Азамат Нұрмұхан. Астана - жыр құшағында

ӘДЕБИЕТ
4862

Азамат Нұрмұхан -  1984 жылы 17 тамызда Алматы облысы Алакөл ауданы Қызылқайың ауылында дүниеге келген. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әртісі.

Республикалық, облыстық, қалалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. «Тау мен өзен» Жетісу антологиясына, басқа да жыр жинақтарына өлеңдері енген.

Алаш менің ұраным!


Жанарымда жас парлап, қабағымды шалып мұң,

Жүрегімнің байланған күрмек жібін ағыттым.

Арыстардың кешегі өміріне үңіліп,

Өзімді әрең жұбатып өзекті отқа қарыттым.


Бодандыққа бүгіліп бұғауланбай жат елге,

Бостандықтың жолында басын тігіп қатерге.

Сұм саясат тіл байлап қамаса да қапасқа,

Шілде.., Қаңтар болмасын ұстапты олар қаперде.


Шемен-шері байланып жүрегінің түбіне,

Біз мойысақ Қазақтың болады деп күні не?! 

Арыстары Алаштың алыстағы Ел-жұрттың,

Алаңдаған Дініне, алаңдаған Тіліне.


Таңы ғажап бүгінде тамылжыған Тамыздың, 

Құстың үні естілсе қуанышты тәрізді үн.

Алақайлап аспанға бөркімді атқан күн туса,

Арыстарға өлгенше бағым үшін қарызбын.


Тәңір тартқан сыйы осы Тәуелсіздік жұмағым,

Қағілездеу тағдырдың кешіп өткен сынағын.

Арыстарға қол жайып бағыштаған Құранды,

Айбыны асқақ ҚАЗАҚпын, АЛАШ МЕНІҢ ҰРАНЫМ!!!


* * *

Жылап ем, көрдің құдай,

Сұрап ем, бердің құдай.

Таусылмас тәубә айтуға,

Өмірге келдім құдай.


Барыңа сендім құдай,

Бағыма ендім құдай.

Он екі мүшені осы,

Сау қылып бердің құдай.


Бір жанып сөндім құдай,

Бүр жарып өндім құдай.

Жолы тар тағдырымнан,

Жеңіліп, жеңдім құдай.


Ақ әлем көрдім құдай,

Жарама ем бердің құдай.

Ажалдың бесігінде,

Тербеліп келдім құдай.


Кейде рас - шөлмін құдай,

Кейде рас - көлмін құдай.

Әліме қарамастан,

Бәріне көндім құдай.


Жылап ем, көрдің құдай,

Сұрап ем, бердің құдай.

Арманға жету үшін,

Жалғанға келдім құдай.

Тәубә! Тәубә! Тәубә!


Алғыс


Өмірге мынау келгенім үшін,

Жарықты көзбен көргенім үшін.

Жақсының сөзін – жарым ырыс қып,

Керуен көшке ергенім үшін.

Алғысым шексіз Аллаға!


Мәпелеп мені өсіргені үшін,

Қатемнің бәрін кешіргені үшін.

Өз қатарынан қалмаса екен деп,

Маңдайға әжім көшіргені үшін.

Алғысым шексіз Әкеме,

Алғысым шексіз Анама!


Үлгі де бола білгенің үшін,

Барынша демеп жүргенің үшін.

Қамыққан жанға қамқор болуға,

Білекті бекем түргенің үшін.

Алғысым шексіз Жақсылар!


Шынайы мені сағынғаны үшін,

Ағынан келіп жарылғаны үшін.

Қиналған сәтте қабақты бағып,

Жанымнан әркез табылғаны үшін.

Алғысым шексіз Достарға!


Мінезімді ауыр көтергені үшін,

Ана парызы өтелгені үшін.

Әке атандырып қуаныш сыйлап,

Өмірге сәби әкелгені үшін.

Алғысым шексіз Жарыма!


Жақсылығымды асырғаны үшін,

Жамандығымды жасырғаны үшін.

Туған еліме, жалпақ жұртыма,

Алақан болып ашылғаны үшін.

Алағай менің алғысым,

Толағай менің алғысым!


Өмір


Ұсқынсызды да ұнатады өмір,

Еш мұңсызды да жылатады өмір.


