Ол кісі жайынан аз айтылды ма, көп айтылды ма? Аз жазылды ма, көп жазылды ма? Шамасы, өткен ғасырдың...
Бір суреттің тарихы: «Ресей императоры II Александрдың қазақтарға құрметі»
Сан ғасырлар өтсе де өзектілігін жоғалтпаған, қазақ халқының тұтас тағдырынан хабар беретін, мың суреттің тарихына татитын бір сурет болады. Сол суреттің өң бойына үңілер болсақ, сұлулықпен үндесіп келген терең философиялық мән ғана емес, ұлтымыздың өткен күніне де саяхаттар едік. Дегенмен назарларыңызға ұсынылған қаптаған қазақтың суретін көріп, қандай эстетикалық мән-мағына жатыр деп таң-тамаша қалуыңыз мүмкін. Ендеше осы суретте бейнеленген Мұхаммед-Солтанов Дайырдың ұрпағы әскери зейнеткер, шекарашы-офицер, запастағы полковник Солтанов Қанатбек Мұғалұлының пікіріне ден қояйық.
- 1873 жылы қаңтар айында Ресей императоры II Александр халқымызды қанша бодандықта ұстаса да Алтай, Зайсан, Тарбағатай және Марқакөл қазақтарының ішінен елдің игі жақсыларына иек артып, бір топ қазақтарды қабылдауына шақырған. Бұл кісілер халық сенімін арқалаған ел тұтқалары болған соң император санасуға мәжбүр болып, ақыл-кеңесін алып, ең құнды деген сый-сияпаттарын тарту еткен. Бұл туралы алғаш рет 2006 жылы ШҚО Зайсан қаласына кезекті бір сапарымда әкемнің ағасының баласы Сағымбек Ғаббасұлы Сұлтановтың үйіне қонаққа барған шағымда білдім.
Қабырғадағы аудандық «достық» газетінің қиындысын көзім шалып, сұрай жөнелдім. Материал авторы Иманқұлова есімді журналист қыз екен. Бұл суреттің тарихи маңызын білу мақсатында ағама сауал қойып едім: «ортада сақалы күректей болып отырған, делегацияны басқарып барған ағамыз Солтан деп жауап берді. Толық аты-жөні: Мұхаммед-Солтан Дайырұлы. Апыр-ай, ә? Кеудесін ешкімге таптатпаған қазақ екені көзге ұрып тұрды. Біздің тегіміз де Солтанов қой. Бала кезімізде әжелеріміз: «Атамыз Солтан патшаға барып, алтын тон киіп келген»,–деп марқайып айтып отыратын. Сол замандарда «Шуба от царского плеча» деген марапат түрі болған деседі. Яғни патша өзінің иығындағы тонды өзі құрмет тұтатын, ерекше бір ризалығын бірдірген адамға жабады екен. Император алдында бүкпесіз, боямасыз сөйлеген Солтан атамызға осы тоңмен қоса, медальдар да таққан. Бұл қазіргі таңдағы «Зиялылар зиян қауым» деген түсінікке қарсы шығатын дүние болып тұр. Естуімізше, атамыз Қытайға барған шағында әжеміз алтын тоннан құрақ көрпе тігіп тастаған екен. Құрақ көрпе сол бойы Қытай жеріндегі туыс-туғандарымызда қалған көрінеді. Осы суретті көріп, «Достық» газетінен сұрағанымда музейтанушы, зерттеуші Марат Әбдешов есімді азаматтан алғанын журналист қыз тілге тиек етті. Алматыға бара салысымен, Марат Әбдешовпен жолығып, бұл сурет қолында қайдан жүргенің сұрадым. Ол кісі Санк-Петербургтегі Эрмитаждан суреттің тұп-нұсқасын тапқан екен. Музейтанушы суреттің көшірмесін ғана берген еді. Қазір соны ғана талғажау етіп жүрмін. Түп-нұсқасы бұдан кішіректеу, қазіргі таңда Ұлттық мұражайда сақталған. Бір өкініштісі, сурет тарихын толығымен зерттеуге, ізденуге уақыт жағы мүмкіндік бермеді. Бәлкім әрі қарай түбінен қазар болсақ, түрлі шындыққа тап болар ма едік деп те ойлап қоямын. Сурет дегеннің не екенін білмеген шақта Солтан атаның 1873 жылы Санк-Петербургке барып, патшадан сондай сый-сияпат, тарту-таралғы алып қайтқаны біз үшін мақтаныш! «Арғы атамыз арыстан» демекші кез-келген ортада осы бір суреттің тарихын айтуға аңсарымыз ауып отырады. Бұл сурет біздің әулет үшін де, ұлт үшін де құнды жәдігер деп білемін.
Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН