Ақмола облысында Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар...
Жетісуда 41 жастағы медбике науқастарды алдап, атынан несие алған
Фото: naryk.kz
Жетісу облысында емхана медбикесі учаскесінде тіркелген науқастардың атынан несие алған. Ол жүріп-тұруы қиын қариялардың үйінде медициналық көмек көрсетіп, зейнеткерлерді алдап фотосуретке түсіріп, кредит рәсімдеген, деп хабарлайды madeniportal.kz Azattyq Rýhy тілшісіне сілтеме жасап.
Бір шаңырақтағы қос қарияның мойнында қазір 3 несие бар. Олардың атынан 2 миллион теңгеге жуық несиені бөтен біреу рәсімдеген. Ол ауруханадан үйге келіп ем-дом жүргізіп жүрген медбике болып шықты. Зейнеткерлердің айтуынша, аурухана қызметкері әбден сенімге кірген. Бірде «жұмыс орныма сіздерге келгенімді дәлелдеуім керек», деп оларды суретке түсіріп алып, тауарлық несие алған. Қариялардың зейнетақысынан айына 90 мың теңге ұсталып жатыр.
«Үйде екеуміз тұрамыз. Балалар жан бағу үшін жұмыс істеп жүр. Қанша жоқтық көрсек те, несие алып көрмедік», – деді зейнеткер Ғайни Жолаушыбай.
Алаяқтың кесірінен қарызға батып отырған оншақты адам бар. Медбике олардың суреті мен жеке деректерін біріне тегін дәрі әперем, біріне медициналық сақтандыруға керек деп қолға түсірген. Әрқайсына 500 мыңнан бастап, миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген.
«Әйелге алданып отырған себебіміз, ол – біздің участкелік медбике. Аурухана барғанда дәрі-дәрмекті сол бала жазып береді. Үйге «ауруханаға қаралыңдар» деп келіп тұратын. Алдап соқты, 1 миллион ақша алыпты. Біз зейнетақымен күнелтіп отырмыз», – деді зейнеткер Кеукербала Қыдырбекова.
Сотта 41 жастағы келіншектің алаяқтық жасағаны дәлелденіп, оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сондай-ақ зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеу міндеттелген. Алайда ол жұмыссыз, әрі атында ешбір дүние-мүлкі жоқ . Ал жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспейді, өйткені олар әлі де несие төлеп отыр.
«Негізі азаматтар мұндай жағдайға ұшыраған кезде, азаматтық талап бойынша мәмілені жарамсыз деп беруі керек. Соттың үкімі осыған негіз болады. Бірақ соттың үкімімен бірге азаматтық талап та қанағаттандырылған», – деді адвокаттар алқасының адвокаты Еркін Оңғарбаев.
Заңгерлер сотқа банк пен алданған адамдардың арасындағы келісімшарттың күшін жою туралы арыз берілмегендіктен мәселе шешілмей қалғанын айтты. Жәбірленуші тараптың зейнеткерлер мен мүгедек жандар екені ескеріліп, облыстық сотқа аппеляциялық шағымның мерзімін қалпына келтіру туралы арыз жазылмақ. Мамандар оң шешім шықса, әділдік іздеуге болатынын айтты.