Опасыз Фәни Опасыз фәни – бұл жалған Жұтады жуан-жұқаны. Малыңа сенбе құлданған, Қурайдың...
«...ҚАЛАМГЕР ӨЗІ КҮРЕСПЕСЕ...»
Бір ойды бір ой түртіп өтеді. Бір нәрсе бір нәрсеге сөзсіз себеп болып жатады. Күні кеше ғана ақындардың ақыны Абайға тіл безеп, оның қоғамдағы ойып алған орнын төмендетіп көрсетпекші болған кәсіпкер жігіттің әңгімесі... және бір желілі ойға жетеледі. Ол не дерсіз? Былай ғой. Бүгінгі заманда кітап аса көп оқыла бермейді, оқыса да бірен-саран саусақпен санарлық адам ғана. Жабыла оқып, таласа талқылап жатқанды тап осы күндері көрмей-ақ келеміз. Себеп? Себеп баршылық. Ең алдымен, кітаптардың шығарылу тиражы өте аз. Екі мың мен бес мыңның арасында ғана. Екінші, оны насихаттау жағы сын көтермейді. Басылымдарға жазылып, пікір таласын туғызып, ойталқыға түсіп жатқанын байқамаймыз. Үшінші, көркем дүниелердің сапалық деңгейі бұрынғыдай емес, тым төмендеп кетті. «Шөп те өлең, шөңге де өлеңнің» кері...Өйткені, әділ бағасын беруші жоқ есебі! Төртінші, ең сұмдығы, қайсыбір қаламгер де өзінің деңгейі қандай екенін білмейді, анамен де, мынамен де тайталаса кетуге әзір. Біздің белгілі қаламгер ағаларымыз осыған дейін берген сұхбаттарында « ел назарында жүру міндет емес, бастысы шығармаларың оқылса болғаны» деп қадап айтатын. Ал, ендігі жерде өзің де ел назарында емессің, кітаптарың да оқылмай жатса ше? Сонда шын талантты, мықты қаламгерді қалай, қайтіп, қайдан аршып аламыз? Кім көмектеседі? Бұл жерде айтпағымыз не? Қазіргі заманда әрбір қаламгер, шамасы, тым селқос, сырғақ жүрмей, әдебиет майданының күрескері болуы керек сияқты. Саяси, т.б. айтыс-таластарды (ол енді басқа әңгіме) қоя тұрып, алдымен өз «қорамызды» тазалап алсақ ше? Біздің қазіргі ұлт әдебиетінің мейлінше мықты, барынша озық, тиісінше биік... болғаны кімге жаман? Олай болса, талантты жазушыны, дауылпаз ақынды, керемет драматургті...көре тұрып, үндемей отыра беру қайда бастамақ? Пенделіктен жоғарылап, ұлт руханиятының нағыз жанашыры бола алатын биікке ешкім де емес, ең алдымен өзіміз көтерілмесек бола ма? Қаламгер етек-жеңін жинап алып, өз «шаруасымен» өзі тайталаса - күреспесе, қалған істің бәрі де бос әурешілік екені тайға таңба басқандай. Осы жайынан аз-кем ойланып көрші, қаламдас дос!!!
Жолтай Әлмашұлының фейсбук парақшасынан алынды