(Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жоғарғы курс студенттеріне оқылған дәрістің жалға...
«Алқоңыр дүние» жұмбағы
Сөздер сөйлейді. Жарытылымына сай мінез танытады. Болмысына біткен бояуы, табиғатына тән үні де бар. Қас ақынның құдіреттілігі - сөздер сазынан симфония ойната алуында. Ұлы ақынның жасампаздығы - Сөздер бояуынан тылсым картиналар тудыруға қабілеттілігінде. Ал, сөздердің мінезін тани алу, түрлі мінездерді бір-бірімен үйлестіре білу, өлген сөзді тірілту шын шебердің ғана қолынан келеді. «Тірі Тілдің ұшындағы өлі Сөзді тексеріп...», «құлынды сөзді» кісенетіп, «Көзінен – жас, ал жасынан Сөз ағып» жыр жазып жүрген Тыныштықбек Әбдікәкімовтың поэзиясы осындай құдіретті игере алған бейнелі де сазды поэзия. «Алқоңыр дүниенің» әр парағында «Хақ-Тәңірдің өртенулі қолжазбасындай күп-күрең...», «жарқанат қанатымен шимайланған...» ғажайып бояулар билеп, « Шуыл құрап қалың ши, ызың құрап...» «қызыл Айдың жасыл сазы» «Музыканың сегізінші кілтін» ашып, тылсым сөздер «торғайдың шырылынан шашыраған...» сырлы саз ойнап тұрады... Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы – палитралы поэзия. Симфониялы поэзия. Табиғат құбылыстарынының тылсымына бойлай білу арқылы ғана, оны түсіне білу арқылы ғана осындай мөлдір поэзия тудыруға болады. Табиғат – Құдіретті Тәңірдің туындысы. Құдіретті түсініп, онымен тілдесе білу үшін де өз ішінде бір құдірет болу керек-ау...
Тынышықбек Әбдікәкімовтың суреткерлілігінің жөні бір бөлек. Поэзия- сөзбен салынған сурет екендігін ескерсек, онда Тыныштықбектің поэзиясы сюрреалист Сальвадор Дали, Иероним Босх, экспрессионист Эдвард Мунк, постимпрессионист Винсент Ван Гог секілді әлемнің ең ұлы суретшілерінің картиналарымен үндестік тапқан деуге болады. Бір ғана Ван Гогтың «Жұлдызды түн» картинасында Тыныштықбектің талай өлеңі жазылып тұр. «Жұлдызды түнді» салғанда Ван Гог не ойлады екен?.. «Жұлдызданған Аспанды да (барлығынан жоғары) жұмыр Баспен дар-р еткізіп жыртып шығам мен әлі!!!» деді ме екен?..
«Себеп», «Иман нұрын жиғанша» «Ындын», «Ол», «Құмар», «Тыныш пен Өлместің тілдесуі»т.б өлеңдеріндегі ақынның жан-айқайынан Мунктың «Айқайы» көрінбей ме?.. «Өлігімнің басында шылым шегіп отырам...» дегенін қай картинамен салыстыруға болады?.. «Жас сәбидің обал иісі аңқыған тамшы жасын құшақтап, Мен тәнімді тастап шығам, діртектеп!..» деген тіркесін қайтеміз?..
«Әй, қарғалар...» өлеңін оқып, Ван Гогтың «Атыздағы қарғалар» картинасына қараңыз... Қандай әсер алады екенсіз?! «Жаназамды шығарғандай болмаңдар, сендерге оны жазбаған....» дейді ақын! «Қарқылдаңдар, қарқылдаңдар, қарғалар, сирақтарыңды ұрайын!..»,- дейді тағы да «Атыздағы қарғаларға»... «Осы қазір, Аспан – қара, жол – аппақ. Өзім жоқпын, сұлбам – бар...». «Атыздағы қарғалар» картинасының сөзбен салынған нұсқасы іспетті. Ван Гогтың картинасын «оқып» отырғандайсың...
Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Алқоңыр дүние» атты жинағындағы бірқатар өлеңдерінде ізгілік пен зұлымдық күресі, жан мен тән арасындағы байланыс туралы ой қозғалады. «Мен о баста жұлдызқұрты ем Жұлдыздың... Қара топырақ қара тәніме айналды! Қара тәнім – қара тажал!.. менің асқақ дұшпаным!». Осы «Иман нұрын жиғанша» өлеңінде ақын жан мен тән туралы пайым түсініктерін поэзия тілімен шебер жеткізе алған. (Өлеңдегі ой қандай күрделі әрі ауқымды болса, формасы да еркін, ақ өлең ұйқасы. Ақ өлеңнің озық үлгілерінің бірі десе болғандай)
«Жанымыз күннен келген нұрдан, тәніміз топырақ пенен судан» дейді Шаһкерім. Жан мен тән ілімі қазақ ақындарына таңсық емес. Бірақ, Тыныштықбек Әбдікәкімов өз поэзиясында бұл ілімді арыдан, ілкідегі бабалар танымынан, одан қалды мистикалық ғылым орфизмнен тартып қолданады. Мифтік ақын Орфеяның есімімен байланысты бұл ілімде өлімнен кейінгі өмір бары, жанның мәңгіліктігі, тәннің жан қапасы екендігі жайлы айтылады.
«Иман нұрын жиғанша» өлеңіндегі Жан еркіндікке, нұрлы әлемге ұмтылған кемел Жан. Мәңгілік мекені Қара тәні емес екенін, қайта оған құл болып жүргенін ұққан Жан. «Мендік көмей, мендік көз – менің озбыр дұшпаным, Қара тәнім – менің тірі табытым!»... Жанды тәннен босату... Жан, рух – мәңгілік. Кемеліне жеткен шағында мәңгіліктің қайнар көзіне аттанады. «Жас сәбидің обал иісі аңқыған тамшы жасын құшақтап, Мен тәнімді тастап шығам, дірдектеп!..»,- дейді ақын. Ғарыштық танымдағы жантану ілімі Тыныштықбек поэзиясында өзінше жалғасын табады. Тыныштықбектің философиялық лирикасына айналады.
«Алқоңыр дүние» - Тыныштықбектің ішкі микрокосмы мен Тәңірдің макрокосмының диалогы... Ақын өлеңдерінде эфемерлік аяға қарай қалықтайды. Ондағы мақсаты да «Түнек тұнған шексіздіктің жұлдызы боп тұтану...». Тылсым құбылыстардың тілін меңгеруге ұмтылу, көзкөрместі көре білу арқылы ақын поэзияда көкірегіндегі көрікті ойды жеткізуде өзінше жол салады, жаңа оброздар жасайды. Тыныштықбектің ойларының жұмбақ, «сақталған Ой секілді перғауын мүрдесінде» болуының сыры да осында жатса керек. Ақынның ойлау траекториясы не түзу емес, не қиғаш емес, шым-шытырық, иыр-қиыр. Ол траекторияға түсе қалсаң, лабиринт сияқты адастырып жібереді санаңды. Бірақ, өз траекториясын аполлиндік өлшемге сыйдыра алған ақын. Күрделі ойларын көркем бейнеге айналдырып, айқын кескіндей біледі. Лабиринттің шығар жолын да нұсқап тұрады... «Мендегі тірлік – осы, тылсыммен күнде арбасу» деп өзі айтқандай, тылсымның тілін тірілердің тіліне аударып береді. «Мен – бейшара, Даламның айтқан сырын пенделердің тіліне аударамын!»
Тылсыммен күнде арбасатын Тыныштықбек емес, оның ішкі «Мені».
Бұл ойымызды автордың «Ол» деген өлеңі тарқатсын:
«...Жер бетінде бұралулы ақырзаман сағатын;
тырнақтарға айналатын Жалғыздықтың қанатын;
момынның да түйсігінде пайда болған азуды;
түнгі әуеде қалқып жүрген әлденендей Жазуды;
сүйген Жардың ішінде де алпыс екі Күн барын...
Бәрін қайта мың сан рет Жер мен Аспан тыңдарын
біліп алды!
Қайтсін, сонсоң, көкіп жүрген өңгені.
Көп ұзамай, мәңгі тажал – Тоят Заңын меңгеріп,
Ажалды да жеңбек еді...
Мұңдағым,
мыйішіндік жұмыртқаның ішіндегі жұмбақ Үн...». Тыныштықбек қолына қалам алған шақта санасында сан түрлі ой лавалары атқылап, жан-дүниесін буырқанған сезім билеп, дүниенің көзбе көрінбес пердесі сөгіліп тылсым әлемге аттанды, құдіретті рухы оянады. Ішкі «мені», микрокосмы макрокосмға ұмтылады, қауырсындарынан аппақ нұр кейіпінде өлең саулап, кеңістікке қарай қанат қағып кете барады. «Тоят Заңын меңгеріп, Ажалды да жеңгісі келеді»... «Мыйішіндік жұмыртқаның ішіндегі жұмбақ Үнмен» тілдесу – оның туабітті стихиясы іспетті. Біз де ол «жұмбақ үнмен сырласа аламыз. Ол «жұмбақ үн» «Алқоңыр дүниенің» ішінде...
Еламан ТӨЛЕУТАЙ