Мемлекет басшысы жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолда...
Ұлттық музейде суретші Алпысбай Қазығұловтың «Көңіл көктемі» атты көрмесі ашылды
2018 жылғы 25 қазанда талантты суретші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұловтың Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырған «Көңіл көктемі» атты көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Автордың балалық шағынан қалыптасқан таным-түсінігі мен қоршаған орта туралы қиял көкжиегі суретшінің «Менің балалық шағымның ауылы», «Белдесу», «Керуен», «Ойын» сынды туындыларынан көрініс тапқан.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова: «Алпысбай Қазығұлов – қазақ көркемөнерінің хас шебері. Суретшінің шығармалары кеңінен танымал. Жеке көрмелері Ресей, Ұлыбритания, Жапония, Түркия т.б. елдерде өткізілген. Бүгінгі көрменің авторы әлемдік өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін Еуропа өнер одағының Масарик атындағы сыйлығымен марапатталған. Ол тек Алпысбай ағаның шығармашылығына ғана емес, бүкіл қазақ халқының мәдениетіне берілген үлкен марапат деп танимыз», - деді.
А. Қазығұловтың туындыларында берілген шынайы өмір көріністері жай ғана көшірме емес, ол шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік жеңіл мәнермен берілген шығармалар болмақ. Автор туындыларынан суретшінің жан тебіреністерін, көркем әлемін тамашалауға болады.
Қоғам қайраткері, композитор Төлеген Мұмамеджанов: «Бүгінгі көрмеде әдемілікпен, әсемдікпен қауышып отырмыз. Алпысбай Арал теңізінің жағасында туып өскен. Бүгінге дейін 5000-нан астам сурет салған. Алпысбайды Қазақтың Пикассосы десек, артық болмайды. Көрме құтты болсын! Алпысбайға шығармашылық шабыт тілеймі!», - деп жылы лебізін білдірді.
Алпысбай Қазығұлов туындыларының өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл-күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді. Сондықтан да болар, автор шығармаларының басым бөлігі қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне арналған.
Көрмеге қылқалам шебері А. Қазығұловтың 100-ден астам көркем суреттері ұсынылып отыр.
Көрме 2018 жылғы 12 желтоқсанға дейін жалғасады.
Madeniportal.kz