Шығыстанушы Айнаш Қасым Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі (1921-2011 ж.ж.) көрнекті жазушылардың әртү...
Қуат Ежембек: Өзгертетін бәрінің тағдыры бар...
Көктем қайтып келер болса...
Көктем қайтып келер болса...
Терер едім гүлдерді,
Тербетер ем сырға тұнған түндерді.
Әкем қайтып келер еді қаладан,
Сүйіншімді сұрар едім анадан.
Көктем қайтып келер болса...
Қуанар ем құстармен,
Қырға шығып сырласар ем достармен.
Желмен бірге жарысар ем баладай,
Оң-солыма, алды-артыма қарамай.
Көктем қайтып келер болса...
Келер еді әкем де,
(Мейлі ойыншық әкел маған, әкелме)
Мен бақыттың гүлін ұстап тұрар ем,
Тіршілікке сол күйімде ұнар ем.
Көктем қайтып келер болса...
Арылар ем күнәмнан,
Арылар ем күз торлаған тұманнан.
Тас құрсақты жібітер ем қайтадан,
Сонда құстар ана жайлы айтады ән.
Көктем қайтып келер болса...
Қайта өмірге келер ем,
Адамдардың сұрауларын берер ем.
Сәби көзбен қарар едім баяғы,
Маған бәрі, бәрі құшақ жаяды.
Көктем қайтып келер болса...
Ақ Мамамнан сұранып,
Көбелекті қуар едім қуанып.
Балшығын да кешер едім даламның,
Қуанғанын көрер едім анамның.
Көктем қайтып келер болса...
Самал өпсе бетімді,
Бірақ, көктем келмейтін де секілді.
Әкем қайтып оралмады кеткеннен,
Нені күтем көктемнен?!
Суретші
Бір өзінде бар оның «тәуір» сыны,
Қанатының үзілді қауырсыны.
Тырнақ асты кір іздеп киліккенде,
Ет-жүрегі езілді ауырсынды...
Ол келеді, ызалы қарғап сілеп,
Талқан жүрек, тал-мойын, талған білек.
Күншілдердің айтқаны күлкілі етті,
Міншілдердің айтқаны жалған тілек.
Оңашада жылайды, бір күледі,
Желден жүйрік бар еді бір тілегі.
Оқ қарыған сарбаздай кеудесімен,
Құр сүлдесі қалыпты құр жүрегі.
Бетке алып келеді қала жақты,
Қапияда кім оған жала жапты?!
Соңғы сурет... от құшты өзі сосын,
Сол суретпен өртеніп бара жатты.
Жанына жат көрініп жесір қылық,
Өзін-өзі сабады-ай есін біліп.
Бір ауыз сөз былапыт былғады оны,
Бір ауыз сөз кім айтты кесір қылып?!
Тәні бүтін болса да, жаны шұрық,
Жаны шұрық сосын ғой әні былық.
Көзін майын тауысып, көзін сүртті,
Майлы бояу кеткенде сағындырып.
Әлі кеткен сол жанды аяудамын,
Аяп-аяп ақыры қояр жаным.
Кенет көзі түсті оның дүкен жаққа,
«Қиянатқа қимаған бояуларым...» -
Деп еді...
Тұлғалар қайтып барады...
Жылайды жұлдыз, жаралы Ай,
Кеудеге біткен жарадай.
Өлместің күйін кештім мен,
Өткенге бір сәт қарамай.
Жындандық, жылап, күлдік те,
Қайғысыз, қамсыз жүрдік те.
Қайтарған құсын Тұманбай,
Қайтарын өзі білдік пе?!
Әлі де нұрлы болар ең,
Болар ең тағы толар ең.
Қайтарған құсын Нұрғиса,
Қайтып кетіпті солармен...
Өкініп бірде қуанып,
Жүретін ылғи бір алып.
Қарлығаш болып келді де,
Өмірден кетті Жұбанов.
Өтеуі болар сыйдың да,
Көңілім кідір, күй тыңда.
Ұйықтатып арман Аққуын,
Мұқаңда кеткен ұйқыға.
Ән – жырға бөлеп көк белді,
Әуенмен тербеп көктемді.
Құс емес бүгін төбемнен,
Тұлғалар ұшып өткен-ді.
Құс-ғұмыр қимай қарады,
Апырай жаны жаралы.
Қарауға көкке қорқамын,
Тұлғалар қайтып барады...
Тағдыр...
Жақсылық та көрдім мен жамандық та,
Адалдық та көрдім мен алалық та.
Бірақ соның барлығын ескермегем,
Шалалық па әлде бір балалық па?!
Тыңдап өстіп ақылын ізгі ананың,
Көрдім шеше жүрегі мұздағанын.
Сол жүрекке сан түрлі сынақ түсіп,
Қара түнде көрдім мен сыздағанын.
Әкемді де, жоғалтып көріп едім,
Жасыратын түгім жоқ енді менің.
Жақсыларға жабысып көргенім жоқ,
Жамандардан әйтеуір жерінемін.
Мұң құшып та, үлгердім гүл құшып та,
(Ұшықтатып көр мені, бір ұшықта)
Шақалақ таң, шырайлым атар бір күн,
Күнгейден күн әнекей тұр қызықтап.
Аңғал боп та көрдім ғой аңқылдаған,
Аңғалдарға қу өмір салқын бағаң.
Қайтармаса құрысын уақытымды,
Өмірімнен бәрібір ақымды алам.
Үмітімді ендігі сабақтадым,
Сұрағанға сыйым бар, жауаптарым.
Біздер – шәкірт, өксіген Өмір – ұстаз,
Таусылмайтын үнемі сабақтары...
Көкейімде таңғы шық, таңғы сыр бар,
Көз жасымның қадірін жаңбыр ұғар.
Өзгермейін десе де осы адамдар,
Өзгертетін бәрінің тағдыры бар...