Арам, қуларды аялайды өмір,

Адал туғанды аямайды өмір.


Ырқыңа көніп бағынбайды өмір,

Ұртыңа толып дамылдайды өмір.


Дара келгенмен назарсыз өмір,

Адам өлгенмен ажалсыз өмір.


Жақсы көргенде жаршыдай өмір,

Қарсы келгенге қамшыдай өмір.


Жақсыларға да жабырқайды өмір,

Жамандарды да жарылқайды өмір.


Өмірдің аяр қабілеті жоқ,

Себебі оның бауыр еті жоқ.


Білмеймін өмір мен үшін неге,

Осындай..,мүмкін, керісінше ме..?


Үміт


Үмітіме еріп шықтым далаға,

Үйімнен тас қабырғалы.

Шемен-шерімді жұттың ба қала?

Улы түтіндей аспаныңдағы.


Жер бетіндегі тіршілік мынау,

Қайтесің қойса елемей.

Жеті қат аспан күрсініп тұр-ау,

Көз жасын төгіп телегей.


О, менің асқақ аялы арманым,

Барасың бастап сен, қайда?

Салқын самалдың сая болғанын,

Қарашы, шемен-шерлі ойға..!


Іздегенімді таба алмай келем,

Жанарым жаутаң-жаутаңдап.

Жанайын десем жана алмай келем,

Алғанмын қандай жол таңдап?!


Үмітімді ертіп үйіме кірдім,

Көрінбей көзге жыл құсы.

Күнделікті осы күйіме Күннің,

Тұрады-ау келіп күлкісі..!


Дербес ел


Бағасын біліп барымның,

Жарасын жаздым жанымның.

Сары алтын түбі - сабырдың,

Саясың сабырлы еліме,

О, Тәуелсіздік қадірлім!


Ғасырлар да өткен ғазал мұң,

Ойласам азып-тозармын.

Алладан ауған назардың,

Аманаты боп жеттің бе?

О, Тәуелсіздік ажарлым!


Кесілген қанша бас көрдім,

Жұлынған қанша шаш көрдім.

Төгілген қанша жас көрдім,

Мен үшін бағаң өлшеусіз,

О, Тәуелсіздік қастерлім!


Кеңдігі байтақ даласы,

Жанталас мейлі аласұр.

Қазаққа-қазақ жанашыр,

Өзіңнен қымбат жер беті,

О, Тәуелсіздік жоқ асыл!


Бағасы артып бағымның,

Әшекейіндей лағылдың.

Астана болып салындың,

Жеткіздің көкке төбемді,

О, Тәуелсіздік қадірлім!


Елімді емде, емде сен,

Жерімді тербе тербесең.

Мұң ауып сонда шер көшер,

О, Тәуелсіздік сен барда,

Қазағым мәңгі дербес ел!!!


Туған тілім


Туған тілім – қарашығым, тынысым,

Жан Анамның әлдилеген үнісің.

Қадіріңе жете алмасам мен егер,

Өткен күнім құрысын!


Боз даланың көргенде алғаш жарығын,

Анамның ақ уызымен дарыдың.

Туған тілім, сен арқылы толқытқан,

Тарихымды таныдым.


Туған тілім – жанымның сен айнасы,

Мендей саған іңкәр ме екен Айда осы?

Сүт сәулелі аспандағы жұлдыздай,

Жарқырашы, жайнашы!


Туған тілім – өлең-жырым, сырым сен,

Саған ғана жүгінемін жүгінсем.

Мына өмірді мен сүрмей-ақ қояйын,

Қапияда сүрінсең.


Өзің барда көтеремін еңсені,

Сөзім барда тарқатамын шер, сені.

Туған тілім алақанда аялап,

Әлдилейін мен сені...

Әлди-әлди, Ана тіл!


Қызылқайың ауылым


Ай мен жыл өтіп арқалап келем,

Сағыныш дейтін жүкті ауыр.

Тербетіп жатқан шартарапты өлең,

Қызылқайыңым құтты ауыл!


Қайыңы қызыл, Қара ағаш жасыл,

Алмасы тәтті бағыңда.

Салушы ем ойнап жалаңаш асыр,

Балдәурен балғын шағымда.


