Ағымдағы баспасөзді ашып қалсаң бірін-бірі мақтаған түкке тұрғысыз бостекі мақтан. Дәлел жоқ. Дәйек...
Миллиардқа танымал қазақ жазушысы
Қытайдағы ең атақты һәм ең көрнекті қазақ жазушысы, Қытайдың шын мәніндегі Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің мүшесі, қытай тілінде шығатын Қытайдағы нөмірі бірінші әдеби журнал – «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, әлемге әйгілі Мұқали бабамыз туралы ғажап роман жазған Әкбар Мәжитпен бір кездесуді, танысуды көптен бері ойлап жүруші едім.
«Әлем әдебиеті» журналын шығарып жүрген кезімде ағамыздың әңгімелерін жариялап, шығармашылығына сондай тәнті болғанмын. Ғаламат қаламгер. Нағыз сөз зергері. Кейіннен «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде тұңғыш әңгімелер жинағы басылып шықты. Оқып, тағы бір тамсанып, таңдай қаққаным бар. Сөзі де, ойы да, жазуы да – ерек. Ең бастысы, жаттандылықтан, өзін-өзі қайталаудан ада екен. Әр шығармасы өзінше дара, бір-біріне мүлде ұқсамайды: туындыларын формасы, жазу мәнері, көркемдік кестелеуі жағынан сан түрлендіріп, мың құбылтады екен. Тіпті, осының бәрі бір суреткердің шығармалары екеніне сенгің де келмейді. Міне, нағыз шығармашылық иесі осындай болса керек.
Әкбар ағамен танысып-білісудің сәті үстіміздегі жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Ан-арыс» баспасы шығарған қытай классиктері – Мао Дунның «Түн», Ба Цзиннің «Әулет», Шэнь Цуңвэннің «Шалғайдағы шаһар», Лао Шэнің «Түйе Шияңзы» атты атақты романдарының (құнды төрт кітаптың) тұсаукесері өткенде түсті. Соған Қытай елінен Бежіндегі Ұлттар баспасының басшылары мен қызметкерлері арнайы келіпті. Сол сапарында Әкбар ағамен танысып-білісіп, аз-кем әңгімелесіп қалдым. Қазақстандағы әдеби процесс пен ақын-жазушылар туралы жақсы біледі екен. Қытай әдебиеті жөнінде кең көсіліп сөйледі. Көптің көзінше шығармашылығымен таныс екенімді айта келіп: «Сіз бізді танымайтын шығарсыз, тануға да міндетті емессіз, ал біз сізді жақсы танимыз!» – деп едім, ризашылықпен сөзімді қағып алып: «Бұдан былай сені де танитын боламын!» – деді езу тартып. Осындай бір көңілді отырыс, жарасымды әңгіме болды…Болашақта «Жұлдыз» журналы арқылы Әкбар ағамыздың шығармашылығын қазақ оқырмандарына таныстырмақ ойымыз бар.
Мейрамханада бір-екі сағаттай дастархандас болып, қалт еткен бір сәтті пайдаланып, суретке түсе қалдым. Кейін бұның тарихи сурет боларына еш күмәнім жоқ. Себебі, күндердің күнінде Әкбар ағамызды бүкіл қазақ таниды, шығармашылығымен толық танысады, бағалайды деп нық сеніммен айта аламын. Сол кезде Мәжит ағамыздың да қазақ арасында атақ-абыройы аспандап шығарына сенімдімін.