Аңсаған МҰСТАФА: Әлеуметтік желі арқылы суреттерімнің бармаған елі жоқ сияқты...

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
5120

– Аңсаған, суреттеріңіздің көбі әлеуметтік, отбасылық мәселелерге арналған. Соған қарағанда осы тақырып жаныңызға жақын ба деп қалдым.
– «Ақ босаға» редакциясында өстім ғой, газетті ашқан анам. Онда неше түрлі тақырып қозғалады. Түрлі тағдыр болатынын көрдім. Өте көп хат оқыдым. Журналистер әр хатты оқып, мақала жазып, оларды жинап психолог немесе басқа да мамандарға апарып, берілген сұрақтарға жауап іздеп жүрген кезде мен де қастарында жүрдім. Мені қалдыратын жер болмаған соң, анам жұмысқа ертіп барады. Ал мен болсам, кей кезде қызық көріп газеттің тілшілеріне еріп кетем. Өсе келе қолыма фотоаппарат алып, өзімді фотограф сезініп, түрлі суреттер түсіріп жүрдім. Одан кейін көлік жүргізе бастағанымда: «Аңса, апарып келші» – басталды (дейді күліп). Осылайша, әлеуметтік тақырып мен үшін бөтен емес болды. Өтірік бірдеңе ойлап тауып керек емес, өзінен-өзі сол хаттарда жазылған сюжеттер көз алдыма келе қалады. Жаныма жақын деген сол болар?

– Балалар ата-анасының мамандығына түрліше қарайды. Мәселен, комедия жанрының әлемге әйгілі актеры Пьер Ришардың балалары әкелерінің сайқымазақ рөлдеріне намыстанса, немересі қуана қолдаған екен. Сіз де анаңыздың газет шығару ісіне үнемі көмектесіп келдіңіз. Сіздің балаларыңыз суреттеріңізге қызыға ма?
– Оларға бұл суреттер ұнамайды. Қорқынышты дейді. «Бұндай бола ма, не?» деп сұрап жатады. Бірақ көмектеседі. Отырған бала, секірген, тұрған бала керек болса, жасап қоямын ғой. Кейіпкерлерімді ойдағыдай шығару үшін түрлі кейіпте тұра қалады. Бұл да үлкен жұмыс, натурщик дегендер бар ғой. Суретшілерге керек қалыпта отырып беретін, олар жұмысына ақша алады. Менің балаларым сондай көмекшілер. Кейде олардың айтқанына құлақ асып, суреттерімді өзгертемін. Балаларым қасымда отырып сурет салады. Менің суреттерім ақ-қара ғой. Сұлташ кішкентай кезінде онша шықпай қалған суреттерімді алып әдемі жасаймын деп бояғанды жақсы көретін.

 Туындыларыңызға идеяны қайдан аласыз?
– Идеяны өзің сияқты журналистер береді, неше түрлі мақала жазып, ой тастап отырасыздар. Күнделікті өмірде болып жатқан жаңалықтар бар. Хаттар бар. Соның бәрінен ала берем.

 Бұрынырақта «Сөйле, сурет» атты көрмеңізді өткіздіңіз. Аңсаған Мұстафаның келесі көрмесін қашан тамашалаймыз?
«Сөйле, суреттің» өзін жасаймын деп ойламаған едім, дайын жұмыстарымды әлеуметтік желіге сала бердім. Бір күні: «Ғаламтордан көре берген қызық емес, барып көзбен көру керек еді, көрме қашан болады?» деп, Алмасбек Садырбай деген досым сұрады. Көрме жасаймын деген ой болмаған соң, кейін дей салғанмын, сөйтсем: «Сен сұрақтарға нақты жауап беретін адам едің ғой, нақты айт» деп намысымды қайрады. Нақты күзде болады деп жауап беруге тура келді. Оған жарты жыл дайындық керек болды. Көрме Астанада өте салысымен басқа қалалардан ұсыныс-шақырулар түсе бастады. Өзім қатты таң қалдым. Бұндай қызығушылық болады деп ойламап едім. Келесі көрмені қашан болады деп сұраған бірінші өзіңіз, Гаухар!