Ауылым сенде маңдайын желге,

Ұлыңмын алғаш өптірген.

Ауаңды аңсап шалғай жүргенде,

Сарғайып самғап жеттім мен.


Қызылқайыңым ауылым қымбат,

Өзектің өрті өшер ме?

Бозбала шағым сауығын жырлап,

Кезіп жүр сенің көшеңде.


Бағыты Балқаш ағысы жүйрік,

Шомылған Лепсі өзенім.

Тасына жатып тал іші күйдік,

Тұманың ашып өзегін.


Өзіңде өткен осылай ауыл,

Күмбірлі менің күндерім.

Даламның аңқып хошы, тояды ұл ,

Дәмінен татып сірненің.


Ай мен жыл өтіп арқалап келем,

Сағыныш дейтін жүкті ауыр.

Тербетіп жатқан шартарапты өлең,

Қызылқайыңым құтты ауыл...! 


Сұлу қала – Астана


Сән, сәулетің ұқсамайды басқаға,

Сен, армансың үлкенге де, жасқа да.

Соңғы кезде жиі енесің түсіме,

Кербез керім, сұлу қала – Астана!


Көргенімде көзіндегі күлімді,

Тулап жүрек тыңдап ішкі үнімді.

Сезімімді білдіргенмін сенде алғаш,

Қыздарымның Анасына бүгінгі.


Күллі әлемге мәлім сенің есімің,

Әлдилесін, тербесін жер бесігін.

Сенде Астана, қуанғанмын шарқ ұрып,

Үлкен қызым ашқанда өмір есігін.


Биігінен көріне түс Қыранның,

Шуағына шомылдырсын тұмар күн.

Сенде Астана құшақ жайып қарсы алар,

Достарымның жүргеніне қуандым.


Ең әдемі, көркем қала жердегі,

Келбетімен жүрегімді тербеді.

Мен ақынмын дегендердің барлығы,

Сұлулықты жырлап өтсін сендегі.


Сән, сәулетің ұқсамайды басқаға,

Сен, армансың үлкенге де, жасқа да.

Соңғы кезде жиі енесің түсіме,

Кербез керім, сұлу қала – Астана!


Мақсаттың арманы

(Монолог)

Ауыл кеші... Күн қызарып батқан сәт,

Теледидар жарнамасы мақтаншақ.

Ажарына назары ауып Мақсаттың,

Астанаға барғысы кеп, жатты аңсап.


Құс көңілі бір қонады бір ұшып,

Күні ызғардай көрінгенмен түні шық.

Астанаға аңсары ауып жүр оның,

Әкесінің бір жағына шығысып.


Қиялында Есіл бойын жағалап,

Өмірлік Жар жолығарын шамалап.

Елестетіп отырады жүргенін,

Ғашығымен саябақты аралап.


Ойға батып Айлары өткен, Жылға еніп,

Тәтті арманын Аспан көріп, Күн көріп.

Астанада жүрген Досы жұмысқа,

Ертіп алып кетейін деп, тұр келіп.


Қуаныштан жарылардай жүрегі,

Бір бозарып, бір қызарып түр, өңі.

Жаратқаннан қолын жайып сұраған,

Міне бүгін қабыл болды тілегі.


Қала түні... Таң рауандап атқан сәт,

Мақсат ояу, өмірлік Жар тапқан шақ.

Ата-Анасын Астанаға көшіріп,

Қашан алып келемін деп, жатты аңсап!


Жалғыздың монологы


Өмірге артып құштарлығым,

Қиял көкке ұшқан бүгін.

Өзгермедім.., өзгергені,

Түн ұзарып қысқарды күн!


Жазда жазған хатқа мынау,

Жауап іздеп таппадым-ау!

Қыс келерін ескертеді,

Қарашада қатқан қырау.


Қабақ шытқан Қарашада,

Қарашықтан оңашада.

Ыстық жастың мөлт еткені,

Жалғыз жанға жараса ма?!


Таңы қандай күздің атқан,

Тамбай қатқан мұзды ұнатқан.

Аласармас арманым-ай,

Бір қуансам жүз жылатқан.


Алаңдаулы бізде ісі жоқ,

Күздің лебі жүз кісі боп.

