қол қайда!?
Баспаймын "СЛОНША", "ЛАДЬЯ " – мінезім ,
Ал, Сен ше?
"ФЕРЗГЕ" айналсаң болмай ма?
Ақсүйек
Жүрегімді шоқ қариды ,
Қарлы күн.
Терезеден жел кіреді зар илеп.
Өмір.
Өмір орындайды жарлығын,
Өмір сүру ғанибет.
Жан-жағымда топырлайды кіл сұмдық,
Сойқандардың ішіндегі қай төбе ем?
Ақын болып туғандығым бір шындық
Адамдығым мәртебем.
Өлең жазсам тәтті ,
Кейде балсыз қып,
Ол мендегі жаратылыс,
Алынбас!
Беттің арын белге түю – Арсыздық!
Арсыздыққа жаным қас!
Дейтіндерге: "Бар жүрісі бекерлік "
Жалған емен жүргендінім тамсанып.
Жұртта мені білмейтіндер жетерлік,
Күндейтіні қаншалық!?
Амал дәптер тізіп жатыр қадамды әр,
Ғұмыр кешкін кеуделерді бақ сүйеп.
Босқа күнә арқалама,
Адамдар !
Ақын дейтін--Ақсүйек!!!
Сиқыр
"Сәлем" дедім ,
Сәлемдестің.
Сыр алыстық сәлеммен.
Саябаққа ене кеттік жасырынып әлемнен.
Сырғалым-ау, сан сұрақты сеніміңе жеңдіріп
Сен сыйладың таба алмаған жан дауамды дәрі, емнен.
Сыңар бағым, сезімім мен сенімімді біл, түсін,
Саған қарай ұшырайын жүрегімнің жыр құсын.
Сері текті қалай ғашық болмайды екен аруға
Сымбатынан көз шалатын галактика күлкісін.
Сұлулыққа ес жоғалып, есерсоқтау болып ап,
Сымбаттының сымдай керген саусақтарын қолыма ап
Содан кейін гүлденеді бар қайғысын ұмытып
Сары күзде солғын тартқан жапыраққа толы бақ.
Сабылдырып , сағындырып, қара түнде ұйқы ұрлар
Сенің...
Сенің...
Иә, сенің көздеріңде сиқыр бар!!!