– Қоғамдағы түйткілді мәселелерді суреттеріңіз арқылы шебер бейнелеп жүрсіз. Дегенмен, жұмыстарыңыздың ішінде сіз үшін ерекше маңыздысы бар ма?
– Ерекше маңызды дейсіз бе? «Мамам мені өлтіретін шығарды» көрген соң, аяғы ауыр екі ана жаман ойдан арылып, балаларын өмірге әкелді. Адам өмірінен маңызды не бар бұл өмірде? Екі адам келді дүниеге. Біреуінің жүріс арбасында (ходунок), екіншісінің бесікте (манеж) отырған суретін жолдады маған. Осы балалардың біреуінің анасы мені сыртымнан кіндік шеше атапты. Суретке одан артық баға жоқ болар…

 Ұлттық нақыштағы киімдер шығарып, белгілі бір қазақы брендті қалыптастырып келесіз десек, артық айтқандық емес. Осы киімдерге халықтың сұранысы қандай?
– Рахмет! Сұраныс өте жақсы, адамдар қуанып киіп алып жатыр, ізгі ниеттерін білдіріп, тілектерін жаудыруда. Осы іспен айналысқалы бері екі жыл да зу ете түсіпті. Басында бұл идея бизнеске айналады деп ойламап едім. Алдағы жылда Қазақ хандығының 550 жылдығы болады деген жаңалықты ести сала, мен суретші ретінде қандай үлес қоса аламын деп ойландым. Жазда тойланатынын естіген соң, ұлттық нақышта 550 деген санмен, ою-өрнекпен жастар жүрсе екен, ұлттық киім, шапандармен ыстық болады ғой, футболка кисе қалай болады деп, бір дизайн жасап, әлеуметтік желіге салып едім, қатты талқылауға түсті. Артынша ұсыныстар жауып кетті. Сөйтіп жазға дейін 55 түрін жасап, флешмоб ұйымдастырып, көрменің атын «Шашу» деп қойғаным бар еді. Елдер суреттерді сұрап алып, бастырып киіп, әлеуметтік желіге сала бастады. Астына Аңсағаннан алдым деп жазып қойды, басқа мен танымайтын адамдар да жиі хабарласты. Ұсыныс көбейген соң, футболка жасайтын аппаратын алып, бұл іс әрі қарай кәдімгі кәсіпке айналып кетті. Қазір менің www.ansa.kz деген сайтыма кіріп, жеке тапсырыс беретін кісілердің де қатары көп.

 Сіздің ұлттық нақыштағы киім-деріңіздің дизайнын көшіріп басып, идеяңызды ұрлаушылар бар. Олармен қалай күресудесіз?
– Біз сурет салып, елдің қызығушылығын оятып, ұлттық нақышты насихаттап жүрген кезде, базардағы қулар Қытайға, Қырғыздарға, өзбектерге тапсырыс беріп, арзан бағамен көшірме жасатып сата бастапты. Және олар бұған көп ақшамен кіріскен екен. Менің мүмкіндігім күніне 150 футболка жасау болса, олар мыңдап әкеліп базарларға төкті. Бұны шығарып жатқан кім, қалай деп анық-қанығына жеткенше жарты жылдай уақытымыз босқа кетті. Өте өкінішті. Салған суретім, екі апта өтпей жатып біздің дүкендерде толып тұрды. Оларға хабарласып, осыны алайын деп едім деп сұрап көргенімде, біз тек көтермелеп сатамыз, сізге 500-1000-2000 дана керек пе дегенде құлап қала жаздағам. Бұларды жалғыз жүріп тоқтату мүмкін емес. Біздің заң Қытайға жүрмейді, олардың өз заңдары бар. Сондықтан әлемдік брендтердің бәрінің көшірмесін жасай береді екен. Бірақ, бір түйгенім, оның бәрін бүлдіріп отырған өзіміздің елдегі көтерме саудамен айналысушылар. Қазіргі уақытта заңгерлермен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз.

