Облыстық "Сыр бойы" газетінде ұзақ жылдар қызмет еткен, елімізге танымал фотокорреспондент...
Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай күт...
Көрнекі сурет ашық дереккөздерден
Болашағын ойлаған кез келген өркениетті мемлекеттердің бірінші кезекті міндеттерінің бірі ретінде ана мен баланы қорғау бағытын атауға болады. Одан бөлек, дәстүрлі қазақ қоғамында балаға деген ықылас ертеден ерекше болғаны белгілі, деп жазды madeniportal.kz.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Бұл пәлсәпаның түбіне тереңірек үңілетін болса, артында өзінің ізін жалғайтын, ата жолын ұстанатын ұрпағы барда, бұл әулеттің тарихы да өшпей, жалғаса беретін болмақ. Өйткені, әр келер буынның бойында алдындағы ата-бабаларының қаны мен қасиеті қалады. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелді ақиқат екені де рас.
Сөйте тұра, қазақ баланың санына ғана емес, сапасына да көп мән берген. Сондықтанда «О, Құдайым бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп те қатал үкім кескен. Өйткені біздің ұлтымыз әке-шешенің ең бірінші міндеті саналы ұрпақ өсіріп, тәрбиелеп шығу деп білген. Сол себептен «Болар бала боғынан» деп оны апыл-тапыл аяғын басып жүре бастағаннан-ақ жүйелі түрде тәрбиелеуге кіріскен.
«Баланы жеті жасқа дейін патшаңдай күт, жетіден он төрт жасқа дейін құлыңдай жұмса, он төрт жастан әрі қарай досыңдай сырлас» деп қазақы тәрбиенің мән-мағынасын ашып кеткен. Ғылымда адамның бойындағы барлық мінез бен қасиеттің жетпіс пайызы осы 7 жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтан баланы жастайынан бетінен қақпай өсіру арқылы оны жігерлі, өз ойын қаймықпай айта білетін батыл қылып тәрбиелеуге тырысқан. Ертегі оқып, қиялын дамытқан, арманшыл қылып баққан. Еркін өскен бала бұла болып, өмірдің әртүрлі қиын сәттеріне де жасымай, қасқайып көтере білген.
Одан кейін 7-14 жас аралығында «құлша жұмса» деуінің негізі – оны еңбекке тәрбиелеу мақсатында жатыр. Осы жас аралығында бала шыңдалып, шымырланып, еңбекке әбден пісіп-ысылады. Кейін өскенде қандай жұмысты да жапырып істеуге үйренеді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге» тырыспайды. Еңбек – ол өмір салты. Сол арқылы адам нәпақасын табады, отбасын, туған-туыстарын асырайды.
Ал енді 14 жастан асқан соң «досыңдай сырлас» деуінің себебі, кімге болсын туған баласынан артық, сенімді жақын жоқ. «Он үште отау иесі» дейтін қазақ бұл уақытта жасөспірімнің санасы жетіліп, ақыл тоқтатқан кезі деп түсінген. Сол арқылы ұлын үлкен өмірге араластыра жүріп, ақыл-кеңесін айта жүріп, өздігімен шешім қабылдауды, жеке басына жауапкершілік алуды үйреткен. Мұның бәрі адам өмірінде ең керек тағылымдар.
Міне, бала тәрбиесіне осынша тыңғылықты қараған ата-ана олардың былайғы тұрмыс-тіршілікте, ертең өздерінің көзі кеткен шақта шаңыраққа басие болып қалуының қамын осылай ерте бастан қамдай бастаған.