Жапырақтай үмітімді,

Жұлқылайды үзгісі кеп.


Өмірге артып құштарлығым,

Кештім күнін ұстамдының.

Жалтарғам жоқ жақындардан,

Сезе тұра іштарлығын.


Мың күн күліп жылар бір түн,

Бұлтым суық тұман күлкім.

Бүйректің бүлк еткені ойға,

Алғандары шығар мүмкін... Мені адамдар!


***

Тәтті қиял кеткенде таңға сіңіп,

Тәтті арманнан түн ұйқым алды ашылып.

Түршіккенде жарылса бүршік кеуде,

Тағат таппай тұрамын Тауға асығып!


Маңдайымнан сыйпаса самалы ескен,

Білтелі үміт тұтанып жанады өшкен.

Тау қадірін біле ме Тауда тумай,

Қабатты үйдің баласы қалада өскен?!


Міні басым мұң артып талғанда иық,

Көз алдымда кетсе де жалған күйіп.

Тарау-тарау жолымнан адастырмас,

Ай тұмарлы арманым Таудан биік.


Мазаласа жаныңды жалғанда елең,

Шабыт қонып қаламнан жауған ба өлең?

Арғымағы арманның мөңкіп кетіп,

Құлатпаса болғаны Таудан төмен.


Тәтті қиял кеткенде таңға сіңіп,

Тәтті арманнан түн ұйқым алды ашылып.

Таңырқамай биіктен қарашы бір,

Төмендегі тірлікке Тауға шығып... 

Адам көзімен!


Беу, Дүние!


Беу, Дүние, дүрбелең,

Дүрбіңді салып маған бір.

Іңірде көзін ілмеген,

Орамал ойға орандыр.


Дүбірге толы дүрмекте,

Дүрліккендерге сал қамшы.

Аппақ көңілді кірлетпе,

Өтпелі өмірде алдамшы.


Керуен көшер, ит үріп,

Төңірек түрер түндігін.

Таңдайға қатып шикілік,

Ұртымда ериді шындығым!


Ақ пенен қара алмасар,

Қызыл да жасыл базарда.

Таудың да басын қар басар,

Етекті алар назарға.


Жүрейін жалын, от берсең,

Көз жазбай өлең жұбымнан.

Кеудемнен ұшып кеткенше,

Балдан да тәтті шыбын жан...

Беу, Дүние!


***


Дүрбі Дүние, тұнсын сенің әйнегің,

Ажарым Күн, жүзім Жұлдыз, Айлы өңім.

Шаң шұбатқан көздің қиыр ұшында,

Ішіндемін, “Өмір” дейтін бәйгенің.


Тұлпарлары ауыздықпен алысқан,

Бірі Қыран, бірі азулы Арыстан.

“Ақын” дейтін, Керуен көшке ілестім,

“Өлең” дейтін, Аламанда жарысқан.


Бәрі қызба, бұл бәйгеде кіл ұшқыр,

Жорғасына жараспайды жүріс құр.

Намысына тиіп кетсең абайсыз,

Жұмыр етті тіліп түсер қылыш Тіл!


Мінезіне салдырмайды шідерді,

Қайратты да, айбатты да жігерлі.

Көп ішінде көрінбедім Дара деп,

Жаратқаннан үзбейді олар күдерді.


Дүрбі Дүние, тұна түссін әйнегің,

Ажарым Күн, жүзім Жұлдыз, Айлы өңім.

Қапияда сүрінбесін Тұлпарым,

Ішіндегі, “Өмір” дейтін бәйгенің!


Миялы өлең


Иә, менің,  

Өлең ішім, егістік миялы егін.

Шырмауығы гүлденіп тербеледі,

Кеңістіктің көркейтіп қия белін...


Егістігім,

Самалына тербелген жер үстінің.

Жанарыма қаяу мұң түсе қалса,

Күнгейіне күйдірер терістігін.


Миялысы,

Кермек татқан көк шалғын қиял іші.

Жалбыз болып жанымды жазбаса да,

Мен үшін ол, желектің зиялысы...


Егін өлең,

Ақиқаттың жете алмай шегіне мен.

Шырқырадым не таптым шындықты іздеп?

Сылқ-сылқ күліп жалған тұр жерімеген.


Ішімде мұң,

Баспай алға қойғанда ісім менің.

Миялы өлең жанымды жегідей жеп,

Маза бермей жатады түсінгенім...!


Мен мұхит болам дегенде


Құлатпас құмын жыраның,

Мен емес сірә су ағын.

Жер тесіп шыққан тұп-тұнық,

Бүлкілдеп жатқан Тұмамын.


Туғызар елең құлаққа,

Күліп те ағар жылап та.

Мен бәлкім енді келемін,

Жәй ғана ұқсап Бұлаққа.


Шыңдалғанымды сезем де,

Жігерлі жастық кезеңде.

Дүркіреп ағып тасқындай,

Жетермін бір күн Өзенге.


Өзендей ағып сел толып,

Бетімді самал жел қорып.

Ағыстан шаршап кідіріп,

Жатармын біраз Көл болып.


Ей, өмір арман емізген,

Маңынан Теңіз мені ізде.

Таппасаң көлден кеткенмін,

Ұқсағым келіп Теңізге.


Тула сен Теңіз денемде,

Мұхитты сірә көрем бе?

Қарттығым тұрар қасқайып,

Мен Мұхит болам дегенде..!


Ескерту


Қуды көрдім бар қулығын асырған,

Шуды көрдім берекені қашырған.

Қастығыңа жұдырықпын жұмулы,

Достығыңа алақанмын ашылған.


Мінезіме кімдер, қанша тақты мін?,

Бір өзіме қылығым бар жат бүгін.

Отты болсаң түсірмеймін көлеңке,

Соққы болсаң жұдырықтан қаттымын.


Сүйенермін ақиқаттың ағына,

Күйе көрдім жұққан ердің арына.

Адалсың ба табылармын жаныңнан,

Арамсың ба жолатпаспын маңыма.


Иә, солай ұстанымым бұл менің,

Кімге керек көш кеткен соң үргенің.

Сын өмірде төзімдімін біліп жүр,

Шын өмірде шыншылдармен біргемін!


Жүрегім

Сен неге жылайсың жүрегім?

Мен неге жылаймын, күлемін?

Жасыңды жасырып қалайша,

Басымды көтеріп жүремін.


Орынсыз қалды ма тілегің?

Жалынсыз болды ма түлеуің?

Сыртымнан көрмейді сені ешкім,

Жыртылған жамаусыз жүрегім...


Жарықсыз жанды ма түнегің?

Халықсыз мына мен кім едім?

Өлеңім жұбата ала ма?

О, менің жұдырық жүрегім.


Кейде әлім жетпесін білемін,

Беймәлім қанша өмір сүрерім.

Мұңыңды кімге айтып арылам,

Жылуды ұмытқан жүрегім...


P.S.Жылайсың жүрегім шерге еніп,

 Жылаймын күлемін мен неғып?!


Жақсылар


“Жақсының жақсыға жақын жүргені жақсы жарқыным”

 Секен Тұрысбек.

Жалтарысты жатсынар,

Жалпақ жұртқа бақ сұрар.

Жақсы көрем сендерді,

Жаны жайсаң Жақсылар.


Ақ-қараның астасқан,

Ақ жолында бас қосқан.

Арамдықты аулақ қып,

Адалдықпен достасқан.


Қайталанбас жыр-әні,

Қаршығадай қырағы.

Қандырады шөліңді,

Құмға сіңген бұлағы.


Салмақты да сабырлы,

Сыйлы, елге қадірлі.

Серенада ойнатар,

Сұрағаны хәліңді.


Ықыласы ып-ыстық,

Ынтымағы ырыс-құт!

Ынты-шынты ынтызар,

Ымырасы туыстық.


P.S Жалтарысты жатсынар,

Жалпақ жұртқа бақ сұрар.

Жақсылармен бір жүрген,

Жандарда арман жоқ шығар,

Менде де арман жоқ шығар!


Ақын қарындасқа


Сенің көргім келмейді жүзіңнен мұң,

Налыдың ба татқанда тұзын көлдің?

Тарам-тарам жолы бар тағдыр ғой бұл,

Адамға адам жолығар ізінде елдің.


