Ертең, 21 қараша күні сағат 11:00-де бүкіл Қазақстан бойынша электр сиреналары, дабылда сөйлеу құрыл...
Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік нысандар салынады
Ашық дереккөзден алынған
Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жұмысын жалғастырып жатыр. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі, деп хабарлайды madeniportal.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін және Түркістан облысының Темірлан аулында 890 млн теңге сомаға музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауылында бір ауысымда 80 адамды қабылдайтын спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан белсенді тұрғындарға бос уақытытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді – ауданда 14,5 мыңнан астам адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Жобаға сәйкес, орталық – күрес, бокс, шаңғы тебу сынды спорт түрлерімен айналысу үшін жабдықталып, 2 жаттығу залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Сондай-ақ кешенде спортшыларды жаттықтыру мен сауықтыру жұмыстарын сапалы әрі тиімді жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдық және басқа да қосалқы үй-жайлар қарастырылған.
Түркістан облысындағы Темірлан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкеспегендіктен, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінде кешен жұмыс істеп тұр – орталықта 420-ға дейін бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алуға жағдай жасайды. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияны Премьер-министр басқарады, жұмыс органы – Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті.