Жуырда Қостанайда өткен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деген тақырыптағы конференция хал...
Алматының қақ ортасында қабырғасы сөгіліп, баспалдағы опырылған мектептің жағдайы адам шошырлық
Фото: Болат Айтмолда
Алматының қақ ортасында орналасқан №73 мектеп-гимназиясы ғимаратының жағдайы адам шошырлық. Әйтсе де оқушылар осы мектепте оқуға мәжбүр. Қабырғасы сөгіліп, баспалдағы опырылған нысанның жағдайы оқушылардың ата-анасын алаңдатуда, деп хабарлайды madeniportal.kz massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Жалпы саны 1 148 оқушыға арналған аралас тілді №73 мектеп-гимназиясы Бостандық ауданында орналасқан. 1960 жылы пайдалануға берілген ғимараттың күрделі жөндеу жұмысын көрмегелі біраз болғаны байқалады. Мектептің көшеге қараған қасбеті еш мәселеден белгі бермегенімен, артқы ауладан ашылатын көрініс жаға ұстатады. Сылағы опырылып, кірпіш табаны сыртқа шығып, кіреберістегі баспалдақтар сынған. Терезе жақтауында үлкенді-кішілі жарықтар бар. Желдеткіш құбырларды тот басып, кей жерлерде майысып кеткен. Мектепке кіруге рұқсат бермеді, десе де дуал сыртынан кадр жинай алдық.
Пайдалануға берілгеніне 65 жылға жуықтаған ғимараттың артқы қасбетінің жөндеу көрмегеніне талай жыл болғаны байқалады.
Ата-аналар да мектептің білім беру сапасы жақсы болғанымен, ғимаратының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін жеткізді.
"Бұл жерде менің қызым оқиды. Мектептің жағдайы өте нашар. Қарап тұрсаңыз, оқу орны қаланың дәл ортасында орналасқан. Бұл жерде халық көп тұрады. Сол себепті мектептің жағдайы мұндай болмауы керек. Ауыл мектептерінің өзі біздің мектептен жақсы көрінеді. Жөндеу жұмыстарын жасауға жыл сайын уәде беріледі. Дегенмен әрқашан қалып кетеді", - дейді ата-аналардың бірі Наталья.
Мектептің жақын арада жөндеуге жабылатынын №73 мектеп-гимназиясының директоры да растады. Негізгі ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмек екен.
"Мектепте дәл қазір 1 041 бала оқып жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттар тиісті органдарға табысталды. Алдағы уақытта бәрі бекітілсе, мектеп жөндеу жұмыстарына жабылып, оқушылар №146 мектеп лицейіне ауыстырылады. Ата-аналардың бәріне ескертілді", - деді мектеп директоры Гауһар Маутхановна.