Сенің көргім келмейді көзіңнен мұң,

Асып туған білмеймін өзіңнен кім?

Сатқындық бар, зұлымдық азғындық бар,

Батылдың да қиналған кезін көрдім.


Сенің көргім келеді күлгеніңді,

Күнде күнді шуақтап жүргеніңді.

Мен қалаймын сын сағат аша алмастай,

Есігіңді ішінен ілгеніңді!!!


Ақын досқа


Мен, сөнбейін жалықтырып,

Сен де сөнбе жанып тұрып.

Себепті ізде жалындауға,

Керек бізге жарық, тұнық!


Жарық тұнық – жан қалауы,

Жанбаса да мәңгі алауы.

Жүрегіңнің жамалмаған,

Жыртығын кім аңғарады?!


Аңғарғандар көре ме оңын,

Қайыс қына, жебелі оғын.

Адырнаның саз үніндей,

Наз үніндей Өлеңі оның.


Сөнуді ойлап сүрінгенше,

Өлімді ойлап түңілгенше.

Өрік қайта гүлдегенше,

Өліп қайта тірілгенше...


Күнге күйіп, Айға жанып,

Жатып алмай қайғы оранып.

Қара өлеңді жазайық біз,

Қалам ұшын ойға малып.


Мен, сөнбейін қамықтырып,

Сен де сөнбе жанып тұрып.

Таңға керек жарықтылық,

Жанға керек анық тұнық!

Досым!


***

Дауылды күнде ық болар,

Ойымды бірден ұқты олар.

Суық пен ыстық қаймығып,

Төзімдеріне құт қонар.

Адал тым достық арына,

Разымын достар барына.

Ымыңды бірден түсініп,

Мұң батырмайтын жаныңа.

Армандарына нұр тұнған,

Мақтайда білген сыртыңнан.

Анадан бәрі айнымай,

Намыстарымен бір туған.

Жиыла қалса кеште егер,

Үлкен керуен көшке енер.

Рахаттана алмай дұшпаны,

Сұлбасы түсіп сескенер.

Ілескен көшке дүбірлі,

Нар тәуекелімен мығымды.

Шідерін үзген шеменнің,

Іздеушілерім бүгінгі...

P.S. Достарым аман жүрсінші..!


Бұйра бұлттар

(Достарға сәлем)


Салқан самал еседі,

Бағы батпан бес елі.

Жетісудан бұйра бұлт,

Сарыарқаға көшеді.


Жалыным бар отым бар,

Көңілге оны тоқыңдар.

Мен жіберген сәлемді,

Бұйра бұлттан оқыңдар.


Жаңылысым сол бұлтта,

Жарылысым сол бұлтта.

Сарыуайымға салдырған,

Сағынышым сол бұлтта.


Көз жасымда сол бұлтта,

Өз басым да сол бұлтта.

“Достарға” - деп жазылған,

Сөз басында сол бұлтта.


Сырды жазып жібердім,

Жырды жазып жібердім.

Жалғыздықпен алысқан,

Мұңды жазып жібердім.


Жалыным бар отым бар,

Он қарап бір шоқыңдар.

Бұйра-бұйра бұлттардан,

Жан айқайды оқыңдар... 

Ей, Достарым!


Қызыма


Қызым, жаным,

Қызығым сен ең, тәтті жүзім балым.

Қуанғаның, күлгенің ашық аспан,

Қаламаймын Күн көзі бұзылғанын.


Қызғалдағым,

Қалтарыссыз қалансын ізгі арманың.

Қанағатшыл болғайсың бұл бес күнде,

Қыс соңында білгейсің ызғар барын.


Қарлығашым,

Құшағымда мейірім қалғымасын.

Қатпар-қатпар өмірдің қиындығы,

Қанатыңнан үзіліп саудырасын.


Құлыншағым,

Құмға сіңіп кеткенде шырын шағың.

Қай бұрышта қалады Құдай білсін,

Қолыңнан тастамайтын қуыршағың.


Қызым, жаным,

Қызығым сен ең, тәтті жүзім балым.

Қуанғаның, күлгенің ашық аспан,

Қаламаймын Күн көзі бұзылғанын...

Қызым, жаным!


Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...