– Суреттеріңіз шетел жұртшылығының да назарын аударып жүргенін әлеуметтік желілер арқылы жиі байқап отырамыз. Әлемдік көрмелерге қатысу жағын ойламадыңыз ба?
– Әлеуметтік желі арқылы суреттерімнің бармаған елі жоқ сияқты, – деді күліп. Адамдар тауып алып, аты-жөнімді жазып, жеке парақшама рахметін айтып жатады. Кеше ғана Ирма деген испан қызының: «Ұйықтап жатқан жерінен санамды ояттың» – дегенін оқып таң қалдым, біз қазақтарды оята алмай жүрсек деп. Гугл дұрыс аудармай тұрған болар деп, басқа аудармашыларға салып едім, бірдей шықты. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Ал, әлемдік көрмелерге келер болсақ, қатысу жолдарын білмедім, біреулер Суретшілер одағының мүшесі болсайшы, солар қатысып жатады дегені бар еді, ешқандай ұйымға мүше болғым келмейді.

– Бір ұсыныс айтсам деймін сізге. Өйткені қолыңыздан келетініне шүбәм жоқ. Қазіргі кезде балалардың бояу дәптерлері (раскраска) түгелдей дерлік шетел мультфильмдерінен тұрады. Маша мен аю, ханшайымдар, аңдар туралы ертегілер деген секілді. Өзіміздің ұлттық ертегілерге арналған осындай кітапшалармен айналысуға қалай қарайсыз?

Күшті ұсыныс екен, рахмет! Ойланып көру керек.

– Әлеуметтік желіде жастарға жиі кеңес айтып отырасыз. Үйдегі балаларыңыздың тәрбиесіне көп уақыт бөлесіз бе?
– Балаларым қасымда ғой үнемі, сабаққа өзім апарам, әкелем, жұмысқа алып кетем, сабақты бірге жасаймыз, тамақты да бірге жасаймыз, үйді бірге жинаймыз. Балаларыма көңіл бөлінбей қалмасын деп уайымдаймын. Қайдағы біреулерге ақыл айтып отырғанда қараусыз қалмасын деп қорқам. Біреулерге сеніп зәбір көріп қалмасын деп, жаңалықтардан көрген оқиғаларды айтып талқылауға шақырамын. Сөйтсем кейде олар жылап қалады: «Неге көрсеттің маған, енді қорқып қалдым» – дейді. Өткен жолы бір семинарға қатысып, ол жерде мектеп жасындағы балалардың спайс деген есірткіге тәуелділігі туралы әңгіме болды. Ол оңбағандар мектеп жанына келіп, пирамида құрып таратады екен. Бір досыңды ертіп келсең, өзіңдікі тегін болады деген сияқты насихат жүргізіп, балалар бір-бірін ертіп, есірткіге еліктеушілер қатары үдеп жатыр екен. Соны көріп алып, үйге келіп, балаларға оның не екенін, зияны қандай екенін айтып, ютубтан видео көрсеттім ғой. Өзім жылап отырмын, олар күледі. Видеода шегіп алып еңбектеп, бақа сияқты секіріп, жыландай жорғалап жүрген жастар күлкілі көрінді. Сөйтсем менің балаларыма бұл тақырыпты қозғау ерте екен… Бірақ, 1-2 жылдан соң бұл тақырыпқа қайта оралу керек. «Сақтансаң, сақтармын» дейді ғой жаратқан.

Әңгімеңізге көп рахмет, Аңсаған. Шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұқбаттасқан: Гауһар Түстікбаева

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...