Баспагер Шыңғыс Мұқан "сақал қойған" спортшыларды сынға алды

Фото: автордың парақшасынан

Пікір
500

Қоғам белсендісі, баспагер Шыңғыс Мұқан  "сақал қойған" спортшыларды сынап, қоғамға үндеу тастады. "Публикаға алып шығатын адамдардың, елдің атынан жарысқа қатысатындардың жүріс-тұрысы мен үсті-басына мән бергені жөн" екенін қадап айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz

Қоғам белсендісі “…Сақалы бар да, мұрты жоқ”-тарды сынады: 

“…Сақалы бар да, мұрты жоқ”
Кеше мінген таксиші жігіттің дәл осындай мұрты жоқ, сақалы бар екен. Соңғы уақытта көп байқап жүрмін. Кеше Олимпиада туралы пост жаза қояйыншы деп, үкілі үмітіміз болған боксшылар мен балуандарды қарап отырып, бір ұқсастықты байқадым: көбінің (мен көргердердің), таксиші жігіт сияқты сақалы бар да, мұрты жоқ екен...
...Бокс пен күрестегі жігіттер сәләф па, басқа ма, кімнің пәтуасын тыңдап жүргенін білмедім, бірақ оларға сақал-мұрт не балақ сияқты сыртқы атрибуттары маңыздырақ секілді. Ал шын мәнінде сырты емес, ішкі мәні, мінез-құлқы маңызды болғаны жөн, меніңше. 

Шыңғыс Мұқан тек дінді ұстанғандар ғана нұрланып жүреді деп те айта алмайтынын да жеткізді. 

Кейбір қыз-жігіттердің жүзі нұрланып тұрады. Көзінде еш агрессия, қулық-сұмдық жоқ, сөйлескен адамына мейірім төгіп тұрады. Иконалардағы қасиетті адамдарды неге нұр шаштырып бейнелейтінін сонда ұқтым. (Тек дінді ұстанғандар ғана нұрланып жүреді деп тағы да айта алмаймын) Мен білетін Еркінбек Шоқай ижазаның иегері, діни білімі әлгі спортшылардан артық екені анық, бірақ сақал-мұрт қоя бермейді, менің байқағаным.

Соған қарағанда дінді терең білмейтіндер оны шарттар тізбегі деп түсінсе керек, меніңше. Ал шын мәнінде, тағы да менің ойымша, дін — бұл шарттылық емес, мәдениет, ал мәдениет адамның мінез-құлқынан көрініс табады, яғни материалданады. Мүмкін, имандылықтың деңгейлері болса, шарттар — бастапқы деңгей, мәдениет — ақырғы деңгей шығар,- деп ой салды Шыңғыс Мұқан.
 

Кейіннен автор спортшылардың діни шарттарды орындау жолында ұлтық мансұқ етпеуіне назар салуына тоқталды:
 

Спортшылардың діни шарттарды орындағаны дұрыс емес деп отырғаным жоқ, әрине, бірақ “діні бар да, ұлты жоқ…” діни идеологиялардың жетегінде кетіп, өзі мен өкілі болып туған ұлтының бірегейлігін жоғалтып алмаса екен дейсің. Ондайларды талай көрдік, бетін аулақ қылсын, олардың түрі жаман. Олар массаға айналып, саяси билік қолына тисе, ұлттан да, елден де — бәрінен айырыламыз.
Бүгін қаһарман болып жүрген спортшылар балалар мен жастарға үлгі. Сақал қоя ма, жоқ па, әркімнің өз еркі ғой, десе де кейбір атрибуттар мен кейбір кілт-сөздер теріс ағымдардың насихаты үшін қолданатын ерекшелік белгісі, ал бұл белгілер өскелең ұрпақты адастыра ма деп қорқамын. (Атырау мен Шымкентте 6-7 жыл ағымдармен күрескен тәжірибесі бар адам ретінде “қауіп еткеннен айтамын”. Мәселен, Атырауда орталық көшелермен қара киімділерді әдейі әрлі-берлі жүргізіп қояды екен, халықтың көзі үйренсін деп) Атрибуттар — пропаганданың құралы. Яки, теріс ағым идеологтары қатарын көбейту үшін ойлап тапқан (ойлап тапқанда, осындай дүниелерге басымдық беріп) насихаттың бір түрі. Ағымдардың пропагандасының жемтігі, мүмкін құрбаны болып жатқанын біздің спортшылар ойлана бермеуі де мүмкін.
Сондықтан да, бұл идеологиялық соғыста мұндайға мән берген жөн деп ойлаймын. Публикаға алып шығатын адамдардың, елдің атынан жарысқа қатысатындардың жүріс-тұрысы мен үсті-басына мән бергені жөн. Атрибуттарды біліп-білмей насихаттап жүргендер балаларымыз (бәріміз де бала тәрбиелеп отырмыз дегендей) үшін шамшыраққа айналып кетпесе екен. (Асылы, жастарға сақалды спортшылар емес, адамзаттың бейнетін жеңілдеткісі келетін ғалымдар үлгі болғаны абзал)
P.S. Айтпақшы, Елдостың сақалын алдырып тастағаны (мүмкін осыны түсініп өзі алып тастады) дұрыс болды. Әкімдіктен біреу-міреу ескерді әрі ескертті деп үміттенемін. Сақалдың бар-жоғы Елдостың иманын ия жоғарлатады, ия түсіреді деп ойламаймын. Иман әркімнің өз жүрегіндегі дүние. Иман бетке сақал болып шығуы тіпті міндет емес. Ол, шынында да, болса, кісі жүзін нұрландырып тұрады, -деп жазды ол.

Жаңалықтар

Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша...

Жаңалықтар

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Алматыда екі оқушы қыз биік үйден құлап өлген еді. Марқұм балала...