2024 жылғы 21 сәуірде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қозғалыс ашылды, деп хабарлайды...
Айтмұхамбет Тежекенов, «Үкілі домбыра» байқауының жеңімпазы:Домбыра қоңыр үнінен айырылып бара жатыр...
- Аға, шеберлер ауылына қалай келдіңіз?
- Негізгі мамандығым - еңбек және сызу пәнінің мұғалімі. Өскеменнің мұғалімдер даярлайтын училищесін тәмамдағам. Алғашында, Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүрдім. Кеңес заманы кезінде тапсырыспен жасалған домбыралар қолға түспейтін, шеберлер аз болатын. Дүкенде тұрғандарына көңіліміз толмайтын. Мойны жуан, беті қалың дегендей. Оларды өзіміз қолдан қырып, мойнын шығарып, түрін келістіріп алып жүрдік. Содан, «неге қолдан домбыра істемеске?» деген ой келіп, домбыра жасауға кірістім. Сөйтіп, 1988 жылы Алматыға келіп, Халық аспаптар мұражайының директорына домбырамды көрсеттім. «Аға, міне, домбыра жасайтын өнерім бар еді» деп едім, «Өй, сен ауылда неге жүрсің, бізге сендей адамдар керек» деп министрлік арқылы ауылда сабақ беріп жүрген жерімнен алдыртып алды. Сол кезден бастап негізгі кәсібім - домбыра жасау болды. Кеңес Үкіметі тарағанға дейін осы мұражайда қызмет атқардым. Содан кейін К.Байсейітова атындағы мектепте, қазір соңғы үш жылда А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепте аспап жөндейтін шебер болып жұмыс атқарудамын.
- Алғашқы ұстазыңыз кім болды?
- Домбыра жасаудағы алғашқы ұстазым - әкем. Ол кісі ағаш шебері-тін. Ағаштан түйін түйген адам болса да, бірақ домбыра жасаған емес. Бізді кішкене кезімізден ағаш жаруға, балта, қашау ұстауға үйретті. Бала кезімде: «Балам, бастық болуға құмар болма, қолыңнан өнер келсе, өнер үйренуге тырыс. Бастық болсаң креслоңды басқа біреу тартып алуы мүмкін, ал екі қолыңдағы өнеріңді ешкім де тартып ала алмайды» дейтін. Кез келген адамды үйретсең, домбыра жасай алады, бірақ екінің бірі домбыраны сөйлете алмайды. Қазақстанда домбыраны сөйлететін шеберлер саусақпен санарлық қана.
- Аспаптарыңыз кімдерге арналған?
- Мен бүкіл республикаға арнап жасаймын. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, тапсырыс беріп жатады. Кәсіби әншілер мен күйшілерге және әуесқойларға деп екі түрі дайындалады. Домбыра бетіндегі ою-өрнек, сыртындағы дизайны өз фантазиямыз бойынша жүзеге асады. Қайың, бұйра үйеңкі, шырша секілді ағаштарды пайдаланамыз. Негізі, алғаш домбыра жасауды қолға алған Ахмет Жұбанов ағамыз. Ақаң Ресейден сағат жөндейтін Романенко атты шеберді алып келіп, шеберхана ашып берген. Ахмет Қуанұлы домбыраны ойып емес, құрап жасау тәсілін үйретіп кетті. Құрама домбыраның дүниеге келуі арқылы аспаптың деңгейі көтеріліп, диапазондары кеңейді.
- Қазір мемлекет тарапынан шеберлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
- Анда-санда бір рет «Үкілі домбыра» атты домбыра шеберлерінің байқауы өткізіліп тұрады. Байқауды домбыра өнеріне үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын адамдар өткізеді. Оның өзінде әділдік жоқ. Өмір жолындағы ұстанымым - шындықты жақсы көремін. Сондықтан көп адам мені жақтырмайды. «Үкілі домбыра» байқауының былық-шылықтарын бетіне ашық айтқандықтан, биылғы байқау есігінен қаратпады. Менің ойым, байқауда таза бәсекелестік болып, шынайы ұйымдастырылса деймін. Тағы бір айтатыным, еңбек жолымда көріп жүрмін, әрбір кәсіп иелері өзіне лайықты марапат, құрметін алып жүр. Ал бірақ қазақ тарихында домбыра, қобыз жасап отырған бірде-бір шебер медаль алды дегенді естіген жоқпын.
- Нағыз домбыра дүниеге келу үшін не керек?
- Нағыз домбыра дүниеге келу үшін - нағыз шебер керек, жақсы материал керек, тыныш отырып істейтін жағдай жасалу керек. «Нан болса, ән де болады» демекші, жақсы жағдай жасалынса, керемет дүниелер туады. Тағы бір айта кететіні, шеберлік шебердің қанында болуы керек. Сол шеберлікті еңбектің арқасында шыңдай білуі керек. Домбыра шебері болғаныма ешқашан өкінбеймін. Шенеунік көп, Алла берген дарыны бар шеберлер аз. Сол шебердің бірі болғаныма қуанамын.
- Кәсібіңізді үйретіп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
- Менің шәкіртім - өз үлкен ұлым. Атыраудың музыка академиясында шебер болып жұмыс істеуде. Шеберлеріміздің көбі әр жерде шашырап жүр. Оларға мүлде көңіл бөлінбейді. Шынын айтсақ, көбісі жан сақтаудың қамымен кетті. Осы домбыра жасау өнерін ұрпаққа жеткізу үшін ғылыми тұрғыда негізделген орталық керек. Сол орталықта шеберлер домбыраның дәрежесін көтере алады. Әйтпесе, домбыра - өзінің қоңыр үнінен айырылып бара жатыр. Бұл мәселені біз тез арада қолға алуымыз керек. Ауызбен айта бергенше, іс арқылы жүзеге асыруға тырысуымыз қажет. Домбыра үнін әлемдік деңгейге шығарғымыз келеді. Егерде Мәдениет министрлігі бізге осындай мүмкіндік туғызып отырса, біз қолдан келгенді аямауға әрқашанда дайынбыз.
- Әңгімеңізге рақмет.
Торғын Әбушахман